«Ең бірінші бақытым...»

Уақыты: 2021-02-09 Көрлімі: 1142 Сипаттама

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауына тап келген біздің ба­ла­лық сығырайған қоңыр шам­ның...



Тоқсаныншы жылдардың тоқырауына тап келген біздің ба­ла­лық сығырайған қоңыр шам­ның қолтығында есейді. Күн­дізгі ауыл тіршілігі, қабыр­ға­сына қар қатқан суық сыныптар, қытайдың ала қабын арқалап нәпақа терген ата-аналар, бүкшеңдеп, күні бойы оттың басынан бір ұзамайтын кәрі әже, бәрі-бәрі кешкісін қою іңірдің құшағына құлайды. Жал пешті жағалай жайылған дастарқан басында шай ішіледі.


Әрине, шайдан кейін азырақ сейіл көңілге кезек өтеді. Ондай­да әкеміздің қара домбырасына қол жалғай қоямыз. Абай, Мұқағали әндерінен кешкі концертке кезек келді деген ишара. Әкеміз де еш бөгелместен «Кө­зім­нің қарасынан» басталған кешкі концертті өз кезеңінде «Ма­хаңдар жоқ, Махаңдардың сар­қыты – Мұқағалидің» сөзіне жазылған әндерге жалғас ұзақ шырқайды. Біз де сабағымызды орындап отырып «Нұр жауып тұрған көктемге» көңіл құсын ілестіреміз. Лирикалық әндер бір­тіндеп ақынның соңғы жылдарында жазған мехнатты жырларына жалғасады.

...Жоқ! Дәрігер! Қозғама,

дамылдасын.

Әрбір жүрек өзінің кеудесінде! – деп ән керуені әудем жер барып тоқтайды. Бала болсақ та ақын тағдырына алаң жүрегіміз жүдеп-ақ қалады сонда...

Уақыттың әжептеуір жерге барып қалғанын әлгі қоңыр шамның күйелеш пияласынан білеміз. Жалғыз шамнан төгілген жарықты төңіректеген біздің қолымызда сонда Мұқағалидің кішкене сарғыш кітабы «Өмір-Өзен» болар еді. Әр парағы ыстық, әр сөзі жап-жарық. Көкі­рек­­ке бірден құйыла кететін өзен суындай шапшаң, тұщы, кәу­сар поэзия өз-өзінен санаға қаттала қалады, жаттала кетеді. Ең құдіреттісі – бұл кітап кейін біз көрген қазақ шаңырақтарының түгелінде дерлік бар екенін білдік. Қазақ сахарасының қай қиырына бармаңыз, алдыңыздағы бес-алты кітаптың ішінен қайран Мұқаң­ның сол «Өмір-Өзені» қарсы ала­ды.

Кейін ғой, кітап оқылмай кет­ті дейтініміз. Сол кездерде қо­лы­на кітап ұстап көрмеген ба­ла да Мұқаңнан бір өлең жатқа оқушы еді. Осыдан он шақты жыл бұрын ару шаһар Алматыға сапар­лап барған бір ақын бауырымыз Жазушылар одағының кітап дүкеніне бас сұға қалса, бос сөрелері көп дүңгіршектің төрінде Мұқағалидің ғана кітабы тұрғанын айтып келді.

Жанымыздағы ақын досымыз: «Кітап өлді!», деді күйініп. Біз «Шіркін-ай!», деп тамсандық! Әрине, сол бос сөрелерде кешегі Кеңшілік Мырзабектерден бас­тап, бүгінгі Батырхан Сәрсен­хан­дарға дейін самсап тұруы керек екені рас. Бізді тамсандырған Мұқа­ға­ли­дің жарық жұлдызы еді!

Кейін заман көші өрге жылжыды. Өшкен шам жанды, «Өмір-Өзендер» жаңа тираждармен қайта басылып жатты.

Дегенмен ақын өзінің күнделік­те­рінің бірінде жазғандай:

«Сол бір үйде оқшау тұрған көшеден,

Жылай-сықтай күнелткенмін кеше мен...», деп біз де сол үйден, сол ауылдан ұзап кеткелі қашан? Түнеу күні барсақ қоңыр шам сарайдың бір бұрышында көмескі жылдардың көне жәдігеріне ай­налған қалпы қисайып елеусіз жатыр. Қоңыр шамның қожайыны – кәрі әжеміз де бақиға аттанған. Әке­міздің кітап сөресінен «Өмір-Өзенді» қолымызға аламыз. Бір түрлі жабырқаулы, ескі па­рақ­тары естеліктерге тұт­қын­да­лып қалғандай көп ашыл­ма­ған. «Ең бірінші бақытым – Хал­қым менің!» деген жолдарға кө­зі­­міз түседі. Ақынның халқы – ең әуелі оны сүйіп оқыған оқыр­мандары емес пе? Жылдар көшінің тоқырағанына, қоғам қабырғасының қақырағанына қарамастан біз Мұқағалиды оқып өскен өкілдер едік. Өмірдің өзені тоқтап тұрмайтыны бел­гі­лі... Біз де есейіппіз. Бала­лы­ғымыздың базарындай қара шаңыраққа қонаға келіп қалаға қайтатын көлікке асыға отырып жатырмыз. Есік алдында «Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда!» деп әкеміз бен анамыз немере­ле­рін, Мұқағалидың ендігі жас оқыр­ман­дарын құшақтап сүйіп жатыр.

Ақын сүйген халық, ақын сүй­ген қазақ – осы ауыл, осы қара ша­ңы­рақ қой!..


Мирас АСАН


Дереккөз: egemen.kz


Пікір жазу
  • Тоқаев: Болашақ – технологиялар мен инновациялардың еншісінде
    Тоқаев: Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағым­ды өзгерістер күтіп отыр

    Ұқсас тақырыптар