Маралбек Ермұхамет: Байтұрсынов түркі елдеріне ортақ әліпби жасауды қолдамады

Уақыты: 2021-03-17 Көрлімі: 1433 Сипаттама

Латын әліпбиіне көшу барысы қалай жүріп жатыр? Латын әліпбиінің соңғы нұсқасын кімдер...

0555c676868338ce003a76eb5073a9de.jpeg

Латын әліпбиіне көшу барысы қалай жүріп жатыр? Латын әліпбиінің соңғы нұсқасын кімдер жасады? ХІХ-ғасырдың басында Ахмет Байтұрсыновтың әліпбиі негізіндегі латын әліпбиі қалай жасалды? Осы және басқа да сұрақтар бойынша А. Байтұрсынов атындағы Тіл білім институты тіл мәдениеті бөлімінің ғылыми қызметкері, PhD докторы Маралбек Ермұхамет  Baq.kz-ге сұхбат барысында айтып берді.

Тіл маманының айтуынша, латын әліпбиінің төртінші нұсқасын ғалымдар дайындаған. Оған дейінгі нұсқаларының авторы белгісіз. Ал соңғы нұсқа А. Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының және басқа да ғалымдардың ортақ өнімі деуге болады.

Төртінші нұсқа - институттың орфографиялық жұмыс тобындағы ғалымдар дайындаған жоба. Сондықтан бұл нұсқа маған ұнайды, көңілімнен шықты. Алғашқы кездері бір-екі әрпіне қатысты «мынау неге бұлай болды екен» деген сұрақтар менде де болған. Кейін оны жазып көрдім, сосын мәтіннің визуалдық қалай көрінетінін тексердім, ол қазақ тілінің дыбыстық қорын сақтаған ба, мына әріптің орнына мына әріп болса, қалай болар еді дегенді саралап келгенде, осы соңғы нұсқа маған ең дұрысы болып көрінді. Бір қарағанда сын айта беруге болады, бірақ шын мәнінде жазып көргенде оның дұрыстығы көрінеді, - дейді ол.

Ахмет Байтұрсыновтың мұраларын зерттеумен айналысатын М. Ермұхамет ол кісінің төте жазуындағы белгілі бір таңбалары кезінде төрт рет өзгергенін айтады.

Байтұрсынов 1912 жылы бірінші рет оқу құралы әліпбиді шығарды. Ал 1913 жылы «Қазақ» газетінде ол қолданысқа енді, сөйтіп он жылдай қолданыс тапты. Ішіндегі кейбір әріптерін Мамания мектебінің оқытушысы болған Ғабдулғазиз Мұса, Шәкәрім бастаған біраз оқымыстылар мақала жариялап, талқылап отырған. 1922-24 жылдары емле ережелері шығарыла бастайды. 1923 жылы Елдес Омаров, Ахмет Байтұрсынұлы және Қазақ білім коммисариаты тарапынан еміле ережесі қабылданған. 1924 жылы Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі өтеді, сол кезде тағы өзгереді, 1925 жылы да өзгеріс енгізіледі. Жаппай өзгермейді, кейбір ыңғайсыз тұстары өзгеріп отырған. Сондағы Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуында 30 таңбаға дейін болған. Одан кейін 24, 25 таңбаға дейін қысқарған, - дейді PhD докторы.

Кейін латын қарпіне көшу мәселесі көтерілгенде Ахмет Байтұрсынұлы оған қарсы болыпты. Оның өзіндік себебі де болған екен.

Өйткені ол кезде латынға көшудің қажеттілігі жоқ еді. Жалпы тұрғыдан қажет болған күннің өзінде оған қаржы болмады. Кітаптар жетіспей, өзі сауатсыз болып, мектептер ашылмай жатқан кезде әліпби ауыстыру деген машақаты үлкен жұмыс еді. Сонда Байтұрсыновтың айтқаны бар: «Бізге қажет болса немесе біздің әліпбиіміз жарамай жатса, онда сауат ашу үшін латын әліпбиіне көшу керек еді. Мен бұдан ешқандай қажеттілік көріп тұрған жоқпын, сондықтан қазір біздің латынға көшуімізге қажеттілік жоқ» деп айтқан. Қазіргі латынға көшумен ол кездегінің аты бір болғанымен заты бөлек еді. Біз қазір кирилден латынға көшіп жатырмыз, ол кезде ұлттық әліпбиден латынға көштік, айырмашылық осында, - дейді Маралбек Ермұхамет.

Оның айтуынша, сол тұстары латынға көшу 1924 жылдан бастап көтеріле бастаған. Бір топ әзербайжан зиялылары және Мәскеудегі кейбір студенттің бастамасымен латынға көшу мәселесі қозғалған.

Бұны көпшілік Кеңес үкіметі тарапынан күштеп көшірілген саяси мәселе деп ойлайды, дегенмен оның ғылыми да тұсы бар. Шын мәнінде бұл Еуропа өркениетіне бет бұруға талпынған зиялылардың бастамасы болды. Бірақ оны саясат пайдаланды. Сөйтіп 1928 жылы латынға көшу туралы шешім қабылданады, - дейді ол.

Сөйтіп латын әліпбиіне 1929 жылдан бастап көше бастаған. Осы аралықта латынға көшу бойынша да көптеген жоба қаралған екен. Бізге оның бір-екеуі ғана жеткен көрінеді.

Ең алғашқы нұсқаларында Байтұрсыновтың әліппесі бойынша дәйекше енгізілген. Ол дегеніміз қазір қолданып жүрген апостроф, диграфтар емес, бұл Байтұрсынов әліпбиіндегі жуан, жіңішке сингормонизмді білдіретін белгі. Сол дәйекше арқылы Байтұрсынов 21 таңбаның мәнін берген. Ол әліпбиде тек жуан дыбыстардың мәнін таңбалайды да, жіңішкелеріне таңба арнамайды, оны дәйекше арқылы білдірген. Ол дәйекше мына латын әліпбиіне келмейді деген, сөйтіп оны алып тастап, оның орнына жіңішке дауыстылар қосылған әліпби енгізіледі. Оның бас әріптері болмаған, кейін жарамайтын болған соң бас әрпін енгізеді. Ол кезде де біраз өзгерістер болған. Оның үстіне қанша нұсқасы қаралғаны қазір зерттелмей жатыр. Ол жайында көлемді материалдар архивте сақталған, бірақ оны біздің қолға бермей отыр, - дейді ол.

Оның айтуынша, Байтұрсынов түркі елдеріне ортақ әліпби жасауды қолдамапты. Ол әр тілдің өзіндік ерекшелігі салталу керек деген ойда болған.

Байтұрсыновтың 1926 жылы Бакудегі конференцияда: «Біз сіздер үшін әліпби ауыстырмаймыз» дегені бар. Ол әр тілдің өз ерекшелігі сақталу керек деген ойда болған. 1915 жылдары әліпби мәселесіне қатысты «Қазақ» газетінде шыққан мақаласында «Біз түркі халықтарына жақындасатын жерде жақындасамыз, алшақ кететін жерде алшақтауымыз керек» деп жазатыны бар. Ол әр тілдің өзіндік ерекшелігін айтады және сол айырмашылық аз тұстарындағы айырмашылықты жоғалтуымыз керек, ал айырмашылық бар жерде біз өзіміздікін сақтауымыз керек деген ұстанымда болған. «Біз өз тілімізді тастап, басқа түркі тілдерін ана тілі етпесек» деген сөзі бар. Бұдан Ахмет Байтұрсыновтың түркі елдеріне ортақ латын әліпбиі дегенді жақтырмағаны аңғарылады. Ол ұлттық бірігейлікті сақтаған. Оған дәлел ретінде айтсам, бұрынғы кезде араб графикалы әліпби түркі халықтарында ұқсас болды, ал Байтұрсынов ондағы араб, татар элементтерінің барлығын жойып, тек ұлттық еміле, таңба жасады. Осыдан-ақ ортақ түрік әліпбиі дегенде Байтұрсыновтың жақтамағанын көруге болады. Әрине түркі елдерімін бірлікте болуды, күш қосуды жақтайды, бірақ тілге келгенде, әр тілдің өзіндік ұлттық ерекшелігін сақтауды жөн көрген, - дейді Маралбек Ермұхамет.

Елімізде жаңа әліпбиге көшу 2023-2031 жылдар аралығында іске асырылмақ. Дегенмен тіл маманы латын әліпбиіне ертерек көшу керек еді деген ойын білдірді.


1926 жылы 260 мың кітап шыққан екен. Ал қазір жүз жылдан кейін бұл көрсеткіш тіптен жоғары. Оның үстіне электронды түрде аударған оңай. Сондықтан латын әліпбиіне көшеміз деп мақсат қойған соң ертерек кіріскен дұрыс еді. Қазір әліпби мәселесінің жыры бітпей жатыр, сондықтан кешеуілдеп отыр. 2023 жылдан бастап көшкенде де жаман болмас еді. Дегенмен бұны тездеткен жөн, - дейді ол.


Әділет МҰСАХАЕВ

Дереккөз: Baq.kz


Пікір жазу
  • Сатыбалды Нарымбетов: Хан Кенені экрандауға дайынмын...
    Тоқаев: Қазір Алматы – экономикамыздың басты қозғаушы күші

    Ұқсас тақырыптар