М. Әшімбаев: Жаһандану дәуіріндегі негізгі мақсаттардың бірі – ұлттық бірегейлігімізді сақтау

Уақыты: 2021-03-30 Көрлімі: 899 Сипаттама

Сенатта «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негі...

210330152344795a3769918i.jpg

Сенатта «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесіне Мемлекет басшысы баса мән беріп отырғанын және Президент өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы тақырыпқа тоқталғанын айтты.

«Жаһандану процесіне түрлі үрдістерге ілесу ғана емес, өзіміздің озық қасиеттерімізді және жетістіктерімізді әлемге таныту мүмкіндігі деп қарауымыз керек. Халқымыз ғасырлар бойы өзінің қайталанбас мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін қалыптастырды. Біз оларды сақтап қана қоймай, әлемдік мәдениеттің үздік үлгілеріне айналдыруымыз керек. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осындай идеяларға табан тірейді», – деді М. Әшімбаев.

Сенат төрағасы ұлттық құндылықтардың аясы кең екенін, қастерлі тәуелсіздік пен қасиетті жеріміз солардың ең бастысы саналатынын да тілге тиек етті. Тіліміз, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз қайталанбас ерекшеліктеріміз екенін айтқан Мәулен Әшімбаев адами құндылықтарға, хакім Абайдың өсиетіне кеңірек тоқталды. Соның ішінде ақынның «Толық адам» тұжырымдамасындағы нұрлы ақыл, жылы жүрек және ыстық қайратқа табан тірей отырып, қоғамда дұрыс құндылықтар қалыптастырудың маңызы зор екенін айтты.

«Толық адам» туралы Президентіміз «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтқаны белгілі. Шын мәнінде, біз нұрлы ақыл аясында қоғамда білім культін қалыптастыруымыз қажет. Соның ішінде өмір бойы білім алу дағдысын негізгі қағидатқа айналдырғанымыз жөн. Сондай-ақ, өзара сенім, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты құндылықтарды кеңінен дәріптеген абзал. Оның бәрі Абай айтқан жылы жүректен бастау алады. Қоғамда сенім болған жерде адами қарым-қатынастың нығаюымен қатар, экономика да дамиды деген заңдылық бар. Ақын өсиет еткен ыстық қайратқа талап пен еңбекқорлық секілді қасиеттер жатады. Мұның бәрі жаңа заманда ұлттық ұстанымға, өмірлік мақсатқа айналуы қажет», – деді Сенат төрағасы .

Палата Спикері ұлттық құндылықтарды дұрыс дәріптеу аса маңызды екеніне назар аударып, бұл ретте негізгі салмақ білім беру саласына түсетінін жеткізді. Соған сәйкес, бала адамдық әліппесін ата-анасымен қатар мектептен де үйреніп, білім мекемелері жанашыр, адал, жауапты, еңбекқор болуды ерте жастан баланың бойына сіңіруге тиіс екенін атап өтті.

«Ол үшін оқу бағдарламасына ұлттық құндылықтарды дәріптеу сабақтарын қосып, оны жаңаша жасақтау мәселесін қараған жөн болар еді. Сондай-ақ, бұл мәселеде интеллигенцияның алатын орны ерекше. Алдыңғы аға буын осы бағыттағы миссиясына адалдық танытып, әрдайым ұлтымыздың үні, қорғаушысы болып келеді. Ендігі кезекте, елімізде зиялы қауымның жаңа буынын қалыптастыруды өзекті мәселелердің бірі деп есептейміз. Олар ХХІ ғасырда ұлттық құндылықтарды сақтаушы және насихаттаушы болуы керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Майя Бекбаева және тағы басқа азаматтар сөз сөйлеп, ұлттық құндылықтардың мәні мен маңызын кеңірек баяндады.


Пікір жазу
  • Амалбек Тшанов: Майшам жарығымен жұмыс істеген кездер де болған
    Вакцинация: Кері әсер мен психосоматикалық «белгілерді» қалай ажыратамыз

    Ұқсас тақырыптар