МАҚСАТЫМЫЗ – БҮКІЛ ҚАЗАҚТЫ ТҰТАСТАНДЫРУ

Уақыты: 2022-02-09 Көрлімі: 474 Сипаттама

Нәбижан Мұқаметханұлы, сіз Қазақстан алғаш тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болған тұста Қытай елінен келген бір топ қазақ интеллигенциясы өкілдерінің бірісіз. Ол жақтан елімізге қатысты құнды тарихи деректер алып келдіңіз. Қазақстан мен Қытай арасынд...

  • 27512_large.jpg

  • Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында тарих ғылымының докторы, Қытайтану кафедрасының профессоры, университет жанындағы Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры Нәбижан Мұқаметханұлының «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл кітапта қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану тарихи үдерісін әлем тарихының дамуы мен халықаралық қатынастарының өзгерістеріне байланыстырып кешенді талдау жасалған. Елге оралған қандастардың Қазақстандағы қоғамдық орны мен рөлі бағамдалып, олардың әлеуметтік салаларда атқарып жатқан қызметтері мен ел тәуелсіздігінің нығаюына қосып отырған үлестері сарапталады. Бұл шығарма алыс-жақын шетелдердегі қандастардың тарихи Отанына оралуынан бастау алатын Қазақстандағы ұлттық тұтастану, бірегейлену үдерісі мен «Мәңгілік ел» болу идеясына бағытталған. Кітап авторы Нәбижан Мұқаметханұлымен тұсаукесер алдында арнайы кездесіп, сұхбаттасқан едік. 

  • – Нәбижан Мұқаметханұлы, сіз Қазақстан алғаш тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болған тұста Қытай елінен келген бір топ қазақ интеллигенциясы өкілдерінің бірісіз. Ол жақтан елімізге қатысты құнды тарихи  деректер алып келдіңіз. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар тарихын зерттеп жүрген ғалым ретінде танылдыңыз. Әңгімемізді сол кезден бастасақ...

  • – Осыдан отыз жыл бұрын Қазақстан өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялағанда, сірә, қуанбаған қазақ жоқ шығар. Өзім сол кезден бастап атажұртқа келуге дайындала бастадым. Жолым түсіп, 1992 жылы қарашада Шанхай Ғылым академиясы делегациясының аудармашысы ретінде Алматыға келдім. Сол кезде ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының мені докторантураға қабылдағаны жөніндегі  құжаттарды алып қайттым. Ол жақтағы рәсімдерімді өтеп, 1993 жылы мамырда аталған институттың директоры, академик Манаш Қозыбаевтың шәкірті ретінде диссертациялық зерттеуімді бастадым. 1995 жылы сәуірде «Қазақ-қытай қатынастарының даму тарихы (ХVIII-ХХ ғасырлар аралығында)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. 2001 жылы «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 жж.)» атты тақырыпта тарих ғылымының докторы ғылыми дәрежесін қорғадым. 2000 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы Мәмбет Қойгелдиевтің шақыруымен Шетелдің жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасына келіп, доцент, профессор және кафедра меңгерушісі қызметтерін атқардым. 2007 жылы халықаралық қатынастар факультетіне ауысып, профессор болдым, 2012 жылы университет жанынан Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығы ашылып, қазірге дейін осында жетекшілік етіп келемін.

  • - Қытайда оқу бітіргеннен соң қандай қызметте болдыңыз? Екі ел арасындағы қарым-қатынастарды зерттеуді сол кезден бастаған боларсыз?

  • – Мен университетті бітірген соң, Іле Қазақ облысының үгіт-насихат бөлімінде істедім. 1980 жылы конкурс арқылы Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясы Орталық Азия зерттеу институтына ғылыми қызыметкер болып қабылдандым. Сол кезден бастап Қытай мен Қазақстан, Орталық Азия қатынастар тарихын зерттедім. Бұл саладағы ең алғашқы еңбегімді 1982 жылы «Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы және қазақ халқының оған қарсы көтерілістері» деген ауқымды мақаламды қытай тілінде жазып, жарияладым. Себебі сол жылы елде «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуына – 250 жыл» шарасы  кеңінен атап өтіліп жатқан. Соған бағыттап жазған болатынмын.

  • – Сол кезде КСРО мен Қытай елі арасындағы саяси жағдай шиеленісіп тұрған, соны есепке алып жазған боларсыз?

  • – Әрине, олай емес, өйткені Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылмағанын ол жақтағы ғалымдар білмей отырған жоқ. Кім өз еркімен біреуге барып бодан болады? Барлығы зеңбіректің күшімен іске асырылған, оны барлығы біледі. Патшалық Ресей тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді отарлағысы келді. Қазақстандық ғалымдар айта алмайтын тарихи шындықты шетелдердегі қазақтардың айтуына болады ғой. Мен әлем елдеріне тарихи ақиқатты айтайын деген оймен жаздым. Сондай-ақ қазақтың Абайдай философ ғұламасы, Абылай хандай тегеурінді ханы болғанын қытайлар білсін деп, «Абайдың қоғамдық идеясын зерттеу», «Абылай хан туралы зерттеу» деген көлемді зерттеулерімді 1983-84 жылдары алдымен қытай тілінде жазып, жарияладым. Абылай хан туралы жазған еңбегім кезінде Қазақстанда орысшаға аударылып басылған. Ғұлама ғалым Нығмет Низами жазған «Қазақтың қысқаша тарихы» деген еңбегін қытай тіліне аударып бастырдым. Қытай тілінде шыққан «Үйсін туралы зерттеу» деген күрделі тарихи жазбаларды қазақ тіліне тәржімеледім. Бұл еңбек ол жақта үш рет басылып, кеңінен таралды. Мен сол кездерде қытай тілінде жазылған құнды деректермен жұмыс жасауға көбірек ден қойдым. Әсіресе Цин патшалығы орда күнделіктеріндегі, архив жазбаларындағы қазаққа қатысты материалдарды жүйелі жинап зерделедім, жарыққа шығардым.

  • – Абылай хан заманындағы қазақтар туралы қытай деректері не дейді?

  • – Цин империясы 1750 жылдардан бастап қазақтарға қатты назар аудара бастады. Өйткені олар жоңғарларға жорық жасағанымызда қазақтарда қандай реакция болады деген мәселені анықтамақ болды. Қазақтар жоңғарлармен  бірігіп қарсылық көрсете ме, жоқ па, соны білгісі келді. Сондықтан Цин империясы Абылай ханға елші жіберіп, қазақтар туралы мәліметтер жинай бастады. Абылай ханды бүкіл қазақтың басшысы деп таныды және онымен мәселені шешіп отырды. Оны дәлелдейтін манчжурше, қытайша жазылған архив құжаттары көп. Абылай хан Цин үкіметімен кең көлемде сауда-саттық жасады. Мысалы, қытайлар мініс атқа зәру болса, қазақтарға тоқыма, жібек бұйымдар керек болды. Өзара қажеттілікті қамтамасыз ету үшін Цин өкіметі Үрімші, Қорғас және  Тарбағатайдан тек қазақтармен сауда жасайтын базар ашқаны туралы жазылған деректер көп. Абылай хан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып, Ресеймен де, ортаазиялық елдермен де саяси және сауда-экономикалық байланыста болды. Сол арқылы халықтың әлеуетін жақсартты. Қытай саяхатшыларының жазған деректерінде қазақтардың киген киімдері, ат әбзелдері, әшекейлері мен той салтанаттарының керемет екені айтылады. Абылай хан дәуірінде қазақ қоғамы айтарлықтай дамыған.

  • – Шыңжаң өлкесіне қазақтар қай кезден бастап қоныстанды?

  • – Қазіргі Солтүстік Тянь Шань өңіріндегі Іле, Шығыс Тарбағатай және Алтай аймақтары қазақтың ежелгі атамекені болған. ХVIII ғасырдың 20-жылдары жоңғарлар қазақтарды батысқа қарай ығыстырған. Кейінірек, 50-жылдары Цин империясы Жоңғар хандығын жойып, елі мен жерін басқаруына алған кезде Абылай хан Цин императорынан ол жақтағы атамекендеріне қазақтардың қайтып баруына жол беруді талап еткен, бірақ бұл талап қабылданбады. Алайда Абылай хан Цин үкіметімен сауда-саттық байланыстарды өрістете отырып, Ұлы жүз бен Орта жүздің бірқатар руларын шығысқа қарай жылжытып, көшіру саясатын қолдану арқылы жоңғарларға дейінгі жерлерімізді қайтадан иеленді. 1864 жылы Шәуешек қаласында Қытай мен Ресей қазақтар қоныстанған шекараны мемлекеттік делимитациялау шартына қол қойды. Осы шарт бойынша шекараның арғы бетінде қоныстанып отырған қазақтар жерімен бірге Қытайдың құрамында қалды. Демек, қазіргі Қытайдағы қандастар өздерінің атамекенінде отырған қазақтар.

  • – Нәбижан Мұқаметханұлы, жақында «Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі» атты кітабыңыз «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді.  Атына қарағанда қазақтың бүкіл тарихы осында жатқан сияқты, осы еңбегіңізді қысқаша сипаттап берсеңіз.

  • – Бұл менің 15-ші кітабым. Осы тақырыпты зерттеп жүргеніме 25 жылдан асты, бұл сол зерттеуімнің қорытынды нәтижесі деп айтуға болады. Бұл еңбегімде қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі әлем тарихы мен халықаралық қатынастар контексінде қарастырылған. Шетелдердегі этникалық қазақтар қандай қоғамдық ортада өмір сүрді, оларда ортақ қазақи сана қалай сақталған, бөгде саяси мәдениет оларға қалай әсер етті, оларды тарихи Отанына тартушы күш неде деген мәселелерді мәдениет антропологиясы тұрғысынан зерделедім. Сондай-ақ еңбегімде Елбасының «Қазақ диаспорасының саясаты», «Ұлы даланың жеті қыры», «Мәңгілік ел» идеялары жүйелі түрде пайымдалады. Сонымен бірге елге келген миллиондаған қандастардың қоғамның әр саласында атқарып жатқан еңбектері нақтылы мысалдар арқылы көрсетіледі.

  • Қазақ тарихы және әлемдік тарих тәжірибесінен қарастырғанда тәуелсіз Қазақстан Республикасы мәңгілік ел болу үшін ұлттық ұлы тұтастануды жүзеге асыру керек деген ой тұжырымдалады. Әлемде тарыдай шашырап жүрген қазақтар тарихи Отаны – Қазақстанда бірегейленгенде ғана олар өзінің ұлттық болмысында өмір сүре алады. Сонымен бірге еліміздің тәуелсіздігі бекемделіп, әлеуметтік экономикасы дамып, өркениеті өсетін болады деген қорытынды жасалады. Сондай-ақ мақсатымыз – бүкіл қазақты біртұтастандыру болуы керек деген ұсыныс айтылады. 

  • Жалпы, зерттеу нәтижесі Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген, елімізде 30 жыл бойы дәйекті түрде атқарылып келген қазақ диаспорасы саясатының нәтижелі болғанын анықтайды. Осы стратегиялық маңызы зор салиқалы саясатты қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа деңгейде жалғастырады деп сенеміз.

  • – Әңгімеңізге рақмет, табыс тілеймін!

  •  

  • Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ


Пікір жазу
  • Аса байлық не керек...
    Латифундистерді азайтамыз ба, әлде көбейтеміз бе?