Қ. Әбдірахманов: Сайрагүлдің бостандығы екі елдің қарым-қатынасына ешқандай салқынын тигізбейді

Уақыты: 2018-08-08 Көрлімі: 2119 Сипаттама

Сайрагүл Сауытбайдың соты аяқталып, бостандыққа шыққаннан бері оның амандығы мен тағд...

37577-6-vstrecha_s_ministrom_i_ru.jpg

Сайрагүл Сауытбайдың соты аяқталып, бостандыққа шыққаннан бері оның амандығы мен тағдырына алаңдаумен бірге осы оқиғадан кейін «арттағы қалған бір жарым милллион қазақтың тағдыры не болады?» деген сұрақ әр қазақтың көкейінде тұрды. Біраз адамдарда Қытай жағы қандастарымызды одан ары қысады ма деген қорқыныш болды. Осындай күдігі басым ағайынның көңіліне медет боларлық жаңалықты Sputnik Қазақстан тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтыпты.

ҚР Сыртқы істер министрі Сайрагүл Сауытбайдың бостандыққа шығуы Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасына ешқандай салқынын тигізбейтінін, сонымен қатар Мемлекет басшысының Қытайдағы қазақтардың мәселесіне қатысты нақты тапсырма бергенін айтқан.

 «Барлық мәселе құқықтық негізде шешіледі. Екі елдің қарым-қатынасына ешқандай салқынын тигізбейді. Қазір Қазақстан үкіметі Шыңжаң ұйғыр автномиялық билігі 625 этникалық қазақ үшін Қазақстанға шығуға қойған шектеуді жою мәселесін қарастыруда. 2018 жылғы 7 тамыздағы мәліметке сәйкес, Қазақстанның шетелдік мекемелері мен сыртқы істер министрлігіне жүгінген, Қазақстанға уақытша шығуға шектеу қойылған 19 азаматтың 15-і босатылды. Сондай-ақ қос азаматтық үшін ұсталған барлық 12 адам босатылды», — деген министр.

Сонымен бірге министр ведомствоға Қытайдан көшіп келген және тұрақты Қазақстанда тұратын этникалық қазақтардан бірнеше мәселе бойынша өтініштер түсіп жатқанын айтқан. «Біріншіден, Қазақстан азаматтарының қос азаматтық үшін ұсталуы. Екіншіден, Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар Қытай азаматтарының ұсталуы. Үшіншіден, Қазақстан азаматтығын қабылдаған және Қазақстанда тұрақты тұратын этникалық қазақтарға Қытайдағы зейнетақы жинақтарын беруін тоқтату туралы мәселе. Қазіргі таңда қос тарап осы мәселені шешу үшін тығыз жұмыс істеуде», — депті Қайрат Әбдірахманов.

«Қытайдағы қазақтар қысым көріп жатыр» деген ақпарат шыға бастаған кезде «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Төрағасы Омарәлі Әділбекұлы «Жас Алаш» газетіне сұхбат беріп, бұл мәселеде Қытайдағы ұйғырлар мен тибеттіктердің әрекетін қайталаудан сақ болып, «Қазақ мәселесін» халықаралық дауға айналдырмай, екі елдің дипломатиялық жолдары арқылы шешуді, Қытаймен байланыста стратегиялық бағыттан ұтылмауымыз керектігін айтқан еді. Міне осы жолда Елбасының тапсырмасына сай ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытай тарапымен бірнеше келіссөз өткізді. Бүгінгі министрдің сөзі де сол дипломатиялық жұмыстардың өз нәтижесін бере бастағанын білдіреді. Мүмкін Сайрагүл Сауытбайдың елде қалып, бостандыққа шығуы да біздің мемлекеттің дипломатиялық еңбектерінің жемісі болса керек.

ҚР Сыртқы істер министрлігі өздеріне арыз берген ҚР азаматтарының Елге оралғанын, ал Қазақстанға шығуға шектеу қойған қандастардың мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан. ҚР Сыртқы істер министрілгі мемлекеттік статусына сай өз жұмысын атқарып жатқанда, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі де Қытайдағы қандастар мәселесі бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігіне, Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне және Алматыдағы Бас консулдығына бірнеше арыздары мен ұсыныс хаттарын жазған. Қытайдың елшілігі және консулдығымен 2018 жыл басталғаннан бері 3 рет кездесу өткізіп, Қытайдағы қазақтардың жағдайын ашық талқылап, 200-дей адамның арызын кіргізген болатын. Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығының Жебеуге берген ақпараты бойынша, «Жебеу» қоғамдық бірлестігі арқылы Қытай Консулына арыз берген 50-дей қандасымыздың арызына жауап келіп, оның 7,8-і елге оралыпты.

Қытайдағы қазақтар мәселесінің шешімі тек екі елдің дипломатиялық жолдары арқылы шешілетініне осы мәліметтер жеткілікті. Қытайдағы қазақтардың жағдайы ешқандай халықаралық ұйымдар мен күштердің қатысуынсыз жақсарады. Өйткені, қазақтың иесі өз мемлекеті бар. Қазақтың дипломат көшбасшысы бар. Қазақ елі әр қазақты қорғайды, іздеушісі-сұраушысы бола алады. Оған Сайрагүл Сауытбайдың соты куә. Қазақ билігі қалған қазақтың да мәселесін солай шешеді деген үміттеміз.

Jebeu.kz

 

 

 


Сайрагүл Сауытбай: Өзімді шексіз бақытты сезініп тұрмын
Жығылып жатып жұдырық жеген қандастардың мәселесі шешім таба ма?