ҚАНДАСТАРЫМЫЗБЕН ҚАТАРЫМЫЗ АРТСЫН

Уақыты: 2019-04-11 Көрлімі: 129 Сипаттама

Әкім бол, халқыңа жақын бол Әнет бабамыз с...

                                                                         Әкім бол, халқыңа жақын бол

50c473ce129cdc714afbc8b0a62de5bd.jpg  

         Әнет бабамыз сонау атам заманда «ӘКІМ» деген сөзді жадыңа сақта деп Қазыбек шешенге:

«Ә» - дегені - әділ бол,

«К» - дегені - күншіл болма, көпшіл бол,

«І» - дегені  - ілтипатты бол, 

«М» - дегені – менмен болма, мейірбан бол, - дегені деп өсиет айтқан екен. 

         Бүгінде біз өз билігіміз өзіміздегі тәуелсіз елміз. Тәуелсіздік: саяси тәуелсіздік, экономикалық тәуелсіздік болып екіге бөлінеді. Экономикалық дербестік болмаса, саяси билік толыққанды бола алмайды. Баяғыда бір ақсақал, «ханның ақылы тағында, әкімнің ақылы жанында (жан-адам өмірін басқарушы, қуат көзі, тіршілік болмысы), ғалымның ақылы басында, ананың ақылы жасында, жігіттің ақылы жақсылығында, ақымақтың  ақылы кім көрінгеннің қалтасында» деген екен.

         Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылғы 21 ақпандағы мәлімдемесінде: «...Мен тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасы әрбір Үкімет мүшесі мен әрбір әкімнің жұмысындағы негізгі басымдық болу керек деп бірнеше рет айттым. Жүйелі жұмыс жүргізілмеді. Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті. Атқарушы органдардың салғырттығынан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындардың бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмаған. Оның үстіне Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді...» деп қортындылай келе Үкімет отставкаға кетуі тиіс деп шешім қабылдады.

         Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «... Әкімдердің жылына бір рет өтетін есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек...», «...Басты мақсат – азаматтарымыздың әл-ауқатын және болашаққа деген сенімін арттыру...» деп қортындылады. Осы істі жүйелі түрде іске асыратын кімдер? Қазақтың демографиялық, демократиялық саясатын жолға қоятын кімдер? Халықтың әл-ауқаты көтерілуге ықпал ететіндер кімдер? Көп балалы аналарға, отбасыларға құрмет көрсететін кімдер? Халықтың жұмыспен қамтылуына, күнделікті тірлік болмысына, рухани жаңғыруына, саяси сауатты болуына ықпал ететін кімдер? Әрине әкімдер!  Елбасымыздың, Президентіміздің жоғарыда айтылғандай қорытынды жасауларына нендей себептер әсер етті, осы жайлы тоқталайық. Бүгінгі таңда кез келген әкімге, дер кезінде туындап жатқан мәселелерге қатысты ой-пікіріңізді уақыт ұттырмай жеткізу мүмкіндігі өте аз.

 

         Қайсыбір әкімдердің қабылдауына жазылғаннан кейін де айлап, жылдап кіре алсаңыз жақсы...Сан қабат тексерілесіз, бөлімдерге өтініш беру үшін де рұқсаттама аласыз. Қазіргі өтпелі заман, жаңа қоғамда жүйелі түрде, ел ертеңі үшін, болашақ ұрпағымыздың дара жолы, халықтың қамы үшін деп жауапкершіліктен тартынбай қызметін атқаратын жандар саусақпан санарлықтай десем артық айтпағаным болар. Мамандар, бөлім басшылары сізді әкімге кездестіруге құлықсыз. Бірінші тапсырма солай, екінші, сөз естіп қаламыз деп жауакершіліктен қорқады. Орынбасарларына, басқарма басшыларына баруға кеңес береді. Олар өз деңгейінде шешілмейтін болса жазбаша жазып беруіңізді сұрайды. Содан кейін тек хатты жауып құтылу әрекетіне көшеді. Осымен күрделенген мәселе жинала келе жоғарғы орындарға жетеді. Ақыр-соңы Елбасының атына жағымсыз пікірлер туындауына жеткізеді. Міне, заман талабы осы мәселені күн тәртібіне қойып отыр. Өйткені халық билік өкілдерінің  көп жылғы үрдіс іс-әрекеттерінен кімнің-кім екенін саралап біліп отырады. Қазір өркениетке ұмтылған жандар ел мен халық арасындағы  келеңсіздіктерді ақылдың көзімен әлеуметтік желі арқылы дәріптесе, бәзбіреулері қара ниетпен қару ретінде өз кәдесіне жаратып ел мен халық арасына іріткі салуды көздеуде.

Енді әкімдер есігін айқара ашып халықпен қоян-қолтық жұмыс жасауы Президенттің бақылауына алынды. Бірақ, мұндай мәдени-рухани болмысты жедел қалыптастырып, жаңа жүие орнату мыңнан шыққан тұлпарлардың ғана қолынан келетіні өмір шындығы. Мен отыз жылдай тек Көші-қон саласында «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы және осы заңға қатысты қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтік акті, қағидаларының жүзеге асуына атсалыстым. Яғни бұл салада болған қандай өзгеріс-үрдістердің екі жағын да бір кісідей білемін десем де болады.

         2013 жылы,  2010 жылы таратылған Көші-қон комитеті қайтадан құрылды. Бұл да өмір талабына сай қабылданған шешім болатын. Бірақ, облыстардағы құрылымы дұрыс жасақталмай ауқымды да жүйелі қызмет атқара алмады. Оралмандардың бейімделу орталықтары аты болмаса заты мүлдем басқа бағытта жұмыс атқарды. Нәтижесінде көші-қон саласы бойынша күрмеуі көп күрделенген мәселелер одан әрмен ушығып кетті. Еліме, тарихи отаныма келемін, азаматтық аламын деген этникалық қазақтар үшін қағазбастылық көбейіп, керісінше шетелдік қалталы азаматтардың қилы жолмен Қазақ елінен нәпаха табулары жеңіл болып кетті. Бұл туралы БАҚ-да айтудай-ақ айтылып, жазылды. Көші-қон үрдісіне қатысты мәселелер бүгінгі таңда ел аумағынан асып, Еуропа, Америка құрлықтарына жетіп БҰҰ-ның  назарына ілікті.

Ал, шындығына келсек, көптеген ауыл, аудан әкімдері өздерінің қол астындағы елді мекендерде көші-қон үрдісі бойынша не болып жатқанынан мүлдем хабарсыз деп сеніммен айта аламыз. Тіптен, Халықтың көші-қоны туралы Заңы тек «Оралмандарға» ғана қатысты деп түсінетіндері жетіп артылады.

 

Шетелдіктердің өз елді мекендеріне келіп-кетіп жатқандары, олардың немен айналысып жүргені, қанша қандастарымыз келгені, ішкі көші-қон бойынша қоныс аударған отбасылары, олардың әлеуметтік жағдайынан да бейхабар әкімдер көп. Себебі олардың жылдық есеп беру баяндамаларында  көші-қон туралы бірде бір сөз айтылмайды. Бұл үрдіс бойынша оларға талап та қойылмайды.

Ал, оралмандар заң бойынша әлеуметтік жағдайы аз қамтылған топқа жатады. Олар нақты бір иесі, қорғаушысы жоқтай күйге түсіп өз беттерімен кім не айтса, соның артынан кете баратын жайттары соңғы кезде белең алуда. Бұның арты жақсылыққа апармайтыны да анық.

2017 жылы Астана қаласында шақырылған Дүниежүзі қазақтары құрылтайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшылық құрамы толықтай өзгертіліп Алматыдан Астанаға көшірілді. Және «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылып жұмысын бастады. Біраз облыстарда «Қандастарға қолдау көрсететін бірыңғай байланыс орталығы» ашылды. Қай-қайсысының да негізгі міндеттері – шет елден келген және әліде шетелде өмір сүріп жатқан этникалық қазақтармен тығыз байланыста болып жергілікті атқарушы органдармен бірге көші-қон үрдісі бойынша тиісті саясат пен бағдарламаларды жүзеге асыру. Ал, екі жүз мыңнан астам этникалық қазақтар көшіп келіп орналасқан облысымызда бұл ұйымдардың атқарып жатқан қызметтерінен ағайындарға пәлендей көмек аңғарылмайды. Әлеуметтік желіде осы ұйымдарға қатысты ағайындардың наразылықтары ғана  кейде айтылып жатады.

Алыс-жақын шет елдерден келетін ұлты кім болса да әрбір пенденің көбісінің алғашқы келіп түсетін жері тоғыз жолдың торабында орналасқан Алматы облысы. Осындай жолмен  ішімізге енгендермен бірге түрлі келеңсіз жайттардың бет алып жатқандығы да хақ.

Түйіні: Жастарымыздың болашағына, ел ертеңіне бүгінгі күнгі іс әрекетімен, атқарған қызметімен ел-айнасы болып қалатын «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы және осы Заңмен ұштасқан Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңдарының талаптары қалай жүзеге асып жатқаны Елбасымыз мен Президентіміз берген қорытынды тапсырмаларынан тайға таңға басқандай сезіліп-ақ тұр. Тек тыңдайтын құлақ болса!

Ел ертеңіне ауқымды, қомақты үлес қосатын, мемлекетіміздің мерейлі мүддесі үшін халықаралық беделемізді асқақтататын көші-қон үрдісі  оңды жүріп, қазақтың саны еселеп өссін десек қандастарымызға қамқорлық танытып, босқындар мен заңсыз келіп жатқан шетелдіктерден сақ болайық,  ағайын!


Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ,

саясаттанушы, көші-қон үрдісін зерделеуші


Jebeu.kz

 

 


Тағы да 1 миллион қазақ тарихи Отанына оралғысы келеді
Омарәлі Әділбекұлының "Алыстағы ағайын" бағдарламасындағы сұхбаты