Қарашаңырақта қауышқандар

Уақыты: 2019-04-14 Көрлімі: 870 Сипаттама

Тәуелсіздік қазаққа не берді? Бұл сұраққа әркім әр қилы жауап айтары анық. Бірақ көкіре...

E58C19D4-859F-45FB-AA5A-58C505E19C0C.jpeg

Тәуелсіздік қазаққа не берді? Бұл сұраққа әркім әр қилы жауап айтары анық. Бірақ көкірегі ояу, көзі қарақты әрбір қазақ білуге тиіс жалқы ақиқат: тәуелсіздік – әлемде тарыдай шашырап жүрген қазақтың басын қарашаңырақта қауыштырды. Бұған мысал жетіп жатыр. Басқасын айтпағанда газет бетінде өздеріңіз суретін көріп отырған қос қарияның бірі – Моңғол елінен, екіншісі Қытайдан көшіп келіп, елорда төрінде тағдыры тоғысқан бір атаның балалары. Егер еліміз тәуелсіздік алып, туын көтермесе бұлардың басы бір шаңырақ астына қосылар, я қосылмас. Ақын Жәркен Бөдеш ағамыз айтқандай: «Жем болмай ит пен қасқырға, Жем болмай қашқын-пысқынға, Біз қашан түгенделеміз, Бір шаңырақ астында» деп армандаумен дәмі таусылар ма еді, кім білсін.

Әңгімемізге қайта оралайық. Біз сөз етіп отырған қос қарияның бірінің есі­мі – Саған Рабай, екіншісінің аты – Жа­пан­хан Иманбала. Бұлардың үлкен аталары Жырғалаң деген адам екен. Оның Бөке және Шөке деген екі ұлы болыпты. Бұл екеуі қытай қазақтарының азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен тұлғалар. Бұл адамдар туралы 1987 жылы Шыңжаңда жарық көрген жазушы Шәміс Құмарұлының «Бөке батыр» атты тарихи романы бар. Бұл туынды 1993 жылы «Жұлдыз» журналының 1-2 сан­дарында жарияланды. Осында қос батыр­дың ерлік істері жайлы егжей-тегжейлі баяндалады. 

Жоғарыдағы шығарма желісінен қаузай сөйлесек, ХІХ ғасырдың соңына таман Алтай-Тарбағатай өңірінде қазақ-қалмақ арасында жерге талас, жайылымға егес туындап, әсіресе байырғы Жібек жо­лы бойындағы байланыс бекеттерін күш-көлікпен қамдаудан бас тартқаны үшін қытай билігі Бөке батырға қырын қа­рай бастайды. Осындай әртүрлі себеп­терге байланысты Бөке батыр өзіне ба­ғынышты елді бастап шығысқа қарай Боғ­да тауына көшіп барады. Бұл өлке бұ­ған дейін қазақ баласының табаны тимеген жер. 

Боғда өңірінің орталығы Шонжы қа­­­ласында төрт ұлттың (ханзу, ұйғыр, моң­ғол, қазақ) өкілдігі ашылады. Әр ұлт­тан шаңия (өкіл) тағайындалады. Қазақ атынан Бөке батыр сайланып, дара би­лік жүргізеді. Халқына жайлы өмір жасай­ды. Осыдан кейін Алтай-Тарбағатай қазақ­тары Бөкенің қарамағына көшіп келе бас­тайды. Жергілікті қытай шенеуніктері қазақ­тардың күшейіп кетуінен қорқып, Үрім­жідегі үкіметке «Бөке жеке хан­дық­ құруды қолға алып жатыр» деп арыз түсіреді. Сөйтіп Бөке батыр тұт­қындалады. Елін Алтай-Тарбағатайға қай­та көшіру үшін әскер аттандырады. Ел көшуден бас тартып, әскерлермен қақ­тығысады.

Батырдың інісі Шөке Үрімжі ұлығы­на үлкен сый беріп ағасын босаттырып ала­ды. Түрмеден шыққан Бөке елдің ас­танасы Пекинге барам деп аттанып кетеді. Бірақ Пекинге бармайды, жайлы қоныс іздеп жер шалып кеткен екен, жыл өткен соң келіп елін бастап шығысқа қарай көшеді. Сол кеткеннен мол кетіп Тибет асып, Үндістанның шекарасына ат тұмсығын тіреп тоқтайды. Бұл 1900 жылдар шамасы. 

Бөкенің елін қайтару үшін Үрім­жіден толық қаруланған 500 атты әс­кер шығады. Оларға Бөке батыр қар­сылық көрсетіп, қырғын соғыс болады. Қа­зақтар 500 қытай шерігінің 300-ін жер жас­тандырады. Қазақтардан батырдың іні­сі Шөке және жиырмадай адам шы­ғын болады. Шамасы жетпеген қытай үкі­меті Бөкенің басы үшін мол сыйлық та­ғайындайды. Осыған қызыққан тибет төрелері 1904 жылы жазда Бөке батырды ел астанасы Лхаса қаласына шақырып, қонақасы кезінде улап жібереді. Содан еліне оралған Бөке келе сала ауырып, қаза табады. Халқы батырды інісі Шөке­нің қасына жерлейді. Бұл жер қазір «Есекбатқан» деп аталады. Тибет автономиялы районы, Алтынтоқ қорық ауданы аумағы.

Бөке батыр қаза болғаннан кейін 12 тәулік өткенде Үрімжіден қисапсыз әскер келіп елді қайтадан кері айдайды. Бөке батырды көрден суырып шығарып, басын кесіп әкетеді. Өйткені бұл басты әкелген адамның алдында зор қошемет күтіп тұрған еді. Батырдың басын Үрім­жі көшесіне іліп қояды. Соңында ба­тыр­дың баласы Рабай әкесінің басын сұ­рап алып, байырғы мекені Шіңгіл бо­йындағы Аралтөбе ауылына қарасты Обаты қыстағына жерлейді. Осылай Бөке батырдың денесі Тибетте, басы Алтайда қалды. 

Осы оқиғадан кейін Бөке батырдың баласы Рабай елін бастап Моңғолияға ауып кетеді. Ал Шөке батырдың ұрпағы Иманбала Шіңгілде қалып, артынан Баркөл жаққа қоныс аударған екен. Рабайдың баласы, яғни Бөке ба­тырдың немересі Саған ақсақал 1995 жылы Астана қаласына қоныстанса, 2007 жылы Қытайда қалған Шөке ба­тырдың жалғыз ұлы Иманбаладан ту­ған Жапанхан ақсақал да елордаға кө­шіп келді. Жапекең өткен көктемде ба­қилық болды. Тағдыр-ай деші. Жапанхан ақсақалдың атасының басы Тибетте, әкесінің басы Баркөлде қалса, өзі қазақ­тың сайын даласы Сарыарқада дамыл тапты. Қос қарияның ұрпағы Қазақ елінде аман-есен өсіп жатыр. Міне, бұл тәуелсіздіктің қазаққа берген сыйы.

Бекен Қайрат
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Омарәлі Әділбекұлының "Алыстағы ағайын" бағдарламасындағы сұхбаты
    Сарапшы - Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі мемлекет тарихындағы жаңа кезеңді бастап отыр