Қандастарға арналған «Қазақ картасын» жасау туралы ұсыныс талқылануда

Уақыты: 2019-06-14 Көрлімі: 308 Сипаттама

Шетелдік қазақтардың Қазақстан аумағында ел азаматтарымен бірдей құқыққа ие болуына м...

20190614135300.jpg

Шетелдік қазақтардың Қазақстан аумағында ел азаматтарымен бірдей құқыққа ие болуына мүмкіндік беретін «Қазақ картасы» атты құжаттың жобасы дайындалып жатыр, деп  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз. 

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Отандастар» қоры және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшыларының бірлескен отырысында айтылды. 

 «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаевтың айтуынша,  «Қазақ картасы» деп аталатын құжат шетелдік қазақтардың тарихи отанында уақытша өмір сүріп, бейімделуі үшін жасалмақ.

 «Шет елдердегі қазақтарды қолдауға бағытталған заң қабылданатын болады. Соның аясында «Қазақ картасы» деген құжат жасалуы мүмкін. Ол құжат сырттағы қазақтарға қазақстандықтармен бірдей өмір сүруге мүмкіндік туғызады. Яғни, білім алу, дәрігерге қаралу, бизнеспен айналысу, жұмыс істеу сияқты барлық өмір аспектілерінде Қазақстан азаматтарымен бірдей құқыққа ие болады. Тек саясатпен айналысуға болмайды. Ол үшін азаматтық алуы қажет. «Қазақ картасы» қолында бар қазақ отбасымен біздің елде ешқандай визасыз жүріп-тұра алады», - дейді Нұртай Әбіқаев.  

 Нұртай Әбіқаев «Қоғамдық қабылдау» жобасы аясында шетелдік қазақтарға арналған бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұрғанын айтты. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін орталық арқылы 750-ден астам ауызша өтініш түскен.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші қон процесін мониторингілеу басқармасының басшысы Дастан Айтқұлов «Қазақ картасы» әзірге жоба екенін айтады. 

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Қазақ картасын» жасау туралы ұсыныс берген болатын. Бұл әлі қарастырылуда. Басқа елдерде осындай жақсы тәжірибелер бар. Соны бізге де пайдалансақ деген ниеттен туындап отыр. Негізгі мақсаты - шетелден Қазақстанға келуге дайын емес қазақтардың бейімделуіне уақыт беру. Әзірге ол уақыттың қанша мерзімге берілетіні нақтыланған жоқ», - дейді министрлік өкілі.    

Jebeu.kz

Пікір жазу
  • Талғат Адуов: «Қазақ куәлігі» шетелдегі қандастарға берілетін мүмкіндік
    «Қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасы дайындалды