Кәрібай МҰСЫРМАН: 18 қа­ра­шаны «Нұрлы көш» күні деп ­белгілесек...

Уақыты: 2019-10-15 Көрлімі: 740 Сипаттама

Жоғарыда баяндалған жай­­лар­дың негізінде және қан­дастарымыздың өтініш­теріне орай «Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы мерекелер туралы» заң­ның 4-бабына («Кәсіби және өзге де мерекелер») сәй­кес Үкі­мет өз қаулысымен 18 қа­ра­шаны «Нұрлы көш» күні деп...

baaa229d3121b9355cad773fcb786bea.jpg

Қазақ халқы өз тарихындағы қилы кезеңдерде, әсіресе өткен ғасырдың бас кезіндегі саяси қуғын-сүргін мен қолдан жасалған ашаршылықтың салдарынан қырғынға ұшырап, бір бөлігі бас сауғалап, дүние жүзіне тарыдай шашылып кеткендіктен, Кеңес өкіметі тұсында өз жерінде азшылық болып қалып, ана тілінен, ата салт-дәстүрінен айырылып, ұлт ретінде құрып кету қаупі төнген еді. Оған қоса, кезінде әртүрлі себеппен Қазақстанға қоныс аударылған басқа этностардың өкілдері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс кезінде өздерінің тарихи Отандарына үдере көшкендіктен, еліміздің тұрғындарының саны да азайып, жас мемлекетіміздің адами және экономикалық әлеуеті әлсіреп қалған болатын. Осыны ескерген Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел басшылығына келісімен жат жұртта атамекендерін аңсап жүрген ағайындарды қарашаңырағымыз – Қазақстанға қайтып оралтып, халқымыздың санын көбейту қамына кіріскені мәлім.

Нұрсұлтан Әбішұлы шетелдерге барған сапарлары аясында қазақ диаспорасы өкіл­­­дерімен ұдайы кездесіп, олар­дың жағдайларын біліп, қам­қорлық көрсетіп отырды. Әсі­ресе Ауғанстандағы қазақ­тар­­дың қиын жағдайына алаң­дап, оларды сол елмен шекара­лас мемлекеттердің жабық әуе ке­ңістігін 24 сағатқа ашты­рып, Қазақстанға ұшақпен кө­ші­­ріп әкелгені Елбасының ха­лы­қ­­аралық деңгейдегі зор беде­лінің және шетелдегі қан­дас­­тарымызға шынайы жана­шыр­лығының теңдессіз айғағы бо­лып қалды жаңа тарихымызда.

Өткен ғасырдың соңында күр­делі экономикалық жағдайға тап болған Моңғолиядағы қан­­дас­тарымыздың алғашқы ле­гі Елбасының қолдауымен 1991 жылғы  наурыз айында Ең­бек шарты бойынша Қазақ­стан­­ға қоныс аударды. Қилы за­­манда Алтай асып кеткен аға­йындардың атамекенге ора­­­луының ұлы көші осылай бас­­­талды. Кейін Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға бар­ған са­парында  сол елдің азаматты­ғынан шықпағандығы себепті Қа­зақстан азаматтығын ала алмай, қиындық көріп жүрген 70 мыңдай қандасымыздың  осы өзекті мәселесін де оңынан ше­шіп берді.

Тұңғыш Президентіміздің тап­сыр­масымен 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министр­лер Кеңесі «Басқа республика­лардан және шетелдерден село­лық жерлерде жұмыс істеу­ге тілек білдіруші байырғы ұлт адам­­дарын Қазақ КСР-інде қо­ныс­­тандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулыны қабылдады.


Содан кейін Елбасы 1991 жыл­ғы 31 желтоқсанда Қазақ радиосы арқылы «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» үндеуін жолдап: «Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақ­стан Үкіметі «Басқа республи­калардан және шетелдерден село­лық жерлерде жұмыс істеу­ге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қо­ныс­тандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қа­былдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық», деп мәлімдеді. Бұл үн­деу 1992 жылғы 1 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.

Сол жылғы қыркүйек айында Алматыда  Елбасының тікелей қолдауымен және қатысуымен әлем қазақтарының бірінші құрылтайы өткізіліп, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның Төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев бір­ауыздан сайланды.

Шетелдердегі қандастары­мыз­ды атамекен – Қазақстанға ора­луға шақыру – ел болашағын ойлаған Елбасының батыл да тарихи маңызы зор, дана шешімі болғандығы сөзсіз. Соның ар­қасында Тәуелсіздік жылдары тағдырдың жазуымен Моң­ғо­лия, Қытай, Түркия, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжік­стан, Түрікменстан және басқа елдерде тұрып жатқан  1 миллионнан астам этностық қазақ атажұртқа қайтып оралып, жас мемлекетімізді ны­ғайтуға өлшеусіз үлес қосты. Хал­қымыздың құрамындағы қа­зақтардың үлесі 40 пайыздан 67 пайызға дейін өсіп, мемлекет құраушы ұлтқа айналды.

Елбасының тапсырмала­рына сәйкес Үкімет шетел­дер­ден көшіп келетін аға­йын­­­дарды қабылдау және қазақ диаспора­сының жас өкіл­де­рін еліміздің жо­ғары оқу орын­дарында­ оқы­ту квотала­рын енгізді, «Нұр­­лы көш» бағ­дарламасы қа­был­­да­нып, бірқатар өңірде қандас­тары­мыз­ға арналған жаңа елді мекендер бой көтерді, көші-қон заңнамасы ұдайы жетіл­діріліп,  этностық қазақтардың ата­мекенге көшіп келуі және бе­йім­делуі, Қазақстан азамат­ты­ғын жеңілдетілген тәртіппен алуы үшін барынша қолайлы жағ­дайлар жасалды, атамекенге оралған ағайындар мен әлі де шетелдерде тұрып жат­қан эт­­ностық қазақтарды қол­дау мақ­сатымен Дүниежүзі қа­­­­зақ­тары қауымдастығының жа­­ны­нан «Отандастар» қоры құ­рылды.

Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «Қазақтардың атаме­ке­ніне бет алған тарихи көшін біз бей­нелі түрде «Нұрлы көш» деп ата­дық. Қазақстан мемлекеттік ре­патриация саясатын жалғасты жүргізген әлемдегі санаулы ел­­дер­­дің біріне айналды» деп жазды.

Жоғарыда баяндалған жай­­лар­дың  негізінде және қан­дастарымыздың өтініш­теріне орай «Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы мерекелер туралы»  заң­ның 4-бабына («Кәсіби және өзге де мерекелер»)  сәй­кес  Үкі­мет өз қаулысымен 18 қа­ра­шаны «Нұрлы көш» күні деп белгілеу мәсе­лесін қарастырса, игі болар еді.

«Нұрлы көш» күнін мере­келік дата ретінде белгілеу Елба­сы­ның көші-қон саласындағы ел мен жер тағдыры үшін ма­ңызы зор бастамаларын наси­хаттау және оларды дәйекті жалғас­ты­ру ісіне оң ықпалын тигізеді деп ой­лаймын.

Осы мерекелік датаны атап өту аясында этностық қазақ­тарды  Қазақстанға репатриация­лау тарихы, шетелдерден көшіп келген қандастарымыздың және жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тап­шы өңірлерге қоныс аудару бағ­дарламасы мен «Сер­пін» әлеу­меттік жобасына қа­ты­­су­шы­лардың еліміздің әлеу­меттік-эко­номикалық дамуына қосқан үлесі, олардың жаңа ортаға бейім­делуінің өзекті мәселелері, сондай-ақ сыртқы және ішкі көші-қон проблемалары  туралы ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер және басқа мерекелік іс-шаралар өт­кізу, соның ішінде елеулі жетіс­­тік­терге қол жеткізген қан­­дас­та­рымыз бен қоныс ауда­ру­шы­ларға құрмет көрсету  жөн болар еді.

 

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясының мүшесі

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Асқар Мамин Моңғолияда Абай мәдени орталығын ашуды ұсынды
    Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеулеуді ұсынды