Халық санын қандастар көшінің есебінен көбейте аламыз ба?

Уақыты: 2020-03-17 Көрлімі: 190 Сипаттама

Тәуелсіздіктің көк туы желбіреген 1991 жылдан 2018 жылға дейін Қазақстанда халық саны 15,6 п...

98082.jpg

Тәуелсіздіктің көк туы желбіреген 1991 жылдан 2018 жылға дейін Қазақстанда халық саны 15,6 пайызға өсіпті. Енді салыстырмалы түрде алатын болсақ, осы уақыт ішінде Тәжікс­танда халық саны 68 пайызға, Өзбекстанда – 60, Түрікменстанда – 51,4, Қыр­ғыз­станда – 43,2, көрші Қытай елінде – 21,8 пайызға немесе 350 млн-ға дейін өскен. Осы­дан кейін Қазақстан әлемде халықтың орташа тығыздығы бойынша БҰҰ таныған 195 тәуелсіз елдер тізімінде 184-орында тұр. Бізде бір шаршы шақырымға – 5,8 адам­нан келетін болса, әлемдік орташа көрсеткіш – 56 адамды құрайды екен. 1991-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан эмиграцияға кеткендер саны 3,7 млн адамнан асқа­нын ескерсек, еліміздің демографиялық болашағына күмәнмен қарай бастайтыны анық.

Міне, өткен аптада «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы Қоғамдық комиссияның оты­рысында шетелдегі қазақтарды қолдау және репатриацияны ынталандыру мәселелері кеңі­нен талқыланды.

– Біздің ел үшін басты қауіп, көшіп кету­шілер болып тұр, – дейді «Отан­дас­тар қоры» КЕАҚ ақпараттық-талдау департаментінің бас­қарушы директоры Н.Жәлиев. – Қазақ­стан­нан қоныс аударушылардың 43,8 пайызын 15-тен 34 жасқа дейінгі жастар құрайды, бұл еңбек ресурстарының азаюына әкелуде. Бір айтары, Қазақстандағы халық санының өсуі туу көрсеткіштерінің көбеюінен емес, ел тұрғындарының өмір жасының ұзаруымен байланысты. Тұрғындардың қартаюының жо­ға­ры көрсеткіштері еліміздің солтүстігі мен шы­ғысында байқалады. Нақтырақ айтсақ, әрбір 100 балаға Қазақстан бойынша орта есеп­пен 65 жастан асқан 26 азаматтан келетін болса, яғни индекс 25,9 көрсетсе, Солтүстік Қазақ­станда бұл көрсеткіш – 55,8, Қостанай облысында – 53,2, Шығыс Қазақстан облысында 47,4-ке жеткен.

Ендеше, бұл факторлар демографиялық ахуалды тұрақтандырудың жаңа тетіктері мен әдістерін ұсынуды талап ететіні анық. Шетелдерде 7-8 млн қазақ ұлты тұрады. Кейбір сарапшылар елімізде халық санын көбейтуде осы ресурсты дұрыс пайдалану керек деген пікір айтады.

Халық санының азайып бара жатқаны көрші Ресей елін де қатты алаңдатуда. Сон­дық­тан Ресей билігі ерікті қоныс аудару­шы­ларды ынталандыруға бағытталған сая­­­сат­қа қатты күш салуда. Сөйтіп олар Қазақ­­­­станды Ресейдің демографиялық мәсе­ле­­лерін шешуде донор ретінде қабылдап, жа­­қын жылдарда 5-10 млн адамды өздеріне көшіруді жоспарлап қойған. Бұл үшін Ресей Федерациясына отандастарды ерікті көші­ру­дің мерзімі шектелмеген мемлекеттік бағ­дарламасы қабылданды. 2008 жылы Сырт­қы істер министрлігіне бағынатын Феде­ралдық агенттік құрылған. Міне, осы агент­тік 30 млн шетелдік отандастарын елге қайтаруға күш салмақ. Бұл Ресейдің жалпы халық санының 20 пайызын құрайды. Дәл осылайша біздің елдегі «Отандастар қоры» да шетелде тұратын 7 млн қандасымызды атамекеніне қайтаруды мақсат тұтып отыр. Бұл Қазақстандағы қазіргі халық санының 38 пайызы деген сөз.

Тағы бір айтары, Ресей билігі қоныс ауда­рушыларға қаржылай көмек көрсетуде ел қазы­насына қолды тереңірек салуда. Мысалы, Ресейде 4 адамнан тұратын қоныс аударушы отбасына тұрғын үй алу үшін – 600 мың рубль немесе 3,6 млн теңге, кірісі жоқ отбасына 67 мың рубль немесе 402 мың теңге беруді міндеттеп қойған. Сонда орыстар әр отбасына 4 млн теңге жұмсамақ болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 848 мың теңгені құрайды. Соңғы 10 жылда Қазақстаннан Ресейге 300 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Солай бола тұра, 2020 жылы елге ораламын деген қандастарымызға квота бойынша 1378 орын ғана белгіленді.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ата­меке­ніне қоныс аударушы қандастар көшінің екпіні басылып қалды. Шетелдегі қандас­та­ры­мыздың көші-қонға деген көңілдерінің ала-құла болуына мына бір факторлар да қатты әсер етуде. 2009 жылы Көкшетау қаласындағы Красный Яр ауылдық округінде «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 276 отбасы үшін екі пәтерлі 138 тұрғын үй салынып, 2010 жылы шетелден көшіп келген қандастарымызға пайдалануға берілді. Бұл құрылысқа 1 млрд 200 млн теңге жұмсалды. Сонда сол кездегі доллар бағамы бойынша әр үйге 59 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінді деген сөз. Жаңа үйге қоныстанушыларға «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-тың депозиттік несиелеу бағдарламасы бойынша тиімді шарттар ұсынылды. Яғни, олар пәтер құнының 50 пайызын депозитінде жинақтау қажет. Содан кейін оларға пәтерді 5 пайыздық жеңіл мөлшерлеме бойынша сатып алу мүмкіндігі берілді. Нақтырақ айтсақ, жалға берілген бұл баспана үшін олар әр ай сайын 7 мың теңгедей төлеп тұруы тиіс. Сонда әр тұрғын үйдің орташа құны 3 млн 200 мың теңге болып есептелген. Осылайша 215 шарт жасалады. Бірақ көптеген салымшылар шарт талаптарын орындамайды. 215-тің екеуі ғана кестені бұзбай, жарналарды аударған. Сөйтіп бүгінде жарналар бойынша жалпы берешек 32,4 млн теңгеге жетті. Ал келісімшарт бо­йынша қандастарымыз 2015 жылы несиені төлеп бітіруі тиіс еді.

Атамекеніне аңсап жеткен қандастарымыз несиені неге төлемеді? Келісімшарт неге орындалмады? Сөйтсек бәрін бүлдірген баспананың сапасы екен. Қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, бұл тұрғын үйлер солтүстіктің 40 градус қысына мүлдем шыдас бермейтін гипсокартон, пеноплекс, панельден салынған. Үйлердің барлығында дерлік іргетас жоқ. Қабырғалары өте жұқа, арасы қуыс, тұрғындар қыста жаурап, үйде тұру мүлдем мүмкін болмағандықтан туған-туыстарының баспаналарын сағалауға мәжбүр болған. Көбісі қыстай ауырып шық­қан. Үйлерді қайтадан жөндеу мүмкін емес. Көбісі апаттық жағдайда. Міне, осыдан кейін оралмандар несиені төлеуден бас тартыпты.

– Қазір бұл үйлердің дауы тіптен өршіп барады, – дейді бұл жөнінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Нұр-Сұлтан және Ақмола облыстық филиалының басшысы Қарлығаш Қожамұрат. – Жергілікті билік осы іс бойынша дау шығарғандарды сыртынан үй тіркеуінен шығарып жіберген. Оны өздері де білмей қалған. Тек мұның соңы үлкен айқай-шуға ұласқан соң амал жоқ, қайтадан тіркеуге қойды. Бірақ әлі күнге бұл үйлер кімнің меншігіне қарайтыны белгісіз. Екі-ақ адам берешекті төлеген болса, сол екеуіне де әлі күнге үй құжаттары берілмеген. Тұрғындар үйден бұрын сол жер учаскесінің құжаттарын туралап берсе екен деген өтініш айтуда. «Жерді атымызға аударып берсе, берешекті де төлер едік, үйді де өзіміз жөндеп алар едік» дейді олар.

Бұған Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Жүсіпов бұл үйлер дәл қазір тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің меншігінде тұрғанын, үй кітап­ша­лары қалпына келтіріліп жатқанын айтып ақталды. Яғни, жағдайды түзету және қаржылық жүктемені төмендету үшін 238 келісім­шарт қайта жасалған. 38 тұрғын әлі де қол қоймапты. Қазіргі уақытта 138 тұрғын үйдің 35-і күрделі жөндеуді, 102-сі ағымдағы жөн­деуді қажет етеді. Қаражат бөлініп, жөн­деу жұмыстары жүргізіледі.

Қысқасы, бұл мәселені шешу үшін жер­гі­лік­ті билік қолдан келгеннің бәрін жасау­да. Дегенмен де бар ақшаның өзін жырымдап, осы үйлерді арзан материалдармен өте сапасыз тұр­ғызған құрылыс компаниясының және тиісті актілерге көзді тарс жұмып тұрып қол қойып жіберген жергілікті билік өкілдерінің жауап­кершілігі қайда қалады? Әр үйді салу үшін 59 мың АҚШ доллары бөлінген, бұл бір баспананы жайнатып жіберуге молынан жете­тін қаржы емес пе? Сауапты істің топа­лаңын шығарған бұл құрылыс ком­па­ния­сының бүгінде сайда саны, құмда ізі жоқ, яғни тарап кетіпті. Қайран қор болған мемле­к­ет­тің қаржысы-ай... Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. Жаныашымастық деген осы. Өкінішке қарай, дәл осындай жағдай Шығыс Қазақстан облысының Шығыс ауы­лын­­да да қайталанған.

Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне қара­ған­д­а, жан басына шаққандағы ІЖӨ бойын­ша Қазақстан Ресейден сәл ғана кейін келеді. Ал Қытай бәрінен озып барады. Бұл сол елдегі этнос­тық қазақтардың Қазақстанға қоныс аудару туралы шешіміне теріс ықпал етуі де мүмкін. «Отандастар қоры» КЕАҚ-тың тапсырысы негізінде «Қоғамдық пікір» зерттеу институты 2019 жылы жүргізген әлеуметтік сауалдамалардың нәтижесінде Қазақстанға 1,5 млн этностық қазақ тұрақты тұруға қоныс аударғысы келетінін анықтапты. Нақтырақ айтсақ, Өзбекстандағы 1,5 млн қазақтың 37,6 пайызы немесе 564 мың адам, Ресейдегі 1 млн қазақтың 12,3 пайызы немесе 123 мың адам, Моңғолиядағы 130 мың қазақтың 24,7 пайызы немесе 32 мың адам атажұртқа оралғысы келеді. Бұдан бөлек Қытайдағы саясатқа байланысты 800 мың этностық қазақ құжаттарын түгендеп, Қазақстанға көшуге дайын отыр.

Жалпы алғанда, Қазақстанға келген репатрианттар ағыны 2007-2011 жылдар ара­лы­ғын­да жылына 61 776 адамды құраған болса, соңғы 8 жылда бұл көрсеткіш орта есеппен 10 077 адамға дейін төмендеген. Бұл, әрине қоныс аудару мәселесінде экономикалық алғышарттар мен құқықтық жағдайдың нашарлығын, ұйымдастыру шараларының әлсіздігін байқатады. 2018 жылы Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан 15 760 адам көшіп кет­кен. Олардың жартысы, яғни 7880-і еңбекке қабілетті жастағы жандар. Ендеше, Қазақ­станға жылына 40 мың қандасымыз келетін болса, олардың еңбектеніп бюджетке берер кірісі оларды көшіруге жұмсалған бюджеттік шығындардан әлдеқайда асып кетері анық. Бұл үшін ынталандыру шараларын жылжымайтын мүлік, яғни үй-жайлар мен жер телімдерін иеленуге бағыттау қажет. Сонымен бірге сол мүлік түрлеріне билік ету, яғни сату, айырбастау және басқа да құ­қық­­тарын 7 жылдық уақыт көлемімен шектеп, иеленушілерге тек иелену және пайда­ла­ну құқықтарын ғана қалдыру керек. Бұл қандастарымыздың ие­лікке алған мүліктерін мем­лекеттік
не­сие­леу бағдарламаларына бел­сен­ді қатысуы үшін кепілдік мүлік ретінде пайда­лануға, еңбек нарығына тиімді интеграциялануына, ел экономикасының әртүрлі сала­ларында кәсіпкерлікпен айналысуына мүм­кіндік берер еді.

Жат жерде жүрген қазақтарға қолдау көр­се­ту бағытында оларға ана тіліндегі оқулықтар жіберу де өте маңызды іс. 2019-2020 оқу жы­лын­да Ресей Федерациясына, Моңғолия, Фран­ция, Мысыр, Литва, АҚШ, Таиланд пен Малайзияға 28 618 гуманитарлық бағыттағы оқулықтар жіберілді. Алайда көп жағдайда бұл елдердің Сыртқы істер министрлігі сұ­ра­­нысқа сай емес деп, бұл оқулықтарды қабыл­даудан бас тартады. Бір сөзбен айтқан­да, мем­лекеттік қаржыға жіберілетін кітаптар шетелдіктер үшін бейімделмеген. Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова жиында «Шетелдегі қан­дас­­та­ры­мызға жіберілетін оқулықтарды ми­нис­трлік шығармайды, біз ол істі бизнес ортаға бер­генбіз. Бұл мәселемен негізінен бас­па­лар айналысады» деген пікір айтты. Бұған Түр­кітану және Алтай ғылыми-зерт­теу орта­лы­ғының директоры Қаржаубай Сарт­қо­жа қарсы пікір білдіріп «Шетелге шығатын оқу­лықтарға Білім және ғылым министрлігі тіке­лей жауапты болуы керек. Қазақ керек болса сол кітаптардың қаржысын да, жеткізіп беру шы­ғын­дарын да Қазақстан үкіметі мойнына алуы қажет» деген ойын жеткізді.

Шынында өзге елдің ішкі саясатына араласу дұрыс емес. Ол елдердің оқулықтар бо­­йынша белгілеген өз стандарттары бар. Сон­дықтан негізінен тіл үйрету бағытындағы және көркем әдебиеттер жіберу керек және бұл кітаптарды осы жақтан тасып, шығын­дан­бай-ақ сол елдердің баспаларынан басып шығару мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Мысалы, Моңғолиядағы қазақтардың тарихы, шығармашылығы туралы кітаптар шығаруға болады. Бұл бір жағы мәдени мұрамызды түгендеуге де сеп болар еді.

Жиында көпшіліктің ойы жалпы шетел­дік­тер үшін жаңа кітап шығаруда ғылыми ке­ңес өткізіп, бұрын шығарылған кітаптарды са­рап­тап, өзгерістер енгізу керек деген тұжы­рым­мен тоқайласты.


Оарлхан ДӘУІТ 

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Қоғамдық комиссия отырысында қандастарды қолдау мәселесі талқыланды
    Дүкен Мәсімханұлы. Қытайдағы қазақтардың көші-қоны алғаш қалай басталды