Нұрлы көш: Қандастарға салынған сапасыз үй мәселесі қалай шешіледі

Уақыты: 2020-10-27 Көрлімі: 484 Сипаттама

Елордада «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында Ақмола обл...

7AjTfPJr.jpg

 Елордада «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында Ақмола облысындағы қандастарға салынған «Нұрлы көш» (Красный Яр) үйлерін заңдастыру мәселесі қаралды, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.

«Нұрлы көшке» қанша қаражат жұмсалды

«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Ақмола облысының Красный Яр ауылында 2009 жылы республикалық трансферт есебінен шамамен 1,5 млрд теңге сомаға 138 екіпәтерлі тұрғын үйлер салынған болатын. «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ ұлттық компаниясы «Нұрлы көш» бағдарламасы жобасының әкімшісі болды. Құрылыстың тапсырыс берушісі – Сарыарқа ЖШС еншілес кәсіпорны. Үйлердің құрылысын мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес мердігер ұйым – «Көкшетау өндіріс» құрылыс компаниясы жүзеге асырды», - деп атап өтті Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев өз баяндамасында.

Оның айтуынша, облыстық қаражат есебінен 20 млн теңгеге сомаға электрлік жабдықтар мен сыртқы инженерлік желілер тартылған.

«2012 жылы облыстық бюджет есебінен 193 млн теңге сомаға 138 екіпәтерлі тұрғын үйлерге ағымдағы жөндеу жүргізілді. Ең алдымен апаттық жағдайдағы үйлер бойынша қажетті жұмыстар атқарылды. 2016 жылы бюджеттен 40 екіпәтерлі тұрғынүйді жылытуға 38 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ 2018 жылы – 10 млн теңге спорттық алаң орнатуға, 2019 жылы – «Нұрлы көш» шағынауданында ұзындығы 1,8 шақырым автобус маршруты бойынша 24 млн теңгеге асфальт-бетон жабындысымен жолға жөндеу жүргізілді. Облыс бюджетінен барлығы 281 млн теңге жұмсалды. Қазіргі уақытта 137 тұрғын үй ішінде 35 үйге күрделі жөндеу және 102 үйге орташа жөндеу қажет. Бірақ үйлерге әлі техникалық тексеру жүргізілген жоқ», - дейді М. Тәткеев.

Тұрғындар шарт талабын орындамай отыр – облыс әкімдігі

«Тұрғын үй үш жақты («Есіл» ӘКК, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және облыс әкімдігі) келісім негізінде және «Есіл» ӘКК мен бағдарламаға қатысушылар арасындағы шартқа сәйкес «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ депозиттік кредиттеу бағдарламасы арқылы тиімді жағдайларда берілген. Тұрғын үй құрылыс жинақ бойынша шарт бағдарламаның 215 қатысушысымен жасалған, олар пәтер құнынан 50% депозитте жинауы қажет болды. Одан кейін оларға пәтерді 4,5% ставка бойынша сатып алу мүмкіндігі берілді», - дейді М. Тәткеев.

Алайда, көптеген салымшылар шарт талаптарын орындамаған. Шарт бойынша міндеттеме мерзімі 2015 жылы аяқталған болатын (бар-жоғы 2 пәтер сатып алынды).

«2011 жылы тұрғын үйлер «Есіл» ӘКК балансынан Көкшетау қаласының әкімдігі балансына берілді. Берілген пәтерлер жалға беретін тұрғын үйлер болып саналды. Жалға алу құны 2013 жылы бекітілді және әлі күнге дейін бір шаршы метрі 88 теңге деңгейінде сақталуда. Яғни, пәтер үшін төлемнің орташа сомасы – айына 6 866 теңге. Бірақ қатысушылар арендасын төлеген жоқ. Үйлерді жалға беруге байланысты, оларда меншік құқығы жоқ, сондықтан тұрғындар жылжымайтын мүлікті күтіп ұстауға қаржылық жүктеме алғысы келмейді», - дейді әкімдік өкілі.

Мәселені қалай шешуге болады?

Бүгінгі таңда осы бағдарламаның барлық қатысушылары – ҚР азаматтары. «Нұрлы көш» шағынауданында 1057 адам тұрып жатыр. Оның ішінде жұмыс істейтіндер – 475, жұмыссыздар – 12, сәби күтімі бойынша демалыста – 64, зейнеткерлер – 39, мектеп жасында дейінгі балалар – 191, мектеп жасындағы балалар – 220, студенттер – 50, мүгедектер – 6.

«Орын алған жағдайды шешу үшін тұрғын үйлерді сол тұрып жатқан азаматтардың меншігіне беру барынша ұтымды әрі экономикалық тұрғыда тиімді болады. Алайда қазіргі уақытта бағдарлама қатысушысына тұрғын үйді беру заңнамамен қарастырылмаған. Ол үшін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгеріс енгізу керек немесе жалға берушіге өтетін тұрғын үйді «Нұрлы көш» қатысушыларының меншігіне беру жөнінде қағиданы өзгерту қажет», - дейді Малғаждар Тәткеев.

Мал қамауға да болмайды – Депутат үй сапасы туралы

Комиссия отырысының модераторы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы «Нұрлы көш» үйлерінің сапасын сынға алды.

«Былтыр бір сенаторлармен Көкшетаудағы Красный Яр шағынауданына барып көрдік. Шынында да жол салынған, электр энергиясы берілген. Ендігі әңгіме сол үйдің сапасына байланысты. Сондағы бір үйге 56 мың доллар бөлінген. Мұндай ақшаға керемет үй салуға болар еді. Көзбен көргенімді айтайын, бес үйді көріп шыққанымда, қабырғалары гипсокартоннан салынған, төбесі өте жұқа, іргетас жоқ. Қандастарымыз айтады, қыс айында мұнда тұрмайды, туыстарды жағалап кетеді екен. Айына арендаға 6 мың теңгеден астам ақша төлеу керек екен, аренда құнын төлеу үшін жағдай жасалуы керек қой. Мен болсам, бір тиын да төлемес едім. 7-8 ай қыс болса, ішінде тұрмаса, төбеден су ақса, іші азынаған суық болса не үшін ақы төлеуі керек. Ондай үйлерге мал да қамауға болмайды. Онда мал емес, адам тұрып жатыр ғой, біздің бауырларымыз. Бұл мәселе бойынша былтыр Премьер-Министрге кіріп шықтым. Биыл тағы бардым. Шешіледі, облыс әкімімен сөйлесеміз деді. Меніңше, бұл мәселені шешудің бір-ақ жолы бар – жерді өз меншігіне берсе, өздері-ақ үй салып алуға дайын. Бұл – шешілетін мәселе», - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Айта кетейік, «Нұрлы көш» шағынауданындағы апатты үйлер жағдайы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді.


Автор Айжан Серікжанқызы


Пікір жазу
  • Қазақстан мен Түркия әскери салада 2 хаттама дайындап жатыр
    Қандастарды қолдау қандай нәтиже береді?

    Ұқсас тақырыптар