Түркі әлемінің темірқазығы

Уақыты: 2021-03-31 Көрлімі: 909 Сипаттама

Заманында Еуразия кеңістігінде түркілердің атой салғаны тарихтан белгілі. Шығысы Сібі...


Заманында Еуразия кеңістігінде түркілердің атой салғаны тарихтан белгілі. Шығысы Сібірден, Батысы Қара теңізге дейінгі алып аумақты мекендеген халық мыңдаған жылға созылған Ұлы дала өркениетін қалыптастырды. Бүгінде осы бай құндылықтың мұрагері – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі десек, қателеспейміз. Биыл Түркі кеңесінің кезекті саммиті өтпек. Іргелі іс-шара карантиндік жағдайға байланысты бейнеконференция режімінде ұйымдастырылады. Осы орайда, түгел түркінің басын қосып, төрге оздырған тұлғаның бірі һәм бірегейі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін айта кеткен абзал.

Барыс-келіс осылай басталған

Өткен ғасырда бірқатар түркітілдес халық бодандық қамытын киді. Кейінірек Кеңес өкіметі құлаған соң, Қазақстан бастаған мемлекеттер аңсаған азаттығына қол жеткізді. Әлемнің екінші полюсі саналған держава тарқаған соң саясат сахнасында күрделі кезең басталатыны қисынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемен елдеріміз етек-жеңін жиып үлгер­меген қиын кезеңде жас мемле­кет­тердің ынтымақтастығының қажет­тілігін жете аңғара білді. Сондықтан шығар, түркі тектес халықтар арасында да ынтымақтасудың жаңа сатысына жету туралы жиі айтып жүрді.

Қазіргі таңда Түркі ынтымақтас­тығына ұйытқы болып отырған ор­тақ ұйымдардың шығу тарихына көз жіберсек, олардың көпшілігінің құры­луына Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті бастамашы бол­ғанын көреміз. Мәселен, Елбасы­ның ұсы­нысы­мен түркітілдес мемлекеттердің мәде­ни-гуманитарлық байланыс­тарын дамытумен және түркі мәдение­тін халықаралық деңгейде танытумен нәтижелі түрде айналысып келе жатқан Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) 1993 жылы құ­рыл­ды.

Бүгінде аталған ұйым бауыр­лас жұрттардың мәдени-рухани жақын­дасуына өлшеусіз үлес қосып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғаны «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай еске алады: «Қазақстан үшін Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан тәрізді түркі әлемі елдері­мен тығыз ынтымақтастықта болу ерек­ше маңызға ие. Тығыз қарым-қаты­наста болуымызға тілдік және кон­фес­сиялық туыстық, тарихи-мәде­ни мұраның ұқсастығы негіз болды. Сондықтан 1993 жылы түркітілдес мем­­лекеттер ТҮРКСОЙ түркі мәде­ниетінің халықаралық ұйымын құрған болатын. ТҮРКСОЙ аясында мәдени ынтымақтастық белсенді дамыды. Қазақ жазушыларының шығармалары түрік тіліне аударылды, мәдениет күн­дері өткізілді. ТҮРКСОЙ түркі әлемі үшін өзіндік ЮНЕСКО іспетті болды».

Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақтастығын нығайтуға Елбасы бас­тамасымен ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті де елеулі үлес қо­сып отыр. Бүгінде іргелі оқу орны бар­­лық түркі халықтарының жас­тары жиналатын білім ордасына ай­налды. Ал түркі әлемінің рухани ұс­тазы Қожа Ахмет Ясауидің рухы жай тапқан, Қазақ хандығының аста­насы болған Түркістан қаласы тамыр­лас жұрттардың рухани ынтымақ­тас­тығының темірқазығы саналады.

Түркі интеграциясы бағытында алғашқы қадамдарды жасауда Түркия Президенті Тұрғыт Өзалдың да көрнекті рөл атқарғанын атап өткен жөн. Жалпы, Түркітілдес мемлекеттердің басшылары 1991 жылдан бастап жиі-жиі кез­десіп жүретін. Сол кездегі Түркия пре­зиденті Тұрғыт Өзалдың Орталық Азиядағы түркі елдеріне жасаған әйгілі сапарынан кейін өзара алыс-беріс, барыс-келіс айрықша қарқын алды. Кейінірек Тұрғыт Өзалдың бастамасымен түркі­тілдес мемлекеттер бас­шы­лары­ның алғашқы саммиті өтті.

Осылайша, Түркітілдес мемлекет­тер басшыларының саммитін өткізу дәстүрге айналды. Нұрсұлтан Назар­баев 1998 жылы Алматыда өткен кезекті алқалы басқосуда кезде­су­лердің нақты нәтиже беруі үшін тұрақ­ты Хатшылық құруды ұсынды. Алайда құбылмалы жаһанда бұл бастаманы бірден жүзеге асырудың сәті түспеді. Әйтсе де, Елбасы ұсынысы Түркі кеңе­сінің бастауында тұрды.

Әзербайжан астанасында 2005 жылдың мамырында «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құбырының іске қосылуына байланысты өткен жоғары дең­гейдегі кездесу түркітілдес мемле­кет­тер арасындағы қатынастың қар­қынды дамып келе жатқанын көрсетті.

Бес жыл үзілістен кейін түркітілдес мемлекеттердің VIII саммиті өтіп, оған Әзербайжан, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Түркия басшылары қатыс­ты. Түркі кеңесін құру туралы баста­маны Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы Анталияда өткен түркітілдес мемле­кеттер басшылары саммитінде тағы да қайталап айтты. Сондай-ақ кездесудегі басты оқиға – Түркітілдес мем­лекеттердің Парламенттік Ассам­блеясын құру туралы бастама болды. Кешікпей ол да жүзеге асты. Жаңа құрылымның алғашқы жиналысы 2009 жылдың қыркүйегінде – Бакуде, екіншісі 2011 жылдың сәуірінде Астанада өтті.

1

 Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

 

Түгел түркі төрге озған сәт

Түркі ынтымақтастығының дамуында Нахчыван саммитінің маңызы жоғары. Түркітілдес мемлекеттер басшылары 2009 жылдың қазанында Әзербайжанның Нахчыван қаласында кездесті. Түркі кеңесін құру тұралы ұсынысты осы құрылтайда жүзеге асырудың сәті түсті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті іргелі жиында өңірлік бірлестік ретінде – Түркітілдес мем­лекеттердің ынтымақтастық кеңе­сін және Түркі академиясын құруды ұсынды. Осылайша, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі құ­рыл­ды. Нәтижесінде, түркі интеграциясы жаңа белеске көтерілді.

Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл саммиттен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, бүкіл түркі әлемі туысқан түркі халықтарының бірлігі, ортақ тарихымызды зерттеу, мәдени байланыстарды дамыту ісіндегі Қазақстанның бастамаларын жоғары бағалайтынын айтты.

Тұңғыш Президент өзінің «Тәуел­сіздік дәуірі» кітабында түркітіл­дес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайту жолындағы жемісті еңбекті тебіреніспен еске алады. «2010 жыл­дың мамыр айында Астанада Еура­зия­лық ғылыми форум өтті. Форум барысында Түркия президенті А.Гүл екеуіміз Түркі академиясын аш­тық. 2011 жылдың қазанында Алматы­да Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ­тастық кеңесінің (Түркі кеңесі) I сам­миті өтіп, оған мен төрағалық еттім. Саммитте сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастықты кеңейту мәселесі тал­қы­ланды. Түркі кеңесі саммиті жыл сайын өткізіліп тұратын болды. Түр­кі­тілдес мемлекеттердің жеміс­ті ынты­мақтастығы – Қазақстан Рес­пуб­ликасы дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан кең және жан-жақты еуразиялық өзара ықпалдастықтың маңызды да қажетті факторы екеніне сенімім зор», дейді Елбасы.

«Тәуелсіздік дәуірінде» сөз болған, түгел түркінің арасында TWESCO атанып кеткен Халықаралық Түркі академиясы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру тура­лы ұсынысты Елбасы 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қала­сында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде көтергенін жоғарыда айттық.

Бұл оқиғаны белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков былай еске алады: «2009 жылы Әзербайжанда Түркітілдес мемлекеттер басшыларының кезекті саммиті өтті. Сол жиынға Елбасымызға еріп мен де бардым. Іс-шара барысында Нұрсұлтан Әбішұлы екі мәселе көтерді. Бірі – білім саласындағы интеграцияны жетілдіретін орталық, екіншісі – Түркі әлемі ақсақалдар кеңесін құру. Саммитке қатысушылар екі ұсынысты да қолдады».

Нахчывандағы келісім түркітілдес халықтардың тарихында ерекше маңызға ие кездесуге айналды десек, қателеспейміз. Мәселен, сол келісімге сәйкес, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. Кейінірек, 2010 жылғы 25 мамырда құжатта айтылған мәселелерді жүзеге асыру аясында елордада Түркі академиясы ашылды.

Бірегей ғылыми-зерттеу орталығы­ның тұсаукесеріне Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл, сондай-ақ Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ресей (Татарстан, Башқұрт­стан, Чуваш, Якутия), Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінің көрнекті түрколог ғалымдары қатысты.

«Бұл – түркітектес елдердің мәде­ни-гуманитарлық байланысын нығай­туға өлшеусіз үлес қосатын, тарихи маңызы бар оқиға», деген еді Елбасы Түркі академиясының ашылу салтанатында.

Түркі академиясы көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерт­теп, түркі мемлекеттерінің әлемдік өрке­ниеттегі орны мен ерекше үлесін төлту­ма деректер негізінде аша отырып, жалпы түркі әлеміне қатысты ғы­лы­ми зерттеулерді үйлестіретін біре­гей орталыққа айналуды мақсат тұтты.

Тарих шаңына көмілген ортақ мұра­ларымызды аршып, жас ұрпақтың санасына біздің өзара бауыр екенімізді сіңіру бағытында бұл ұйымның атқа­рып жатқан қызметі зор. Тек қана «Ор­тақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әде­биеті», «Ортақ түркі географиясы» жоба­ларын қарастырғанның өзінде, интеграциялық процестерге айрықша үлес қосылғанын байқаймыз. Бұл жобалар жас ұрпақтың санасына бауыр­лас халықтар туралы мәліметтерді сіңі­ріп, олардың кейін бір-біріне тілеулес болып өсуін қамтамасыз етеді. Яғни мәдени-гуманитарлық жобалар алдағы жылдардағы түркі интеграциясының іргетасын қалап жатыр.

 

Ынтымақтастық нығая түсті

Қазақстан түркітілдес мемлекеттермен достық, тату көршілік, сенімді қарым-қатынасты жүйелі түрде дамы­ту­ға және нығайтуға күш салып келеді. Соның бір айғағы – «Жаңа синергия» экономикалық бағдарламасы. 2012 жылғы мамырда елордаға Түр­кия­ның сол кездегі Премьер-Ми­нистрі Режеп Тайип Ердоған ресми сапармен келді. Қазақстан мен Түр­кия арасындағы стратегиялық ынтымақ­тастық кеңесі құрылды. Жоғарыда аталған бағдарламаға да сол кезде қол қойылған-ды.

 Бұдан бөлек, Қазақстан – Түрік­менстан – Иран темір жолын Түркия темір жол желісімен түйістіру, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолының жанынан Қазақстан – Түркия индустриялық аймағын құру перспективасы талқыланды. Айтпақшы, осындай сапарлардың бірінде Ердоған мырза «Біз Қазақстанға келгенде өзімізді ата-бабамыздың отанында жүргендей сезінеміз», деп жылы лебізін білдіргені есімізде.

2014 жылы Түркияның Бодрум қала­сында Түркітілдес мемлекеттер ын­ты­мақтастығы кеңесінің IV сам­миті өтті. Мұнда Қазақстан Түркі кеңесін нығайту және көлік коммуникациясын дамыту мәселелерін көтерді. Осы жиында Елбасы Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы баяндап, ЕАЭО-мен ынтымақтастықтың бола­шағы жайында және Түркі кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақтың арасында қандай да бір қарама-қай­шылықтың болмайтынын атап өтті.

2015 жылы 11 қыркүйекте Астана қаласында ақпараттық саладағы өзара іс-қимылға арналған және Қазақ­станның төрағалық етуіне жол ашқан Түркітілдес мемлекеттер ынтымақ­тастығы кеңесінің V саммиті өтті.

Жиын барысында Елбасы бола­шақ­та Түркі кеңесінің БҰҰ және ИЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болуы қатысушылардың мүддесіне сәйкес келетініне тоқталды. Сонымен қатар Түркі кеңесі елдерінің Қытай, Ресей, Еуропа, Таяу Шығыс, Кавказ бен Орталық Азияның экономикалық және коммуникативтік желілерін байланыстыратын континентальды көпір болуға толық мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

Тәуелсіз түркі мемлекеттері ара­сын­дағы сауда-экономикалық инте­гра­цияның мақсатқа сай жалғасын табуы Еуразияның геосаяси орта­лы­ғын­да жаңа экономикалық күш­тің пайда болуы­­на негіз болады. Қазір­гі таңда тәуелсіз түркі мемлекет­тері­­­нің ішкі жалпы өнімі шамамен 1,5 трил­лион долларға тең. Бұл көр­сет­­кіштің қарқынды түрде артуы ал­да­ғы он­жылдықта Түркітілдес мем­ле­кет­­тердің ынтымақтастық ке­ңе­сі­­нің өңірдің басты экономика­лық күш­терімен бәсекелесе алуына жағ­­дай туғы­зады. Сонымен қатар басқа негіз­гі күштерді бір-біріне байланыстыратын Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік тасымалдау дәліздерінің түркі аумағынан өтуі – жан-жақты даму­ға серпін беретін тағы бір ма­ңызды фактор. Түркі мемлекеттері арасында ин­теграция үдерісін арттыру осы эко­номикалық күшті одан әрі күшейте түсу­ге, қалыптасқан геосая­си жағдайды оңтайлы пайдалануға мүмкіндік береді.

 

Құрметті төраға

Елбасының түркі әлеміне қатыс­ты қыз­меті мен қолдауы тек ынты­мақ­та­стық ұйымдарымен, тиісті құры­лым­дармен шектелмейді. Мәсе­лен, бірнеше жыл бұрын Түркия мен Ресей арасындағы саяси қа­рым-қатынас тығырыққа тірелгені де есімізде. 2016 жылы осы шиеленіс­ті тарқатуға Нұрсұлтан Назарбаев зор үлес қосты. Сол сияқты, Нұр-Сұлтан қаласында Сириядағы ахуалға қатысты Түркия, Ресей және Иран арасындағы, сондай-ақ басқа да бірқатар мемлекеттің өкілдері­нің қатысуымен «Астана форматы» аясындағы келіссөздер өткізіліп келеді.

Осындай алып интеграцияны жүзеге асыруға мол қажыр-қайраттың қажеті түсінікті. Сондықтан болар, бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаев барша түркі әлемінің мойындалған рухани жетекшісі саналады. Оны «түркі интеграциясының архитекторы» деп атайды. Мәселен, Қазақ­станның Түркиядағы Төтенше және өкі­летті елшісі Абзал Сапарбек­ұлы­­ның айтуынша, Анадолыда Ел­басы­ны Түркі әлемінің ең ықпал­ды саясаткері, мемлекеттік тұлға­сы деп есептейді. Түркі әлемі халық­тарын жақындатудағы Қазақ елі бас­шысының рөлі ерекше деп баға­лайды. Оны сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көрсеткен ірі сая­си қай­раткер деп біледі. Түркияның сая­си ис­теблишменті, зиялы қауымы, жалпы қарапайым халқы арасында Елбасының беделі өте жоғары. Нұрсұлтан Назарбаевты Түркі әлемі­нің көшбасшысы, Түркі әлемінің ақса­қалы ретінде қабылдайды. Былай­ша айтқанда, еңбектеген баладан ең­кей­ген кәріге дейін Елбасыға құр­меті ерек­ше. Халықаралық Түркі акаде­мия­­сы­ның «Түрік барометр» деп ата­ла­­тын әлеуметтік жобасы (2017 және 2018 жылдар) осыны растады. Назар­баевтың есімі Ататүрікпен қатар, тү­ркі елдеріне кеңінен таны­мал тұлғалар­дың көшін бастап тұр. Сауал­дамада Ел­басы – түркі әлеміне ортақ лидер, Қазақстан – түркі халықтары­ның қара­шаңырағы, түпкі ортақ отаны ретінде қабылданғанын айқын аңғарамыз.

Түркі әлемінің интеграциясына қосқан үлесі үшін 2019 жылы Баку қаласында өткен Түркі кеңесінің VII Саммитінде Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы мәр­те­бесі берілді. Бұл бастаманы Түр­кия Президенті Режеп Тайип Ердоған көтер­гені есімізде. Ұсынысты түркі ел­дері­нің басшылары бірауыздан қолдады.

Қорыта айтқанда, интеграция айту­ға ғана оңай. Бұл сөздің ас­тарында талай жыл жүргізілген келіс­сөз­дердің нәтижесі, төккен маң­дай тердің жатқаны байқала бермейді. Бұл, біріншіден. Екіншіден, сырт көз бауырлас халықтардың біріге түс­кенін аңғармай отырған жоқ. Өйт­кені Байкалдан Балқанға дейінгі аумақты алып жатқан 300 миллионға жуық түркі ұрпағы тізе қосса, әлемдік саясат сахнасында қуатты ойыншы пайда болатынын бәрі де түсінеді. Ендеше, түгел түркінің түтіні бірге ұшқанына бөтендер мүдделі емес. Мұндай жағ­дайда Елбасы ұстанған саясат арқылы интеграцияны тереңдетудің маңызы жоғары. Сонда ғана келешекте түркі халықтарының ынтымағы әбден бекіп, қуатты ұжымға айналады.

Абай Отар


Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Құрметбек Сансызбайұлы: Демография және Көші-қон Агенттігін уақыт өткізбей құру өте орынды
    НҰР ОТАНДЫҚТАР, ХАЛЫҚ ПЕН ҚАНДАСТАРДЫҢ ПІКІРІМЕН САНАСА БІЛЕЙІК

    Ұқсас тақырыптар