Түркиядағы қандастар: Басты мақсатымыз – қазақ тілін дамыту, мәдениетімізді таныту

Уақыты: 2021-11-05 Көрлімі: 444 Сипаттама

Егемендігіміздің елең-алаңында Түркия алғашқы мемлекеттердің қатарында тәуелсіздігімізді мойындап қана қоймай, еліміздің жастары жоғары білім алуы үшін үкіметтік арнаулы бағдарлама ұсынғаны белгілі....

211105011052932e.jpg

Егемендігіміздің елең-алаңында Түркия алғашқы мемлекеттердің қатарында тәуелсіздігімізді мойындап қана қоймай, еліміздің жастары жоғары білім алуы үшін үкіметтік арнаулы бағдарлама ұсынғаны белгілі. Сол бағдарлама арқылы 90-жылдардың басында Анадолыға аттанған қазақ жастарының басым бөлігі білім алып елге оралғанымен, біразы тағдырдың жазуымен сол елде қалып қойды. Анкараға сапар барысында ҚазАқпарат тілшісінің Түркияда тұрып жатқан «Көк ту» қазақ мәдениеті қауымдастығының мүшелерімен болған сұхбатын, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз. 

1992 жылы Түркияға оқуға аттанған қазақ жастарының бірі - Ләззат Мүләзімоғлы. Бүгінде ол Түркия Мәдениет және туризм министрлігі Түркі әлемінің музыкалық халық аспаптары және би оркестрінің қобызшысы болып жұмыс істейді.

Сонымен қатар «Көк ту» қазақ мәдениеті қауымдастығының төрағалығын да қатар алып жүр.

Сұқбат барысында ол аталған қауымдастықтың мақсаты мен міндеті, жоспары жайында айтып берді.

«Біз 1990 жылдан кейін Түркияға қоныс аударған қазақтармыз. Осы уақытқа дейін Түркияда белсенді жұмыс жасайтын қазақ қауымдастығы болған емес. Иә, «Қазақстан-Түркия достығы», «қазақ-түрік бизнесі» секілді бірнеше қауымдастық бар. Бірақ, өкінішке орай бәрі де қағаз жүзінде ғана. Оның үстіне қазақ мәдениетін, өнерін, әдет-ғұрпын, тілін, қолөнерін, салт-дәстүрін түріктерге танытатын, насихаттайтын қауымдастық та жоқ. Сондықтан 2018 жылдың наурыз айында «Көк ту» қазақ мәдениеті қауымдастығы құрылатынын жария еттік. Нақты жоспарымызды түзіп, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлына таныстырдық. Елшіміз қолдау көрсетті. Осылайша ресми түрде 2018 жылдың мамырында қауымдастық құрылды. Басты мақсатымыз – қазақ мәдениетін таныту. Экономикаға, саясатқа араласпаймыз. Наурыз мейрамы мен Тәуелсіздік күнімізді міндетті түрде атап өтеміз. Мұнан бөлек, конференциялар, сурет көрмелерін ұйымдастырып, қазақтың ұлттық киімдерін таныстырамыз. Алматы облысының «Адырна» фольклорлық ансамблін шақырып, Анкараның опера және балет театрында үлкен концерт өткіздік. Нұр-Сұлтаннан Раушан Мұсаходжаеваның «Шабыт» фольклорлық ансамблі де Сакария, Анкара қалаларында концерт берді», - дейді ол.




 

Оның атап өтуінше, мұндай іс-шараларға Қазақстанның Елшісі, Түркия Президентінің кеңесшілері, беделді партиялардың, жергілікті әкімдіктердің өкілдері үнемі қатысады.

«2020 жылы шілдеде пандемия өршіп тұрған кезде Түркиядағы қазақтардан, қорымыздан және еліміз үшін жаны ашитын түрік азаматтарынан қаражат жинап, Қазақстанның екі қаласына гуманитарлық көмек те жібердік», - деді Ләззат Мүләзімоғлы.

Тағы бір қандасымыз Илге Қарагөз Ахметова да сол жылдары арман қуып Анадолы төріне аяқ басқан.




 

Бүгінде ол «Көк ту» қазақ мәдениеті қауымдастығы төрағасының орынбасары, Түрік стандарттары институты сыртқы істер бөлімінде сарапшы болып қызмет етеді.

Ол таяуда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Отандастар» қорымен бірге Ыстанбұлда өткізген Түркия қазақтарының кіші құрылтайында қандай ұсыныстар жасағандарын жан-жақты айтып берді.

«Ең алдымен, Түркиядағы барлық қауымдастықтарды бір федерацияның астына біріктіруді ұсындық. Анкара, Ыстанбұл, Нигде, Кония, Анталия, Салихли сынды қалаларда құрылған 13-14 қауымдастықты біріктірсек, оны әрі қарай Еуразия конфедерациясы ретінде ұйымдастырсақ деген ойымызды білдірдік. Оны «Отандастар» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қолдауымен жасауға болады. Екінші ұсынымыз - дүниежүзі деңгейінде қазақ тілі олимпиадасын өткізу. Оны Қазақстанда тумаған, шетелде дүниеге келген этникалық қазақ не басқа ұлт өкілдері арасында шығарма жазу, өлең оқу сияқты салаларда өткізуге болады. Жүлдесінің де қомақты болғанын қалаймыз. Ұсынысымыз қабылданып жатса, онда олимпиаданы өткізу параметрлеріне, бағытына, саласына қатысты бағдарламаны дайындауға өз үлесімізді қосамыз», - деді Илге Қарагөз Ахметова.

Ләззат Мүләзімоғлы бұл олимпиаданы өткізу туралы бастама көтерудегі басты мақсат шетелде қазақ тілін дамыту екендігін атап өтті.




 

«Өйткені шетелде тұрып жатқан қазақтардың балалары ана тілдерін біле бермейді. Қазақ тілін үйренуге ынта-жігерлері болғанымен, үйренер жері жоқ. Тіпті, Елшілік қызметкерлерінің балалары ағылшын мектептерінде оқып жатыр не Ресейдің орыс мектептеріне барып жүр. Ал ресейлік мектептерде РФ Білім министрлігінің бағдарламасымен оқытылады», - деді ол.

Илге Қарагөз Ахметова құрылтайдағы үшінші ұсыныстары Ыстанбұлда қазақ мәдениет орталығын ашу болғандығына назар аудартады.

«Ол орталықта қазақ мейрамдарын, тойларын, қолөнер, тіл курстарын, кездесулер, концерттер өткізуге болар еді. Мәселен, таяуда Анкара мен Ыстанбұлда айтыс өтті. Бірақ өткізетін орын табуда біршама қиындық болды. Ал Қазақстанның мұндай мәдениет орталығы болса, орын іздеп сабылмас едік. Тіпті Дүниежүзі қазақтары құрылтайларын да сол жерде өткізуге болады», - деді ол.

Осы орайда қауымдастық төрағасы мұндай ірі жобаларды іске асыруға өздерінің күші жетпейтіндігін, сондықтан «Отандастар» қоры, қазақ Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігі тарапынан қолдау күтетіндіктерін жеткізді.

Түркияның TRT телерадиокорпорациясының қазақ тілінде хабар тарататын радиосында жұмыс істейтін Торғын Сұлтанқызы бұл елде тұрып жатқан қазақтарда ешқандай проблема жоқ деуге болатынын айтады.




 

«Дегенмен, қазақ тілін оқытатын курстар көбірек қажет-ақ. Себебі сұраныс жоғары. Мәселен, «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тіл курстары этникалық қазақтарға, оның ішінде Ыстанбұлда тұратын қазақтарға ғана арналған. Ал Анкарада мұндай курс мүлдем жоқ. Бірнеше рет оларға курс ашу не оқу бағдарламаларын беруді өтінген едік. Бірақ әзірше нәтиже шықпай тұр», - деді Торғын Сұлтанқызы.

Осы жылдың сәуірінде «Көк ту» қазақ мәдениеті қауымдастығы жанынан қазақ тілі курсы ашылған.

Этникалық қазақтарға және қазақ тілін үйренгісі келетін барлық өзге ұлт өкілдеріне тіл үйретуді мақсат еткен курсты Салтанат Ұзақбайқызы үйлестіреді.




Ол қазіргі уақытта түріктердің арасында қазақ тілін үйренуге деген ниеті жоғары адамдардың қатары өте көп екендігіне назар аудартады.

«Негізінен Түркия жоғары оқу орындарының түркі тілдері мен әдебиет, тарих пен археология, түркология бөлімдерінің студенттері, магистранттары қазақ тілін үйренгісі келеді. Тіпті қазақтан қыз алып отырған үлкен жастағы түріктер де «құда-құдағиларымызбен ана тілінде хал-жағдай біліп тұрғымыз келеді» деп қазақ тілін үйренуге тырысып жүр. Жалпы, Түркияда қазақ тілін оқытатын курстар бар. «Отандастар» қорының Абай институтымен бірге арнаулы жобасы да жұмыс істеп тұр. Бірақ олардың жобасы Түркияда тұрып жатқан этникалық қазақтарға арналған. Ал біздің курсымыз этникалық қазақтармен қатар жалпы тілімізді үйренгісі келген басқа ұлт өкілдеріне де бағытталған. Курсқа қатысушылар тарапынан қазақтың салт-дәстүріне, мәдениетіне қызығушылық өте жоғары. Мұны көрген кезде атадан балаға мирас болып, ұмытылмай келе жатқан ұлттық, мәдени құндылықтарымыздың қадір-қасиетін жете түсінеді екенсің», - деді ол.




Оның айтуынша, таяуда Анкараның Хаджетеппе университетінің бір бөлімінде қазақ тілі курсы ашылған.

«Сол кезде мұның себебін сұраған едік. Сонда бөлім бастығы «Жұмыс, даму процесі қай жерде болса, сол жаққа қарай бағытталуымыз керек. Қазақстан - жаңа мүмкіндіктер мекені. Өйткені, ол - түркі әлемінде Түркиядан кейінгі орында келе жатқан дамушы мемлекет. Қазақстанның даму көкжиегі өте зор» деген еді. Демек, түріктер қазақ тілін үйрену, білу жаңа мүмкіндіктерге есік ашатындығын біліп отыр», - деді Салтанат Ұзақбайқызы.

Бүгінде қауымдастық еліміздегі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен және оның Ресейдің Орынбор өңіріндегі филиалымен тығыз жұмыстарды қолға алған.




Алдағы уақытта атқаруды көздеп отырған жоспарлары да баршылық. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай да бірқатар іс-шара өткізу жоспарланған.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай 10 желтоқсанда Алаш үкіметінің құрылу тарихына арналған конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Ыстанбұлда, Анкарада алаштанушы профессорларымыз бар. Олардың қатарында қауымдастығымыздың басқару кеңесіне мүше профессор Гүлжанат Құрманғалиева Ерджиласунды атап өтуге болады. Мұнан бөлек, Түркияның 3-4 қаласында Қазақстан Тәуелсіздігін атап өтпекпіз. Елімізден 25-ке жуық өнерпазды шақырып, Түркияның бірнеше қаласында концерт ұйымдастырмақпыз. Қазір осы істі қолға алдық. Жалпы, елден жырақта жүрсек те, атамекеніміз еш уақытта көкейімізден шықпайды әрі қазақтың мәдениетін, әдет-ғұрпын түрік елінде таныстыруға, насихаттауға күш саламыз. Түріктердің ортасында басымызды тік, кеудемізді биік ұстап келеміз. Қазір Түркияда «қазақпын» десең бәрі біледі. 30 жыл бұрын келген кездегі көзқарас мүлдем өзгерген. Көшеде кез келген түрікті тоқтатып, Қазақстан жайында сұрасаң, әйтеуір бірдеңе біліп тұрады. Тіпті атамекеніміз деп санайтындар да баршылық», - деді қауымдастық төрағасы Ләззат Мүләзімоғлы.











Автор Марлан Жиембай

Дереккөз: "ҚазАқпарат"


Пікір жазу
  • Жыл басынан бері 16 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
    Шетелдегі қазақ баспасөзі: Қаден Қабенұлы Шыңжаңның бас хатшысы болды

    Ұқсас тақырыптар