Достықтан артық байлық жоқ...

Уақыты: 2022-05-12 Көрлімі: 517 Сипаттама

Суретті түсіргендер А.Дүйсенбаев, Ғ.ӨмірбековОсылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жома...


Суретті түсіргендер А.Дүйсенбаев, Ғ.Өмірбеков

Осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамырлас Түркияға алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Сондықтан бұл сапар екі ел арасында арта түскен барыс-келіс пен алыс-берістің жарқын көрінісіне, бекем бауырластықтың белгісіне айналды.

Екіжақты кездесу өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстан делегациясы құрамында үкімет мү­шелері төрт көзі түгел жүруі екіжақты қатынастың қанша­лықты маңызды болғанын көр­сетеді. Мемлекеттік сапар Түркия­ның негізін қалаушы әрі тұң­ғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағ­зым етуден басталды. Бұл Қ.Тоқаев­тың тарихқа ілтипатпен қарай­тынын, Ататүріктің Ана­долы үшін ғана емес, Алаш жұрты үшін де қадірлі еке­нін айғақтайды. Сапарды Аныт­қабірге гүл шоқтарын қоюдан бас­­тауы түрік қоғамын да елең еткізді. Өйткені бұған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркі мем­лекеттер ұйымының Ыстан­бұл саммитінде осыдан 70 жыл бұрын Алтайдан Анадо­лыға ауған қазақ көшін қабыл­даған премьер-министр Аднан Мен­дересті еске алып, оған қазақ халқы атынан алғыс айт­қанын Түркиядағы ағайын жақсы біледі. Сапардан бұрын Ал­­маты мен Түркістан қала­ла­р­­ында Аднан Мендереске кө­ше ат­тарының берілуі де Ана­до­­лыда қызу талқыланғаны бел­гілі.

Түркия қоғамы, әсіресе сарапшылар қауымдастығы Қ.Тоқаев сапарының маңыздылығын жан-жақты талқылады. Әсіресе сапардың аймақтағы күрделі геосаяи және геоэкономикалық жағдайында өтуі түріктердің қы­зы­ғушылығын тудырды. Сон­дай-ақ сапардың Қазақ­станда болып жатқан саяси өзге­ріс­термен, Конституциялық рефор­малармен тұспа-тұс келуі де Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұл­ғасына, оның табандылығы мен саяси көзқарасына деген қызы­ғу­шылықты едәуір арт­тырды. Жасыратыны жоқ, қаң­тар оқиғасы кезінде қазақ-түрік ба­уыр­ластығы мен бай­ла­ныстарының бұдан кейінгі болашағына күмән­мен қара­ғандар да табыл­ған. Әйтсе де Президент Тоқаев­тың бұл бағыттағы нық қадам­дары мұндай күдікті лезде се­йілтіп жіберді. Сондықтан түрік БАҚ-ның сапарды «жаңа кезеңнің басталуы» ретінде бағалауы тегін емес.

Әрине, екіжақты қатынастар отыз жылда маңызды сынақ­тар­дан өтіп, жаңа белес­ке шығып отыр. Мәселен, 1992 жыл­ғы 2 наурызда орнаған дипло­ма­тиялық қатынастар 1994 жыл­ғы 17 қазанда «Қазақстан Респуб­ликасы мен Түркия Респуб­ликасы арасындағы Достық және ын­ты­мақтастық туралы келісім­мен» өз бағытын айқындады. 2009 жылғы 22 қазанда екі бауыр­лас елдің қатынасы «Қазақ­стан Республикасы мен Түр­кия Республикасы арасындағы Стра­тегиялық әріптестік туралы келісіммен» жаңа дең­гейге көтерілді. 2012 жылы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі құрылды. Ал осы жолғы сапар барысында қатынастар «Кеңейтілген стратегиялық серіктестік» сапасымен бекітілді. Бұл санаттың одақ­тастық қатынастардан бұ­рынғы деңгей екенін ескерсек, екіжақты қатынастардың те­рең­дігі мен беталысын аңғарамыз.

Екіншіден, бұл «Қаңтар қасі­ретінен» кейін Мемлекет басшысы шетелге жасаған маңызды са­парлардың бірі. Осы оқиғалар кезінде түрік тарапы Қазақстанға түрлі деңгейде қолдау білдіргені белгілі. Мысалы, Түркия Пре­зиденті Режеп Тайип Ердоған, Түркия парламенті төрағасы Мұс­тафа Шентоп, ТМҰ Ақса­­қалдар кеңесі төрағасы және бұ­рынғы премьер-министр Би­нали Йылдырым, Сырт­қы істер министрі Мевлүт Ча­ву­шоғлу Қазақстанды қолдап мә­лімдемелер жасаған болатын.

«Қаңтар қасіретінен» кейін Қазақ­станға алғашқы шетел­дік меймандар да Анадо­лыдан ат терлетіп жетті. 24 ақ­панда Түркия сыртқы істер министрі елордаға келіп, Түр­кия-Қазақстан бірлескен стра­тегиялық жоспарлау тобының жетінші отырысына қатысты. Ал 3 наурызда Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Вице-президент Фуат Октай әріптесі Әлихан Смайыловпен бірге Түркия-Қазақстан Бірлескен Экономикалық Комиссия кезекті отырысын өткізді. Бұл сапарлар екіжақты қатынастарға қарқын бере түсті.

Үшіншіден, әлемдегі геосаяси ахуал да тарихы ортақ, тамыры бір, тағдыры ұқсас түгел түркінің тізе қосуы қажет екенін көрсетіп отыр. Ендеше, Қазақстан мен Түркияның тиісті салаларда, соның ішінде қауіпсіздік, саяси және әскери салаларда жақын ықпалдастық орнатуы кезек күттірмейтін мәселе екені анық.

Екі елдің қарулы күштері мен құқық қорғау органдары арасында өзара сапарлар жасау, тәжірибе алмасу, оқыту, үйлестіру және бірлескен оқу-жаттығулар сияқты іс-қи­мыл­дарды көбейту туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, сапар аясында TUSAŞ пен Kazakhstan Engi­neering компания­лары жаңа келі­сімшартқа қол қойды. Келісімге сәйкес ANKA дрон­дары енді елімізде өндірі­леді. Оған техникалық қыз­мет көр­сету мен жөндеу жұмыс­тары Қазақстандағы ортақ кә­сіп­орында жүргізіледі. Осылайша Қазақстан ANKA дрондары өндірілетін алғашқы шетелдік мемлекет атанады.

Төртіншіден, кейінгі кездегі геосаяси жағдай тасымал жолдарын әртараптандыру, азық-түлік (бидай) және энергетика қауіпсіздігіне қатысты қиын­дықтар туындатты. Осындай тәуекелдерге жол бермес үшін сапар кезінде екіжақты сала­лардағы қатынастардың бар­лық жағын қамтитын 15 келі­сімшартқа қол қойылды. Атап айтқанда, Тоқаев пен Ердоған келіссөздерінде ең алдымен экономика, сауда және инвестиция салаларына баса мән берілді. 2021 жылы екіжақты сауда айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 58 пайызға артып, тарихта алғаш рет 5,3 миллиард долларға жетті. Осы­лайша, Түркия өткен жылы Қа­зақ­станмен ең көп сыртқы сауда жасаған 5 елдің қатарына енді. Ендігі межелі міндет – сауда айналымын 10 миллиардқа жеткізу.

Сондай-ақ түрік компа­ния­ларының Қазақстанға салған инвестициясы тұрақты түрде артып келеді. Өткен жылы Түр­кияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион долларға теңесті. Осының арқасында Түрік елі Қазақстанның алғашқы 10 инвесторының қатарына кірді. Жалпы, 30 жылда Түркиядан келген инвестицияның жалпы құны 4,2 миллиард доллардан асқан. Қазір Қазақстанда түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания табыс­ты жұмыс істеп жатыр. Елімізде Түркия кәсіпкерлерінің қатысуымен 61 ірі жоба іске асырылды. Оған жалпы құны 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалды. Бүгінде біздің елде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 25 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ құны 1,3 миллиард доллардан асатын 54 жаңа жоба қолға алынған.

Түрік инвесторлары елімізге инвестиция құю арқылы бір жағынан Қазақстанға импортталатын тауарларды өндіріп, еліміздің сыртқы саудасына үлес қосады. Мысалға, жыл сайын құны 17 миллиард доллар болатын өнімді сырттан әкелеміз. Ал отандық өндіріс 4,3 миллиард доллардың өнімін ғана өндіреді. Екінші жағынан түрік инвес­торлар елімізге инвестиция құю арқылы Еуразия аймағына, Орталық Азияға және Қытай нарығына өз тауарларын шығару мүмкіндігіне ие болады. Сондықтан екіжақты сауданы арттыру мақсатында екі елдің транзиттік-тасымалдық әлеуетін арттыру керек.

Осы ретте Каспий теңізінен өтетін Орта дәліздің маңызы айқын. Бұл туралы Қ.Тоқаев «Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін то­лық пайдалануға екі ел де мүд­делі» деп қадап айтты. Кас­пийден өткен тауарлар Баку-Тбилиси-Карс теміржолы ар­қылы Түркияның теміржолдар желісіне қосылып, әрі қарай Еуро­паға жетеді. Бұл – теңіз жол­дары арқылы тасымалдан әл­деқайда тиімді әрі тез. Бұған қоса екінші Қарабақ соғысы­нан кейін Әзербайжан мен Нахчыван арасындағы армян аумағынан өтетін және шығыс-батыс бағытындағы тасымалдың қашықтығын қысқартатын Зәнгезур дәлізінің ашылуы да жаңа мүмкіншілік беріп отыр.

Каспий бағыты сонымен қатар Қазақстан мұнайының халықаралық нарыққа шығуы тұрғысынан да маңызды. Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге санкция салынуы, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) 2022 жылы нау­рыз айында техникалық ақауға байланысты уақытша істен шығуы Қазақстан үшін балама бағыттардың өзектілігін көрсетті. Осы орайда Каспий мұнайын Жерорта теңізіне тасымалдайтын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры маңызды. Осыған байланысты сапар барысында тасымал және сауда-кеден саласында да айтарлықтай маңызды құ­жаттарға қол қойылды. Олар­дың қатарында «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкі­меті ара­сындағы халықаралық құрам­дастырылған жүк тасымалдары туралы келісім», «Қазақстан Рес­публикасы мен Түркия Рес­публикасы арасындағы көрсе­тілетін қызметтер саудасы туралы келісімге Техникалық тап­сырма», «Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі ара­сындағы ақпарат алмасу ісін ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісім» бар.

Аймақтағы геосаяи жағдайды ескерсек, Қазақстан мен Түркия арасындағы қауіпсіздік және әскери ынтымақтастықтың заман талабы екені белгілі. Осы ретте Ердоған қаңтар оқиғасында қаза тапқандарға көңіл айта отырып, «Бізге дос ел Қазақстанның бұл оқиғаларда бұрынғысынан да нығайып шыққанына сенімдімін» деді. Өз сөзінде «Тоқаев мырзаның жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы табандылығы мен ерік-жігері мақтауға лайық. Біз осы тұр­ғыда жүргізіліп жатқан рефор­малардың кешенді бағдар­ламасын қолдаймыз. Қазақ бауыр­ларымыздың тұрақ­ты­лығы, тыныштығы, қауіпсіздігі мен игілігі үшін өз үлесімізді қосуға дайын екенімізді тағы да атап өткім келеді. Біз сая­си, әскери, экономикалық, ком­мер­­циялық немесе мәдени бол­сын, барлық салада ын­тымақ­тастығымызды жалғас­тырып, иық тіресіп, болашаққа сенімді қадам басамыз. Біз қан­дай жағдайда да қазақстандық бауырларымыздың жанында боламыз», деді Р.Ердоған. Өз кезегінде Қ.Тоқаев «Қазақстан мен Түркия Еуразия құрлығында бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді. Осы ретте екі ел ха­лық­аралық және аймақтық деңгейде тығыз ықпалдастық орнатқан», деп атап өтті.

Осы орайда ақпарат бөлісу саласындағы ынтымақтастық маңызды екені белгілі. Сон­дықтан Тоқаевтың сапары барысында тараптар арасында қол қойылған «Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Рес­пуб­ликасының Президенті жанындағы мемлекеттік архивтер басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттама», «Қазақстан Республикасы Ақ­парат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Респуб­ликасы Президентінің аппараты жанындағы коммуникация басқармасы арасындағы БАҚ саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум», «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкі­меті арасындағы әскери бар­лау саласы бойынша ын­ты­мақтастық туралы хаттама», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Респуб­ликасының Үкіметі арасындағы әскери архивтер, әскери тарих, музейтану және әскери жарияланымдар салалары бойынша ынтымақтастық туралы хаттама», «Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Түркия Рес­публикасы Индустрия және технология министрлігі арасындағы ақпараттық технологиялар салалары бойынша ынтымақтастық туралы меморандум» сияқты құжаттардың орны ерекше екенін айта кеткен жөн.

Бір жақтан пандемия кезін­дегі қиындықтар, екінші жа­ғынан Украина мен Ресей арасындағы шиеленіс азық-түлік қауіпсіздігінің қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп берді. Осы ретте Қазақстан мен Түркия арасында бұл салада да елеулі әлеует бар екені айқын. Тараптар арасында қол қойылған «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Түркия Республикасы Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы бас басқармасы арасындағы орман шаруашылығы саласы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім», «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі мен Түркия Республикасы Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрлігі арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы» осының дәлелі. Мысалға, Қазақстан соңғы 5 жылда зығыр егілетін алқаптың аумағын 2,5 есеге ұлғайтты. Осылайша, зығыр тұқымын экспорттайтын көшбасшы елдердің қатарына қосылдық. Түркия бұған дейін бізден жылына 10 мың тонна зығыр сатып алатын. Ал биылғы екі айдың ішінде 8 мың тоннасын, яғни жылдағыдан 6 есе көп алды.

Қазақстан мен Түркия ара­сын­дағы қатынастардың іргетасы бауырластық екені анық. Сон­дықтан гуманитарлық саладағы ынтымақтастық әрқа­шан маңызды болған. Атап айтқанда, білім беру және мәдениет саласы – тараптардың ең көп басымдық беретін салалары. Тәуелсіздігіміздің ақ таңында қазақ жастарына стипендия беріп, оқу орындарының есігін алғаш болып ашқан Түркия болатын. Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті екі елдің осы саладағы ынтымақтастығының символы іспеттес. Сондықтан Қ.Тоқаевтың сапары барысында бұл сала да назардан тыс қалмады. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім», «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі арасындағы кинематография саласы бойынша  өзара түсіністік туралы меморандум» және «Қазақстан Рес­публикасы Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігі мен Түркия Республикасы Жас­тар және спорт министрлігі ара­сын­дағы жастар саясаты саласы бо­йынша өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қойылды.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Түр­кия сапары екі бауырлас ел­дің қатынастарын жаңа дең­гейге көтерді. Түркі әлемі­нің екі ұшында, бірі шығы­сында, екіншісі батысында орна­ласқан Қазақстан мен Түр­кия дипломатиялық қатынас­тарының төртінші он жыл­ды­ғындағы ортақ іс-қимылдарын үй­лестіріп алды. Екі елдің гео­графиялық орналасуы және олардың арасындағы тығыз ынтымақтастық Еуропа мен Азияның қақ ортасында жатқан Балқаннан Байқалға дейінгі аймақтағы түркі әлемінің геосаяси маңыздылығын арттыра түседі. Ешкімге қарсы бағыт­тал­маған, бауырластықтан бастау алған бұл байланыстар Еуразия кеңістігіндегі өзге мемлекеттерге де жаңа мүмкіндіктердің жо­лын ашады. Сондықтан екі ел арасындағы экономикадан саудаға, энергетикадан ауыл шаруашылығына дейінгі бар­лық саланың дамуының стра­тегиялық мәні бар. Екі мемлекет басшысы сапар барысында үстелдің екі шетінде тұрып теннис ойнағанындай, Қазақстан мен Түркия тұтасып жатқан түркі әлемінің екі шетінде тұрып, тек түркі елдеріне ғана емес, бүкіл аймақтың саясатына оң ықпалын тигізері анық.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Қазақстан мен Түркия Президенттері кеңейтілген стратегиялық серіктестік жөнінде мәлімдеме жасады
    АТАСЫНЫҢ АМАНАТЫ

    Ұқсас тақырыптар