ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Қ. Әбдірахмановқа,
ҚР Ішкі істер министрі Қ.Н. Қасымовқа,
«Нұр Отан» партиясының Төрағасының бірінші орынбасары М.С. Әшімбаевқа
хат
«Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігіне 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басынан бастап ҚР азаматтығын алған біраз азамат өз арыздарын айтып шағымданды. Бұл азаматтар ҚР азаматтығын алғаннан кейін ҚХР құжаттарын қайтарып беріп, ҚХР азаматтығынан шыға алмай сіздердің көмектеріңізге зәру болып отыр екен.
Жақын жылдан бері ҚР азаматтығын алған қандастарымызға ҚР Көші-қон полициясы ҚР жеке куәлігі мен төлқұжатын берген соң, қолдарына ескерту міндеттемесін беріп, шетелдік паспортын бұрынғы азаматы болған елдің уәкілетті органына жеңілдетілген тәртіппен ҚР азаматтығын қабылдаған күннен бастап отыз күн ішінде тапсыру қажеттілігін хабарлап, аталған күннен асып кетсе әкімшілік жауапқа тартылатындығын ескертеді.
2018 жылдың басынан бастап Қытай елшілігі мен консулдығы ҚР азаматтығын алған қандастарымыздың паспортын тапсырып алудандан бұрын, қандастарымыздың Қытай еліне барып тіркеуден шығуын талап етіп отыр. Қазіргі кезде Қытай елінде болып жатқан түрлі саяси қысымдарды өздеріңіз де біліп отырған боларсыздар. Сіздерге ол жағдайлар туралы хаттар да жазылған болатын. Қытай еліндегі саяси қысым ол жақтағы емес, осындағы, тіпті ҚР азаматтығын алған ағайындарға да шарпуын тигізуде. Қазіргі кезде азаматтарымыздың Қытай еліне барып, тіркеуінен шығып келуі мүмкін болмай отыр. Біріншіден, Қытай еліне барып виза алу оңайға соқпаса, екіншіден, ол жаққа ҚР азаматтығымен барған қандастарымыз бен ҚР ықтиярхатымен барған қандастарымыздың ҚХР жергілікті үкіметі жағынан әкімшілік және қолдан жасалған кедергілерге ұшырап, тіпті «саяси үйрену» орталықтарына кіріп кетіп, елге қайта алмай отыр. Ондай Қытайға барып бері қайта алмай отырған азаматтар туралы жақындары ҚХР Сыртқы істер министрлігіне хат жазған да болатын. Министрлік ҚХР үкіметіне нота жолдағаны да есімізде. Тіпті тіркеуден шығу үшін ҚХР-ға барғанмен ҚХР-ның жергілікті атқарушы органдары тіркеуден шығара салайын деп тұрған жоқ. Сондықтан, 2018 жылдың басынан бері ҚР азаматтығын алған қандастар мен 2017 жылғы ҚР азаматтығын алған қандастардың бір бөлімі ҚХР паспорты мен жеке куәлігін ҚХР елшілігіне өткізе алмай жүр. Қазір осы қандастарымыз қолында екі елдің құжаты болғандықтан «қос азаматтық» санатына кіріп, әкімшілік жазаға ілінеміз бе деп алаңдаушылық білдіруде. Осы жерде тағы бір айта кетеріміз, осы жағдайларды ескере отырып, қандастарымыз «екі елдің азаматы» аталмауы үшін алдын алу шаралаларын қолдануларыңызды өтінеміз. Бұның алдында, атап айтқан 2015 жылдарға дейін қандастарымыз азаматтық алған кезде бұрынғы елдің паспортын ҚР Көші-қон полициясына тапсыратын, Көші-қон полициясы қандастарымыз бұрынғы азаматы болған елдің уәкілетті органдарына өздері жіберетін еді. Мүмкін болса, осы тәртіпті қайта қалпына келтірсеңіздер. ҚР азаматтығын алған азаматтар өзіміздің көші-қон полициясына бұрынғы елдің құжаттарын тапсырып берсе, ал 2017 жылдан бері азаматтық алған қандастардың ҚХР паспортын қайтарып бере алмағаны үшін ешқандай заңдық жауапкершілік арқаламауын қамтамасыз етсеңіздер деген өтінішімізді білдіреміз. ҚХР елінің елшілігімен, конулдығымен келіс-сөздер жүргізіп, азаматтарымыздың ҚХР азаматты мен ҚХР-ның тұрақты тіркеуінен шығуын жүйелендіруді қолдарыңызға алсаңыздар деген өтінішімізді барша қандастарымыздың атынан айтамыз.
2017 жылғы Дүниежүзі қазақтарының 5- құрылтайында да Елбасы шетелден келіп ҚР азаматтығын алғысы келетін қандастарға барынша жеңілдік берілсін деп тапсырма берген еді, Елбасының тапсырмасы аясында ҚХР тарапындағы әріптестеріңізбен дипломатиялық келіссөздер жасай отырып, ҚХР-нан келген қандастардың ҚХР азаматтығы мен тіркеуінен шығу мәселесін шешіп бересіздер деген үміттеміз.
Хаттың соңында 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басынан бері ҚР азаматтығын алып, ҚХР құжаттарын өткізіп бере алмай жүрген қандастарымыздың қолы қойылды.
"Жебеу" Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек
Хаттың түпнұсқасы ҚР Сыртқы істер министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне, Нұр Отан партиясына жеке-жекеге почтамен жіберліді.
Jebeu.kz