Дәурен Қуат. Стамбұл мен Нью-Йоркттің арасы

admin2 2018-01-26 Қысқаша

(АҚШ-қа сапар күнделігінен)Ататүрік әуежайында: Константинополь емес, Стамбұл!...Бұны өз...

Жарнама орны

(АҚШ-қа сапар күнделігінен)

Ататүрік әуежайында: Константинополь емес, Стамбұл!

...Бұны өзі күнделік деуге келер ме екен? Оның үстіне біз, бір топ әріптестер, Елбасымыздың АҚШ президенті Дональд Трамппен ресми кездесуіне орай сапарға арнайы шыққанымызбен, Нью-Йоркте ғана болып қайттық. Құрама Штаттарды армансыз аралауға мүмкіндігіміз толық жетпеді. Әйтсе де, Алматыдан Стамбұлға ұшқанымыз, Стамбұлдағы Ататүрік атындағы әуежайда екі, үш сағат аялдағанымыз, содан Ньюге бет алғанымыз, Аталант мұхитынан асып өтіп, аталған алып шаһардың бірер күн ауасын жұтқанымыз – осы жолда көргеніміз, көңілге түйгеніміз бек құрметті оқырман қауымға бір қыдыру әңгіме айтуға жарап қалар деген оймен компьютеріміздің алдына келіп жайғастық.

Біз мінген әуе кемесі қаңтардың 16-сы күні Алматыдан таңғы 07:50-де ұшып шығып, Ататүрік халықаралық аэропортына Анкара уақытымен 10:30-дар шамасында барып қонды. Бұл менің Ататүрік аэропортын алғаш көруім. Әуежайды көрген бетте көңілімде не тұрғанын бірден айтайын ба? Мақтаныш. Иә, жасырып жабары жоқ: мақтаныш тұрды. 2003 жылы қаңтар айында АҚШ-қа бара жатып, алман еліндегі Франкфурт әуежайына тоқтағанбыз. Франкфурттің айлапат ауанына қарап сол кезде таң қалған едім. Қарасам, біздің Ататүріктің одан еш кемі жоқ екен. Түбі бір түркі баласы ретінде Ататүріктің мынандай ғажап келбетіне, ат шаптырым аумағына көз тастаған сәтте іштей желпініп алдық та, маңайымызды жіті шолуға тырыстық. Төрткүл дүниенің халқы, не деріңіз бар ма, осында жүр. Зәңгілер, үнділер, мулаттар, арабтар, парсылар, скандинавтар, өзіміздің орекеңдер... ана қапталдан да, мына қапталдан да шыға келіп, мидай араласып кетеді. Ататүрік әуежайы адам нөпірінің алып ағысы сияқты: құлағыңа әр түрлі тілде сөйлеген дауыстар да жетеді. Бір кереметі әлгі дауыстар өзара үйлесіп, үндесіп жатыр. Көптен қаламыз ба, біз де дабырлап сөйлеп қоямыз.

Күн сиыр сәскеден ұзаған шақ. Қуырылған тауық пен балық етін баптап асылған күрішпен қоса сатып тұрған түрікке жақындап, түстенуге ыңғай білдіріп едік, әлгі байқұс қалбалақтап дал ұрды да қалды. Қызметшісі болса да құрақ ұшуда. Олар – түрікше, біз – қазақша бір-бірімізге тіл қаттық және еш қиналмай-ақ ұғыса жөнелдік. Осы арада байқағаным, бұрынғыдай емес, қазақ пен түріктің туыс тілі өзара жақындаса түскен сыңайлы. Біз бұны әуежайда да, әуе кемесінде де анық аңғардық. Стюардесса түрік қызынан таңдай жібітер су сұраңыз, ол сізге тұнық қара көздерін қадап, «сұу ма?» - дейді. Көңіліңіз шалқыса, шарап сұрап алсаңыз да болады. Түрік қызы: «Шараптың қандай түрін қалайсыз?» - десе, «қырмызы» деңіз. «Қызыл шарап» деген сөз. Қазақ тілінде сирек қолданылуға айналған «қырмызыны» түріктер жиі айтады екен. Әдебиет бойынша Нобель сыйлығын иеленген Орхан Памуктің шығармасын біздің жігіттер «Менің атым қызыл» деп қотарып жүрді. Кейін оны қытайдағы бізге есім-сойы белгісіздеу қаламгер бауырымыз «Менің атым қырмызы» деп аударды. Дұрысы – осы. Ең бастысы тіліміздегі әуезе әдемі сақталған. Қысқа, шолақ қайрылған қызыл емес, қырмызы. Әуезді әрі шығарма табиғатын ашатын аударма.

Ататүрік атындағы халықаралық әуежайды көріп айдарымыздан жел ескенінін жоғарыда білдірдік. Солайы солай. Өйткені Ататүрік – әлемдегі ең үлкен, ең ғажап, әм сән-салтанаты келіскен, кемелденген, жолаушыларға сан-салалы қызмет көрсете алатын әуежай. Стамбұл әуежайына күніне орташа 1171 - 1500 шамасында  ұшақ қонып, ұшады. Аспан көгіне қарасаңыз, алып лайнерлер бірінен соң бірі тырна тізбек жасап, әуежайды бетке алып келе жатады. Сондай тырна тізбекпен және көтеріліп бара жатады. Сондықтан ұшақ сөзі біреулерге ұнамаса да, Стамбұл әуежайындағы қарабаласқа қарап тұрып жақсыға, жаңаға ұмтылудың еш сөкеттігі жоқтығын еске алдық. Иә, мен ұшақ сөзі турасындағы ойымды білдіріп отырмын. Самолеттер сап түзеген Мәскеудің Шереметьево әуежайындағы дөрекілік пен дөкір қызметтен кетіп, ұшаққа ұмтыла түссек, сірә, ұтылмаспыз...

Ататүрік әуежайының көгілдір шынылы қабырғасының ар жағынан әйгілі Стамбұл қаласының биік үйлері, мұнаралы мешіттері көрінеді. Мешіт демекші, бұл шаһарда 70 мыңға жуық мешіт бар көрінеді. Соның жүзге жуығы тарихи мазмұны терең мешіттер. Арасында атақты  Сұлтан Баязит 1505 жылы  салдырған Баязит мешіті, Фатих мешіті, Аясофия,   Сүлейманийе мешіті бар.

Стамбұл – қазақтың аяулы ұлдарының есімін еске салатын қала. Бұл қалада 1906 жылдары Абай ағасының аманатын орындау үшін қажылық сапарға аттанған Шәкерімдей ғұлама болған. Ғұлама сапар барысында Стамбұлда аялдап, он-он бес күн осындағы көне кітапханаларды аралап, рухани шөлін басыпты. 1911 жылы Стамбұлға әлемнің алыптарын асықтай үйіріп атқан қазақ палуаны Мұқан деген атпен келіп Қажымұқан атанып кеткен. Мұстафа Шоқай да аз кем күн Стамбұлдың тұрғыны болған. Бірақ, со замандағы саяси жағдайға байланысты Ленинмен, Сталинмен тіл табыса қалған Мұстафа Кемал Мұстафа Шоқай бауырын Стамбұлға сыйдыра алмаса керек. Апыр-ай, дейсіз осы арада еркісіз таңданып, қуғында жүрген қазақтың бір оғыланы коммунистер үшін қандай қауіпті адам болған,ә?.. Ол елден жырыққа кетсе де, өзінің айбарын алыстан сездіріп, тықыраңдаған тапал «көсемнің» тынышын алған екен ғой. Қайран, Мұстафа...

Стамбұлдың Стамбұл атануы жырдан қызық әңгіме. «Бұл әңгімені қазақ түгіл түріктердің өзі көп біле бермейді» , - дейді менің Анкарада тұратын әріптесім Ұфұқ бей. Стамбұлдың ірге тасын біздің дәуірімізге дейінгі VІІ ғасырда гректің Мегәрі қаласынан шыққан отаршылдар қалаған дейтін дерек бар. О заманда Стамбұл Византия атанады. 330 жылы Ұрым императоры Ұлы Константин І Ұрым империясының астанасын Византияға көшіріп, шаһарға Жаңа Рим деген ат береді. Бірақ, Жаңа Рим құлаққа сіңбей, қала ел аузында Константиннің қаласы, яғни Константинополь аталып жүре береді. ХІІІ ғасырда арабтар Константинопольді «Истинполин» – грекше мәтіннен алғанда, «қалаға» деп атады. Ал, түріктер Исламбул деді. Еуропалықтар мен орыстар Исламбул атауын өз тілдеріне ыңғайлап, Истанбул деді. Мұның бәрін Стамбұлдың тарихын ақтарып отырып тауып алуға болады. Қысқасы, сіздерге уәде етіп айтпақ болған қызығымыз мынау: Мұстафа Кемал билігі тұсындағы қарым-қатынастың бәрінде ресми өкілдер де, жай жүргіншілер де, сауда-саттықтың адамдары да Стамбұлды Стамбұл демей  Константинополь дей береді. Жұрттың мынандай тақыстығына, бір елдің астанасының атын дұрыстап білмейтіндігіне кейіген Кемал Ата мекен-жайы «Константинополь» деп жазылған хаттардың бәрін кері қайтартып отырады. Хаттарға мемлекеттік бақылау жасатады. Әйтсе де былайғы көптің немкеттілігі тиылмайды. Ақыры болмаған соң Кемал американдық бір эстрадалық топқа «Стамбұл» деген ән салдырып, әлемге Стамбұл атын әйгілі етеді. Джаз жанрындағы әуенге елтіген әлем жұрты аз уақыттың ішінде Константинопольді Стамбұл деп таниды. Міне, тыңдаңыз:

Стамбұл 1502 жылы әлемде тұрғыны көп ең үлкен қала болған, қазір жан саны мол қалалардың қатарында 15-ші орында тұр.

Стамбұлдың әзелгі аты Константинополь (Constantinople) дедік. Рим империясының орталығы Рим қаласы сияқты Стамбұл 7 төбенің үстіне салынған. Жеті төбе қазір де Стамбұлдың белгілі рәміздерінің бірі болып табылады.

Стамбұл Еуропа мен Азия құрлықтарын бір-бірімен байланыстыратын және әлемде екі құрлықта да топырағы бар қалалардың бірі. Екі құрлықты үш үлкен көпір (15 шілде шәйіттер көпірі, Фатих Сұлтан Мехмет көпірі, Явуз Сұлтан Селим көпірі) және теңіз астынан жүретін Мармарай туннелі байланыстырады.

Стамбұл 2000 жылдық тарихы бар әлемнің ең көне шаһарларының бірі. Сондай-ақ Византия және Османлыдан бастап, 3 үлкен империяның бас қаласы болған.

Әлем бойынша экономикасы ең жылдам өскен 7-ші метрополитен.

2017 жылы Түркияға 26 миллион турист келген. Бұл туристтердің 10 миллионын Стамбұл қаласы қабылдаған. Енді есептей беріңіз, 10 миллион туристің қалтасынан кемінде мың доллардан шыққанда, Стамбұлдың бюджеті неше есеге артты екен?..

Осынау әйдік шаһарды қазақ баласы еш жатсынбауы керек. Стамбұл ортақ қаламыз, ортақ мәдениетіміз. Алтайдан Анадолыға ауған бауырларымыздың ұрпағы мекен етіп жатқан ұланғайыр ұлы мекен. Түрік Республикасының өркендегені, өскені бізге аса қажет. Біздің Елбасымыз Түркияның экономикалық, саяси ахуалына жіті көңіл бөліп отырады. Ердоған мен Путиннің арасында алакөздік туған 2016-2017 жылдары Нұрекең екі тарапқа ағалық ақылын айтып, келеге шақырды. Өйткені, Қазақстанның геосаяси әлемдегі дамуы мен бейбіт өміріне Түркия мен Ресейдің ықпалын сызып тастай алмаймыз. Ресей – көрші, Түркия – туыс ел. Бірінен кетіп, бірімен ауыз жаласып отыра алмаймыз. Осыны қапысыз білетін қазақ президенті тараптардың тізгінін тең ұстауға барын салып бағуда. Әрине, ол әрекеті нәтижесіз емес. Түркиямен де, Ресеймен де қарым-қатынас қалыпты, барыс-келіс баянды.

Ататүрік әуе алаңында отырып, Астанадағы Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың да жайын ойладық. Біздің әуежайдың халықаралық дейтін мәртебесе болмаса, шігінен түскен асықтай шағын дүние. Ататүрікте ұшаққа шығарып салатын 712 дәліз бар. Біздікі асса, 10 шақты ғана. Ұшақтарымыз да аз. Әйтсе де, үміт алда, қазан аузы жоғары. Қай тарап пен қандай қарекеттерге де Хаб болуды қалайтын Қазақстанның әуежайы 10 дәлізбен шектеліп қаламаса керек. Осы сапарында Елбасына ерген қазақ кәсіпкерлері АҚШ-тан 11 Бойнг ұшағын сатып алу жөнінде коммерциялық келісімге қол қойды. Бұл деген алдағы күндері Астана мен Алматыдан АҚШ-қа тікелей әуе қызметі көрсетіледі дегенді білдірсе керек. Егер, Астана, Алматы әуежайлары АҚШ-қа жолаушылар тасымалдайтын мүмкіндікті иеленсе, шығысымыздан ханзулар, солтүстігімізден Ресей азаматтары ағылып келетін еді. Жуырда Ташкенттен АҚШ-қа арнайы әуежолы ашылды. Мұндай игіліктен қазақтың шет қалуы бүгінгі жаһанданған заманда, әрине, жарамайды-ақ... Осы ойлардың жетегіне ілесіп біз Атлант мұхитынан асып ұшатын алып лайнерге аяқ арттық. Уақыт ұзақ, жер шалғай: ойлануға мүмкіндік мол. Мен АҚШ-қа қазақ баласының арасынан суырылып шығып, тұңғыш сапар жасаған кәдімгі хакім атамыз Абай туралы жадымда барды жаңғыртып көрмек болдым...

25-2-1000x700.jpg

АҚШ-қа бірінші барған қазақ – Абай

Сөйтіп, алып лайнерге аяқ арттық. Біз мінген Boeing 737 ұшағы Еуропаны көктей өтіп, Атлант мұхитынан асып барып, Нью-Йорк әуежайына қонады. Әлемдік аренадағы көшбасшы әуекомпаниялардың бірінен саналатын - «Turkish Аirlines» компаниясы бізге Алматы аэропортынан бері қызмет етіп келеді. Ұшақ командирі Ньюге дейін 11 сағат 30 минут ұшатынымызды хабарлаған. 16 қаңтар. Нью-Йоркке жеткенімізше, күнтізбе парағы сол 16 қаңтарда «қатып» қала бермек. Ал, бұл кезде қазақтың ұлы даласындағы жұрт 17 қаңтардың таңын қарсы алып жатады. «Ұйқы – дұшпан» дейді қазақ. Бұндай алыс жолда адамға ұйқы – дос. Жарты тәулікке жуық уақыттың шегінде жапалаққа ұқсап жарбиып отыра алмайсың, көзіңді ұйқы қамалап, қалғып та кетесің... Қалғып кетіппін, кенет, әуе кемесі қатты бір толқығанда жандәрмен ұшып ояндым. Астапыралла! Монитордан маршрут бойынша, Атлант мұхитын бауырымызға алып ұшып бара жатқанымызды көрдім. Бұндайда пендені қайдағы-жайдағы үрейлі ойлар иектейді емес пе: мен ғана емес, сапарластарымның дені үрпиісе қалыппыз. Ойыма Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырауы» оралды. Құдықшы Еңсеп... Еңсекең шыңыраудың терең қойнауындағы ағысты аяғымен сезеді ғой, дәл сол Еңсеп секілді (артық айтты демеңіздер) мен де Атлант мұхитының ақжал толқындар төңкерген күркірін тұла бойыммен тұтас сезінгендей болдым. Атлант мұхиты... Ол туралы Википедияда мынандай деректер келтіріліпті. Біле жүрген артық етпейді, қараңыз:

«Атлант мұхиты — Жер шарындағы аумағы жөнінен Тынық мұхиттан кейінгі екінші мұхит. Оны ежелгі гректер Африканың солтүстік-батысындағы Атлас (Атлант) тауына байланысты атаған. Шығысында Еуропа мен Африканың, батысында Солтүстік және Оңтүстік Американың, оңтүстігінде Антарктиданың аралығында орналасқан. Солтүстігінде Дейвис, Дат бұғаздарымен және Солтүстік Мұзды мұхитпен, оңтүстік-шығысында Африка мен Антарктида аралығында Үнді мұхитымен, оңтүстік-батысында Дрейк бұғазы арқылы Тынық мұхитпен жалғасады. Мұхит солтүстіктен оңтүстікке қарай 15 мың км шамасында екі жарты шарға созыла орналасқан. Ені басқа бөліктеріне қарағанда экватор маңында 2830 км-ге дейін тарылады. Мұхиттың теңіздермен қоса есептегендегі жалпы аумағы 91.6 млн. км2, орташа тереңдігі 3597 м, суының көлемі 329.7 млн. км3.» 

Е-е, бұл мұхитты кімдер кешіп өтпеді?.. Кешегі даңықты саяхтшылар, теңізшілер: финикиялықтар, карвагендіктер, Б.Диаш, Васко-да-Гама, Христофор Колумб, Дж.Кабот, Фернан Магеллан, Дж. Дейвис, Г. Гудзон, Баффин, Г. Эллис, Дж. Кук, О. Соссюр, И.Ф. Крузенштерн, Э. Ленц, т.б. Олардың бірі  мұхиттың шекарасын, мөлшерін, құрлықпен ара қатынасын анықтаумен айналысты. Енді бірі мұхит суының температурасын, ағыстары мен тереңдіктерін анықтады. Қызыл терілі үндістер мекен етіп жатқан жерлерді ашты. Осылайша сапырылысып кеткен мұхит бетімен адамзаттық ақыл ойды баянды белге көтерген, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп үн қатқан Абай да «жүріп өткен». Иә, біздің дәл осылай деуге қақымыз бар. Өйткені АҚШ-қа хакімнің өзі бармаса да сөзі барды, есім-сойы жетті. Абайдың атын Америкаға алып барған ақжолтай азамат – журналист-жазушы, саяхатшы Джордж Кеннан. Мистер Дж. Кеннан он тоғызыншы ғасырдың соңында орыстың мүлгіген ормандарын аралап, Сібір өлкесіне сапар шегеді. О заманда қазақ даласы, соның ішінде Семей, Өскемен тегіс Сібір өлкесі деп танылған. «Сүрініп-қабынып» Сібірге жеткен Кеннан Семей кітапханасында болып (орыс билігінің қатаң бақылауы мен қырағы сүзгісінен өтіп тұрса да, философиялық, саяси кітаптарға бай болған ХІХ ғасырдағы Семей кітапханасы туралы әңгіме бөлек, оның жайын осы порталда жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай жазған еді), Санкт-Петербург университеттерінде оқыған, саяси айдауда жүрген жас ғалым А.А.Леонтьевпен кездеседі. Леонтьев сонда америкалық саяхатшы-журналист Кеннанға Абай туралы былай дейді: «Я знаю одного образованного старика-киргиза, которого зовут Ибрагим Кононбай, так он не только ходит в библиотеку, но и читает таких авторов, как Бокль, Милль, Дрейпер. ...Когда я впервые увидел его он поразил меня тем, что спросил разницу между индукцией и дедукцией. Потом я узнал, что он и вправду изучал английскую философию и прочитал в русском переводе всех названных мною авторов», – «Мен Ибрагим Құнанбай деген білімдар қартты білемін. Ол кітапханаға бас сұғып қана қоймайды, Бокль, Милль, Дрейпер сияқты авторларды оқиды. Бірде ол менен индукция мен дедукцияның айырмашылығын сұрап, таң-тамаша етті. Кейін мен оның расында, ағылшын философиясымен таныстығын, жоғарыда аттары аталған авторлардың шығармаларын орыс тіліндегі аудармасы арқылы оқығандығын білдім». (Кеннан Дж. Сибирь и ссылка. С-Пб, 1999, 1-том, 198-бет).

Джордж Кеннан Сібірді кезіп, Сібірге жер аударылғандар жөніндегі очеркін  1887-89 жылдары Нью-Йорктың сол уақыттағы ең беделді журналының бірі «Сэнчури мэгэзинге» жариялайды. Оның бұл жазбаларын мұхиттың қос жағалауындағы Марк Твен, Лев Толстой бастаған әдебиет алыптары қуана қостап, үлкен баға берген көрінеді. Бұл жазбалар 1891 жылы «Сібір және сүргін» деген атпен бір мезгілде Нью-Йорк пен Лондон қалаларында басылып шығады.

Тұрсын Жұртбай, Мұхтар Құл-Мұхаммед ағаларымының Абай Хакімге қатысты соны ізденістерінен туған жоғарыдағы естеліктер жадымда жаңғырып, ішімнен мейірлене күлдім: әй, қара шал-ай, Нью-Йоркке сен бізден бұрын барып үлгеріпсің ғой!

Әйткенменде, осы бағыттағы ізденісті жетілдіре түсу қажет сияқты. Ол ізденістің ізгісі -  «Сэнчури мэгэзиннің» 1887 жылдардағы тігіндісін тауып, жазбаны түпнұсқадан оқу болса керек. Бірақ, бірер күндік сапарамызда бұл мәселемен шұғылдануға уақытымыздың да, мүмкіндігіміздің де шектеулі екендігін ескеріп, қынжылдық. Алайда, талап-тілегімізді АҚШ-та оқып жүрген қазақ жастарына, қала берді елшіліктегі азаматтарға табыс еткенді жөн көрдік.

Антиядролық қозғалыстың басындағы қос тұлға: Әуезов және Назарбаев

27294173_2122696034617015_1403481968_n-1000x700.jpg

... Сол кезде елге тұтқа болған Абылай

Дұшпанның бірін алдап, бірін арбап.

Мағжан

18 қаңтар. Үш жұлдызды Affinia Shelbrune қонақүйінен бізді ҚР президенті әкімшілігінің баспасөз қызметіндегі жауапты азаматтар шоқтай үйіріп алып шықты да, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне арналған мәжіліс сарайына жеткізді. ҚК-нің отырысы басталғанша, Нұртөре Жүсіп, Шәмшиддин Пәттеев, Срайл Смайыл, Ерлан Қарин, Дархан Қыдырәлі бар – бәріміз әңгіме дүкен құрып тұрдық. Әңгімеміз, әрине, Назарбаев пен Трамптың кездесуінен өрбуде. Вашингтонда ресми кездесулерді көзімен көрген Ерекең Трамптың Назарбаевты ерекше ықыласпен, құп келіскен құрметпен қарсы алғанын айтты. Бүгінгі көпке мәлім болып біткен бір ыңғайсыздау жайт: Трамп әріптестерін менсінбейді. Тіпті, сарт мезірет жасауды да білмейді. Мысалы, ол Ангела Меркельмен кездескенде теріс қарап отырып алды. Жапонияның премьер-министрін мүлде көзге ілген жоқ. Трамптың тағы бір тарпаң мінезі қол алысқан кезде көрінеді. Қолын берген адамды добалдай Дональт өзіне сілкіп кеп, тартып қалады. Қысқасы, Трамп дегеніміз – келіссөзде кері, қарым-қатынаста қыңыр адам. Қызыл сары ма, жирен бе, қан күрең бе – түр түсінің бояуы да түсініксіз. Сондай түсініксіз тұлғаның қазақ мемлекетінің басшысымен кездескенде сыпайы сылық бола қалғанына бізден бұрын америкалық саясаткерлердің өзі таңдай қақты. Асыра дәріптеп, ұшындыра жазудан аулақпыз, расында солай болды. Алайда, екі лидердің ресми кездесуі АҚШ баспасөзінде жаңалықтардың орамында кеткенімен, Батыс елінің журналистері мен саяси сарапшылары Ақ Үйдегі бас қосуға кәдімгідей мән берді. Өйткені, Батыс сарапшыларын Назарбаевтың Ресей мен Украинаға, Сирия мен Солтүстік Кореяға қатысты пікірі бей-жай қалдырған емес. Қазір Батыс әлемі бастамашыл болудан да, қандай да бір мәселенің шешіміне байланысты батыл байлам жасаудан да шеттеп барады. Меркель сияқты мемлекетшіл тұлғалары да қадау-қадау. Көбі бүгінгі популистік саясатқа күйлеген кездейсоқ жандар. Бір есептен Трамп та солардың қатарында қабылданады. Бірақ оның іс басқаруы, ойы, әрекеті өзінің алдындағы серкелердің жүрісін қайталамайды. Трамп – өзінше, өзгеше тұлға. Қазақ президенті оны «іскер адам» деп бағалады. «Трамп – билікке бизнестен келген адам. Істің жайын сөзбұйдаға салып отырмайды. Мәселенің тез шешімін іздейді. Мен де сондаймын. Сондықтан маған Трамп сияқты іскер адаммен кездесу, пікір алысу, келісімдерге қол қою оңай болды», - деді Елбасымыз Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан кейін журналистермен жүздескен сәтінде.

Жергілікті уақыт он бірге таяған. Әне-міне, Қазақстан төрағалық ететін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы басталуға жақын. Мәжіліс залына баспасөз өкілдері, саяси сарапшылар тола бастады. Телеоператорлар тізіліп орындарынан табылуда. Спикерлер алқа қотан жайғасатын үстел жаққа қарап қоямыз. Қарбалас. Байқаймыз, әркімге тиісінше бұйрық беріп, кімнің қайда отыратындығын белгілеп, жебей басып жүрген жігіттердің  бәрі өзіміздің жігіттер. Солардың ішінде ҚР президенті баспасөз қызметінің маманы Мейірлан Раханов көзге ерекше түседі. Мейірланның қолында тоқпақтай қара телефон, БҰҰ-ның сарайында емес, бірге туған ағасының үйінде жүргендей еркін, батыл. Ешкімге дес беріп, бет қаратар сыңайы байқалмайды. Міне, саған қазақтың қара баласы!

Әлі екі құрылықтағы уақыт айырмашылығына үйрене алмай, тапа-тал түсте мызғып кететін біздер ептеп маужырай бастаған едік, жұрт гу-у ете қалды. Мәжіліс залына мәмілегер тұлға, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстан Республикасының атынан төрағалық ететін президент – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кіріп келе жатыр екен. Мұндай мәртебелі жиындарда сөз сөйлеп, талай ділмармен пікір таластырып төселген Нүрекең алшаң басып келді де, төрдегі төрағаның орнына жайғасты. Оң қапталында – БҰҰ-ның қазіргі басшысы Гутерриш. Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Лавровқа сол қапталдағы ең төменгі орындардың бірі бұйырыпты. Осы Лавров кеше ғана Қазақстан мен АҚШ президенттерінің жылы жүзді жүздесуін аса жақтырмай, сыңаржақ пікір білдірген еді. Енді күмілжіп етекте отыр. Қазақ көшбасшысы кең сарайдың ішін қоңыр үнімен толтырып сөйлей жөнелгенде Лавровтың ебі кетіп, құты қашқаны анық аңғарылды. Біресе есінеді, біресе құлағын шұқыды, біресе алдындағы қағаздарын ақтарып, жан-жағына алақтай берді. Харизмасы мықты тұлғаның мысы басады дейді ғой. Сірә, Лавровты Нұрекеңнің мысы басып кетсе керек, әйтеуір, әншейіндегі мызғымас қалпынан айнып, апалақтаған түріне қарап езу тартпасқа амалымыз қалмады. ҚР президентінің Қауіпсіздік Кеңесінде қазақ елінің атынан жасаған Мәлімдемесіне қайрылып соқпай-қа қоялық, өйткені оны Abai.kz ақпараттық порталы дер кезінде жариялаған болатын. Президент өз Мәлімдемесінде ядролық қарудан бас тарту жөніндегі Қазақстанның бастамасын жеріне жеткізіп айтқан еді. Біздің ойымызға тап сол кезде Ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтың Жапонияға барған сапарындағы аманат сөзі орала берді. 1950 жылдардың соңында Жапонияда зиялы қауыммен қауышқан Мұхтар Омарханұлы атом атты тажалдың адамзат баласының басына үйірген қара бұлтты қатерін әшкерелеп кеткен-ді.

Мұхаңның сондағы аманаты жарты ғасырдан астам уақыт сапарынан соң Нью-Йоркте, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық еткен Қазақстанның атынан, президент Назарбаевтың аузынан естіліп, жаһан жұртына жария етілді. Әрине, ядролық держава болуға ұмтылған алпауаттарға қарсы қозғалыстың бүгінгі дара лидері – Назарбаев. Алайда оның ар жағында қазақтың тағы бір ұлы перзенті Әуезов тұр. Жауының өзіне жамандық тілемейтін қазақ баласының бірінен біріне жалғасқан осыноу игі тілегіне, бейбітшіл арман мұратына жанымыз толқыды. Н. Назарбаев «Бейбітшілік кіндігі» атты кітабында былай дейді: «Сонау 1957 жылдың өзінде Жапонияның астанасында өткен атом және сутегі бомбасына тыйым салу жолындағы халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде жер бетіндегі алғашқы ядролық сынақтардың тажалды зардаптары туралы Мұхтар Әуезов айтқан болатын. Ол өзінің кіндік қаны тамған өңірге, ежелгі Семей жеріне атом полигонымен ілесе келген қасірет туралы, түсініксіз сырқаттардан баз кешкен адамдар мен мутанттар туған жүздеген аналар туралы толғады».

Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдердің отырысына өкінішке қарай, бастан аяқ қатыса алмадық. Біз залдан шығуға ыңғайланғанда Полша Республикасының жаңадан сайланған президенті Дуду мырза Ресейдің Украинаға көрсетіп отырған саяси қысымын, үлкен саясаттағы елдердің қарекетсіздігін, атом қаруын жасауға ынталы елдердің қатары өсуге бет алғанын тіліп айтып жатты.

Айтпақшы, БҰҰ-дағы алты тілге ілесіп қазақ тілінде де аударма жасалды. Бастапқыда бұған «е-е» десіп, қуанып қалып едік. Сөйтсек, аудармашыларымыздың деңгейі гугл-переводчиктің деңгейінен де нашар болып шықты. Шешендердің сөзінің басы аударылса, аяғы жоқ, аяғы аударылса, басы жоқ. Арасында өзіміз бірдеңе қылып түсініп алуға тырысқанымызбен бәрібір болмады. Содан құлаққаптағы аударманы орысшаға аударуға тура келген. Кейін білдік, әлгі тәржімандарды тізіп әкеліп аудармашылардың қатарына отырғызған өзіміздің Сыртқы істер министрлігі екен. Ұят-ай! Қазақ үкіметіндегі шенеуніктердің қазақ тіліне шекеден қарайтын нойыстығы БҰҰ-да тағы да алдымыздан шығып, жерге қаратты. Еске түседі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің құжаттары мен тілі, жалпы барлық қызметі Марат Тәжиннің тұсында түзеліп-ақ қалып еді, Мәкең аталған ведмостводан кеткен соң таз қалпын қайтадан тапты. Сыртқы істер министрлігі содан бері Қазақстанның сыртқы саясаттағы жұмысын қосалқы атқаруға міндеттенген Ресейдің бір губерниясындағы мекеменің шекті қызметімен ғана шектелген сияқты.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан кейін «St. Regis» қонақүйінде президент Назарбаев Қазақстанның және шетелдік журналистердің сұраумен сұхбат берді. Сұхбат сәтінде Трамптың қолайсыз саясаткер екені кезекті рет ескеріліп, президентке сұрақ түрінде қойылды. Ол сұраққа Нұрекең күле жауап қайырды. «Алдымен жүздесу деген болады, - деді президент, - жүздесу барысында танысып, білісеміз, хал сұрасамыз. Сосын, ресми әңгімеге көшеміз. Біз Трамп екеуміз әңгімемізге көлденең кісіні араластырмай оңаша отырып сөйлестік. Сосын әрі қарай кеттік...» АҚШ президентімен Қазақ президентінің арасында қандай әңгіме болды? Ол, әрине, құпия. Алайда, Ресейдің қазіргі ахуалы туралы сөз болған сияқты. Осы жайтты қадалып сұраған «Мир» телеарнасының сауалына  Назарбаев өзінің әккі саясаткерлігіне салып, мәселені Солтүстік Кореяға қарай аударып жіберді.

Күнделігіміздің бүгінгі бетіндегі жазбаға эпиграф ретінде алынған Мағжанның «Батыр Баян» поэмасындағы дұшпанның бірін алдап, бірін арбаған Абылай сияқты Нүрекең де бүгінгі бәсекелестерінің бірін олай жығып, бірін бұлай жығып әлемдік саясат аренасында қазақтың есебін түгендеп, мәртебесін арттырып келе жатыр. Орта Азия елдері мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас үшін құрылған С5+1 формуласы да соның бір көрінісі. Осы аймақтағы елдің бауыры бүтін, бірлігі бекем болса, баяғы «бөлшектеп алып билей беретін» сыртқы күштердің дымы таусылар еді. Орта Азия дегенде, 1979 жылдан бері қарай тыныш, бейбіт өмірдің не екендігін білуден қалған Ауған жұртын ұмытпауға тиіспіз. Ауған – КСРО-ның кезінде алыста еді, қазір ол бізге өте жақын тұр. Мен бұл арада Ауғанның территориялық жақындығын ғана емес, сол тараптан жедел жетіп келе қоятын соғыс лаңын, діни экстермизмнің қауіпін айтып отырмын. Ауған халқының тыныштығын қамтамасыз етудің маңыздылығы туралы бұрыннан айтып жүрген сөзін Елбасы Қазақстаннан барған журналистерге, менің әріптестеріме, ерінбей қайталап, кезекті рет мықтап тұрып ескертті. Баспасөз мәслихатын қортындылағанда президент сәтке толқып кетті. «Осының бәрі қазағым үшін» деді ол. Байқадым: көз жиегін ептеп жас жуыпты...

 «Жуылмаған жатырдан шыққандар»

Трамп – тым лас сөйлейтін саясаткер. Ол африкалықтарды «жуылмаған жатырдан шыққандар» деді бірде. Ал, президент сайлауының қарасыңындағы науқанда нәсілі бөлектерді АҚШ-қа кіргізбеймін деп жар салған. Қайдағы-ы?  Бізбен бірге Нью-Йоркке ұшып келгендердің дені қара құрлықтан шыққандар болды. Қара құрлықтан ауғандар аталған қалада қаптап жүр. «Нью-Йорк қоңырқай тартып кетіпті», - деген-ді Трамп. Онысы рас екен. Қазір афроамерикандық атанған зәңгілер ашаң жүзді еуропалық нәсілден көп көрінеді. АҚШ – мигранттардың мекені. Жылына қанша жұрт АҚШ-қа барып тұрақтап қалудың жолын іздейді – білмейміз, бірақ, көптің аңсары сол – «Бостандық аралы».

Стамбұл әуежайында қырғыз азаматымен кездестім. Түр түсіміз, бет әлпетіміз ұқсаған соң шүйіркелесе кеткенбіз, сөйтсек, біріміз – қазақ, біріміз – қырғыз екенбіз. Қырғыз бауырым қазір Ресейдің азаматтығын алыпты. Ресейде жұмыс істеймін деді. Не жұмыс екенін, бірақ, айтпады. Ендігі беталысы – Швеция. Сонда бір достарым жұмыс тауып қойыпты дейді. Не жұмыс екенін тағы да білдіргісі келмеді. Өзі Ыстықкөл маңындағы Қарақолдан екен. Жазда Ыстықкөлге келіңіз деп қояды. Қырғыз – бауырым. Бір туғаным. Оның тағдыры, алдағы болашағы мені кәдімгідей ойға қалдырды. Мен де өз әлімше тұтас түркі туралы толғанғым келеді. Түркі жұртының тұтастығы мен бірлігі Назарбаевты да толғандырады. Сондықтан да ол кісі түркі елдерінің бірлігіне бастамашы болып, Орта Азияның бүтіндігін ойлайды. Бірақ, біреу бері тартса, біреу кері тартпай тұра ала ма? Кеше кежегесін кейінге салған кісіміз Орта Азияда Каримов марқұм болып еді, енді соның жолына Қырғыз Республикасының президенті Сауранбаев түсе бастаған сияқты. Назарбаев АҚШ-та С5+1 формуласын ұсынып отырғанда, Сауранбаев: «Борбор Азияның атынан сөйлеуге оған кім рұқсат беріпті?», - деп кергіді.

Жә, бастапқы әңгімемезге оралайық. Менің АҚШ-қа аттанып бара жатқанымды естіген қырғыз азаматының жанары жалт ете түсті:

-Байке, білесіз бе, менің Лос-Анджелесте өкіл атам тұрады.

-Өкіл атаңа бармайсың ба?

-Түбі сол атамның қасына барып тұрамын.

АҚШ-та зәңгілер ғана емес, азиялықтар да жетіп артылады. Азиялықтардың арасынан «өкіл атасын» сағынып жүрген қырғыз жастары да, қазақтың ұл-қыздары да табылады. Қайтесіз, бүгінгі заман – ары бері ағылып көшудің, қоныс аударудың, жайлы жер іздеудің заманы. «Қазақстанды төбемнің тесігі көрсін, қайтсем АҚШ-та қаламын» деп жүрген қазақ жастары аз емес. Ондайлар тегінде ділден де, тілден де ада болып келеді. Алайда, соларға қарап бір жақты ой түю – мүлдем қате. Және біз олар туралы «жуылмаған жатырдан шыққандар» деп, ешқашанда айтпаймыз.

Құлқын сәрідегі Нью-Йорк. Қоқыс – өмір

Елбасының АҚШ-қа жасаған ресми сапары аяқталып, аздап қол босаған соң, Affinia Shelbrune қонақ үйіне таяу маңды аралап шығуды жөн көріп, «Jas qazaq» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл мырза екеуміз құлқын сәріде сейіл-серуенге аттандық. Ертеңгілік Нью-Йорк. Ауа тап-таза. Бұндағы автокөліктердің артынан «құсып», көк түтіндетіп жүргенін көрмейсіз. Өйткені, АҚШ-та өте жоғары деңгейде өңделген сапалы жанармай ғана қолданылады. Ауасы сондай мөлдір қаланың, алайда, көшесі толған қоқыс. Қоқыстарды тұрғындар түні бойы полиэтилен қаптарға салып, көшелердің бойына үйіп тастай береді екен. Құдай-ау, қоқыстардың ішінде не жоқ дейсіз? Телевизор, компьютер, үй жиһаздары. Соншалықты ескіріп, тозып кетпеген. Ал, осының бәрін АҚШ-та не істейді, білесіз бе? Африка құрлығының кедейліктен сіңірі шыққан елдеріне апарып тастайды. Қоқыс – Африкада өмір. Аш-жалаңаш балалар сол қоқыстарды ақтарып, керегін тауып алады.

Қоқыс – АҚШ-та да өмір. Тау боп үйілген қоқыстардың қасында жамбасына қабаттап көрпе салып алған көше кезбелері жата береді. Құрама штаттар қоғамы – қатыгез қоғам. Ол жанталаса еңбек етіп, әр қадамыңды аңдап баспасаң құрдымға құлата салады. Тоқтықтан бүйірі шыққан АҚШ-та аш қалу да қиын емес. Срайыл мырза екеуміз «Мен – ашпын» деп алақан жайып отырған ақша жүзді жасамыс әйелді көрдік. Әлгі әйелдің зипа бойынан күні кеше ғана нұржайнаған өмірдің көлеңкесі көшіп бара жатқаны аңғарылады. Бәлкім, ол бір күні есін жиып, аяғынан тік тұрып, қатарға қайта қосылып кетуі де мүмкін. Себебі, Америка – шексіз мүмкіндіктердің отаны.

 

Тіл емес, түсінісу маңызды

Біз жатқан қонақ үйдің маңындағы сауда үйлерінен адам үзілгенін көрмедік. Бірі кіріп, бірі шығады. Барлық сауда үйлерінде сатылатын тауарлар үшін 50-80 пайыз аралығында жеңілдіктер жасалған. Онысы және рас. Біздегідей көз алдайтын өтірік жеңілдік жоқ. Заттың әу бастағы бағасы мен оны арзандатып сататын бағаның арасы жер мен көктей. Біз де азын-аулақ сауда жасаған болдық. Сонда байқағанымыз: Ньюде сатушы мен сатып алушының арасында тіл емес, түсінісу маңызды екен. Дәмханаларында да солай. Тәбетің тартқан асты ыммен білдерсең болды, даяшы бәрін даяр ете қояды. Қасық пен шаншықыны да, шыны мен шәйнекті де өз тіліңде сұрай бер. Біздегідей қазақшаны қапелімде қақпай қалатын әзірбайжан, күрт не ұйғыр ағайынды емге таппайсыз. «Говорите по-русский» деп зекитін нәкөстердің көлеңкесі де жоқ. Рахат. Еркінсің, еріктісің. Бірақ, заңға қайшы келме. Бірдеңені жымқырып қалуға тырыспа. Сосын, албаты біреуге тиісіп, ұрыспа. Миығыңа күлкі үйріп ал да, жүр бер. Ыңғайың келсе, өздері сияқты ыржия сал. Америка – осындай: ол өзіне ұқсағандарды ұнатады.

Көңілі көл-көсір қауымға «көтерілісшілер» келіп араласты

АҚШ-та болып, «Америка әсерлерін» жазған Мұхтар Әуезов Манхэттен аралындағы зәулім үйлерді аспанға жазылған поэманың жолдарына теңеген еді. Ал, сол зәулім үйлер мен заңғар ғимараттардың іргетасын не десек болар екен? Мың жылдар өтсе де мазмұнына қылу түспейтін халықтық дастандар авторы белгілі поэмаларды өмірге әкелді емес пе? Сірә, «аспанға жазылған поэмаға» дейінгі «жырдың» бастауы іргетастар болса керек. Халықтық іргетастар.  Ендеше аспан көгіне ұмсынып, бойлап бара жатқан «бойшаң» үйлердің іргетасына қарап та, Американың құдіреттілігін тануға әбден болады. Еңселі адам бойымен пара пар іргетастар алып ғимараттарды ғана емес, аспанның салмағын көтере алатындай тегеурін байқатады. Американың билігі мен саясатында да осы бір іргетастарға ұқсайтын керемет бар. Америка халқы саяси ерік-жігерін еркін білдіре алады. Пікірін ашық айтады. Азат ойлайды. Саяси ерік-жігерден, ашық пікірден, азат ойдан үрейленіп күн кешу – билік үшін өте жат нәрсе. Мұнда әркім өз кәлласындағы қиялды қызықтап өмір сүре береді.

Кешқұрым. Түнде қызылды-жасылды дүниенің алаңына айналатын Tаймс-скверге (Times Square) шыққанбыз. Күн – сенбі. Айналамыз қара нөпір халық. Суретке түсіп жүр. Жәй қыдырыстап жүр. Көл-көсір көңіл. Ешкімде ешкімнің жұмысы жоқ. Бәріне ортақ жай: мынау ғажап өмірді қызықтап қалу, бір-біріне жылы сөз айту. Қуанту. Осылайша жарқын үн қатысып, дабырласқан қауымның ішіне ұран көтерген топ келіп араласты. Олар Трамптың саяси билігіне қарсы екен, тіпті, қайсыбірі АҚШ АҚШ болғалы бірге жасап келе жатқан капитализмге қарсы екен. Әлгілер ұрандатып кеп сквердегі жұрттың арасына сіңді де кетті. Біреу оларға қой демеді, қоштағандар да болмады. Бізде мұндай акцияшыларды «көтерілісшілер» деп түсінетін полиция да қара көрсетпеді. Полиция демекші, соларды анда-санда болмаса, Нью-Йорктің көшелерінен көп кездестіре қоймадық.

Күндізгі жұмысбастылықтан босап, өздерінің шат-думанды өміріне лап қойған Нью-Йорк тұрғындарының кешкі сайранына қарап тұрып елге қайтатын уақытымызды еске алдық та, Тайыр Жароков  ағамыздың жырына қол қойдық:

«Нью-Йорк, Лондонменен тұман басқан,

Алматы, сен ғажапсың көркің асқан!»


Дәурен Қуат

Алматы – Стамбұл – Нью-Йорк

Нью-Йорк – Стамбұл – Алматы.

Дереккөз: Abai.kz  


Жапондардың даналығы
Қытайдың өңірлік ішкі-сыртқы саясатында қандай өзгеріcтер болып жатыр?

Ұқсас тақырыптар