Биыл ҰБТ қағидаларына қандай жаңалық енгізілді?

Уақыты: 2020-06-02 Көрлімі: 1238 Сипаттама

Биыл ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдық енгізілген. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Б...

fcc6109a0302bbba8e5909bb6b01d93a.jpg

Биыл ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдық енгізілген. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«ҰБТ белгіленген мерзімде, яғни, 25 маусымнан 5 шілдеге дейін санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы 161 пунктте өткізіледі. Биыл ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдықты да енгіздік. Атап айтқанда, ҰБТ-ға қатысу үшін кіру кезінде бет-әлпетін тану Face ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру алғаш рет қолданылады. Жылда берілген қағаз сертификаттың орнына ҰБТ электронды сертификаты және білім беру грантын тағайындау кезіндегі электронды куәлікті енгіздік», - деді министр.

Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу кезінде түрлі гаджеттерді, байланыс құралдарын, шпаргалкаларды, әдебиеттерді кіргізуге тыйым салынадыМинистр бейнежазбаны қарау кезінде түлектің тыйым салынған затты пайдаланғаны анықталса, ҰБТ нәтижесі жойылатынын айтты. 

«Бейнежазбаны қарау кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда ҰБТ нәтижесі, сонымен қатар білім беру гранты жойылады. Бұған қоса, тағы да жаңашылдықтар бар. Тест тапсырушыларға қарапайым калкульятор берілетін болады және тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа дейін ұзартылды. Талапкерлер ҰБТ-ға жақсы дайындалуы үшін біз оларға ақысыз орталықтың сайтында 70 нұсқа тесттерін алдын ала берген болатынбыз. Түлектер емін-еркін осы сынама тестілерді тапсыру мүмкіндігіне ие болды және тапсырды деп айта аламыз», - деді министр.

Оның  айтуынша, биыл педагог мамандығына үміткер түлектерге шекті балл көтерілген.

«Академиялық кезең аяқталғанға дейін қабылданған ҰБТ шекті балын жинамаған тұлғалар енді жыл бойы ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие. Педагогика мамандықтарына түсу үшін талап күшейтілуде. Бұл туралы Президенттің тапсырмасы да бар. Мәселен, педагог болу үшін шекті балл алдыңғы жылы 50-ден 60-қа көтерсек, биыл оны 70 балға дейін көтеріп отырмыз», - деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша ата-аналардың балаларын Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінде күтуіне тыйым салынады. 

«Ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа тұлғаларға балаларды ҰБТ өткізу пункттерінде күтуге тыйым салынады. Ата-аналарға ҰБТ өту барысын сол жерге келмей-ақ үйінде отырып көру үшін онлайн көрсетілімді ұйымдастырамыз. ҰБТ өткізу пункттері тосқауыл таспаларымен жабдықталады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібінде тестілеушілердің арасында 2 метр қашықтықтың сақталуы қамтамасыз етіледі. Бұл 2 метр арақашықтық ҰБТ тапсыратын аудитория ішінде де сақталады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, коронавирустың таралу қаупін азайтуға арналған қосымша тағы 5 сақтық шарасы қолданылады.

«Біріншіден - тест тапсырушыларды заласыздандыру туннельдерінен өткізу. Екіншіден - аяқ киімдерді арнайы заласыздандыру кілемшелерімен өңдеу. Үшінші - еденді санитайзерлермен заласыздандыру. Төртінші - әр талапкердің дене қызуын өлшеу. Бесінші - бір жолғы қолданылатын жаңа маскалар беру. Жалпы, бас санитарлық дәрігермен келісілген қатаң санитарлық талаптар барлық жерде сақталатын болады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Оның атап өтуінше, ҰБТ-ны ұйымдастыру жұмыстары жалпы бүгінгі күні аяқталуға жақын. Тестілеу материалдары 100 пайыз басылып шығарылды. Барлық аудиториялар тиісті құрылғылармен 100 пайыз жабдықталды. ҰБТ өткізу пункттеріне бейне көрсетілім маниторлары да орнатылып бітті. ҰБТ өткізу бойынша барлық құзырлы органдардың жауапкершілігіне қатысты ҚР Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов тиісті міндеттерді бекітті.

«Біріншіден, Ішкі істер министрлігіне қауіпсіздік шараларын қатамасыз ету, екіншіден, жергілікті атқарушы органдарға барлық ҰБТ өткізу пункттерін тосқауыл таспаларымен, залалсыздандыру туннельдерімен, тепловизорлармен, санитайзерлермен, залалсыздандыру кілемшелерімен, респираторлық маскалармен қамсыздандыру және қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Жалпы, ҰБТ өткізуге арналған дайындық жұмыстарын жүргізу жалғасып жатыр. Министрлік әкімдіктермен, құқық қорғау органдарымен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, тиісті деңгейде ҰБТ-ны өткізуге дайын. Барлық ұйымдастыру жұмыстары бүгінгі күні аяқталуға жақын. Дайындық бар», - деді Асхат Аймағамбетов.


Пікір жазу
  • 2020 жылы жұмыспен қамту шараларымен 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарланған
    Аламаты қаласындағы карантин шаралары күшеюі мүмкін