Қазақстандағы тұңғыш партияішілік сайлау қалай өтті?

Уақыты: 2020-10-05 Көрлімі: 514 Сипаттама

«Nur Otan» партиясының ішкі сайлауы аяқталды. Праймеризге қатысушылар сайлау туралы өз пі...

201005132502837a3702362i.jpg

«Nur Otan» партиясының ішкі сайлауы аяқталды. Праймеризге қатысушылар сайлау туралы өз пікірлерін білдірді, деп ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлаймыз.

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Жұлдыз Сүлейменова Медеу ауданы бойынша праймеризге қатысқан.

«Алдын ала қорытындыға сәйкес, 4980 адамның 2639-ы маған дауыс берді. Сенім білдіріп, қолдау танытқандарыңыз үшін көп рахмет айтамын! Орта білім саласының кәсіби маманы, Алматы қаласының 61 орта білім беру ұйымына жаңартылған білім мазмұнын таратуды негізгі ұйымдастырушы ретінде мен үшін сапалы білімге қожетімділікті қалыптастыру негізгі басым міндет болып қала береді. Бұдан бөлек, жастардың азаматтық позициясын дамытуға қатысты жобалардың авторы әрі өскелең ұрпаққа тәрбие беру методологы ретінде жастар мен қазақстандық отбасы мәселелері де үнемі назарымда», - деп жазды Ж. Сүлейменова әлеуметтік желіде.

Сонымен бірге, Аягөз қаласындағы №6 жалғы білім беретін мектеп-интернаттың директоры, 991 дауыс жинаған Ләззат Молдашева праймериздің ыңғайлы әрі ашық ұйымдастырылғанын жеткізді.

«Ұстаздар мерекесіне тағы бір сыйлық. Праймеризге қатысу мүмкіндігі үшін «Nur Otan» партиясына жеке алғысымды білдіремін. Бұл тарихи шара елімізде алғаш рет болып отыр. Барлығы барынша ыңғайлы және ашық түрде ұйымдастырылды. Үлкен жұмыс атқарылды. «Nur Otan» партиясы адал әрі ашық ішкі партиялық сайлау өткізуге ымырасыз ниетті. Ауданымызда мен үшін 991 адам дауыс берді. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Менің дұрыс жолда екендігімнің дәлелі. Маған сенім артқан барлық партия мүшелеріне үшін алғыс білдіремін!», - дейді Л. Молдашева.

Алматы қаласы Әуезов ауданының үміткері М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов тұрғындардың 70 пайызы дауыс беруге қатысып, белсенділік танытқанын атап өтті.

«Мен, Алматы қаласы Әуезов ауданымен өте тығыз қарым-қатынастамын. Осы ауданда он жылдан артық тұрдым. Осы ауданнан қалалық мәслихатқа депутат болып сайланып, бес жылдай тұрғындармен бірге жұмыс істеп келемін. Әуезов ауданының партия филиалы қаладағы ең үлкен ұжым болып саналады. Құрамында тоғыз мыңнан астам мүшесі бар. Ұлы жазушы атындағы аудан тұрғындары Праймериз кезінде де ұйымшылдық таныта білді. «Нұр Отан» партиясы Әуезов аудандық филиалының жетпіс пайызға жуығы дауыс беріп, белсенділік танытты. Дауыс берген партиялас әріптестердің жетпіс бес пайызына жуығы менің бағдарламамды ұнатыпты. Бұл мен үшін үлкен қолдау, қалтқысыз сенім және жүктелген жауапкершілік. Аманаттарыңызға адал болуға бар күш-жігерімді аямаймын, ардақты әуезовтіктер. «Ұлттың жаңа болмысын» бірге қалыптастырайық!», - дейді Қ. Матыжанов.

Сондай-ақ, алматылық дәрігер, №5 клиникалық аурухана басшысы Болат Садықов Алматы қаласының Медеу ауданынан сайлауға қатысқан.

«Біздің еліміздің тарихында тұңғыш рет кең ауқымды партияішілік сайлау өткізілуде. Праймериз - бұл халықаралық сайлау үдерісіндегі ең демократиялық әрі ашық іс-шаралардың бірі. Праймериз дамыған елдердің сайлау жүйесінде кеңінен қолданылады. Праймериз аясында біздің отандастарымыз өз ұсыныстары мен бастамаларын айтуға, әр аймақтың, ауданның және елдімекеннің мәселелерін көтеруге және кеңінен талқылауға мүмкіндік алды. Нұротандықтар праймериз аясында ұйымдастырылған кездесулер мен іс-шараларға белсенді түрде қатысты. Барлық іс-шаралар туралы мәліметтер әлеуметтік желілер арқылы жарияланды. Партияішілік сайлау аясында мен қоғамның әртүрлі саласындағы азаматтармен және әлеуметтік топтардың мүшелерімен кездестім, Медеу ауданындағы кәсіпорындардың еңбек ұжымдарындағы бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен көптеген онлайн кездесулер өткіздім. Біз партияластарымызбен бірге сындарлы ұсыныстар мен өзекті мәселелерді талқыладық. Осы жұмыстар барысында қолдау көрсеткен партия мүшелеріне зор алғыс айтқым келеді», - дейді Болат Садықов.



Автор Айжан Серікжанқызы


Пікір жазу
  • Қазақстанда экотуризм қарқынды дамып келеді
    Адам ағзасында коронавирусқа қарсы антидене қаншалықты ұзақ сақталады?

    Ұқсас тақырыптар