Үкіметте атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері қаралды

Уақыты: 2019-10-07 Көрлімі: 54 Сипаттама

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айқындық, әділеттілік және еңбекке ынталандыру қағидаттарына негізделген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері қаралды. АӘК бөлудің жаңартылған моделі Елбасы Нұрсұлтан На...

pm-07102019.jpg

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айқындық, әділеттілік және еңбекке ынталандыру қағидаттарына негізделген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері қаралды. АӘК бөлудің жаңартылған моделі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларының қисынды жалғасы және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. 

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдау шараларының кешенді тәсілі мен атаулы сипатын қабылдауды қарастыратын заң жобасын таныстырды. 

1) 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар барлық көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы енгізу;

2) Отбасының барлық мүшелеріне кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының арасындағы айырмашылық ретінде тоқсан сайынғы АӘК тағайындау, бұл жағдайда отбасының жұмысқа жарамды мүшелері жұмыс істеуі тиіс, ал мемлекет жұмысқа орналасуға және бизнеспен айналысуға көмектесетін болады;

3) Мемлекеттің аз қамтылған отбасылардағы балаларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуі: 1-ден 6 жасқа дейінгі балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен, ал 6 жастан 18 жасқа дейін — мектептерде тегін ыстық тамақпен, қалалық қоғамдық көлікте күнделікті тегін жол жүрумен, мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Премьер-Министр қаралып отырған мәселенің маңыздылығы жоғары екенін атап өтті.

«Біз халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп отырамыз. Бұл бағытта көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды, ол Елбасының ерекше бақылауына алынған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, көмек көрсету тетігі “ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде АӘК берудің жаңа тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды, қазан айының соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке ұсынуды, ал өңірлердің әкімдеріне АӘК ұсыну бойынша түзетілген шаралардың нақты орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Азаматтарымыз көмекке мұқтаж адамдардың бәрі – аз қамтылғандар, көп балалы отбасылар мен балалар мемлекеттің қорғауында болғанын және солай қалатынын білуі керек. Жұмыс істей алатындарға – оларға оқудан өтуге, мамандық алуға, жеке кәсіп ашуға, жұмысқа орналасуға барлық жағдай жасалып жатыр», — деп атап өтті Премьер-Министр.

 

Дереккөз: primeminister.kz

Пікір жазу
  • Қазақстанда азаматтық авиация қалай дамып жатыр
    Қазақстан Президенті Елорданы дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

    Ұқсас тақырыптар