Сақтық шараларын қатаң ұстансақ қана инфекцияны тоқтата аламыз

Уақыты: 2020-05-28 Көрлімі: 1199 Сипаттама

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізген Денсаулық сақтау мин...


Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі коронавирус пандемиясына қарсы қабылданған шаралар туралы баяндады. 

«Кеше коронавирус жағдайына байланысты Үкіметте ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жалпы елі­мізде қазір 9300-ден астам адам коронавирус жұқтырған. Олардың жартысы, яғни 4600-ден астамы індеттен емделіп шықты. Өкінішке қарай, 37 адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта 4653 науқас емделуде, олардың арасында 355 бала бар.  Науқастардың 85%-ның жағ­дайы жеңіл деңгейде.  Яғни олардың көбі симптомсыз тіркелген. вирус жұқтыр­ғандардың 15-16%-ында ғана  ауру бел­гілері болған. Ал 70%-ы симптомсыз тір­келген. Бұл науқастарды табу үшін Ден­сау­лық сақтау министрлігі жергілікті әкім­дік­термен бірлесіп профилак­тикалық скринингтік жұмыстарын жүр­гізіп жатыр. Прези­дент­тің тапсырмасымен қазір скринингтің көлемін тәулігіне 25 мың тестке арт­тырдық. Жалпы осы эпидемия басталғаннан бері елімізде 711 мың тест жасалды. Олардың 260 мыңнан астамы, яғни 40%-ы профилактикалық скрининг деп айтуға болады», деді Денсаулық сақтау министрі.

Министр тест арқылы ауруы анықталып, еш симптомы байқалмаған кейбір азаматтар ауруханаға жатуға көнбей жатқанын да айтып өтті. 

«Симптомсыз науқастар басқаларға ин­фек­цияны жұқтыруы мүмкін. Бұрын біз оларды ауруханаға жатқызғанбыз. Қазір мүм­кіндік болса, үйлерінде немесе арнайы карантиндік стационарларға жатқызып, басқа адамдардан бөлектеуіміз қажет. Кейбір мемлекетте бұл науқастар жалпы статистикаға кірмейді. Біздіңше бұл дұрыс емес. Қазақстандағы тәртіп бойынша барлық науқасты есепке аламыз», деді.

 

Халықаралық және отандық сарап­шы­лар­дың пікірінше, пандемия әлі аяқтал­ған жоқ, толқынды жағдаймен келе жа­тыр. Яғни карантиндік жағдайда төмен тү­седі, бірақ шектеу шараларын тоқтат­­са қайталанады. Осыны айтқан спикер Қа­зақ­­стан­да ғана емес, дүние жүзін­де осын­дай қауіпті жағдай сақталып отырға­нын атап өтті.

«Пандемияны тоқтату үшін әр мемлекет, әр азамат карантиндік-санитарлық ша­раларды енгізуі және сақтауы қажет. Бірін­шіден, жұмыс орнында және сыртқа шық­қанда 2 метр қашықтықты сақтау қажет. Сондай-ақ  эпидемияны тоқта­ту үшін қазіргі уақытта маска тағу өте ма­ңызды. Одан кейін жеке гигиена. Ауру тек қана ауамен емес, қол арқылы да жұ­ғуы мүмкін. Сондықтан қол жуу да өте маңызды мәселе болып тұр», деді ол.

Министр қашықтан жұмыс істеудің тиімді екенін айтып өтт. 

«Көп науқас жұмыс орнында ауырған­дықтан қазір біз бас санитарлық дәрігердің қаулысымен жұмыс орындарындағы азаматтардың санын азайтуымыз қажет. Мүм­кіндік болса, интернет арқылы қашық­тан жұмысқа көшуіміз керек. Мысалы, кеңсе қызметкерлерінің 50%-ы қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Азаматтар арасында қашықтық сақталса, инфекцияның тара­луы тоқтайды. Кей кәсіпорын вах­талық режімде жұмыс істейтіндіктен, мұндай шектеу енгізу қиын. Сондықтан бұл кәсіпорындар өте қатаң санитарлық және дезинфекциялық шараларды қабыл­дауы тиіс. Соңғы аптада рейд жүргіздік. Көп­теген кәсіпорында санитарлық шаралар қабылданбаған. Бұл – халықтың ден­саулығы үшін қауіпті. Үкіметтің ведом­ствоаралық комиссиясының шешімімен санитарлық шараларды енгізу және оны сақтауға мән беріледі. Сақтық шараларын қатаң ұстансақ қана инфекцияны тоқтата аламыз», деді Біртанов.


Пікір жазу
  • Асқар Мамин: Қазақстан әлемдік азық-түлік хабының біріне айналу әлеуетіне ие
    Тоқаев: Пандемияның зардабы әсіресе теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге қатты тиді

    Ұқсас тақырыптар