Журналистер Тәуелсіздік жарияланған сәтті елге қалай жеткізді?

Уақыты: 2021-12-16 Көрлімі: 82 Сипаттама

1991 жылдың 16 желтоқсанында журналистер қауымы Қазақстанның өз Тәуелсіздігін жариялаға...

1991 жылдың 16 желтоқсанында журналистер қауымы Қазақстанның өз Тәуелсіздігін жариялағанын сүйіншілеу бақытына ие болды. Аға буын әріптестеріміз осынау толқынысқа толы сәтті қайта естеріне алып, ҚазАқпарат оқырмандарымен бөлісті.

«Мен тәуелсіз ел журналисімін»! Белгілі журналист, сол кездегі Қазақ радиосының қызметкері Махат Садық Парламент қабырғасынан Тәуелсіздік хабарын осылай сүйіншіледім дегенді айтты.

«1991 жылдың 16 желтоқсаны әлі есімде. Қазақ радиосының Парламенттік тілшісі болатынмын. 25-ке енді келген жас журналиспіз. Тәуелсіздіктің хабарын сүйіншілеуге іштей дайын жүрдік. Сенбі-жексенбі күнгі жаңалықтар қызметіне сұранып түсетінбіз. Өйткені ол күні еркіндік бар. Басшыларымыз Руслана Құдайбергенова, Үмітжан Балтаева деген кісілер еді. Есімде, қазіргі Атыраудың ресми атауы әлі Гурьев еді. Сол кездегі радиомыздың дикторы Нұрлан Өнербаев екеуміз «Қазақ КСР Президенті Назарбаев Атырау қаласына жұмыс сапарымен барды» деп беріп жібердік. Қазақ, орыс редакциясын бірдей бақылайтын басшымыз Солдатенко дейтін Украинаның тумасы еді. Ол да бетімізден қақпайтын. Осылай іштей дайын жүрдік. Өйткені бізден басқа 14 мемлекет баяғыда Тәуелсіздігін алып кеткен. Біз азаттықтың формалды жариялануын ғана күтіп жүргендей сезімде болдық», - дейді ол.

Қазақ радиосының эфирі арқылы Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Балғабек Қыдырбек сияқты азулы депутаттардың жүрекжарды тілегі мен айбынды мәлімдемелерін елге ұсынған да осы Махат Садық.

«Олар да қатты-қатты сөйледі. Радио эфирінен бүкіл Қазақ еліне Тәуелсіздік жарияланғанын жеткізіп: «Мен тәуелсіз ел журналисімін, тәуелсіз Қазақстан қазағымын!», - деп сүйіншіледім.

16 желтоқсандағы Парламент отырысы біте салып, сол кездегі Брежнев, қазіргі Республика алаңында (Алматы қаласындағы –ред.) митинг болды. Назарбаев митинг трибунасына көтеріліп, сөз сөйледі, жанында Мұхтар Шаханов бар.

«Тәуелсіздік жарияладық Қазір ғана Түркияның Президенті хабарласты. Тәуелсіздігімізді бірінші болып Түркия қабылдады» деген мағынада сөйледі. Олжас Сүлейменов халықтың арасында сырттай бақылап қана тұрды. Мен сол кісіден барып, сұхбат алдым. Қазір Олжас ағамыз қазақша білмейді деп жүр ғой. Сол күні қазақша еркін сөйлеп, маған 3 минуттай шабыттанып тұрып сұхбат берді», - деп еске алады ардагер әріптесіміз.

Айтуынша, ол тұста радио эфирі баспасөз бетіндей қатаң бақыланбаған көрінеді. Бұл да оның еркін сөйлеуіне жол ашқан.

«Сенбі, жексенбі күндері Советқазы Ақатаев, Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев сияқты ағаларымыз университеттерге барып, дәріс оқитын. Сол кісілердің аузынан тәуелсіз ел қандай болуы керектігін, эфирде ол туралы қай тұрғыда сөйлесе орынды екенін айтып отыратын. Содан қанаттанып, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты бауырлас елдердегі тәуелсіздіктің лебін, реформаларды айтып, халықты дайындай бердік. Ол жағынан бізде еркінірек еді. Ал газеттер оған бара алмады. Өйткені тасқа басылған әр сөзді Коммунистік партияның идеологиялық бөлімі шұқшиып бақылап отырды. Бір жағынан ол кезде радиодан шыққан дүние 2 ай сақталуы керек деген қазіргідей талап та жоқ...», - дейді журналист.

Ал «КазТаг» сапында (қазіргі «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі – ред.) 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеген журналист Сара Мұстафина тәуелсіздік туралы хабарды өңірлердегі ақпарат құралдарына жолдап жатып, бойынан бір түсініксіздеу толқу байқағанын еске алды.





«1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Тәуелсіздігін алды. Әлем картасында жаңа мемлекет пайда болды. Бас шығарушы редактор Тамара Толикина екеуміз осы тарихи хабарды оқып, республиканың барлық БАҚ-тарына шұғыл түрде жолдадық. Бойымызда толқу және түсініксіз сезім болды. Үш сағаттан кейін Түркия Үкіметінен Қазақстанның егемендігін бірінші болып мойындағаны туралы мәлімдеме келді. «ҚазТАГ-тың хабарлауынша» деген белгімен жаңалық бүкіл әлемге тез тарады. Содан кейін көптеген елден осындай ресми мәлімдемелер келді. Қоғам ішінде шаттық та, аңтарылыс та болды. Зиялы қауым өкілдері атойлап кетті. Өйткені қазақ халқының азаттық туралы ғасырлар бойғы арманы орындалған еді. Біреулер КСРО-ның ыдырағанына өкініп, қапаланып жатты. Бір кездері әлемдік держава құдіретін ес тұтып өскен буын Тәуелсіз Қазақстанда қандай өзгерістер күтіп тұрғанын түсінбеді. Әсіресе, аға буын мен өзге ұлт өкілдері алаңдады. Олардың көбі бірден тарихи отанға оралу туралы ойлана бастады. Шынында да, 1990-шы жылдардың басында республикадан көптеген немістер, гректер, орыстар көшіп кетті. Алайда осында қалып, тәуелсіз Қазақстанның іргесін жұртпен бірге қалауға бел буғандар да баршылық еді», - деді Сара Мұстафина.

Тәжірибелі маман Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі, жаңа құрылымдар мен ведомстволарды құру, бірінші басшыларды тағайындау, Елтаңба, Ту және Әнұранды бекіту, өзге елдермен дипломатиялық қатынастар орнату, төл теңгені айналымға енгізу сияқты аса маңызды істердің қалай жүзеге асқанын көзімен көргенін мақтан тұтады.

«Осының бәрі халыққа біз арқылы жетті. Одан бері де 30 жыл өтті. Бүгінде Қазақстан ішкі тұрақтылықты ту еткен, дамудың бірегей моделі бар әлемдік қауымдастықтың толыққанды және белсенді мүшесі болып танылды. Біз халықаралық қақтығыстардың бітімшісі бола алатынымызды көрсеттік. Өз жерімізде жаһандық және өңірлік форумдар өткізіп, антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналық.

Ресми делегациялар құрамында және баспасөз сапарлар кезінде таяу және алыс шет елдерге жасаған сапарларым біздің сыртқы саясатымыздың қалай қалыптасқанын өз көзіммен көруге мүмкіндік берді. Әрине, Тұңғыш Президенттің сапарларынан ақпарат таратқа сәттердің орны ерекше. Оның дипломатиялық дарынының арқасында Тәуелсіз Қазақстан көптеген мемлекеттермен берік әріптестік қатынастар орнатып, жетекші халықаралық ұйымдармен өзара іс тиімді -қимыл орнатты деп санаймын.

Өткенге көз жүгірткен сайын, тым жас мемлекетіміздің аяғын нық басып қана қоймай, өз орнын ойып алуы үшін, халықты Тәуелсіздіктің уақытша емес, мәңгілік құндылық екеніне иландыру үшін ел басындағы азаматтардың жұмсаған күш-жігеріне таңғаламын. Тәуелсіздік – қазір ең негізгі әрі қастерлі құндылығымыз. Ендігі буынның міндеті – бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерді нығайту және баянды ету», - дейді Сара Мұстафина.


Автор Есімжан Нақтыбай

Дереккөз: "ҚазАқпарат"

Пікір жазу
  • Қасым-Жомарт Тоқаев: Тәуелсіздіктің отыз жылы – тұтас бір дәуір
    Тәуелсіздік жылдарында елдің транзиттік әлеуетінде қандай өзгерістер болды

    Ұқсас тақырыптар