Жаңғырған Конституция – әділетті қоғам құрудың кепілі

Уақыты: 2022-08-30 Көрлімі: 296 Сипаттама

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»Уақыт өте келе, ұрпақ ауысқан сайын Негізгі Заң да...


Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Уақыт өте келе, ұрпақ ауысқан сайын Негізгі Заң да өзгеріске ұшырап отырады. Бұл – өмірдің, заманның талабы. Дамудың басты шарты да осы – өзгеріс. Биыл 5 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысымен жалпыхалықтық референдум өткені баршаға мәлім. Конституцияның үштен бір бөлігі өзгерді. Ең бастысы әрі маңыздысы – қарапайым халық бұл өзгерістерді жылы қабылдады. Өйткені жаңарған Конституцияның негізінде Жаңа Қазақстан, ашық әрі әділетті қоғам құру деген арман-тілек жатыр.

Жаңа Конституция қабылдау ар­қылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам бас­ты. Конституцияны қабылдау ке­зін­де жүргізілген референдум егеменді елі­міздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды.

Мажар жазушысы Станислав Ежи Лецтің «Мемлекет Конституциясы азаматтың Конституциясын бұз­байтындай болуға тиіс» деген сөзі бар. Халық таңдауының еркіндігі мен қоғамда демократия тетіктерінің қалып­тасып келе жатқанын көрсеткен биылғы референдумның көздегені де осы еді. Түптеп келгенде, саяси нау­қанда белсенділік танытқан әрбір ел азаматының ортақ тілегі бұл. Ол – заңның үстемдігі мен орындалуы. Ел ертеңіне бейжай қарамайтын адам әрбір саяси өзгерістен көп үміт күтері анық. Ал бұл тұрғыдан келгенде Конституция тыныштық пен бейбітшілікке негіз болуымен құнды. Жаңа, тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық негізін қалаған Ата Заң азаматтарымыздың теңдігі мен бостандығына кепілдік беруімен, елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуына негіз болуымен бағалы. Сол себепті де Конституция күні халқымыз үшін қастерлі де ұлық мереке болып саналады.

Өткен референдум – елімізді демократияландыру жолында жасалған маңызды қадамның бірі. Әртүрлі билік институттары арасында тепе-теңдік орнату арқылы мемлекеттік басқарудың жаңа парадигмасын құрып, билік пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға жол аштық. Халықаралық талаптарға сай, адам құқығы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ, әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін нақты шешімдер қабылданды. Мұндай саяси науқан елдегі саяси бәсекелестікті арттырып, халықтың билікке сенімін арттыруға сеп болары да сөзсіз. Халық күткен Конституция осындай. Қоғамды заңсыздықтан арылтып, Әділетті Қазақстанның негізін қалайтын Негізгі Заң. Конституцияға енгізілген өзгерістерден қазақстандықтар осындай оң бетбұрыс күтеді.

Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын айшықтаған, келешегіне жол ашқан елдің ең басты құжаты жалпыхалықтық референдумнан кейін биліктің барлық тармақтарының, барлық мемлекеттік институттар қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырып, халық пен билікті одан әрі жақындата түсті. Ішкі және сыртқы сын-қатерлер күшейген сәтте референдум өткізіп, қымбатшылық алқымнан алған, әлемдік экономика әлсіреген тұста елдің әл-ауқатын жақсарту әрине, оңай шаруа емес. Дей тұрғанмен, ертеңгі күннен, жарқын болашақтан үміт үзбеген халықпыз. Конституцияны тұрақтылық пен өркендеудің сенімді іргетасы, әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігінің кепілі деп қабылдайтын халық жаңарған Ата Заңды мемлекетті одан әрі дамытып, демократия қағидаттарын жетілдіруге жол ашады деп сенеді.

Заң ғылымында «конституционализм режімі» деген термин бар. Оксфорд сөздігінде бұл атауды «Негізгі құжат туралы қоғамда қалыптасқан жағымды көңіл күй» деп түсіндіреді. Құқықтық мәдениет тұрғысынан келер болсақ, кез келген халық Конституцияға бас ұрып емес, сеніп құрметтеу маңызды дегенді аңғартады. Яғни заң үстемдігі қалыптасқан елде емін-еркін өмір сүру деген сөз. Ал халық пен билік арасындағы қарым-қатынаста өзгерістердің қажет екенін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасымен-ақ түсіндіріп берді. Бұл – халықтың билікке сенімін күшейтуде бірінші қатарда тұрған мәселе. Демек биліктің қайнар көзі – бұқара халық пен сол халықтың өкілі – билік тегістей Конституцияда бекітілген құндылықтар мен принциптерге шынайы сеніп, құрметтеуге тиіс. Тек сонда ғана елдігімізді сақтап, бірлігімізді ұстап қала аламыз.

Жалпы, еліміз конституциялық реформаға тегіннен тегін барған жоқ. Бұл қазіргі алмағайып шақта – ушығып тұрған геосаяси жағдай, қақтығыстар ошағының азаймауы, әлемдегі саяси-экономикалық тұрақсыздық, айылын әлі де жия қоймаған індет – осының барлығы бүкіл ел тағдырына, мемлекеттілік тарихына деген жауапкершілік пен замана артар ауыртпалықты биліктің барлық тармағы тең арқалауы үшін қажет. Азаттығымыздың айшықты айғағына айналған Ата Заң – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы екенін ескерсек, рефе­рендумда халықтың өзі дауыс беріп қабылдаған өзгерістер арқылы Конс­титуциямыз өркениетті мемлекеттің бар­лығына тән демократиялық қағидалармен қамтылды деп айта аламыз. Біздің де болашаққа деген сеніміміз бен ұлттық модернизацияға деген ұмтылысымыз Әділетті Қазақстанның қайнар көзіне айналған Конституцияға деген құрметтен бастау алады. Өйткені құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті ел­дерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қа­рым-қатынас қалыптастыру, ірі рефор­маларды жүргізу, демократиялық принциптерді құрметтеу бәрі-бәрі Ата Заңымыздың аясында атқарылып жатқан шаруа. Өз елін құрметтейтін әрбір азамат үшін оның құқықтық негіздері, тіпті «Конституция» деген сөздің өзі зор мәнге ие. Бұл – жай ғана адал ниеттің декларациясы емес, шынайы қызмет ететін құжат. Конституция – азаматтардың құқығы мен бостандығын, қуатты мемлекетіміздің егемендігі мен бүтіндігін сақтайтын темірқазық. Ендеше тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған Ата Заңымыздың айбыны арта берсін!

Бану ӘДІЛЖАН

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Еліміздің 2027 жылға дейінгі дамуының 3 сценариі аталды
    Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам - Президент Жолдауының толық мәтіні

    Ұқсас тақырыптар