Табыстың жаңа мүмкіндіктері

Уақыты: 2022-12-21 Көрлімі: 336 Сипаттама

Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде Google for Startups-пен бірлескен Silkway Accelerator бағ...


Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде Google for Startups-пен бірлескен Silkway Accelerator бағдарламасының екінші легі қорытындыланды. 15 стартаптың 12-сі үш айда қарқынды дамып, бағдарламадан сәтті өтті. Тіпті қазақстандық стартап-қатысушылардың бірі unicorn (табысы 1 млрд доллардан асатын компания) болуға дайындалып жатыр, деп egemen.kz порталына сілтеме жасап хабарлаймыз. 

– Silkway Accelerator жобасы­ның екінші кезеңі сәтті аяқталды. Стар­таптар үлкен жұмыс атқарды: би­знес-жоспарлары мен экспорт нарығын қайта қарастырып, жаңа клиенттермен келісімшарттар жасады, аудиторияcын кеңейтіп, кі­рістері өсті. Бағдарламаның оң нә­ти­жесі оның тиімділігін көрсетіп отыр, – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Мәселен, бағдарлама нәтиже­сінде Biometric биометриялық де­ректерді тексеретін дижитал он­бординг және KYC сервисінің айлық табысы 2 млн теңгеден 23 млн теңгеге дейін өсті.

Деменцияның бастапқы бел­гілері мен қаупін анықтайтын ней­рокогнитивті сынаққа негіз­делген myMind виртуалды клиникасы Қазақстанның ең ірі клиникалық-диагностикалық зертханасымен келісімшарт жасасты. Сондай-ақ Қырғызстанның нарығына шықты. Талдауларға түсініктеме беретін жаңа өнім, сондай-ақ офлайн-өнім жасап, екі дәріхана желісі арқылы тарату келісіміне қол жеткізді.

Дүкендер мен мейрамханаларға «сағаттық қызметкерлер» ұсы­на­тын EasyTap онлайн сервисінің құны 4 млн теңгеден 15 млн теңгеге артты, ал стартаптың айлық табысы 20 мың доллардан 40 мың долларға өсті. Сонымен қатар ком­пания штатының 19 адамнан 9 адамға қысқарғанына қарамастан, тиімділігі артып, 14 жаңа серіктес қосылды. Ал қызмет көрсету маржасы 5 пайыздан 15 пайызға дейін өсті. Қолданбаларды пайдаланушылар саны нөлдік маркетингтік бюджетпен 5 500-ден 10 мыңға дейін ұлғайған.

– Мен бірінші рет екі батчты бірінен соң бірін дайындадым. Расын айтсам, оңай тиген жоқ. Жо­баны бастап, сәтті жүзеге асыр­ған бүкіл акселератор команда­сына және министрлікке алғыс айтамын. Барлық стартап пен құ­рылтайшыларға сәттілік тілеймін. Көп еңбек етіп, үлкен жолға түсті­ңіздер. Жақсы нәтижелер мен жетістіктер тілеймін, – дейді Silkway Accelerator жүргізушісі, өнім­дерді, қыз­меттерді және ком­­панияларды әзірлеу, дамыту әрі нарыққа шығару бойынша ха­лық­аралық кеңесші Әлішер Хасанов.

Акселератор аясында Neuron Oil бағдарламалық кешенінің негізін қалаушылар сату циклін 18 айдан 3 айға дейін қысқартты, 50 мың долларға алдын ала келісім жасасты. Сәтті жүзеге асса, 450 мың долларға негізгі шарт жасалады.

Гүл өнімдерін сатып алушылар мен сатушыларды байланыс­тыратын Floboom онлайн платфор­масы акселератор кезінде АҚШ-та заңды тұлға құрып, Нью-Йорк­тегі алғашқы флористерді қос­ты, өнім­ді жергілікті нарыққа шы­ғарды.

Тұтынушыны тұрақтандыру қызметі Flowsell.me клиенттердің кетуін 8 пайыздан 4 пайызға дейін төмендетті және сатылымдарды 30 пайызға арттырды.

InStroy құрылыс-жөндеу сауда алаңы 3 млн теңгеге алғашқы сатылым жасап, тауар айналымын 30 млн теңгеге өсірді.

Акселератор кезінде «Давай сходим» компаниясы табысын едәуір еселеп, акселератордың 3 айында 141 млн теңге пайда тапты, ал алдыңғы 8 айдағы табысы небәрі 170 млн теңге болатын. Ком­панияның билет сату қызметі ай сайынғы тұрақты табысын 15 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін арттырып, медиакеңістіктен түскен табыс 30 млн-нан 40 млн теңгеге дейін өскен.

– Бұған дейін біз акселерация бағдарламаларына қатысқан жоқпыз, сондықтан біздің компания нені жақсарту керек және қалай ке­ңейту қажет деген талқылаулар болады деп ойладық. Бірақ ең бас­тысы, сананы өзгерту керек екен. Жүргізуші Әлішер ойымызды өзгерту арқылы бізге жақсы әсер етті. Жаңаша көзқарасымыз өнім­дерімізге оң әсерін тигізді. Дү­ниеге және біздің өнімге деген ойымыз бен көзқарасымыздың өзгеруі бүкіл өмірімізді жақсы ар­наға бұрады деп ойлаймыз. Ак­селератордан алған тәжірибеміз осындай. Жалпы, біз unicorn-ға ай­налмақпыз, – деді «Давай сходим» компаниясының директоры Әлішер Тойгулиев.

Silkway Accelerator бағдарла­масына қазақстандық стартаптар ғана қатысқан жоқ. Өзбекстандық Avlo.shop шағын және орта бизнес­ке арналған интернет-дүкендерді құруға көмектесетін SaaS платформасы бизнес үлгісін өзгертті. Ай сайынғы кірісті 570 доллардан 3 мың долларға дейін арттырды, сонымен қатар ірі шарттар бойынша келіссөздер жүргізе бастады.

Тәжікстандық необанк Planet9 стартапының сатылымы 0-ден 70 мың долларға дейін өсті. Ком­­пания жаңа нарыққа шығу жұмыстарын бастады және жаңа келісімшарттарға қол қойды.

Моңғолиялық Metaver микро­оқыту платформасы Silkway Accelerator кезінде Үндістан нары­ғына шықты. 400 доллар жұмсап, жалпы сомасы 3 200 долларға 800 сатылымға қол жеткізді. Ак­селе­раторға дейін стартап Фи­липпин нарығында бақ сынап көрген еді, алайда 8 мың доллар жұмсағанымен, бір сатылым да болмаған.

Әзербайжандық Metatesk білім беру платформасының айлық табысы 4 мың доллардан 18 мың дол­ларға, студенттер саны 200-ден 260-қа өсті, сондай-ақ Қытай на­ры­ғына шықты.

– Бұл бағдарламаға қатысу біз үшін керемет тәжірибе болды. Мен барлығына осы акселераторға қатысуға кеңес беремін. Бұл – өнімді әзірлеуден бастап басқару кезе­ңіне дейін түрлі тақырыпты қамтып, жұмыс тәжірибесін жи­наудың біре­гей мүмкіндігі. Қытай­дағы са­ту көлемін ұлғайту­мен қатар, біз АҚШ пен Африкаға шығуды көз­деп отырмыз, – деп жоспарымен бө­лісті Metatesk директоры Гюнай Иманзада.

Silkway Accelerator бағдар­ламасының екінші легі биыл 2 қыркүйекте басталып, оқытудың бірінші легіндегідей Астанада офлайн тәртіпте өтті және үш айға созылды. Акселератор қаты­сушылары тәлімгерлікпен қатар, Astana Hub маңында тегін бас­пана мен жұмыс орнына ие болып, Seed Money бағдарламасы бойынша 55 мың долларға дейін қаржыландыруға мүмкіндік алды.

Еске салайық, биыл Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­­ғарыш өнеркәсібі министр­лі­гінің қолдауымен Astana Hub тех­нопаркі Google for Startups бағ­дар­ла­масының Орталық Азиядағы бірін­ші серіктесі атанды. Биыл­дың өзінде бағдарламаның екі легі сәтті аяқталды. Оған Орта­лық Азия елдерінен, сондай-ақ Әзер­байжан мен Моңғолиядан стар­таптар қа­тысты.

Google for Startups – 2011 жылы Google корпорациясы іске қосқан стартап бағдарламасы. Ол 125 елдегі 50-ден астам коворкинг пен акселератордан тұрады және бизнесті жаңа бастаған кәсіп­керлер үшін практикалық сабақтар ұсынады.

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір жазу
  • Елімізде блокчейн мамандарын даярлайтын ауқымды бағдарлама іске қосылмақ
    Қазақстан мен Өзбекстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

    Ұқсас тақырыптар