«Тамырының» арқасында тірі қалған...

Уақыты: 2021-03-04 Көрлімі: 97 Сипаттама

Бала кезімде анамның дастар­қанға шашылған нан қоқымын алақанымен сыпырып-сиырып жи­­...


Бала кезімде анамның дастар­қанға шашылған нан қоқымын алақанымен сыпырып-сиырып жи­­нап алып, жейтін әдетіне таң­ғалатынмын. «Нанның кепиеті атпасын» деп бізді де нанды қадірлеуге үйретіп отыратын. Сон­дайда «Сен­­дер ашаршылықты көрген жоқ­сыңдар, көрмей-ақ қо­йың­дар. Біз­дің көргеніміз жетер. Бірақ сендер оны білуге тиіссіңдер.

Жұрт­тың ет-сүтімен күн көріп отыр­ған азын-аулақ малын үкімет адамдары күш­пен тартып алып кеткен соң талай адам тойып тамақ ішпек түгіл, бір үзім нанға зар болып, аш­тан өлді. Даланың шөбін жеп, денесі көкпеңбек болып көгеріп ісіп өлген кісілерді көзім­мен көрдім. Оларды мұсылман жо­лымен жерлеуге де жағдай болмай,­ зираттың маңынан ор қазып, мәйіттерді сонда апарып тастайтын... «Нанды ба­сып, Құранды алуға болмайды. Құ­ранды басып, нанды алуға болады»­ деген сөз сондай нәубет заманнан қалған болар...» дейтін. Оның кө­зіне жас үйіріле айтқан сөзіне құ­лақ асып, мен де ас атасы – нанды­ ерекше қадірлейтін болдым. Кө­ше­де біреулер жерге лақ­тырып тас­таған нанды көрсем, аяққа бастырмау үшін көтеріп  алып, биіктеу орын­ға қойып, тарихтан тағылым ал­ма­ған, бар мен жоқтың бағасын біл­мей­тін тоғышар жандар үшін Алла таға­ладан кешірім сұрап жүре­мін.

Бірде шешемнен «Жұрт аштан қы­ры­лып жатқан уақытта сіздер қа­­­лай тірі қалдыңыздар?» деп сұра­дым.

«Ол кезде мен жаспын. Сырымбет ауы­лында тұрдық. Отбасында он шақты адам бармыз. Бәйкен аға­тайым­ның Саумалкөл ауылында бір «тамыр» орысы болды. Соның көме­гінің арқасында тірі қалдық», дейді апам. «Қалай?» деймін мен білуге құш­тарланып.

«Сырымбет пен Саумалкөлдің арасы төтелеп жүргенде шамамен жиырма бес шақырымдай жер. Апта сайын бір күні іңір түскенде Бәйкен ағатайым мені қасына ертіп алып, жаяу жолға шығамыз. Қайда кетіп бара жатқанымыз жайлы ешкімге тіс жармаймыз. Бес-алты сағат жүріп, түн ортасында ағамның Николай «тамы­­рының» үйіне шаршап-шал­дығып әрең жетеміз. Ол әйелі екеуі бізге бәйек болып, дастарқан жайып, борщын беріп, шай ішкізіп, халымызды біліп, ағаммен әңгіме-дүкен құрып жатады. Біз сол үйде біраз әл жиып, тынығып аламыз. Содан кейін Николай ағамның қолындағы екі қапты алып, үйінің ішінен қазылған «погреб» дейтін қоймасына түседі. Қап­тарға  бидай мен картопты лық тол­тырып алып шығып, ағамның қолына ұстатады. Ол «тамырына» ал­­ғысын жаудырып, қаптың үл­кенін өз иығына салып, кішісін ма­ған береді. Сосын  екеуміз келген ізі­мізбен кері қайтамыз. «Ауылға таң білінбей жетуіміз керек, Рахима. Жарықта аш адамдардың көзіне түсіп қалсақ, құримыз. Бәрі жабы­лып, қолымыздағы қабымызды тар­тып алып кетеді. Сондықтан қат­ты жүруімізге тура келеді», деп ес­кертіп, өзі алға түседі. Сөйтіп тас қараңғыда шоқ-шоқ ағаштың ара­сымен, жүгіре басып, арасында сәл ғана тоқтап, ентігімізді басып аламыз. Әйтеуір, «өлдім-талдым» дегенде ауылға жетіп жығыламыз. Содан кейін сығырайтып қана шам жағып, үйдегі үлкен кісілер мен балаларды оятып, әкелген бидайымыздан дәм татырамыз. Картопты ертеңіне жұртқа көрсетпей пісіріп, тығылып отырып жейміз. Осылай бір үйлі жан аштықтан аман қалдық.

Бәйкен ағатайым Николай «тамырымен» өле-өлгенше дос болып, керемет сыйласып өтіпті», деп әңгімесін жалғастырушы еді апам. 

Бір өкініштісі, анам Бәйкен аға­­­сы­ның «тамырының» тегін сұра­ма­ған екен. Солтүстік Қазақстан об­лысының Айыртау ауданының орталығы болған Саумалкөл ауылында Николай есімді адамдар аз бол­мағандықтан, олардың қайсысы наға­шымның «тамыры» екендігін және одан қалған ұрпақ бар-жоғын біле алмадым. Әйтпесе, бір қазақ отбасының аман қалуына шарапаты тиген сол бір қайырымды адамның өзі бүгінде бұл дүниеде болмаса да, соңында қалған тұяғына барып сәлем беріп, көкейімде бала күнімнен жүр­ген шынайы алғысымды білдіру па­ры­зым еді...

Кейін Петропавл қаласында қыз­­­метте жүргенімде сыйлас аза­­мат­­тар­дан ата-аналарының ашар­шылық жылдарында қалай аман қал­ғандығын сұрап біліп жүрдім. Сөйтсем олардың көбінің әке-ше­шесі немесе ата-әжесі  менің анам сияқ­ты «тамырларының» көме­гі­нің арқасында қорек тауып, тірі қал­ған болып шықты. Өз әуле­тінің Қы­зыл­­жар өңіріндегі орыс дос­та­ры­ның қамқорлығымен жан сақ­та­ғанын айтқан тарих ғылым­дары­ның кандидаты Сабыр Ибраевқа осы тақырыпты жан-жақты зерттеу керек­­­тігі жөнінде ұсыныс айтқаным да жадымда.

Шынында да, сонау ашаршылық жы­л­дарында еліміздің солтүстік өңір­­­­­­леріндегі қазақтардың біразы өз «тамырларының» жәрдемімен жан­ сақтап қалғаны анық. Ал өзім туып-өскен ауылдың біраз тұрғыны бай­лар­дың мал-мүлкін тәркілеу ке­зін­де іш жаққа Ресейдің Түмен облы­сындағы қалың орыстың арасына барып, бас сауғалаған ағайын­дарының қасына барып, аштықтан әупірімдеп құтылған.

Бұл халқымыздың елеулі бір бө­лігі аштан қырылған, қайғы-қасі­ретке толы, қолдан жасалған ашаршылық тарихының шеті шығарылғанымен, әлі толық ашыл­маған беті іс­пет­ті. Елі­міздегі әртүрлі этнос өкіл­дері сол нәубет кезінде ежел­­гі достығы мен сыйластығына дақ түсірмей, бір-біріне шынайы жана­шыр­лықпен көмек қолын соз­ғандығы ұмытылмас ізгілік көрінісі, бүгінгі және келер ұрпақтар жадында мәңгілік жаңғырып тұрар жақсылық. Тек соны тарихшыларымыз терең зерттеп, зобалаң замандағы зұлымдыққа қарсы тұр­ған қарапайым адамдардың биік адам­гершілігін, достыққа адалдығын жар­қын құбылыс ретінде жан-жақты ашып көрсетсе, құба-құп.


Кәрібай МҰСЫРМАН

 Дереккөз: egemen.kz


Пікір жазу
  • Өзгеге ұқсамайтын өмір
    Төл теңгенің тарихы

    Ұқсас тақырыптар