Түркияда бас сауғалаған «Түркістан легионы» қазақтары

Уақыты: 2023-01-16 Көрлімі: 897 Сипаттама

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының зерттелме...


Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының зерттелмеген тұстары өте көп. Соның бірі – «Түркістан легионы». «Түркістан легионының» әскерлеріне немістер тарапынан Үлкен Түркістан мемлекетін құру уәде етіледі. Сонымен қатар оның құрамына Орта Азия, Башқұртстан, Еділ бойы, Әзербайжан, Солтүстік Кавказ, Шыңжаң өлкесі қосылады деп жоспарланады.

«Түркістан легионы» «Шығыс легио­нының» құрамында болды. Оған: Армян, Әзербайжан, Солтүстік Кавказ, Грузин, Эстон, Латыш, Түркістан легиондары кірген. Бұл ұлттардың барлығына Германия басшылығы өздерін жаулаушы емес, кеңес өкіметінің озбырлығынан азат етуші ретінде ниеттерін айта келіп, болашақта жеңіске жеткеннен кейін әр ұлтқа өз автономиясын құруға рұқсат беріп, билікті де өз қолдарына бе­ру­ге үміттендірген. Осындай фактор көп­теген кеңес жауынгерлерінің тұт­қын­ға түсуі және соғыс аяқталған соң ота­нына қайтпай қалуына себепші болды. Кейбір деректерде кеңес одағы жа­ғынан 3,9 млн адам соғыс тұтқыны болды деген дерек бар. Соның ішінде архив құжаттары 6700-і қазақ тұтқын болған дейді.

* * *

Соғыс аяқталған соң тұтқындардың дені «Отанына сатқындық жасады» деген желеумен жазаға тартылды. Көбі атылды, біразы 25 жылға сотталды. Жоғарыдағы легионда болған қазақтар арасында туған жеріне оралмай шетелдерге бас сауғалап кеткендер де бол­­ды. Солардың ішінде – соғыстан ке­йін Түркияның оңтүстігіндегі теңіз жа­ғалауы аймағына орналасқан Адана қа­ласына бас сауғалап барған бес қазақ азаматы бар.

Олар: 1. Ислам Керей (Шайқысіләм Ләтіпов) Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы Жетіүй ауылынан. 2. Яхия Қазбек (Жақия Қошқынбаев) Павлодар облысы, Железин ауданы Жаңаталап ауылынан. 3. Халық Орал (Төлеп Халелов) Ақтөбе облысынан. 4. Қашим Балқаш Қарағанды облысынан. 5. Зейнел Әбиден (Зейнелқабиден Шауышов) Қызылорда облысынан екенін білдік.

ис

Осылардың арасында – Ислам Керейге (Шайқысіләм Лә­­тіпов) тоқ­талар болсақ, 1942 жылы соғысқа аттанып, неміс­тер­дің тұтқынына түседі. Содан «Түркістан легионы» сапынан бір-ақ шығады. Туған-туыстары бұған дейін «хабарсыз кетті» деген мәліметке сеніп келген. Тіп­ті аудандық май­дангерлер ті­­зімінде де осы­лай деп тұр. 1969 жылы ойда-жоқта жо­ғал­ған жауынгерден хат келеді. Ол хатта, Шайқысіләм өзінің тірі екенін және Түркияның Адана қаласында тұрып жатқанын баяндапты. Ал мына жақтағы туыстары да хат жазғанымен, түркиялық бауыры «сендерге зияным тиеді» деп, хат-хабар алмасуды саналы түрде доғарған. Арада біршама уақыт өткенде 1974 жылы Түркиядан «әкеміз қайтыс болды» деген хабар келген. Хабар алған елдегілер жылқы сойып ас беріп, жаназасын шы­ғарған.

Осылай бес қазақтың бірінің дерегін тапқан соң, қалғаны туралы мәліметті іздестіре бастадық. «Бармысың, бауырым» мен ресейлік «Жди меня» бағдарламасына сұрау салдық. Нәтиже шықпады. Іздестіру барысында екі жыл бұрын сол кездегі Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлына хабарласып, қазақ диаспорасы арасына сұрау салдық. Елші Адана қаласында қазақ диаспорасы жоқ екендігін айтып, бірақ Түркиядағы қазақ диаспорасының басшысы Ерол Иелджиға хабарласуымызды айтты.

Дереу Ерол Иелджиге хабарласып біраз ақпарат білдік. Оның айтуы бо­йынша, Түркиядағы қазақтар арасында соғыс тұтқындары жайында естіген. Сөйтіп Түркия қазақтарының чаттарына шықтық. Табандап іздестірудің арқасында бізге түркиялық Айғұн Қазбек деген адам хабарласты. Бұл кісі Ислам Керейдің өмірлік досы Жақия Қазбектің баласы екен. Айғұнның айтуынша, Адана қаласына жеті жігіт келген. Бесеуі қазақ, қалған екеуі: Әли Чефик деген тәжік пен Мұхаммед Шариоғлы есімді өзбек.

– Сіз іздеген адам ол менің әкемнің жан досы, қайтқанына тоғыз жыл болды. Ол кісі өлерінде маған «елдегі туыстарымды тауып осындағы бала-шағаммен табыстыр» деп аманат айтқан еді, – деді Айғұн Қазбек. Сөйтіп Ислам Керейдің балалары елдегі туыстарымен байланысып, адасқан ұрпақ бір-бірімен табысты. Жарықтық атамыз ұрпағы ұмытпасын деп өз руын фамилия қылып алған екен.

Түркияға барған бес қазақтың ішін­де, ескіше – жаңаша хат танитыны Жақия Қазбек екен. Бұл кісі өзі­нің ата-тек шежіресін және бастан кеш­кен оқиғаларды жазып кетіпті. Осы жазбада, соғыс аяқталған тұста бірі­нің аяғы, бірінің қолы жоқ жеті жігіт Түркияның Адана қаласына тап бол­ғаны, тағдырдың қалауымен осында тұрақтап үйлі-баранды болып өмірлерін жалғастырғаны туралы айтылыпты.

* * *

ьь

Ислам Ке­­­­рей­­­­дің­ туыс­­­та­­рын ұрпа­ғы­мен табыс­тыруға ат­са­лыс­қан аза­мат Ай­ғұн Қаз­бек өз әкесі Яхия­ Қа­зы­бек­тің ­туыс­та­рын та­уып бе­руін өтін­ді. Бұған да «мақұл» дедік. Әуелі, бұл кісінің руы уақ екенін біліп алдық. Яхия Қазбек атамыз (Жақия Қошқынбаев) Павлодар облысы, Железин ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Айғұнның айтуынша, әкесі майданға Алматыдан шақырылған екен. Бір қызығы, әкесі жинақтап қалдырған қағаз құжаттардың ішінде «Павлодар облысы, Үрлітүбі ауданы» деген жазу бар боп шықты. Павлодарлық уақ руының өкілдерімен хабарласқанымызда, жазбадағы Үрлі­түбі ауданы бүгінігі Железин ауданы екенін білдік. Яғни соғысқа дейін Же­лезин атауы Үрлітүбі ауданы деп аталған.

Яхия Қазбек­ (Жақия Қош­­қын­баев) со­­­ғыс­қа кетер ал­­­дын­да қыс айын­да үй­лен­ген екен. Со­ғыс­­қа жаз айын­да аттанған. Жал­­­пы, Жақия Қош­­қынбаев өте сауат­ты, білімді адам болған. Ұлына қал­дырған жазбаларына қарап отырып оның өлең шығарған ақын екендігін, шежіреші екендігін байқауға болады. Өмірін естелік қып жазып кеткен. Онымен қоймай баласына «Қазақстанда туыстарың бар, тауып ал» деп үнемі айтып отырған.

Біз іздестіру нәтижесінде, Яхия Қаз­бек­тің қызын таптық. Ол кісі Пав­ло­дарда тұрады екен. Бұл іске қалалық Батыр Баян атындағы қордың адамдары көмектесті. Яхия атамыздың әйелі жарын өлдіге санап одан қалған жалғыз тұяқ қызын мәпелеп өсірген. Өйткені ауылға «ол кісі өлді» деген хат келген.

Жақсы хабар құлағына тигенде Айғұн Қазбек мырза қатты қуанды. Дереу Қазақстанға ұшып келді. Сөйтіп өмірі көрмеген апалы-інілі бауырлар көрісіп, сағыныштан мауқын басып бір жасап қалды. Бірақ бауырымен табысқан апа сол түні о дүниеге аттанып кете барды. Бұл әрі аянышты, әрі тағылымды тағдыр еді.

* * *

пр

Үшінші тағ­дыр иесі – Халық Орал. Ол кісіні «Орал» атымен іздестірдік. Қа­зақстанда он­дай тау, қала, өзен атаулары бар бо­лып шықты. Ба­лаларынан осы­ның қайсысы ата­ла­рыңыз деге­ні­мізде, олар «Орал тауы» деп айтты. Қазақстанда Орал тауы Ақтөбе және Ресейдің Орынбор облысының жерінде орналасқан. Іздеуді Ақтөбеден бастадық. Екі аймақтың архивтеріне сұрау салғанымызда, бір жұма ішінде Ақтөбе облыстық архиві барлық құжаттарды тауып берді. Ақтөбе облыстық архивінің басшысы Марат Төлебайұлы біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырмай, қызметкерлеріне тапсырма беріп, зерттеуіміздің жылдам жүруіне жағдай жасады.

Халық Орал аға­мыздың қы­зы жет­пістен ас­қан кейуана Германияда тұ­рады. Осы кісіден әке­сі­нің тегін сұра­ға­нымызда әке­сінің әкесі Ха­лел, шешесі Зей­неп деп айтқан. Ақыры бұл кісі Халелов Төлеп болып шықты. Руы – тама. Мұндағы құжаттарда, ол кісіні сыртынан 25 жылға бас бостандығынан айырған. Туыстарын іздестіріп жатырмыз.

«Түркістан легионы» тарихының айналасында айтылмаған дүние көп. Оны зерттеп, бағасын беру – біздің міндетіміз. Қалған төрт адамның тағдыры туралы айтатын болсақ, қырғыз өз еліндегі туыс­­тарын тауып ертеден араласқан екен. Тіпті Ош қаласына мешіт салдырған. Бір байқағанымыз қазақтан басқаларына кеңес өкіметі жеңілдік танытты ма екен деген сауал туындайды. Қалған қазақтың тағдыры әлі зерттеліп жатыр.

 

Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ тарих докторанты

Дереккөз: Egemen Qazaqstan

Пікір жазу
  • Болмысы – ғылым даналығы
    Алаш орда және Шығыс Түркістан қазақтары

    Ұқсас тақырыптар