Құлдық құлықтан қашан құтыламыз? Немесе «Көпшілікке түсінікті болу үшін...» делінетін түсініксіз ә

Уақыты: 2018-10-31 Көрлімі: 203 Сипаттама

Тіл туралы айтылмай, жазылмай жатқан жоқ. Заң, бағдарлама, қаулы, тапсырмалар бәрі-бәрі...

20170709164813617_big.JPG

 

Тіл туралы айтылмай, жазылмай жатқан жоқ. Заң, бағдарлама, қаулы, тапсырмалар бәрі-бәрі бар.  Бірақ өніп жатқан іс шамалы. Биліктегі зиялы топ, технократтар, бизнесмендер, ғылыми қауым ортасында алға жылжу көрінбейді. Әрине, оған әсер етіп отырған себеп, салдарлар жеткілікті. Меніңше, осындай салдарлардың бірі бізде қалыптасып отырған «Көпшілікке түсінікті болу үшін» дейтін сөз. Басында бұл ұғымға мен көп мән бермеген едім. Енді-енді түсіне бастағандаймын. Бақсам: бұл - орыс тілінің де, қазақ тілінің де мүддесін  қорғау емес, қазақ тілінен мақұрым ағайындарымыздың өз ана тілін білмейтіндігін жасырып қалу үшін жасап алған бет пердесі екен.

Бірде қатысуыңыз қажет деген соң, Абай атындағы опера және балет театрына барсам, мұғалім, ғылым қызметкерлерінің съезі өтіп жатыр екен. Мінбеге айтулы бір университеттің ректоры көтерілді. «Менің қазақша сөйлеуіме де болар еді, бірақ көпшілікке түсінікті болу үшін орыс тілінде сөйлей берейін»,- деді де, ол айтарын басынан аяғына дейін орысша баяндап шықты.

1998 жылы Тараз қаласында М.Х. Дулати тағылымына арналған халықаралық ғылыми конференция өтіп жатты. Конференцияның секциялық бір бөлімінде, ортамызда ала бөтен ешкім жоқ, 30-40 қазақ бас қоса қалыппыз. Жүргізуші қазақ: «Бұл - бір тәуір әңгіме болайын деп тұр. Көпшілікке түсінікті болу үшін орысша айта береміз бе?» - деп конференцияның тізгінін орысшаға бұрып жіберді.

Қазір марқұм болып кеткен белгілі ғалымның 80 жылдық мерейтойына арналған жиын жүріп жатты. Бөтеннен ешкім жоқ. Сөз қазақша басталды. «Іске сәт» деп отырғанымда, қазақ тілін әжеп-тәуір жақсы білетін әйгілі заңгер ғалым мінбеге көтеріліп, «Марқұмды қатты сыйлап өткен адамның бірімін; сөзім марқұмның бала-шағасына түсінікті болу үшін орысша сөйлейін», деп әңгіменің басын орысшаға бұрды да жіберді. Авторитет қалай жүрсе тобыр  солай төңкерілетіні белгілі.

Және  бір  кішігірім  конференцияда шамалы адам бас қосып қалыппыз. Сөйтсек, ішмізде орыс ұлтының бір өкілі бар екен. Белгілі ғалым ағамыз мінбеге көтерілді де, «О, парадокс! мүнда қадірменді Б.С. отыр екен ғой. Ағайындар, кешіріңіздер, Б-н С-евичке түсінікті болу үшін мен орысша сөйлейін»,деп тартты да кетті. Бақсам, парадокстың көкесі бұл емес екен. Дастарқан басында 10-15 адам бас қоса қалыппыз. Ішімізде бөгде ұлт өкілінен екі адам бар. Оның бірі қазақ тіліне сарнап тұр. «Ал, ақсақал, бата-өзіңізден», деді бір жігіт төрде отырған ғалым ағамызга қарап. Ақсақал қол жайып: «Так, значит, во-первых, всем удачи, нам жилось хорошо. Екіншіден, не дейміз, мир на земле, бақыт болсын барлығымызға. Аллаху акбар!»-деді. Барлығымыз «Әмин» дедік. Ойланып қалдым. Сонда қалай, бүл кісі қазақша білмей ме, жоқ елде берген батасы орыс халқының бір өкіліне түсінікті болсын дегені ме? Жанымдағы адамнан сұрап: «Ана ағайдың қазақшасы осы ғана ма, жоқ әлде...», - дей беріп едім, «Жоқ, ол кісінің қазақша бір баталығы бар. Көпшілікке түсінікті болсын дегені ғой»,деді қанаттасым. Бұл жауап мені терең ойға қалдырды.

Көп жылдарға жалғасқан бодандық, одан кәменестік тобыршылдық, басқаға бағыныштылықтың салдарынан ұлттық немқұрайдылық пайда болды. Ұлттық принциптердің арқан жібін босатып алдық. Қайсыбір қазақ жаттың бір тәуір адамын көрсе, кішірейіп жалбарына қалады; ал өзінің белгісіз қара қазағының алдында кекірейіп, ірілене түседі. Тіс қаққан қазақтың көпшілігінің санасында «Әлемде Кремльден берік қамал, Москвадан үлкен қала, ЗИЛ-ден күшті машина, орыс тілінен қуатты тіл, орыс әскерлерінен асқан қаһарлы армия жоқ» деген сенім қалыптасқан. Мұндай психология «Құдай-ау, орыстікінің жанында біздікі немене? тәйірі» делінетін құлдыққа итермелейді. Ұлтының тілін білмейтіндерді ұлт серкесі санайтынымыз, олар бір-екі ауыз қазақша сөйлесе, марсиып қуанып қалатынымыз – осынау құлдық психологияның салдары. Әйтпегенде ұлт өкілінің өзінің ұлттық тілінде ауыз ашқанына мәз болу деген – ол әлемдегі тек қазақы құбылыс.

Иә, тәуелсіздікке қол жеткізген он жылда көптеген мәселенің сеңі бұзылғаны рас. Бірақ тіл төңірегінде өзгеріс шамалы болып тұр. Осы мәселенің кейбір себептеріне тоқталып көрелік.

1. Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Қазақстан республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп жазылған. Бұл тіл мемлекеттіктің басты нышандарының бірі деген сөз. Айталық, осындай белгілер болып табылатын мемлекеттік шекара, елтаңба және гимнді бұзұға, олардың түр-тұлғасын, мағынасын өзгертуге, тіптен заңда көрсетілгеннен өзгеше анықтама жасауға тиым салынады.

Ал қазақ тілінің мемлекеттік статусы үнемі бұзылумен келеді. Өйткені оны бұзұга жол беріп отырғандар қарапайым халық емес, сол заңды жасағандар, оның орындалуын қадағалауға міндетті, субъект тұлғалардың өздері. Қазақстанның бүгінгі өмірінде мемлекеттік тілді білмей тұрып-ақ мемлекет ісін басқара беруге толық мүмкіндік бар. Өйткені орыс тілінің басымдылығы Қазақстанның информациялық кеңістігін - де 9:3, мемлекеттік ресми ортада 9:4 есебінде.

2.  Орыс тілінің статусына байланысты ҚР Конституциясында:  «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады, - делінген. Бірақ бізде әлі күнге дейін «мемлекетгік тіл» мен «ресми тілдің» статустық аражігі жайлы заң жүзінде толық анықтама жоқ. «Мемлекеттік тіл» деген - абстракция, ал «ресми түрде қазақ тілімен тең» дегені нағыз іс (реал) сияқты көрінеді. Мемлекеттік деңгейдегі ресми баяндамалар, Сенат,  Парламенттің сессиялары да орысша жүре береді.

Өз басым басынан аяғына дейін қазақша жасалған ресми бірде-бір баяндама көрмедім. Барлығы да қазақша бір-екі ауыз бисмилласын айтады да, «көпшілікке түсінікті» тілге көшіп кетеді. Бұл жағдайда орыстілді ағайындар да әбден үйреніп алды.

3.  Жоғарыда айтқанымыздай, ұлттық немқұрайлық психология ел, ұлт санасында елеулі өзгеріссіз қалып отыр. Славяндық өркениеттің тасы басым. Сөйте тұра Қазақстанның қазіргі ұлттық тіл, мәдениет саясатына  бетпе-бет қарсы келіп отырған славяндар емес, орыстанған және орыс-славяндықтың сойылып соғып жүрген өзіміздің қазақтар. Олар қазақтың тіл, мәдениетінің өркендеп, қанат жаюына өлердей қарсы. Сырт көзге олар орыстардың мүддесін (орыстар оңдай қорғауға мәжбүр емес) қорғағансиды. Бірақ іс жүзінде өздерінің бас мүддесі үшін орыс тілдік ортаны сақтап қалғысы келеді. Әрине, ортамызда қазақ руханияты үшін күресушілер баршылық. Бірақ Г.Бельгер тауып айтқандайын, оларда қисынсыз қызыл сөз көп, іс-қимыл аз, басқаны өзіне тартуға қуатсыз. Сондығынан болар, олардың көп әңгімесі «жабылған қазан астында» қала береді. Баяғыда Абай сынаған қазақы бос сөздік қазақты алға бастырмай-ақ келеді: аз біле түра көп сөйлейміз: аз іс бітіре тұра жапырып тастадық дейміз. Бөгделер қазақтың өз айласымен өзін оңай-ақ қолға түсіре береді. Бұл да ойланарлық жай.

Тіл төңірегінде тек Президенттің өзінің және кейбір жазушы, журналистердің ғана жан айқайы естіледі. Егер көп болып қолдамаса, билік басындағылар ынта танытпаса, тілдің пәрменін көтеруге Президенттің тек бір өзінің қамқорлығы жеткіліксіз. Бүгін қазақ тілінің дамуында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай қарқын жоқ. Желтоқсаннан жаңаша бастау алған ұлттық сананың ыстығы басылып, қоғам өмірі бәз-баяғы сабасына түсе бастаған. Осыған орай тіл мәселесі де саясаттың төтенше нысанасы болудан қалып бара жатқандай сезіледі. Бүйте берсек, қазақ тілі мәселесі ағылшын тілінің ықпалында қалған үндіс тілі сияқты орыс тілінің көлеңкесінде мәңгіге қальш қоюы мүмкін. Мен орыс тіліне қарсы емеспін, қазақ тіліне немқұрайды қараушылыққа, оның пәрменін әлсіретуге бағытталған саясатқа қарсымын. Соңғы кезде «Қазақ тілін үйренуге мүмкіндік жоқ» деген желеумен мемлекеттік тілдің статусын орындауды кейінге қалдыра тұруға бағытталған ағым пайда болды. Кейбіреулер «Тіл бір ұрпақтың мәселесі емес» делінетін лозун көтеріп жұр. Бүгінгі орыс тілді зиялы қауымның балалары кеше орысша білім алса, бүгіндері немерелері орысша және ағылшынша тіл сындыруда. Көзі тірі үш буынның жүрегіне дарымаған қазақ тілін қай ұрпағы үйренбекші?! Парламенттің жетекшісі Ж.Түяқбай «Жас алашқа» берген сұхбатында: «Қазір қазақша білмейтін қазақтардан қазақша білмейтін балалар туып, өсіп жатыр. Бұдан артық қандай трагедия керек сізге? Қазақша сөйлеуді үйретеміз-ау, оларға қазақша ойлауды қайтып үйретеміз десеңізіш?!»-депті. Дұрыс-ақ.

Қазақ қазақ болуы үшін оның әрбір өкілі Қазақ елі деген дербес мемлекет барын, өзі сонда өмір сүретіндігін ұғып, осы республиканың әлеуметтік болмысы, интеллектілік ақыл-ой, менталитеттік бет-бейнесінің жеткен жері бұдан былай ең әуелі осы ұлттың жетістігімен есептелетіндігіне көз жеткізу қажет. Қоғамда қазақ деген рухани басымдылық пайда болмай, қазақ тіліне деген қажеттілік тумай, еш нәрсе өзгермейді.

Мұндай қажеттілікке жеткізетін бірінші әлеуметтік орта болса, екіншіден тіл мәселесіне жауапты ұйымдар. Меніңше, олар әзірге қажырлы іс тындырмай отыр. Саяси және ғылыми-техникалық атаулар кенже қалып бара жатқан сияқты. Ұлттық тіліміз орыс тілінен сөзбе-сөз аударылып алынған шалажансар сөздермен былғанып барады. Оның өзі жоғарыдағы тіл институттары арқылы емес, телеарналардағы қазақ тілді хабарлар, қазақша газет, журналдар арқылы келіп жатыр. Мысалы, соңғы кезде қазақ тілінде: толыққанды (полнокровный), ыстық нукте (горячая точка), өлі нукте (мертвая точка), жауапсыз доп (безответный гол), ірі муйізді мал (крупный рогатый скот), тағы осы сияқты сөзсымақтар еніп кетті.

Қазақ толыққанды өмір сүру, толыққаңды ел демейді: «Адам сияқты өмір сүру», «Ел сияқты ел» дейді. Ыстық нүкте емес – «от ошағы» немесе «отқа оранған өлке», өлі нүкте емес – «сең бұзылды» немесе «көш түзелді», жауапсыз доп емес – «қарымтасыз доп», ірі мүйізді мал емес-«ірі қара мал» демей ме? Мұндай мысал көп-ақ. Бірақ осының бәрін парақтап, парықтап отырған кім бар?

Бұл - қазақ тілінің орыс тілімен шек қарыны араласып, кіндігі бірігіп кеткенінің белгісі. Мұндай жағдайдан құтылып, ана тіліміздің пәрменін арттыру жолын жуықта ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жазған мақаласында профессор Рабиға Сыздық дұрыс пайымдайды. Біз әуелі кириллицалық қазақ әліпбиіне өзгертулер жасау дегеннен гөрі латын әліпбиіне көшу арқылы кириллицамен алфавиттік кіндігі бірліктен басымызды ажыратып алғанымыз жөн. Бұл өмірдің өзі тудырып отырған басы ашық мәселе. Оған тас бөгет болып отырған тек славяндыққа құдайдай табынатын бәз-баяғы психология. Мұндай психологияның түлектері «орыстың астында тұншығып жатып, бізді батыстан құтқара гөр, жаратқан ием!» деп байбалам салуда. «Қазақ әдебиеті» газетінің № 48 санында жазған мақаласында Орынбай Оралбеков деген мырза: «Латын әрпіне көшсек, кеше мен бүгіннің сабақтастығы үзіледі» деп сақтандырады. Сонда қалай, қазақтың тарихи сабақтастығы кириллицаға көшкен 60 жылмен ғана есептелмек пе? Жоқ, Оралбеков мырза, ұлтыңыздың нағыз жанашыры болсаңыз, Қазақ деген халық Русь жұрты сонау Дунай, Обь бойына ілінбей тұрғанда-ақ қала салып, қыш қашап, өлең жазып, жыр жырлаған халық екенін еш ұмытпағаныңыз абзал.

Әлемде осыған дейін кириллицаны өз еркімен ресми түрде қабылдаған екі-ақ мемлекет (СССР және Болгария) болғанын ұмытпаған жөн. Ал бұрын КСРО құрамындағы және оның одағында болған кейбір елдер коммунистік саясаттың ықпалымен кириллицаны қабылдады. Бүгін әлем өркениетінің биігіне шыққан негізгі елдер латын әрпін қолданады, әлемдік информациялық ағым сол әріпте жүріледі. Бізбен кіндігі бір түркі халықтары латынға көшіп жатқанына неге мән бермеске?! Электрониканың алыбы Жапонияның халықаралық терминдерді латын тілінде беретінін, алып Қытай мұндай жағдайда транскрипция қолданатынын неге ескермеске?! Латын әрпіне негізделген транскрипцияға сыймайтын сөз бар деп айтып көріңіз; керісінше ірі-ірі ұлттардың өзі басқаға түсініксіз-ау деген атауларын латын әрпімен транскрипциялап жазады.

Әрине, қашанда әрбір істің басталуы қиын. Бірақ бастайтын істі бастамау – одан да үлкен қиыншылық әкелуі ықтимал. Сондықтан, менің ойымша, латын әліпбиіне көшу мәселесін аса кейінге қалдырмау қажет. Бастапқы кезеңде екі әліпбиді де (кириллица және латын) қатар қолданып жүре беруге мүмкіндік бар. Ұлттың құнды дүниелерін келер ұрпақ ертең өзі-ақ жалғап алып кетеді. Ал оған татымайтын дүниелер онсыз да көшке ере алмайды. ТМД шеңберіндегі барлық жаңалыққа көшбасшы болып келе жатқан президентіміз бұл салада да бізді көштен қалдырмас деп сенеміз.

Енді «көпшілікке түсінікті тілде» сөйлеп, қазақ тіліне есе бермей келе жатқан жайдан қалай құтылу жолдарына тоқталайық. Ол үшін біз сияқты қос тілде іс жүргізетін кейбір мемлекеттердің тәжірибесіне жүгінелік. Канадада барлық іс техникалық аударма арқылы екі тілде жүргізіледі. Торонтода ресми жиын болса, іс басынан аяғына дейін ағылшынша жүргізіледі де, французша аударма жасалады. Ал Квебекте керісінше іс французша жүргізіледі де, техника арқылы ағылшынша тәржімаланады. Үндістанда да солай. Тек жоғарыдағы мемлекеттің (Канада) ерекшелігі біріншісі конфедерециялық ауқымда болса, екіншісі елдің штаттық деңгейінде.

ҚР унитар (unitar – бөлінбейтін біртұтас) мемлекет. Мемлекеттік тіл біреу. Ол қазақ тілі. Сондықтан үкімет көлеміндегі барлық ресми шаралар қазақ тілінде жүріп, орыс тіліне техникалық жабдықтар арқылы аударылуы қажет. Мұндай жағдайда баяндамашылар бисмилласын қазақша бастап, одан ары орысша кететін, шешендер «көпшілікке түсінікті тілге» ауа беретін себеп жойылып, ресми баяндамалар басынан аяғына дейін қазақша оқылатын болады. Сондықтан Астана, Алматы және облыс орталықтарында 1-2 залды аудармалық аппарат құралдарымен жабдықтау қажет. Бұл мәселе ең ары дегенде Егемендіктің 10 жылдығына арналған баяндамадан басталса дейміз. Өйтпейінше қазақ тілінің еңсесі көтерілмейді.

Әрине, Негізгі Заңда көрсетілгендей мекемелі ұйымдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілін ресми түрде қолдануға шек қойылмайтыны белгілі.

Бірақ біз Қазақстан деген тәуелсіз елде, бүгінгі күндері жетекші ұлтқа айналып келе жатқан қазақ ұлтының ортасында өмір сүріп отырғанымызды ұмытпауымыз қажет. Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматы «отын оттап, суын ішіп отырған» жұртын, оның тілін, мәдениетін құрметтеуге міндетті. Бұл - тек қазақстандық құбылыс емес, барша әлем мойындаған заңдылық. Сонау XI ғасырда өмір сүрген түркі ғұламасы Махмуд Қашғари өзінің әйгілі «Диуан лұғат-ит түркі» атты энциклопедиялық сөздігінде: «Қағани тіл, яғни ханның, ұйытқы тайпаның тілі таза тіл болмақ»-деп жазған. Русь интеллигенциясы бірде немісшеге, бірде французшаға бой алдырып жүрген ХVIII-ХІХ ғасырларда Русь ғұламалары да, патшасы да ана тілінің тағдыры үшін күрескен. Ұлы Қытайдың өзінің түркі, шүршіт, моңғол цивилизациясынан опық жеген тұстары бар. Бүгінгі қазақ тілін жаңғырту деген - әлем өркениетінің талабы. Сондықтан басқа ұлт өкілдері қазақ тілінің бүгінгі жағдайына түсіністікпен қарап, өз ана тілінің қадірін төмендетпей-ақ, қазақ тілін үйренуге мойын бұрғаны жөн.

Біз - қазақтар да – мүндай сый-құрметке лайық болуымыз абзал. Әрбір қазақ баласы өз ана тілінің шын жанашыры бола алғанда ғана қазақ тілінің көсегесі көгермек.

 Зардыхан Қинаятұлы

«Қазақ елі» газеті, 2001, 25 шілде.

Jebeu.kz


Шерхан МҰРТАЗА. Шындықты жазған жазушының шығармасы- қоғамның шипагері
СЫРТТАҒЫ ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫ ЕЛГЕ ҚАЙТАРУДЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАБЫЛДАУ ҚАЖЕТ!