Бірлігі бар елдің тілі бір болуы керек

Уақыты: 2020-05-01 Көрлімі: 554 Сипаттама

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күн 1996 жылға дейін ебекшілердің халықаралық...

a86e50f6c4457d4259553774fa0039e2.jpg

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күн 1996 жылға дейін ебекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні деп аталып өтетін. 1996 жылдан бері  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес бірлік күні болып өзгеріп, елімізде тұрып жатқан ұлттардың татулығы мен ынтымағын арттыру мақсатында дәріптеледі.

 

Бірлік күні елімізде 25 жыл аталып өтсе, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғаннына да биыл 25 жыл болды. 5 жылдан бері тағы да осы татулығымызды жырлайтын Ассамблеяның құрылғанына орай Алғыс айту күні аталып өтуде. Бүгінгі мереке туралы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында «бұл мереке қасиетті жерімізді мекендейтін әр адам үшін аса қымбат. Егемен еліміздегі барлық этникалық топ өкілдері біртұтас Қазақстан халқын құрайды. Біз достық пен ынтымақтың, татулық пен тұрақтылықтың арқасында зор жетістікке жеттік»,- деді.

Әрине еліміздің тұрақтылығы үшін осында тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың бірлігі маңызды. Бұл ең әуелі бәрі осы елді, мемлекетті құраушы қазақ ұлтының жанына ұйысуы. Президент Қ. Тоқаев өзінің «Сындар­лы қоғам­дық диалог – Қазақстанның тұрақ­ты­лығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін ескере отырып, этносаралық кел­ісім мен дінаралық өзара түсіністікті нығайту­ды жалғастыру қажет», - деп бұны нақты атап өткен.

Ел егемендігін алғаннан бергі 25 жыл ішінде де біздің басты ұстанымыз татаулық пен бірлік болып келе жатыр. Осы негізінде біраз сыннан да өттік.  «Бір ел, бір тағдыр» деп ұрандаймыз. Бірақ, бұл ұран бүгін қаншалықты жанды деген сұрақ туындайды. Тағдыры бір елдің тілі неге бөлек?

Мемлекет бастан аяқ елдегі тұрып жатқан әр ұлттың өз тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауға қолдау көрсетіп келеді. Сонымен бірге олар да бірлік пен татулықтың шынайы көрнісін көрсетуі керек еді.  Бірақ, бізде әлі осы біртұтас, «бір ел, бір тағдыр» деп ұрандаған, «ынтымағы жарасқан»  ұлыстар мен ұлттар бір-бірімен қарым-қатынас  орнатуға Қазақстанның емес көрші елдің мемекеттік тілін қолданады. Өйткені оған өзіміздің Ата заңымыз жол беріп отыр.

Әрине, бұл жағдайға тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жол берілді. Ол кезде шынымен де мемлекеттің иесі қазақ халқының саны аз болды, көрпеге қарай көсілді. Енді осы бірліктің, татулықтың, елдіктің тұғыры мемлекетті құраушы ұлт қазақ ұлты болатын, Қазақстандағы әр ұлт пен ұлыстың қазақ халқының жанына ұйысып, ұлтаралық тіл қазақ тілі болатын кезі келді. Бір қуанарлығы бұл пікір біздің тараптан ғана емес, биліктен, президенттің ауызынан да айтылды.

Президент жоғарыда атаған жолдауында да бұл ұстанымын жазған. Ұлтаралық қарым-қатынас мәселесін қайта қарастыру, қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы керегін осы жылдың 29 ақпандағы informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталына берген сұхбатында да айтқан.

«Біз ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынас мәселесіндегі амалдарымызды қайта ой елегінен өткізуге тиісті екендігіміз сөзсіз. Қазақстан достық пен келісім аумағы болды және болып та қала береді. Біздің ұранымыз: сан алуандықтағы бірлік. Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелді бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр. Әрине, Қазақстанда тұрақты тұратын әрбір этностың өзіндік ерекшелігіне нұқсан келтіру жайында сөз де болмауы тиіс. Олардың барлығы өздерінің тілдерін оқып, қолдануға, мәдениеттерін дамытып, әдет-ғұрыптарын сақтауға құқылары бар және болып та қала береді. Бұған қоса, қазақ тілі де жедел дамуы қажет. Оған болашақта шын мәніндегі ұлтаралық байланыс тіліне айналу бұйырған»,- деген мемлекет басшысы.

Президент ұлтаралық байланыс тілі қазақ тілі болу керегін айтты. Тағдыры бір елдің тілі де бір болуы керек. Қазақ тату, бір пікірдегі адамдарды тілі бір дейтін. Онда бірлігіміз болса, тіліміз де бір болуы керек. Ол үшін Ата заңның 7- бабының 2- тармағындағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады»  деген мәтінді «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында іс-қағаздары қазақ тілінде жүрді. Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті» деп өзгертуден бастау керек.

Сонымен бірге, мемлекеттік тілінің мәртебесі мектептен бастау алғаны абзал. Бұл жөнінде өткен жылы Мемлекет басшысы республикалық Egemen Qazaqstan және Aıqyn газеттеріне берген сұхбатында айтып өткен.

.

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бү­гін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөй­леп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықы­ласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үз­діксіз жалғастыра береміз»,-  деген президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөздерінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мектептен бастау алатыны анық айтылып тұр. Елдің ертеңі де, мемлекеттің болашағы да білімді ұрпақ екеніне дау жоқ. Сонымен бірге біз қазірден бастап білім саласымен бірге, қазақ тілін ғылымның да тіліне айналдырудың қадамдарын жасағанымыз жөн. Ол үшін, әуелі сөз мектептен басталғандықтан, түлек қай тілдегі мектепті бітірсе де мемлекеттік білім грантына ие болу үшін қазақ тілінен емтихан тапсыруы міндеттеуіміз керек; 

Екіншінден, Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін ғылымға келетін үміткерлерге де, атап айтқанда магистратура мен докторантура дәрежесін алуға үміткерлер шетел тілі мен бірге мемлекеттік тіл – қазақ тілінен емтихан тапсыруды міндеттеуі тиіс;

Үшіншіден, ғалымдарымызға шетелдік басылымдарға ғылыми мақала жазуды талап етумен бірге, жылында бірнеше ғылыми мақаласын қазақ тілінде жазуды міндеттеген жөн.

Егер осы қарапайым шарттардың өзі болашақта жүзеге асып жатса, әркім өзі үшін  еңбектеніп, өз болашағы мен қызметі үшін мемлекеттік тілдің мәртебесінің көтерілуіне әрекет етер еді. Білім мен ғылым саласында мемлекеттік тілдің мерейі үстем болса, экономика мен техника саласын да өзімен бірге ала жүреді. Қазақтың жаны –  Қазақтың тілі  отбасы мен тұрмыстың, базардың жанында ғана жүрмей, бар Қазақстан халқының байланыс құралына айналад. Сонда біз бірлігі бар, тілі бір ұлтқа, мемлекетке айналамыз.

Тұрдыбек Құрметқан 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, "Ақпараттық жүйелер" кафедрасының оқытушысы

Jebeu.kz

 

 

 


Пікір жазу
  • Боран Рахымбекұлы, британиялық дәрігер: Коронавирус толықтай 2022 жылы ауыздықталуы мүмкін
    Д. МӘСІМХАНҰЛЫ: Мұрат БАҚТИЯҰЛЫНЫҢ ұсынысын ТҰТАС ЕЛ болып қолдайық