Халықтың жадында Мағауия секілді әннің тәбиғатын бұзбаған әншілер ғана сақталады

Уақыты: 2020-09-14 Көрлімі: 856 Сипаттама

1980 жылдардың басында ҚХР қазақтарының руханиятқа деген ынтасы қандай керемет еді, таңғ...

Снимок.JPG


1980 жылдардың басында ҚХР қазақтарының руханиятқа деген ынтасы қандай керемет еді, таңғы аста радиодан бір күнгі эфирден өтетін бағдарламалардың мазмұнын жариялап жататын, әсіресе егінші-малшылардың айрылмас досы, сенімді серігі де радио болатын, шөп шапса да, мал бақса да, егін баптаса да жұмыскерлердің қанжығалап жүретін шағын радиолары болатын. Кейде кештерде ауыл адамдары жиналып алып эфирден өткен ән, күйлер мен орындаушылары туралы өз көзқарастарын айтып мақтап та, мақтанып та алушы еді. Бір жолы біздің үйде болған кешкі қонағасыда әкем дауысын көтеріп: "Уа, туыстар, сендер тыңдадыңдар ма? мына заманда Әсет, Біржандардың ізімен ән салатын Мағауия Баймұхаметұлы деген әнші бар екен, әнді жеріне жеткізіп Әсет Найманбайұлы айтқандай толықсытып, толқытып жібереді екен", деп жүзі нұрланып көзіне үйрілген жасты жасырғысы келгенімен үзіліп үлгерген бір-екеуі сақалының ұшынан домалап кетті... Өнерге деген өлердей ғашықтығым осы күннен басталған шығар...

Мағауия Баймұхаметұлы айтатын әндердің барлығын жадыма сіңіре бастадым, бір үйлі жан бейне концерт залда отырғандай сілтідей тынып Мағауияны тыңдайтынды шығардық, егер Мағауияның әні радиодан берілгенде біреуіміз қозғалып кетсек әкемнің ашыуына тиіп, ән біткен соң сыбағамызды алатын болдық. Бұл ән мен әншіге деген шексіз құрмет еді...

1987 жылы әйгілі Шашы жайлауында Тоғызтарау ауданының кезекті ақындар айтысы өтті. Бала күнгі арманыма апарар жол ашылғандай осы айтысқа Тастөбе ауылының атынан айтысуға жолдама алғанмын. Айтысқа тұңғыш рет түскелі тұрғаныммен Шашы жайлауы менің балалық шағымның өткен жері ғой, таныс қырқа, таныс орман, таныс өзен барлығы маған тілекші секілді сезіледі, бір ауылдың аманатын арқалап келгенімді ұмытып барамын... Арманым Мағауия Баймұхаметұлын көру. Айтысқа ол кісінің бармауы мүмкін емес, бірінші Әсет Найманбайұлынан кейінгі дәстүрлі әннің бір биігі, нәсихаттаушысы да осы Мəкең, екінші айтыс өтетін Шашы жайлауына Мағауияның ауылы Жырғалаң жақын орналасқан еді.

Өзен бойына жағалай тігілген ақбоз үйлер, биіктеу көрікті жасалған сахна, Қабанбай шоқысының орманды алқабын, тау-тасы мен сай-саласын жаңғыртып Мағауяның әндерін дауыс зорайтқышпен қосып қойған екен, не істерімді білмей аңырып тұрып қалдым. Бұл менің өнер арқылы өмірдің сондай керемет екенін сезген алғашқы күнім еді... Ауылдас ақын Елубай ағаның жол бастауымен карта (қарта) ойнап отырған бір топ адамның қасына келдік, ары қарап малдас құрып отырған еңгезердей жігіттің желке тұсында тұрмын, желкесі қатпарланып кеткен, бұрылып қарағанда қызылкүрең дәудің көзі бадырайған, шашының ұштары бұйра көрінді. Елубай сәлемнен соң "Мағауия ағаң осы кісі" деп таныстырды. Неге екенін қайдам құшақтағым келді, бірақ батылым жетпеді...

Кешкі аста ақындарға арнап тігілген ақбоз үйге, біз пақырға сәлем беруге кімдер келді дейсіз ғой? Тоғызтарау аудандық мәдениет сарайының аға қызметкері ақын, жазушы, фольклортанушы,сыншы, тарихшы Көпбосын Сәскин, Ағарсын ауылдық мәдениет үйінің жауаптысы, әнші, күйші (өте ретті киінген) Уәлбай Мәткерімұлы, Жырғалаң ауылдық мәдениет үйінің басшысы, дәстүрлі әннің майталманы Мағауия Баймұхаметұлы және ақын Нұрахмет Әуетовтар келді. Басқасы қайдам менің есім шыға бастады, халқы құрмет тұтқан ұлы өнердің тұлғалы азаматтары бізге келеді деп кім ойлаған? Көпбосын аға айтыстың ұйымдастырушысы және жүргізіушісі екен, ертең айтысатын ақындарды біздің көз алдымызда жұптады, қос саптаяқтағы қымызды қасықпен араластырып-араластырып тыныс алмай бірақ көтерді де:

- Жә, ақындар, ертең таңғы тоғызда айтыс басталады, барлығыңа сәттілік жар болсын! Бастысы мал соңында жүрген малшылар мен қонақтардың рухын көтеруіміз керек, ал енді Мағауия сендерге ән салып берсін, ал Мағаш домбыраңды, - деп тоқтады Көпең.

Мағауия тоқтаусыз үш ән салғанда ақбоз үйдің ішінде ине шаншар жер қалмады, есіктен, жабықтан сығалаған адамдар бірдемде әсем дауыстың жетегінде жиналып кеткен. Асау аттай арындап басталған ән сыбызғыдай сызылып барып тоқтады, тыныштықты сілтідей тынған қалың жұрттың қатты соққан шапалағы бұзды. Сегіз баланың кенже серісі болып кердеңдеп өскенімен тұңғыш рет өз-өзімнен жылағым келді, түнімен мазам кетіп ұйықтай алмадым, көзім ілінсе құлағыма Мағауия ағаның толқып шыққан тұнық дауысы, көз алдыма үлкен қоңыр көздері келе береді...

Ақындар айтысының ашылу салтанаты аяқтап сахнаға қоңыр домбырасын қолтықтап Мағауия Баймұхаметұлы шықты.

"Базарың құтты болсын ардақты елім"...

Қос өкпені қуалай соққан қара борандай ғажап дауыс желбезектегі дыбыс әрлегіш тетіктен лек-легімен бөлініп топ-топ қарағайларға, сай-салаға сіңіп барып жартастардан жаңғырып тау қойнауын ұлардай шулатты, бұл қазақ даласын әнмен әлдилеген Біржан сал Қожағұлұлының Қарқара жәрменкесінде шырқаған "Айтбай" әні еді. Әнді бірден шарықтау биігіне көтеріліп тоқсан толғаулы бабына келтіріп орындағанда көрерменнің жүрегіне жол тартып, жүздері нұрланып рухтанып-ақ қалды. Тағы да Біржан салдың әні "Қанатталды". (Бұл ән Шыңжаң қазақтарына Біржан салдың әні деп тарағанымен Қайрат Байбосынов құрастырған "Сыр сандық" атты қазақ әндерінің антологиясында Сәтмағамбеттің әні деп жазылған, онда мәтіні де өзгешелеу. Ал бұл әнді "Халық әні" деушілер де бар).

Айқой гүл бақша көңілді бір әсем әнді,

Бұл әнім балқытушы ед тыңдағанды.

Өмірден өз еркімен орын таппай,

Қалықтап қайран дүние қанат талды.

О, құдырет! Ән айтып тұрған Мағауия ма, әлде Біржан салдың өзі ме? Бірде шаттанып, бірде мұңаяды, әлемді жалғыз билеп тұрғандай шарқ ұрып барып қайта иіледі де ән иірімінің иін қандырып кісінеген тұлпардай, сұлу үнді сұңқардай сұңқылдайды, жанына ең керегін алған көрермен қос қолдарын көтеріп әншіні шатырлаған шапалақтың астына алды, Шашы өзенінің арқыраған даусы адыра қалғандай... Халықтың қошаметі ценариды бұзып үшінші әнді айтуға мүмкіндік әперді, енді Абай болып ағылды әнші...

"Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп.

Шымырлап бойға жайылған.

Абайдың әні "Сегіз аяқ". Тояттағы қырандай сұңқылдайды, әнмен бірге кейіп, қазақтың айықпас дерттеріне Абаймен бірге ауырады, өксітіп, өмексітіп, ботадай боздатады, алпамсадай алып дене жеңіл қозғалып садақтай иілген саусқтармен бірге домбыраның сұлу үнін іздегендей сезіледі.

"Не ары емес бері емес,

Менің де күнім күн емес" деп өксік атқанда қара нөпір халықты жалынымен өртеп, желімен ұшырып жіберердей... Амал не, уақыт шектеулі! Көпшіліктің айғай-шуына қарамай Көпбосын Сәскин айтысты бастап жіберді...

Көп өтпей Мағауия ағаны Жырғалаң ауылана іздеп барып шәкіртте, ініде болдым. Сол силастық отыз жылға жуық өмірімізді бірге өткізіуге мүмкіндік берді, таңдайға берген бақытымыз бір болғанымен, маңдайға жазган тағдырымыз екемізді екі жақта өмір сүруге мәжбүрледі...

Туа біткен таланты көмейіндегі көркем даусында екенін сезген Мағауия орталау мектепте оқып жүрген шағынан ән сала бастайды, аяғы жетер жердегі ән айтады дегендердің барлығына барып білгенін үйреніп қайтып жүреді. Бір жолы Текес ауданында Дәулет Мазақұлы деген әнші, домбырашы бар екен дегенді естіп, талғажауға жарты қалта құрт арқалап жолдың алыстығына қарамай, жаяулап жүріп Текес ауданына барады, атағы дүркіреп тұрған Дәулет ағасы бар білгенін үйретіп, болашақ әншінің тұсауын кесіп тұлпардай баптайды. Сонымен қатар Шалқар, Қазақ радиоларынан берілген Әміре Қашаубаев , Ғарифолла Құрманғалиов, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Манарбек Ержановтардың орындаған әндері бір тыңдағаннан-ақ жадында сақталып қалатын еді. Әнге деген құмарлық Мағауияны қанша күрделі әндер болсада көкейіне түйіп, құлағына құйып алатын қаблетке жеткізеді. Әсет Найманбайұлының соңғы өмірі Іле алқабында өтіуі де Мәкеңнің әнші болуына белгілі деңгейде ықпал еткені даусыз...

Осылайша Мағауия Баймұхаметұлы ең әуелі дәстүрлі әннің "жілігін шағып, майын ішкен" тұлғалы әнші болды. Әнші болғанда жүректі әнші болды. Алдымен әннің жанын түсініп, сөздеріне баса мән беріп, автормен бірге егіліп, бірге шаттанатын, тыңдаушыға әннің айғайы емес жанын ұсынатын өте талғампаз әнші болды.

Даусының тұрақтылығы соншалық қысылу, қымтырылу дегенді білмейтін, әнді шарықтау биігіне көтергенде немесе төменгі қалың дыбыстарды алғанда дауысы ауытқымай, бір орыннан бапбен жұмсалып әнді толқытып, толықсытып, мәпелеп, майдалап құйқылжыта шырқағанда әр тыңдаушының өн бойына қуат беріуші еді...

Әннің жұмсақ иірімдерін сылқылдатып иіріп, қайырып әкелгенде жаның рахат табатын, дауыс екпінінің күштілігінен үйдің қабырғасына сүйеніп отырып ән салғанда қақпақтай қос жауырынының ортасынан гуілдеп жел есіп тұрғандай сезілетін. Мағауия Баймұхаметұлы әннің мәтініне өте мән беруші еді, әрбір сөздің, буын-бунақ, тіпті әрбір әріптің дыбысталу заңдылығын сақтап отыратын, кейбір әншілер қанша дауысы болғанымен осы жағына мән бермейді, әріп дұрыс айтылмағансоң сөздің мағанасы белгісіз болады да ол айғайға қосыьғанда құлаққа түрпідей тиеді, мысалы: "А" дегенді "О" деп, "Ү" дегенді "У" деп дыбыстайтын немесе "І", "Ы" деген әріпті жұтып қоятын әншілерде кездеседі, бұл пақырлар өздерін кәсіптік әншіміз, ән ғылымын оқығанбыз деп есептейді, бірақ халықтың жадында Мағауия секілді әннің тәбиғатын бұзбаған, мәтіннің мағынасын өзгертпеген әншілер ғана сақталады.

Мағауия Баймұхаметұлы өте талғампаз таза кісі еді, әрбір сөйлеген сөздерінде басы артық сөз болған емес. Қолы жеткен кітаптарды бойына сіңіріп, ойына тоқып оқығаны білініп тұратын. Сондықтан да аузынан аталы сөз көп айтылатын. Абай атам айтқандай "Орынсыз ыржаң - болымсыз қылжаң"-ға бой алдырмайтын. Әрине, жастық шағында шылым да тартты, ащы судан да ұрттады, бірақ сабырлы, салмақты қалпынан айныған емес.

Сөз түсінетін ортаға келгенде ағылып, төгіліп сөйлейтін шежіре, шешендігі де бар еді...

Көрер көзге тәкаппарлау көрінгенімен жандүниесі өте нәзік, әсерленгенде екі көзі мөлдіреп, боталап шыға келетін, қоғамның дертін, ағайынның алауыздығын, теңсіздікті, әділетсіздікті көргенде жанын қоярға жер таппай, сырласарға тең таппай бордай егілген тұстары көп еді. Шындықты жасырмауға тырысатын, сондықтан да кейбіреулерге жақпай қалатын, содан барып жүрегіне салмақ түсіріп жан жарақаты сыздап жүретін. Мұндай шақта жан баласына жақ ашпай өзімен өзі болғысы келетін. Дәл осы жағдайда көргендер тәкаппар санайтын, бірақ оның ой өресінің деңгейі бір ауданға симайтынын қара халық қайдан білсін?!

Көкірегіндегі жарық сәуле көп нәрсені бұрын сездіргенімен, аңқаулығы баладай, аңғалдығы даладай еді жарықтықтың...

Ұсақ рушылдық пен жершілдіктің кесірінен үлкен сахналардағы ән бәсекелерде өз орнын алмай қалған тұстары да болды, тіпті кейбір термелері басқа автордың атымен теларнадан берілді, (кейін шулатбай қайтарып алдық) олда Мәкеңе ауыр соққы болды.

Кім біледі, жұмыр жердей ауыр ойлардың нәзік жүректің ритімін тоқтатуға әсері де болған шығар! Біздің халық оны "ажал" деп атапты...

Бір сөзбен айтқанда Мағауия Баймұхаметұлы талантына талғамы сай әнші, тағылымды ой айтқан тау тұлғалы азамат еді...

Бақұл бол қайран Аға!!!

(Бұл мақаламда Мағауия Баймұхаметұлының әншілігіне тоқталдым, ақындығы мен термешілігіне алдағы күндерде тереңірек үңілетін боламын).

 Әбдіғани Бәзілханұлы

Қызлжар қаласы


Пікір жазу
  • Президент Жолдауы – елі­міз­дің мой­­нына түскен сынаққа мемлекеттің жауа­бы
    Араға кісі салу