Рақым АЙЫПҰЛЫ: «Қонысқа» сан сайын Дүкен екеуміз дайындаған материалдар басылып тұратын

Уақыты: 2020-09-24 Көрлімі: 1512 Сипаттама

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеген асып жатқан «Нұр Отан» партиясыны...

1585414604479541.jpg

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеген асып жатқан «Нұр Отан» партиясының праймеризіне он мыңдаған үміткер қатысып, жұртқа бағдарламарын таныстырып, өз үгіт-нәсихатын бастап кетті. Осы орайда белгілі қоғам қайраткері, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы Рақым Айыпұлының праймериз және оған қатысушы азаматтар жөнінде пікірін сұраған едік.

-     Биылғы жылы еліміздегі ең үлкен саяси оқиға Парламент мәжілісі сайлауының алдында «Нұр Отан» партиясы праймериз өткізіп жатыр. Айтулы доданың мән-мағынасы туралы айта кетсеңіз.

-       Нұр Отан партиясы – еліміздегі билеуші партия. Бірақ, ашығын айту керек, аталған партияға деген халықтың сенімі айтарлықтай емес. Партия басшылары да оны сезіп-біліп отырған болуы керек. Праймериз партияны жаңғырту жолындағы айтулы шара. Өкінішке қарай, өз басымда бұл шараға деген күдік-күмән аз емес. Көрейік, бәрін де уақыт көрсетеді.

-  Праймеризге қатынасушылардың ішінде кімдердің бағдарламасымен таныстыңыз? Өзіңіз 20 жылдан артық уақыттан бері көші-қон заңының кем кедігін түгендеп, қандастардың құқын қорғаумен келесіз. Өзіңіз сияқты осы салада жүргенген праймеризге қатысушылардан кімді атайсыз?

-       Праймеризге Нұр Отан партиясынан он мыңдаған үміткер қатысып жатқан көрінеді. Олардың ішінде елге оралған қандастардың белсенді өкілдері де бар. Солардың ішінде өзім сыйлайтын бірнеше үміткердің бағдарламасымен жеке танысып шықтым. Олардың ішінде белгілі ғалым, қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлы, қоғам қайраткері, экономист Қайрат Бодауханұлы және кәсіпкер, қоғам қайраткері Фарида Мерхамитқызы бар. Мен бұл үш азаматпен де ұзақ жылдардан бері жақсы таныспын. Дүкен Мәсімханұлымен 1982 жылы ҚХР Пекин қаласына Орталық Ұлттар Университетіне бірге оқуға қабылданып, бір группада бірге білім алғанбыз.  Дүкен сол кездің өзінде шығармашылыққа бейім, өлеңдері баспаларда жарияланып тұратын. Кейін Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясына жұмысқа орналасып, табысты еңбек етті. Біз 1993 жылы қарайлас уақытта Қазақстанға оралдық және Әл Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінде бір кафедрада ұстаздық қызмет атқардық. Мүмкін сен сияқты жастар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы түрлі қиындықтарды елестете алмайтын шығар. Біз елге оралудан бұрын сондай қиындықтардың болатындығын білдік және соған дайын болдық. Мен сол жылдары елге оралған жас ғалымдардың ішінде белгілі ғалым Нәбижан Мұхаметхан ағамыздың өзі қырыққа толмаған болатын. Ал, біз орда бұзар отыз жаста болатынбыз. Сол бір қиын жылдарда тұрмыс тауқыметіне шыдап, ғылым-білім саласында табанды еңбек етіп қалған Нәбижан Мұхаметханұлы, Дүкен Мәсімханұлы, Тұрсынхан Закенұлы қатарлы санаулы ғалымдар ғана қалды. Осы науқанда бағын сынап отырған Дүкен Мәсімханұлы сол кездің өзінде көші-қон, мемлекеттік дипломатия, ел мен жердің тағдыры қатарлы күрделі саяси мәселелерге бей-жай қарап көрген жоқ. Ұмытпасам, сол кезде шығатын «Азия» дейтін газетте Дүкен Қытай экспансиясы жайлы ең алғаш мақала жазып, дабыл қақты. Әлеуметтік желі арқылы ақпарат астында қалатын бүігнгі күн сияқты емес, ол заманда мерзімді баспасөздегі материалдар қоғамда үлкен резонанс тудыратын. Сол кезде бір топ бизнесменнің жер сатуға байланысты үндеуі шыққанда мұның артында мүдделі саяси топтардың тұрғандығын қоғам бірден сезінді. 1995 жылдың қаңтарында Дүкен екеуіміздің «Егемен Қазақстан» газетінде «Алтын тағың болғанша, алақандай жерің болсын» атты мақаламыз жарық көріп қоғамнан үлкен қолдау тапты.

101572404_2681271958817591_5827766571900076032_o.jpg

-    Онда, неге біреулер сіздерді «қытайшылдар» , «Қытайдың жалдамалы жазғыштары» деп қаралап жүр?

-  Мұндай қаралаудың артында үлкен саяси қаскүнемдік жатқандығын саналы қауым бірден түсінеді деп ойлаймын. Қытай билігінің  соңғы жылдардағы солақай саясатының кесірінен саны аз ұлттар, әсіресе, мұсылман бауырларымыз аяусыз азап шекті. Осыны пайдаланған мақсат-мүддесі жат пиғылдағы біреулер ұлтымыздың бетке ұстар қаймақтары мен халықтың ортасына лаң салумен келеді. Оған айқайға аттан қосушы тобырлық санадағы жалған ұлтшылдардың отқа май құйып, өсектің өртін одан бетер маздатқанын көзімізбен көріп, жағамызды ұстадық. Заң салтанат құратын құқықтық мемлекетте дені дұрыс адам ешкімді негізсіз қараламайды. Және ол үшін заңдық жауапкершілікті арқалайтынын да жақсы біледі. Бірақ түптің түбінде ақиқаттың салтанат құратынына ешбір шүбә келтірмейміз.

1585414284161628.jpg

Сөзім дәлелді болу үшін, жаңағы Дүкен жайлы әңгімені тағы жалғайын. 1995 жылдың басында марқұм Айтан Нүсіпхан, халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, этнограф Жағда Бабалық, жазушы Ақсілеу Сейдімбеков ағаларымыз бастап, «Қоныс» атты қазақ көшіне қолдау көрсету қорын құрды және «Түркістан» газетінің жанынан «Қоныс» атты қосымша шығарып, қазақ көшінің түйткілді мәселелерін терең талдап, қоғамға жариялап отырды. Сол қосымшада Дүкен екеуіміз ақы-пұлсыз бастан аяқ жұмыс жасадық. Қызығушылар болса, газеттің тігінділері архивте әлі сақтаулы. Әрине, сол кезде қытай билігінің қазақ көшіне қандай жолдармен кедергі жасап отырғандығы және қазақ билігінің қырсыз саясаты терең талданып, көрсетілген болатын. Әр сан сайын Дүкен екеуміздің дайындаған материалдар басылып тұратын.

BodaukhanK1.jpg

-       Енді, Қайрат Бодауханұлы мен Фарида Мерхамитқызы туралы да тоқтала кетсеңіз.

Дүкен Мәсімханұлына бағытталған жалалы жазбалардың көбейіп кеткендігі себепті айтып жатқаным ғой! Қайрат Бодауханұлымен 1997 жылдың басында Парламентте «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның жұмыс тобында бірге еңбек еттік. Ол кезде мен «Қазақ елі» газетінің Парламенттегі тілшісі болып жұмыс атқаратынмын. Біз Қайрат Бодауханұлы, Алмас Ахметбек, Ботагөз Уатхан қатарлы бір топ азамат сол кездегі мәжіліс депутаты Әкім Ысқақ қарамағында тоғыз айдан аса бірге еңбек еттік. Қайрат шын мәніндегі ұлтшыл, терең білімді азамат. Ол күні бүгінге дейін осы салада жан сала еңбек етіп келеді. Праймериздің жеңімпазы болады деп үміттенемін! Ал, Фарида Мерхамитқызы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жолдасы, менің досым Талғат Мамырмен бірге елге оралған жас жұбайлар болатын. Олар да бизнес пен білім берудің табысты үлгісін көрсете білген жандар. Фарида Мерхамитқызының іскер басшылығының арқасында «Ерке-Нұр» ұлттық брендке айналды. Фарида Мерхамитқызы бизнеспен қоса қоғамдық жұмыстан да қағыс қалып көрген жоқ.  Сол еңбегінің арқасында 2016 жылдан бастап Алматы қаласы мәслихатының 6-шы шақырылымының депутаты болып сайланды. Аталған азаматтар қандастар ішінен алдағы сайлауда Парламент депутаты болуға әбден лайық деп ойлаймын.

unnamed.jpg

- Праймериз жеңімпаздарының дауыс берушілері ертең сайлауда Нұр Отан партиясына дауыс береді. Партия ішінде іріктеу жүргізу арқылы да партияның ірі көлемде дәріптеп жатыр. Парламент сайлауына да көп уақыт қалған жоқ. Басқа партиялар неге үнсіз?

- Бұл сұрақты сол партия басшыларының өзіне қойған дұрыс болатын шығар. Дей тұрғанмен, бұл жөніндегі өз көзқарасымды айта кеткен артық етпес. «Саяси партиялар туралы» ҚР Заңының жаңғыртылып, қолданысқа енгенін жақсы білесің. Шынымды айтсам, осы Заңға менің көңілім толған жоқ. Мәселенің түйткілі партия кандидаттарының  арасындағы әйелдер мен жастардың салыстырмасында емес, және партия мүшелерінің санының 40 пен 20 мыңға азайғандығында да емес. Мәселе – партияны тіркеудегі ең негізгі өлшемнің жауапсыз қалғандығында жатыр. Демек, билік әлі де өзі қолайлы көрмейтін партияларды шексіз мерзімге тіркемей, шегере беруі мүмкін. Жаңа партия құрамын деген белсенділерге деген қысымның күні бүгінге дейін азаймай келе жатқаны көңілге көп күдік ұялатады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Т. Құрметұлы

Jebeu.kz


Пікір жазу
  • Елдіктің жампоз жыршысы
    ІСКЕ СӘТ