Оппозицияның тамыры терең бе?

Уақыты: 2021-02-15 Көрлімі: 78 Сипаттама

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында...

partii-2019-10-17-GL.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында саяси реформалардың ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асырылатынын айта отырып, «...ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға» көңіл аударып, өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі қажетін атап өтті. Бұл бағыттағы маңызды қадамдар Мемлекет басшысының жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің 1-ші сессиясының ашылуында жарияланған саяси реформаларының үшінші пакетінде нақты көрініс тапты.

Қазақстанда парламенттік оппозиция институтының заңдастырылуы – бұрын-соңды болмаған маңызы зор қоғамдық-саяси оқиға. Ол – саяси жүйені жетілдірудегі үлкен әрі батыл қадам. Рас, бұл – алғашқы қадам. Оның үстіне кеңестік тоталитарлық жүйеден шыққан Қазақстан үшін үйреншікті жағдай емес. Бізде қажетті тәжірибе де, қалыптасқан дәстүр де жоқ. Заңдық тұрғыдан бұған ешбір кедергінің жоқтығына қарамастан, жалпы оппозицияның практикалық тұрғыда кең қанат жаюына құнарлы топырақтың да болмағандығы белгілі. Оның қанатын кеңінен жаюы үшін, алдымен тамырын тереңге жіберуі шарт. Орталық деңгейде немесе бірен-саран ірі қалалар мен ірілі-уақты елді мекендерде, баспасөз құралдарында көрініс тапқанымен, осыған дейінгі өздерін оппозиция санайтын саяси күштер биліктен тіптен бөлектеу ой айтып, ол саяси бағыттың кеңістігін арттыру деңгейіне әлі жете қойған жоқ. Бұл жерде Конституция шеңберінде олардың билікке таласу мүмкіндіктері туралы айтудың өзі орынсыз.

Дейтұрғанмен, егер біз қазақстандық қоғамда басқа баламалы пікір мүлдем жоқ десек, ол да шындыққа жанаспас еді. Сондықтан біз кәдуілгі тұрақты әлеуметтік базасы бар, елдің дамуының басқа оңтайлы жолын айқындап, оны халықтың басым көпшілігі түсініп, сеніп және қолдайтындай дәрежеге жеткен институционалдық пішіні бар партиялар мен қозғалыстар туралы айтып отырмыз. Партиялардың саяси көзқарастары әртүрлі болуы ықтимал, тіптен олар парламенттік партия атануы да мүмкін. Алайда оларды классикалық тұрғыдағы оппозициялық партиялардың қатарына жатқыза салған асығыстық болар еді. Себебі бұлардың көзқарастары әрі кеткенде консервативтік, либералдық, ұлтшыл, социалистік сияқты ұғымдарды немесе түсініктерді ғана білдіруі мүмкін. Ал олардың шын мәнінде жоғарыда көрсетілген бағыттардағы концептуалды, методологиялық, идеялық, идеологиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыда негізделген өз әрекеттеріне деген сенімдері бар ма? Және оппозициялық саяси күштердің сенім-нанымдары қазақстандық шындықпен үйлесіп, онымен қалай кіріге алады? Олар Мемлекет басшысы айтқан «Тәуелсіздік деген ұлы ұғым мен құндылықты тиісінше қастерлеуге дайын ба?».

Міне, олай болса, осының барлығын түсініп, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін саясат жолына түскен күштердің, әсіресе кең байтақ Қазақстан жағдайында әлеуеті мықты болуы керек. Қоғамдық үдерістерге белгілі дәрежеде ықпал етіп, стратегиялық жоспарлар мен күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді уақтылы және сапалы түрде шешуге дайын болғаны абзал. Сонда ғана олар қоғамдық сахнадан орын алып, өз жақтаушыларын таба алады. Басқаша болуы мүмкін емес. Саяси күштердің басты сүйенетіні сындарлы көзқарас пен ұстанымдар болғаны жөн. Өйткені қазақстандық әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және этнодемографиялық ахуал революциялық қадамдар жасауды көтермейді. Әйтпесе, «артық қылам деп, тыртық қылу» оңай болғанымен, оның салдарының жойқын болатындығын да естен шығармаған дұрыс.

Ендеше, оппозицияның нығайып, тиімді күшке айналуы үшін олар тамырын тереңге жайып, бүкіл қоғамды, барлық аймақты, тұрғындардың әртүрлі топтарын қамтуы керек. Сол кезде ғана олардың толық қоғамның атынан болмаса да, оның белгілі бір тобының мүддесін білдіре алатындай деңгейге көтерілуге мүмкіндігі пайда болмақ. Бұл жағдайдың да оппозицияның толыққанды саяси күшке айналуына қажетті алғышарттар тудыра алмауы мүмкін. Өйткені ол қоғамдағы жалпы демократиялық үдерістердің деңгейіне тікелей байланысты. Оппозицияның толыққанды қалыптасуының өзі осындай ахуалдың пісіп-жетілуіне, олардың да тамырының тереңдеп күш алуына және сол тамырдың нәрінен оның қаншалықты сусындай алатындығына тікелей байланысты болмақ. Сондықтан оппозиция билікке ұқсап, жоғарыдан төмен емес, керісінше, төменнен жоғары қарай ұйымдастырылып, өз әрекетінде көлденең қарым-қатынастарды да бірге дамытуы керек сияқты. Ол елдің барлық түкпір-түкпірін қамтыған кезде, қанатын кеңінен жаятын болады. Саяси бедел де, тәжірибе де осылай жиналмақ.

Ал енді сол алғышарттарға тоқталған жөн болар. Ең өкініштісі, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының деңгейі мен оның қарқыны орталықтағыдай емес. Өйткені халықтың жартысынан астамы өркениеттік даму үрдісінен шет қалып отыр. Ондағы тұрғындардың қолдары күнкөрістің қамынан босамай, күнделікті күйбең тіршіліктен аса алмауда. Оларды балаларының білім алуының сапасы, ішерлік таза судың болмауы мен жолдардың жоқтығы және тағы да басқа толып жатқан әлеуметтік мәселелер мазалайды. Ауыл тұрғындары үшін нарық, демократия, тәуелсіздік сана-сезім әлі де сағым болып көрінетінге ұқсайды. Олар өздерінше өз күндерін өздері көріп жатқандай. Сонда тұрғындардың жартысынсыз билікті жартылай билік, партияларды жартылай немесе шала партиялар деуіміз керек пе? Сонда олардың өздерін бүкіл елдің мүддесін толыққанды түрде қорғаймыз деуге моральдық құқығы бар ма?

Ендеше, республиканың барлық аймағын реформалаудың, соның ішінде саяси реформалардың да аумағына айналдырмайынша, тұрғындардың әлеуметтік белсенділігі артып, биліктің жұмысына бақылау орнамайды. Билік органдарының қабылдаған шешімі халықтың мүддесін көздемесе, оның пайдасы жоқ, ол тұрғындар тарапынан қолдау таппайды. Бұл келеңсіздіктің жолын кесу үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытып, демократиялық үдерістерге қолайлы жағдай тудыру қажет. Осы мәселелер өз шешімін тапқан кезде ғана пікірдің әралуандылығы туып, бұқараның саяси мәдениетінің өсуіне жол ашылады. Сонда ғана тұрғындардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын үкіметтік емес және басқа да қоғамдық ұйымдардың жұмыстары белсенді түрде жүргізілері анық. Осылардың барлығы шындыққа айналуы үшін жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару мәселесінің оңтайлы шешілуі қажет. Соның ішінде, әсіресе, өзін-өзі басқарудың маңызы күн санап артып отырғанын естен шығармаған жөн.

Сондықтан әкімшілік реформаның барысында жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару жүйесін дамыту мәселесіне үлкен мән берілді. Ол кезең-кезеңмен билікті орталықсыздандыруды және нақты құзыреттердің бір бөлігін жергілікті органдарға беруді көздеді. Алайда бұл сұрақ ұзақ мерзімге кейінге қалдырылып отырды. Жергілікті басқару мен жергілікті өзін-өзі басқарудың шын мәнінде екі бөлек институттар болуының себебінен 1991-1993 жылдары қабылданған арнайы заңдар мен алғашқы Конституция да жергілікті басқару органдарының дүниеге келуіне жағдай жасай алмады. Осыдан кейін де жергілікті басқару органдары жергілікті Кеңестермен байланыстырыла қаралып, бір-бірінің жұмысын қайталаумен болды. 1995 жылғы Конституциядан кейін жергілікті өкілді және атқарушы органдар жергілікті мемлекеттік басқару органдарының санатына жатқызылды, жаңадан дүниеге келген мәслихаттар жергілікті жерлердегі жаңа өкілді органға айналды. Бірақ оның мәртебесі онша өзгере қойған жоқ.

Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту үшін мәслихаттар демократия жолына түсуі керек. Әйтпесе, олар халықтың мүддесін қорғап, мәселелерін шеше алмаса, қоғамда беделге де ие бола алмасы анық. Ендеше, олар тұрғындар тарапынан әлеуметтік қолдау да таба алмайды. Оны болдырмаудың бір жолы бар. Ол – жергілікті қоғамдастық, жергілікті өзін-өзі басқару қызметі, жергілікті өкілді орган ретінде мəслихаттар жəне әкімдердің үйлесімді жұмыс істеуі. «Бірліксіз тірлік жоқ» дегендей бұлардың әрқайсысы өз дегенін істесе, онда түйткілді мәселелердің қордалана түсері анық. Ауыл тұрғындары өздерін толғандыратын қоғамдық, этносаралық келісімге, əлеуметтік-экономикалық салаға қатысты проблемаларға жауап таба алмай және биліктің әрекетіне көңілдері толмай, оларды бұрынғыша сынаумен болады. Ал әлсіз мәслихаттар халықтың сөзін сөйлеуге шамасы келмей, атқарушы биліктің ығында кетіп, оның ықпалында қалды. Олардың қызметіне көңілдері көншімеген адамдар депутаттарды да сынға алуда. Себебі оның атқарушы биліктен ешбір артықшылығының жоқтығын түсінгенге ұқсайды. Мəслихаттар депутаттарының өз сайлаушыларының емес, əкімдердің арқасында сайланғандықтарына тұрғындардың көздері жетті. Осындай жағдайда өкілетті орган ретінде мәслихаттардың дербес институтқа айналуы мүмкін емес еді. Ал егер олардың әрқайсысы өз жұмысын тыңғылықты істеп, халықтың мүддесін кешенді түрде ойлап, тиісті істер атқарса, онда тұрмыс та түзелер еді.

Олай болса, әкімшілік реформалар саяси реформалардан кейін ғана жүргізіліп, саяси қайта құрудың нәтижесі болуы керек еді. Өз шешімін күтіп отырған өзекті саяси мәселелер кезінде кезекті әкімшілік реформамен алмастырылмағанда жергілікті басқарудың тиімді құрылымын жасау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының біріне айналып, біраз істер оң шешімін табар еді. Сонда ғана орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті биліктің қызметі іс жүзінде жалпыұлттық стратегияға бағынар еді. Сол кезде ғана саяси реформаларды айналып өтуге мүмкіндік болмай, қоғамдық өмірде көптеген проблема туындамас еді.

Осындай ұстанымның салдарынан 2001 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заң да шын мәнінде мемлекеттік басқаруды реттеп, өзін-өзі басқару мәселесін тағы да айналып өтті. Өйткені 2000-жылдары жүргізілуі жоспарланған саяси реформалар шеңберінде Парламенттің рөлін көтеру барысында бір мезгілде мәслихаттардың мәселесі де қаралатын болып ұйғарылды. Осы кездері әкімшілік реформасының басты міндеті ауылдық деңгейдегі әлеуеті қауқарлы мемлекеттік билік институтын қалыптастырып, жергілікті әкімнің рөлін арттыруға бағытталды. Содан кейін ғана барып жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңды қолға алуға кірісу көзделді. Сөйтіп уақыт ұттырып алдық.

Осы тұста сарапшылар мен ғалымдардың мәслихаттарға қатысты пікірлеріне тоқтала кетсек, артық болмас. Олар мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқаруды өз мойнына алуы үшін оны жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінен шығарған дұрыс деген пікір айтуда. Өйткені мәслихаттарды тұрғындар тікелей сайлайды. Ендеше, мәслихаттардың сайланатындығы мен әкімдердің де болашақта сайлану мүмкіндігін ескере отырып, оларды жергілікті өзін-өзі басқару органына айналдырудың толық мүмкіндігі бар.

Түптеп келгенде, мәслихаттардың әлеуетті күш екендігін түсінетін кез келді. Бірақ биылғы сайлауға дейін мəслихаттардың атқарушы билікке, яғни əкімдерге тəуелділігі сақталып келді. Бұдан былайғысын өмір көрсетер. Алайда оны еңсерудің бір жолы халықпен тығыз байланыс орнатуда жатыр. Сонда ғана бар проблемалардың кескінін дәл анықтап, оларды депутаттардың ой-елегінен өткізіп, шешуге мүмкіндік туары сөзсіз. Жергілікті өкілетті органдар қоғаммен тығыз кері байланыс орнату негізінде ғана халыққа өз сөзін өтімді ете алады. Осылай ғана қоғамды алаңдатып жүрген көкейкесті мәселелерге баса назар аударып, оны жан-жақты талқылауға азаматтық қоғам институттары мен ауыл тұрғындарын тартып, оларды ортақ іске жұмылдырудың маңызы артады. Ол жергілікті тұрғындарды әлеуметтендіру үдерісіне тартып, олардың әлеуетін жергілікті маңызы бар әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді шешуге бағыттауға алғышарттар туғызады.

Азаматтық қоғам демократияны дамытудың төте жолы болмақ. Ол сонымен бірге халықтың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениетін көтереді. Қоғамның әлеуметтенуі барысында осы тәжірибе азаматтардың бойына сіңіп, олардың арасындағы байланыстарды дамыта түседі. Осындай үдерістің арқасында дүниеге келген қоғамдық ұйымдар азаматтық қоғамның күретамырына айналып, азаматтық қоғам институттарының рөлі арта бастайды және тиісті сана-сезімнің қалыптасуына жағдай туады. Сонда ауыл-аймақтағы, жергілікті деңгейдегі мәселелер азаматтық қатысу арқылы шешілетін болады. Балама көзқарастар мен пікірлердің орын алуы негізінде оппозиция табиғи түрде дүниеге келіп, жария шешім қабылдағандардың жауапкершілігі артып, басқарудың тиімді жүйесі қалыптасады. Біздің қоғамға жасанды түрде пайда болған, «тағайындалған» оппозициядан гөрі, төменнен, халықтың арасынан, қоғамның қайнаған ортасынан өсіп-өнген оппозиция тиімдірек. Жергілікті жерден ысылып, әлеуметтік тұрғыда шыныққан оппозиция барлық деңгейде қызмет атқарып, қалың бұқараның мұңын мұңдап, жоғын жоқтай алады.

Өйткені шешім қабылдауда, қоғамдық мәселелерді талқылауларда пікірі ескерілмегендіктен, шешім қабылданғаннан кейінгі әрекеттердің жан-жақты ойластырылмағандығынан азаматтар бұл үдеріске атсалысуға секемденіп, сенімсіздікпен қарауда. Сондықтан болар, олар белсенділікке көп жағдайда құлшыныс танытпай, қалыс қалып отыр. Билік органдары азаматтық қоғам өкілдерінің жасаған сараптамасын, ұсыныс-пікірлерін тыңдамаса, оларды ынталандырып, серіктесі ретінде қабылдай қоймаса, қоғам қалай алға басып, оның азаматтарының белсенділігі қалай артсын? Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытпайынша, жалпы мемлекетті басқару жүйесінің тиімділігі өзгермейді. Тек мемлекеттік басқару мәселелерін реттеуге ғана бағытталған әрекеттердің қажетті нәтижеге әкелмесі ақиқат.

Қазақстандағы барлық реформа мен бастаманың нәтижелері облыстық деңгейден асып, ауылдағы қаймағы шайқалмай отырған халыққа жетпей жататындығы жасырын емес. Оның басты себебі жергілікті әлеуметтің, жұртшылықтың әлеуетінің іске қосылмауында жатыр. Өйткені қазір азаматтық қоғамды дамыту үдерісі төменнен жоғары қарай емес, керісінше, жоғарыдан төмен қарай жүруде. Яғни, жоғарыдан «таңылып» жатыр деуге де болады. Орталық жергілікті жерлердегі өзекті мәселелер мен мүдделерді әдетте біле бермейді. Оның шешімдерінің тиімсіз болып жататындығы да сондықтан. Оны нақты жағдайды бастарынан кешіріп, өмірдің ащысы мен тұщысын өз басынан кешіріп, соған шын ниетімен уайым жеп отырған сол жерлердің тұрғындары ғана жақсы білуі мүмкін. Сондықтан олар жергілікті жерлердің түйткіл мәселелерін талқылауға белсенді қатысып, шешім қабылдау ісіне де араласуы қажет. Ол үшін жергілікті өзін-өзі басқару ауадай қажет. Жалпы алғанда, жергілікті өзін-өзі басқарудың ауылға да, қалаға да, яғни бүкіл қоғамға қатысы барлығын ескерген жөн. Өйткені азаматтық бірлестіктер мен тұрғындардың әртүрлі қауымдастықтары немесе қоғамдастықтары барлық салалар мен әкімшілік-аумақтық бірліктерде құрылып, барлығы бірлесіп, қоғам игілігіне жұмыс істегені абзал.

Парламенттік оппозиция институтының болуы демократияны ілгерілетіп, елімізде көп партиялылықты, соның ішінде саяси азшылықты дамытуда да жаңа серпіліске жол ашары анық. Ол көп мәселенің басын ашып, саяси жүйені жетілдіріп, әлеуметтік-экономикалық реформаны ілгерілететін болады. Ал егер оппозиция, соның ішінде парламенттік оппозиция да, Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің нығаюына бағытталған саяси қөзқарастары және қол жеткізген нақты табыстары арқылы барлық облыста, ондағы ауыл-аймақтарда өзінің жақтастарын тауып, өз қатарына тарта білсе, онда олар тамырын тереңге жіберер еді.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері, саясаттанушы

 

Дереккөз: egemen.kz


Пікір жазу
  • Тоқаев: Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағым­ды өзгерістер күтіп отыр
    Нұртөре Жүсіп: Қазақтың жас ұрпағы Ұлттың ұлы қасіретін сезіне ала ма?

    Ұқсас тақырыптар