Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласына қатысты ой

Уақыты: 2021-05-17 Көрлімі: 973 Сипаттама

Өзара сауда өсіп, саяси, мәдени қарым-қатынастардың нығаюы негізінде, оның үстіне ақпар...


Өзара сауда өсіп, саяси, мәдени қарым-қатынастардың нығаюы негізінде, оның үстіне ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарышты дамуының себебінен әлем елдері бір-біріне ажырамастай байланған. Біз бұл процесті жаһандану деп жүрміз.

Жаһандану дәуіріне сұғына енген сайын ел мен елдің арасындағы интеграциялық процестер нығая түскені белгілі. Осы үдерістің іргелі кө­рінісі – ЕуроОдақтың құрылуы бол­ған еді. Бұл – экономикалық, сая­си ғана емес, тығыз мәдени де байла­ныс орнату талпынысы. Асқынған ұлт­шылдықтан қатты шаршаған кә­рі құрлық Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тан кейін бірігу туралы шешім қабылдағаны баршаға мәлім. Есепсіз қан төгіске, кескілескен шайқастарға қарамастан, олар бас біріктіре алған болатын. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарына тән протекционизм де келмеске кеткендей еді.

Дегенмен, бүгінде жалпы еуропа­лық интеграцияның сынақтарға тап келгенін көріп отырмыз. Ұлыбри­танияның ЕуроОдақтан шығуы – шу­лы Брексит, көші-қондық әрі қаржы­лық дағдарыстар... Бұл жағдайлардың барлығын күтпеген жерден келген COVID-19 мүлде ушықтырып жіберді. Қалыптасқан жағдай бірінші кезекте жат жұртқа емес, төл ұлтқа көмек қо­лын созу қажеттілігін туғызды. Шекаралар жабылды, тауар алмасулар шектелді. Әркім өз ұлтының қа­мын күйттеп кеткенін көз көріп отыр. Ұмыт болған протекционизм ал­ды­мыздан шықты. Өзінің айқын бей­несін көрсетті.

Бұл шынайылық нені көрсетті дегенде, ұлт мүддесі өзге мүдделерден жо­­ғары тұратынын көрсетті. Қай салада да.

Осыған қарап-ақ, ортақ мүдде мен құндылықтар, серіктестік, өзара ынтымақтастық ұлттың жоғы түген­делгенде ғана шынайы іске асатынын түсінгендей болдық. Ал бұл қағида біз секілді енді ғана еркіндіктің дәмін сезіне бастаған, тарихына қайта те­рең­деп, рухын тіктеп жатқан ел үшін аса маңызды деп есептейміз. Сон­дықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт мүддесін батыл қорғаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы бүгінгідей аумалы-төкпелі уақытта ауадай қажет дүние деп бағамдаймыз.

Мемлекет басшысы осы бағдар­ламалық мақаласында «Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аң­ғар­майды. Басқаша айтқанда, мәж­бүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кет­пеудің бірден бір кепілі», деген болатын. Әлбетте, әлем бәрі бірін-бірі жақсы танитын үлкен бір ауылға ай­налған тұста, мәдени бірегейліктің шекарасы шайылып кете жаздап тұрған кезеңде ұлттық болмысымыз қараңғыда жа­ғылған шырақ секілді көрінетіні рас. Оған қайта оралу мен қорған болу аса маңызды. Осы мақа­лада Мем­лекет бас­шысы аталған мәсе­лелерге айрық­ша мән берді.

Әуелі тоқталғымыз келетіні – төл тарих тақырыбы. Тарих кейде өткен күннің еншісінде қала беретін оқиғалар тізбегі болып көрінсе де, ол бүгінімізді байыптауға және болашағымызды бағдарлауға мүмкіндік беретін қуатты сала екені сөзсіз. Сондықтан бұл бағытта іргелі зерттеулер жүргізу ауадай қажет. Себеп?.. Себебі бізде тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты дау көп. Осы тақырыптарды түбегейлі жауып,­ бір сәт бүгін мен болашақтың мәсе­лесіне де назар аудару керек секілді. Әлбетте, бізге бұл істе білікті ғалымдар мен мәр­тебелі ғылым ғана серік бола алады.

Мәселен, Еуропа тарихында зерттелмеген тақырып кемде-кем. Тіпті кәрі құрлыққа қандай жемістің, қай жылы, қалай келгенін, оны кімдер ала келгенін табу оңай. Міне, мұндай жер­де артық дауға да себеп жоқ. Ал күл­­лі адамзатқа ат мінуді, атқа ер са­луды, шалбар киюді үйреткеніміз туралы мақтанышпен айтатын біз сол ежелгі тарих түгіл, орасан зор нәу­бет – ашаршылықта қанша азаматымыз­дан айырылғанымыз жөнінде әлі күн­ге дейін бірізді тұжырымға кел­геніміз жоқ.

Әрине, бұл үшін ұзақ жол жүру қажет. Дегенмен, іргелі зерттеулер үшін қазірден тарих ғылымын нау­қаншылдық шеңберінен шығару керек секілді көрінеді. Бізде маңызды тарихи дата кезінде ғана сол тақырып бо­йын­ша зерттеулер басталып, еңбектер жарық көріп, БАҚ-та материалдар жария­ланады. Атаулы дата өтісімен, зерттеулер де тоқтайды, жарық көруге тиіс еңбектер де саябырсып қалады. Жақсы басталған іс аяғына жетпей ор­та жолда тиянақ табады. Мұндай тәсіл­мен іргелі тарихи зерттеулер жүр­гізіп, тақырыпты қопара зерделеу­ге мүмкіндік болмайтыны түсінікті.

Мәселен, Президентіміз осы мақа­ласында ашаршылық тақырыбын қол­ға алып, жан-жақты зерттеуді тап­сырды. Халқымыздың басынан өткен алапат трагедия – ашаршылық та­қырыбында әлі күнге дейін даулы мәселе көп. Сондықтан бізге ұзақ жылға созылатын тиянақты, байыпты зерттеулер жүргізу қажет екенін түсінуіміз шарт.

Тарихи сананың қалыптасуында тарихи білімнің маңызы зор. Бұл, түптеп келгенде, азаматтарымыздың рухани тірегіне айнала алады. Сол себепті де тарихымызға тәуелсіз көз­қарас керек екені айқын. Бұ­ған, әсіресе, еліміздің болашағы – өске­лең ұрпақ мұқтаж. Бүгінгі мақ­сат – оларға жеңісті жалаулатқан, жеңі­лісті жасырған жасанды тарих емес, объективті, байыпты талдауға негіз­дел­ген тарихты жазу. Міне, сонда ғана келер ұрпақ өткеннің өнегесі мен сабағын қоса меңгеретін болады.

Сонымен қатар Президентіміз мем­лекеттік тіл мәселесіне қатысты да пікір білдірді. Қасым-Жомарт Кемел­ұлы ел тізгінін алғалы бері қазақ тілінің қоғамды біріктіруші фак­торы туралы айтып келеді. Расын­да, мемлекетіміз бұл мәселеде асығыс­тыққа жол бермей, өзінің көздеген мақ­сатына сенімді түрде қадам басуда. Қазақ ұлтының үлесі қазақтілді өңірлердің есебінен еселеп артуда. Сондықтан, қоғамдық қарым-қаты­насты қазақ тілінде құрудың қажет­тілігі өздігінен айқындала түсуде.

Дегенмен, бұл – өзге тілдерді тық­сырып шығудың себебі емес. Біз әрдайым мультимәдени ортада өмір сүріп жатқанымызды есте сақ­та­ғанымыз жөн. Бұл Алаш заманынан бері де солай. Сондықтан Мемлекет басшысының барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала беретіні туралы сөз еткені орынды. Бұл – біздің халқымыздың тұтастығын арттыра түсетін бірден-бір фактор екенін есте сақтауымыз керек.

Осы орайда мына мәселеге назар аудартқым келеді. Әлі күнге дейін мемлекеттік тіліміз кейбір са­ла­ларда толыққанды қолданысқа ие бола алмай жүргені жасырын емес. Күнделікті қызмет көрсету, қар­жы секторы, заң және т.б. салалар қазақылана алмай келеді. Біз бұл ретте ескі әдетімізден, үйреншікті соқ­пағымыздан жалт бұрылғымыз кел­мейді. Бірақ жаңаға жол салмай, тәуекелдің қайығына мінбей, қазақ тілі­міздің қолданыс аясын еш кеңейте ал­маймыз. Бұл жерде саяси ерік-жігер мен қоғамдық сұраныс қатар жүріп отыруы шарт деп есептейміз.

Өткен жылы біз ел болып Абай Құнанбайұылының мерейтойын тағы­лымды атап өттік. Осы атаулы датаның аясында жер-жерде бірегей Абай институттары ашылды. Менің ойымша, осы институттар қазақ тілін үйретуді негізгі міндеті етіп белгілесе орынды болатын секілді. Себебі Абай институттары қаз-қатар кітаптар ор­наластырылған бос кабинет күйінде қалу үшін ашылған жоқ еді. Оларда «British Council», «Japan Foundation» және т.б. секілді идеологиялық мазмұн болуы шарт деп санаймыз. Мұндай институттар ең әуелі өңірлерде ашылса, мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірген азаматтар бас қосатын орта­лыққа айналса деген үлкен тілек бар. Еліміздің ішінде осындай тәжірибені жетіл­діре алсақ, оны шетелдерде де іске асыруға, бірінші кезекте, ондағы қандас­тарымызға және өзге елдің аза­мат­тарына қазақ тілін үйретуге қол­дана алар едік.

Мемлекет басшысы мақаласында Алаш тақырыбын да айналып өткен жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз кезін­де елге қызмет етудің озық үлгісін көр­сет­кен Алаш қайраткерлерінен тағы­лым аламыз. Олар өткен ғасыр­дың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құр­бан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұл­ғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге осы та­қырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын иге­ру жалғаса беруге тиіс», деген еді.

Біз – әлі күнге дейін өзіміздің батыр­ларымызды іздеп келе жатқан қоғамбыз. Бір қарағанда, оларды шетел­ден «импорттауға» да жалық­қан сияқтымыз. Әрине, алыптар – адамзатқа ортақ, дегенмен өз ұл­тың­ның ұлыларын төбеңе тұту – ру­хың мен намысыңды шыңдаудың мүм­кіндігі. Міне, осы ретте бізге Алаш арыстары озық үлгі болатындай.

Себебі алаштықтар саяси әрі қоғамдық істердің көш басында тұр­ды. Олар алғаш болып қазақтың еуро­палық үлгідегі тәуелсіз мемле­кетін құруға ұмтылды. Ұлттық ғылы­мымыздың негізін қалады. Әрбіреуі жаңа салаларда ғылыми еңбектерді дүниеге әкелді. Төл әдебиетімізді жа­ңа сатыға көтерді.

Жаппай қуғындалды. Ату жазасына кесілді. Бірақ, өлімді қасқайып тұ­рып қарсы алды. Алаштықтардың тағдыр жолы таныған жанды бейжай қалдырмайды. Міне, олар бүгінгі ұрпақ үшін елдік пен өрліктің ерен үлгісі бола алатыны сөзсіз.

Сондықтан Президентіміз айт­қандай, біз оларды барынша дәріп­теуге міндеттіміз. Бұл бағытта тың зерт­теулерге түрен салған абзал. Бұл жерде даурықпа сөз емес, дәйекті ізденістер арқылы ғана олардың атын мәңгілік ете аламыз. Ал өзінің үлгі тұтар бабасы бар ұлттың өзгеге қарай­лап тұрмайтыны түсінікті ғой.

...Жаһандану дәуірі, сөз жоқ, адамдарды ортақ құндылықтар, ортақ таным аясына біріктіруге бастайды. Дегенмен, төл тарих, тіл, дәстүр өзінің қайталанбас ерекшеліктерімен дараланып тұратыны сөзсіз. Сондықтан ұлтымыздың тарихын түгендеуге, тілін тұғырына қондыруға, ұлыларын ұлықтауға деген талпыныс қай кезде де өзекті. Осы тұрғыдан алғанда Пре­зи­дентіміздің халықты ортақ мақ­саттарға жұмылдыруға деген ой-тілегіне үн қосуымыз маңызды.

Жаһандану кезеңінде алпауыт елдердің есесі кетпейді. Керісінше, олардың технологиялық, тілдік, мәдени ықпалы артып, өзге елдерге әсері біліне бастайды. Әлбетте, олар бұрынғыдай өз үстемдіктерін қара күш арқылы дәлелдемейді, керісінше, күнделікті қарым-қатынаста сендіру, иландыру арқылы мойындатады. Мұны біз «soft power» деп жүрміз.

Әрине, мұның ықпалына төтеп берудің жолы – өзіңнің түпнегізіңе үңілу және оралу, тарихыңды тану, тіліңді қастерлеу, дәстүріңді дәріптеу. Мемлекет басшысының мақаласы осы бағыттағы күрестің арқатірегі болады деген сенім бар.  

 

Берік УӘЛИ,

Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы


Дереккөз: "Егемен Қазақстан"


Пікір жазу
  • Шығыстану ғылымына көңіл бөлмесек, көп дүниеден мақұрым қаламыз
    ҚАБІЛЕТТІ КАДР-МАМАНДАР ҒАНА ҚАҒИДА-ЕРЕЖЕНІ ҚАЛТ ЖІБЕРМЕЙДІ!!!

    Ұқсас тақырыптар