"Қазақтың арманын көрсеткен құжат". Егемендік декларациясы қалай қабылданды?

Уақыты: 2021-10-26 Көрлімі: 299 Сипаттама

"Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы" мәтіні. "Лениншіл жас" газе...

"Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы" мәтіні. "Лениншіл жас" газеті, 30 қазан 1990 ж.

"Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы" мәтіні. "Лениншіл жас" газеті, 30 қазан 1990 ж.

Қазақстан 1990 жылғы 25 қазанда "Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация" қабылдады. Бұл күн 2009 жылға дейін Республика күні ретінде мемлекеттік мереке болып келді.1990 жылдары "Азат" қозғалысы үйлестіру кеңесінде болған Марат Тоқашбаев декларацияның маңызын сол жылдардағы оқиғаларға қарап білуге болады дейді. Ол кезде қоғамдық-саяси ахуал қандай еді? Қазақстан халқы сол күні тәуелсіздік алдық деп есептеді ме?

Азаттық: Таяуда кей белсенділер Қазақстанның тәуелсіздігі күнін 1990 жылғы 25 қазанда "Егемендік туралы декларация" қабылданған күнге ауыстыру қажет деп санайтынын мәлімдеді. Сол кездегі саяси оқиғалардың куәсі болдыңыз. Бұл пікірмен келісесіз бе?

Журналист Марат Тоқашбаев. Алматы, 23 қазан 2021 ж.

Журналист Марат Тоқашбаев. Алматы, 23 қазан 2021 ж.

Марат Тоқашбаев: Меніңше, Республика күнін қалпына келтіру керек. Ал 16 желтоқсан сол күні Қазақстанның тәуелсіздігі туралы заң қабылданғандықтан, Тәуелсіздік күні болып қала бергені дұрыс. "Егемендік туралы декларацияның" маңызы мен декларация қабылдаған кездегі қоғамдық саяси көңіл күйді соның алдындағы және одан кейінгі саяси оқиғалар арқылы түсінуге болады.

Егемендік декларациясы қабылданардан бұрын Қазақстанда президенттік басқару енгізілді. Бұл мәселе 1990 жылғы 24 сәуірде жоғарғы кеңесте талқыланып, академик Сұлтан Сартаев баяндама жасады және сол күні заң қабылданды. Бірақ сол кезде Мәскеу мұндай заңды қабылдауға қарсы болып, қысым жасағаны есімде.

Азаттық: Мәскеу өкілдері Қазақ ССР жоғарғы кеңесі жиынына қатысты ма?

Марат Тоқашбаев: Жоқ, Мәскеуден өкіл келген жоқ. Ол кезде Мәскеудің пәрмені азая бастаған кез. Мәскеудің қысымы жайлы кейін Сұлтан Сартаевпен сөйлескен едім. Сонда ол "Назарбаев президенттік басқаруды енгізер-енгізбесін білмей екі ойлы болып қалды" деген болатын.

Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен СССР президенті Михаил Горбачев. Мәскеу, 25 қыркүйек 1990 ж.

Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен СССР президенті Михаил Горбачев. Мәскеу, 25 қыркүйек 1990 ж.

Азаттық: Ол кезде басқа одақтас республикалар да президент институтын енгізіп еді ғой?

Марат Тоқашбаев: Бәрі емес. СССР президенті институты енгізіліп, (Совет одағы компартиясы орталық комитетінің бас хатшысы Михаил) Горбачев президент болған соң, 4-5 республика президент институтын енгізгені рас.

Бірақ Мәскеу бақылаудан айрылып қаламыз деп, бұл үдерістің әрі қарай жайылғанын қаламады. Өйткені коммунистік партия билігі екінші деңгейге түсіп қалатын еді. Бірақ (Қазақстан компартиясы бірінші хатшысы әрі жоғарғы кеңес төрағасы Нұрсұлтан) Назарбаев батылдыққа барды; өзіне де пайдалы болатынын сезген болуы керек.

Азаттық: Президенттік басқаруды енгізу мәселесін талқылағанын көрдіңіз бе?

Марат Тоқашбаев: Әрине. Ол кезде биліктің үлкен жиындарына журналистерді, әсіресе бас редакторларды қатыстыра беретін. Өз басым сондай көп оқиғаның ішінде болдым. Бәрін тыңдап, көріп отырдық.

Қазақ ССР жоғарғы кеңесіндегі жиынға қатысып отырған баспасөз өкілдері. Оң жақтан екінші - журналист Марат Тоқашбаев.

Қазақ ССР жоғарғы кеңесіндегі жиынға қатысып отырған баспасөз өкілдері. Оң жақтан екінші - журналист Марат Тоқашбаев.

Тура сол қарсаңда Жоғарғы кеңестің үні – "Халық кеңесі", орысшасы "Советы Казахстана" газеті құрылған еді. "Халық кеңесінің" бас редакторы болып Сарбас Ақтаев тағайындалды, мен жауапты хатшысы болдым. Президент билігі енгізіліп, Назарбаев президент болған күні газеттің алғашқы нөмірін шығарып, 360 депутатқа тараттық. Депутаттар "енді өз газетіміз болатын болды" деп қатты қуанды.

Азаттық: Бірінші нөмірін президентке арнау жөнінде тапсырма болмады ма?

Марат Тоқашбаев: Жоқ, жаңа басылымның бірінші нөміріне БҰҰ 1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылдаған "Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын" бастық. Сөйтіп бұл декларация қазақ баспасөзінде алғаш рет "Халық кеңесі" газетінде жарық көрді.

Сол күні Қазақ ССР президенті сайланды. Қазақстанда президент институтын енгізуге қарсылар да болды. Кей депутат "СССР президенті де жетеді, Қазақстанға керегі жоқ" деп шықты. Дауысқа салғанда заң өтті. Қол көтеріп дауыс берді, есеп комиссиясы санап шықты. Содан кейін президенттікке Назарбаевты ұсынды. Ол жерде басқа кандидатура болған жоқ.

Қазақстан компартиясы бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР президенті болып сайланғаннан кейін ант беріп тұр. Алматы, 1990 жылғы сәуір.

Қазақстан компартиясы бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР президенті болып сайланғаннан кейін ант беріп тұр. Алматы, 1990 жылғы сәуір.

Азаттық: Парламент президент сайлауы өтетін күнді белгілемеді ме? Бәлкім басқа кандидаттар шығар ма еді? Тіпті жоғарғы кеңес депутаттары сайласа да, кандидаттарға уақыт беруге болар еді ғой?

Марат Тоқашбаев: Ондай әңгіме болған жоқ. Өзге республикалардың бірінші хатшылары президент болып сайланып жатқан. Сол үдеріс бізде де жалғасты. Тездету керек болды. Тіпті бір аптаға да кейінге қалдыруға болмайтындай ахуал еді. Мәскеу бір аптаның ішінде әскер кіргізіп жағдайды өзгертіп жіберуі де мүмкін болатын.

Ол кезде президент билігін енгізуді халық қолдады. Зиялы қауым да жақтады. СССР-дің біртіндеп ыдырай бастау мүмкіндігі, Қазақстанның тәуелсіздікке ие болу мүмкіндігі, Қазақстанның кейбір жерінен айрылып қалу қаупі сияқты жайттар қоғамда қызу талқыланып жатқан. Сепаратистік пиғылдарға жол бермеу үшін коммунистік биліктен гөрі президенттік басқару дұрыс секілді көрінді. Ахуал солай болатын. Қазір оны әрқилы болжайды. Сол себептен де шығар, балама кандидат ұсыну, сайлауды кейінге қалдыру жөнінде ешкім тіс жарған жоқ.

Азаттық: Назарбаев президент бола салысымен "жалауымыз қызыл, мақсатымыз социализм болып қала береді" деп баяндама жасапты.

Марат Тоқашбаев: Назарбаев ол кезде басқа сөз айта алмайтын. Сондықтан ол Мәскеуге жағатын сөз айтты. Қазірге дейін Мәскеуге жағатын сөз айтады ғой. Одақты жаңарту бірінші мәселеге айналып, СССР халық депутаттары съезінде, әр республиканың жоғарғы кеңесінде қаралып, үлкен дау болып жатты. Одақты федерация жасаймыз ба, конфедерация жасаймыз ба деген мәселе күн тәртібінде тұрды. Бұл дау 1990 жылы жазда басталып, 1991 жылы 19 тамыздағы Төтенше жағдай жөніндегі комитеттің (ГКЧП) бүлігіне дейін созылды. Бұл – "Егемендік туралы декларациядан" кейін де одақты сақтап қалуға деген ұмтылыстың тоқтамағанына дәлел.

Азаттық: Қазақстанда "Егемендік туралы декларация" қабылданар алдында коммунистерден өзге қоғамдық саяси ұйымдар болды ма?

Марат Тоқашбаев: 1990 жылғы 31 шілдеде Жазушылар одағында "Азат" қозғалысын құрылып, тең төрағаларын сайланды, сол кезде үйлестіру кеңесіне кірдім.

Біз Тәуелсіздік партиясын құрмақ болғанбыз. Жобасын әзірлеген Сәбетқазы Ақатаев кейін өз идеясына өзі қарсы шығып, "партия құрсақ, бізді жоқ қылып жібереді, Балтық жағалауындағы республикалардағыдай қозғалыс болсын" деді. Дайындық жұмысы көп жүрді, әр облыстан өкіл шақырдық.

"Азат" азаматтық қозғалысын ұйымдастырушылар. Бірінші қатарда Сәбетқазы Ақатай (сол жақтан екінші), Марат Тоқашбаев (сол жақтан төртінші) тұр. 1990 жыл. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

"Азат" азаматтық қозғалысын ұйымдастырушылар. Бірінші қатарда Сәбетқазы Ақатай (сол жақтан екінші), Марат Тоқашбаев (сол жақтан төртінші) тұр. 1990 жыл. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

Сөйтіп "Азат" газетін ашып, мен газет редакторы болып, бірінші, екінші нөмірлерін шығардым. Ол нөмірлер сақтаулы тұр. Сосын Батырхан Дәрімбет бас редактор болды. "Азат" қозғалысы демократиялық бағытта жұмыс істеді. "Егемендік туралы декларацияға" балама жоба да жасады. "Азат" – Қазақстанда алғашқы қоғамдық саяси қозғалыс болды. Басқа қозғалыстардың саяси сипаты болған жоқ.

Азаттық: "Азат" қозғалысы құрылғанына республика басшылығы қалай қарады?

Марат Тоқашбаев: Назарбаев Мәскеудің ықпалында болған кісі, онша қолдамады. Сәбетқазы Ақатаевты екі рет қабылдады. Ұзақ сөйлесті. Сол кезде Сәбетқазы Ақатаев "Нұрсұлтанның бір сөзі бар – қолында өлгің келеді, бір сөзі бар – жолында өлгің келеді" деген еді. Кейін сол сөз тарап кетті. Билік "Азаттан" сескеніп, Сәбетқазыны тежеді. "Мәскеуге қарсы сөзді азайтыңдар" деген сияқты ақыл-кеңес айтқан болуы керек, кездесуден шыққан соң Сәбетқазы тартыныңқырап қалды.

"Азат" қозғалысы мүшелерінің қазақ халқының өз билігін өз қолына алуына деген ықыласы орасан зор еді. 1990 жылғы 15 қыркүйекте Орал оқиғасы кезінде "Азат" қозғалысы шешуші рөл атқарды.

Казактардың сепаратистік іс-әрекетіне жол бермеді, билік ол кезде әлсіз болатын, қай жағына шығарын білмей артын күтті.

Менде "Казактардың патшаға қызмет етуінің 400 жылдық тойына қалай тойтарыс берілгені" хронологиясы әр күн, сағатына дейін сақтаулы тұр.

Азаттық: Қазақстан тәуелсіздігін 15 одақтас республиканың ең соңы болып жариялады. Егемендік декларациясын да 13-ші болып жариялаған екен. Егемендік декларациясын жариялау мәселесі баспасөзде 1990 жылғы қыркүйек айында ғана көбірек айтыла бастапты.

Марат Тоқашбаев: Ол кезде демократиялық дүмпу, халықтың санасы ояна бастағаны қатты білінетін. Егемендік декларациясы сәл кештеу болса да қабылданып, Қазақстан тәуелсіздікке бет алу жолындағы ниетін танытты. Декларацияның заңды күші жоқ. Ол ниет, алдағы бағытына бағдар. Соның өзі демократиялық бағыттағы азаматтарға, жалпы қазақ халқына үлкен жігер берді. Саяси ықпалы зор болды. Осы кезде екі Германия қосылып, Берлин қабырғасы құлатылып жатқан болатын.

Азаттық: Егемендік декларациясын қарапайым халық қалай қабылдады?

Марат Тоқашбаев: Шын мәнінде қазақтың арманын көрсеткен құжат болды. Сондықтан халық қуанышпен қабылдады. Коммунистерді білмеймін, жалпы бұқара зор қуанышпен қарсы алды.

Азаттық: Бірақ тәуелсіздік деп есептемеген шығар?

Марат Тоқашбаев: Жоқ, оны тәуелсіздік деп қабылдаған жоқ. Жеке өз басым, шынайы тәуелсіздікті өзім көре алмаспын, балаларым, немерелерім көріп қалар деп ойлайтынмын. Біз егемендік декларациясының өзін арқа тұттық. Халықтың да жағдайы солай болды. Егемендік пен тәуелсіздік деген ұғым жақын, бірақ екі түрлі. Сол кездегі көзқараспен айтып отырмын. Егемендік декларациясы Қазақстанның ішкі құзыретін арттырып, қазақ халқының ұлттық мемлекет құру жөніндегі арманын жүзеге асыратын жол болып көрінді. Өйткені әскер, ақша, сот, прокуратура мәселесі Мәскеудің құзыретінде қалды.

"Азат" азаматтық қозғалысы әзірлеген "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларациясы" жобасы "Азат" тәуелсіз газетінің 1990 жылғы 1 қазандағы нөмірінде жарияланған. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

"Азат" азаматтық қозғалысы әзірлеген "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларациясы" жобасы "Азат" тәуелсіз газетінің 1990 жылғы 1 қазандағы нөмірінде жарияланған. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

"Қазақ ССР-інің егемендігі туралы декларацияда" ең бірінші ұлттық мемлекет құру мәселесін көздеді. Бұл – үлкен жетістік, ұлтқа бет бұру болатын. Құжатта "бұл декларация алдағы уақытта қабылданатын конституцияның негізі болып табылады" деп жазылған еді. Халық оны тәуелсіздік туралы заңнан кем көрген жоқ. Бұл кезде жаңа одақ шартына қол қою мәселесі талқыланып жатқанын жоғарыда айттым. Мәскеу одақты сақтап қалу үшін 1991 жылғы 17 наурызда референдум өткізу жөнінде шешім қабылдады. Яғни "Егемендік туралы декларациядан" кейін де одақты сақтап қалу мәселесі тоқтаған жоқ.

Азаттық: Референдумда Қазақстан одақты сақтап қалуға дауыс беріпті.

Марат Тоқашбаев: Қандай одақты сақтауға дауыс бергеніне қараңыз. Референдумнан бірнеше күн бұрын болған жайды айтайын. "Азат" қозғалысы референдумға шығаратын сұрақ жайын ақылдастық. Ол кезде одақ керегі жоқ деген сөз айтылмайтын, одақ қала берсін, бірақ федерация ретінде болсын деген ұстаным бар еді. Мәскеу "Кез келген ұлт өкілінің праволары мен бостандықтарына толық кепілдік беретін тең праволы, суверенді республикалардың жаңарған федерациясы ретінде Советтік социалистік республикалар одағын сақтауды қажет деп есептейсіз бе?" деген сұрақты референдумға шығаруды ұсынған. Ал біз оны "Праволары мен тәуелсіздігіне толық теңдей кепілдік берілетін суверенді республикалардың жаңарған федерациясына айналатын советтік социалистік республикалар одағын сақтауды қажет деп есептейсіз бе?" деп өзгерткен жөн деп ұйғардық. СССР әр адамның құқығын сақтаймыз деп өз билігін сақтап қалуды көздеді, ал біз оны республиканың өз правосы мен құқығы сақталсын деп өзгерттік. Қазақстан осы нұсқаға дауыс берді. Бұл да "Егемендік туралы декларациядан" кейін болған оқиға.

Азаттық: Оны қалай өзгерттіңіздер?

Марат Тоқашбаев: 1991 жылғы 21 ақпанда жоғарғы кеңес сессиясында Назарбаев сөйлеп болып, жиын аяқталуға жақындады. Сонда Назарбаевтың жанында отырған депутатқа "референдумда мынадай сұрақ қойылуға тиіс, осыны талқылайық" деп "Азат" қозғалысы атынан референдум сұрағын жазып жібердім. Сұрақты Назарбаев та қолдады. Сөйтіп "Азат" қозғалысы дайындаған сұрақ көпшілік дауыспен өтіп кетті.

Қазақ ССР вице-президенті Ерік Асанбаев (сол жақта) пен Қазақ ССР жоғарғы кеңесі төрағасы Серікболсын Әбділдин президиумда отыр. Мінберде - Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақ ССР вице-президенті Ерік Асанбаев (сол жақта) пен Қазақ ССР жоғарғы кеңесі төрағасы Серікболсын Әбділдин президиумда отыр. Мінберде - Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Егер СССР содан кейін де сақталып қалған болса, онда Қазақстанның егемендігіне үлкен ықпал ететін құжат болар еді.

Азаттық: Сол кездегі қазақ баспасөзі "Референдум – Одақтың қулығы" деп жазыпты. Белгілі композитор Еркеғали Рахмадиевтің "Мен СССР-ге қарсымын" деген пікірі жарияланыпты.

Марат Тоқашбаев: Ол кездегі зиялы қауым, көзі ашық адамдардың пікірі солай болды. Жаңа одақтың шарты туралы айтыс-тартыстың бәріне 1991 жылғы тамыздағы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің әрекеті (ГКЧП) леп белгісін қойып, тоқтатты. СССР президенті Михаил Горбачевті қызметінен тайдырып, билікті қолға алдық деген ГКЧП үш күн СССР-ді әрі-сәрі қылып қойды. Бір детальді айтайын. ГКЧП билікті өзіне алатыны туралы құжатқа қол қойып жатқанда ГКЧП басшысы (СССР вице-президенті Геннадий) Янаевтың қолы дірілдеп кетті. Соны теледидардан ірі планмен көрсетті. Осындай сенімсіздік жаңарған одаққа деген сенімнен біржола айырды.

СССР мемлекеттік кеңесі одақ туралы жаңа келісім жобасын талқылап отыр. СССР президенті М.Горбачев төрағалық еткен жиынға Борис Ельцин (РСФСР), Станислав Шушкевич (Беларусь), Нұрсұлтан Назарбаев (Қазақстан), Аяз Муталибов (Әзербайжан), Асқар Ақаев (Қырғызстан), Акбаршо Искандеров (Тәжікстан), Сахат Мурадов (Түркіменстан) қатысты. Мәскеу, 13 қараша 1991 ж.

СССР мемлекеттік кеңесі одақ туралы жаңа келісім жобасын талқылап отыр. СССР президенті М.Горбачев төрағалық еткен жиынға Борис Ельцин (РСФСР), Станислав Шушкевич (Беларусь), Нұрсұлтан Назарбаев (Қазақстан), Аяз Муталибов (Әзербайжан), Асқар Ақаев (Қырғызстан), Акбаршо Искандеров (Тәжікстан), Сахат Мурадов (Түркіменстан) қатысты. Мәскеу, 13 қараша 1991 ж.

Бірақ Қазақстан билігі одан кейін де тәуелсіздікті жариялау мәселесін кейінге қалдыра берді. Меніңше, оған екі нәрсе ықпал еткен сияқты. Біріншісі, Совет одағы қала берген жағдайда Назарбаев СССР премьер-министрі болып кетуі мүмкін деген әңгіме болды. Екіншісі, Назарбаевта алда-жалда ГКЧП сияқты тағы бірдеңе болса, "нысанаға ілініп кетермін" дегендей үрей болған сияқты.

Азаттық: Тәуелсіздіктің де кеш жариялануына Нұрсұлтан Назарбаевтың 1 желтоқсанға президент сайлауын белгілегені әсер етпеді ме? Тәуелсіздік неге Желтоқсан оқиғасы болған күнге тұспа-тұс жарияланды?

Марат Тоқашбаев: Оның да жаны бар. Президент сайлауын өткізіп алғысы келген сияқты. Ол кезде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы халықтың жадында болатын. Сол қанды оқиғаны қуанышты оқиғамен алмастырып, халық жадынан өшіргісі келді ме деп те ойлаймын.

Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына байланысты сотталған азаматтарды түрмеден босатуды талап етіп Қазақ ССР жоғарғы кеңесі алдында пикет өткізіп тұрған белсенділер. 1990-жылдар. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына байланысты сотталған азаматтарды түрмеден босатуды талап етіп Қазақ ССР жоғарғы кеңесі алдында пикет өткізіп тұрған белсенділер. 1990-жылдар. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

Азаттық: Егемендік декларация қабылданғанда болашақта Қазақстан қандай болады деп күттіңіз. Үмітіңіз ақталды ма?

Марат Тоқашбаев: Біз ол кезде Қазақстанның болашағын өте керемет болады деп елестеттік. Тұрмысымыздың нашар болғанын Мәскеуден көрдік. Одан бері 30 жыл өтсе де, алға басып кеткеніміз шамалы. 1990 жылғы демократиялық лептен, ырғақтан, сол кездегі халықтың өршіл көңіл-күйінен ажырап қалдық. Халықтың бойындағы күрескерлік қуат қазір бәсеңдеп қалды.

Азаттық: 1990 жылы жоғарғы кеңесте Қазақ ССР президенті сайланғанда көрген президентіңіз қаншама жыл президент қызметінде отырады деп ойладыңыз ба?

Марат Тоқашбаев: Бір адамның отыз жыл бойы ел басқаруы ешқандай талапқа сай келмейді. Кейінгі 20 жыл билікте өзгеріс қашан болады деп күтумен уақыт өткізіп келе жатырмыз. Кейде маған өмірімнің 20 жылы текке кеткендей көрінеді. Іс жүзінде ұрланды. Соған қатты өкінемін.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

Асылхан МАМАШҰЛЫ

Дереккөз: "Азаттық"


Пікір жазу
  • Тоқаев: Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі
    Үшінші қарар қытайды қайда бастайды?

    Ұқсас тақырыптар