Жаңа Қазақстанның құндылықтары айқындала түсті

Уақыты: 2022-03-24 Көрлімі: 387 Сипаттама

2022 жыл Қазақстанды дүр сілкіндірен жыл болды деп санаймын. «Қаңтар оқиғасы» ешкім күтп...

1555136484901396-905x613-1.jpg

2022 жыл Қазақстанды дүр сілкіндірен жыл болды деп санаймын. «Қаңтар оқиғасы» ешкім күтпеген кездейсоқ орын алған сияқты көрінгенмен, іш жүзінде оның туындауы міндетті еді. Өйткені Қазақстанда қалыптасқан саяси, экономикалық құрылым жүйесінің тізгінсіздігі сондай сойқанға соқтыратыны сөзсіз болатын.

Бұл сан ғасырлық мемлекеттік тарихы бар елдердің тәжірибесі әлдеқашан дәлелдеген заңдылық. Адамзат тарихына көз жеберіп қарасақ, қазіргі таңда дамыған елдердің қай-қайсы да сан мәрте саяси төңкерістерді, дағдарыстарды бастан кешкенін байқаймыз. Алайда сол мемлекеттер төңкерістен кейін, дағдарыстан соң айтарлықтай дами түсті. Неге? Өйткені олар әрбір оқиғалардан сабақ алып, қоғамдық тәжірбиелерді рациональды түрде қорыта отырып, мемлекет басқарудың жүйесін реттеп, кемелдендіріп отырды. Соның нәтижесінде оларда қоғамдық қайшылықтарды реттейтін, тосын қауып-қатерді болдырмайтын механизм қалыптасты. Сондықтан аталмыш капиталистік мемлекеттер тұрақты дамыды да, маркистік утопияға құрылған, авторитарлық жүйедегі социалистік мемлекеттер бәсекеде жеңіліп, мемлекеттік жүйесін өзгертуге мәжбүр болды, өзгертті де. Алайда бұлардың көбі адамзаттың ортақ құндылықтарына негізделген құқықтық және демократиялық саяси жүйені емес, авторитарлық билік жүйесін, тіпті «суперпрезидентік» басқару жүйесін біртіндеп қалыптастырды. Тарихи тәжірибелер мұндай жүйенің ешкімге де (соны орнатушыларға да) опа қылмайтынын қанша қайталап дәлелдесе де, билеушілер өз пендешілігін жеңе алмай-ақ келеді. Алайда қоғамның даму заңдылығы өз дегенімен жүреді. Ол ерте ме, кеш пе, сен қалайсың ба, жоқ па санасып жатпайды, өз салдарын көрсетеді де отырады. «Қаңтар қасыреті» сондай заңдылықтың салдары болып табылады.

Жыл басында елімізде бұрық ете түскен сұрапыл төңкерістік оқиғаны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айырықша саяси парасаттылығымен тез еңсергеніне куә болдық. Сондай-ақ бұл оқиғадан Қазақстанда бір дәуірдің, яғни Назарбаев дәуірінің аяқтағынын сезіндік те, ендігі жерде еліміздің даму жолы қалай өрістейді екен, көне сүрдекпен жүре береме, әлде жаңғыра түсеме деген ойымызда көп сұрақтар тұрғаны еді. 16 науырыздағы Президент Жолдауында пайымдалған жаңғыру бағыттары көңлімізден шығып, үмітімізді үкілей түсті деп айта аламын. Өйткені «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолының» таңдап алған саяси құндылығы - жалпы адамзаттың ортақ құндылығына негізделіп құрылған мемлекеттік саяси жүйеге бейімделген. Өйткені, құқықтық, демократиялық бағыт – Қазақстанның жаңғыру жолы ретінде анықталып отыр.  Тарихи тәжірибелер көрсеткендей, мемлекеттердің саяси жүйесі әлеуметтік дамуда шешеуші рөл атқарады. Сондықтан да мемлекет басшысы Жолдауында «Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес» деп кесіп айтқан-ды. Себебі тәуелсіздіктен кейін орнатылған Қазақстан Республикасының саяси жүйе моделі дұрыс болғанмен шын мәніндегі демократиялық құқықтық жүйені орната алған жоқ, орнатуға пейілді болмады. Керісінше, жыл өткен сайын авторитарлық, тіпті тоталитарлық билік жүйесін нығайта түсті. Бұл біздің еліміз де ғана емес, посткеңестік мемлекеттердің көбінде көрініс тауып отырған ахуал, тіпті бізден де сорақылары бар. Соның салдары қазір әр елде әр түрлі көрініс тауып отыр. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «мен елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімдімін» деген-ді.

Әр қандай елдегі авторитарлық, тоталитарлық билік қашанда мүдделі топтардың, кландардың саяси және экономикалық монополиясын қалыптастырады, біздің елде одан тыс қалған жоқ. Соған байланысты Жолдауда «Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату  өте маңызды» деп айтылған. Сондай-ақ «Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс» делінген. Ал «саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру» екені анық айтылды және оның механизмі көрсетілген. «Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек» дейді Президент.

Міне бұдан Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне дейін президентке берілген супер құзретке өзі шектеу қойғанын аңғарамыз. Мұндай қадам жасау шығыстық мемлекет басшыларында өте сирек кездесетін құбылыс. Рас, кезінде ҚХР басшысы Дэн Сяопин көзі тірісінде мемлекет басшысының қызмет мерізімін екі сайлаудан немесе он жылдан асырмау тәртібін орнатқан еді. Бірақ ол институт кешенді саяси реформалармен бекемделмегендіктен кейінгі буын ол қағидатты Конституциядан да алып тастады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі қытайтанушы ғалым болғандықтан, осындай әлемдік тәжіриберлерді ескере отырып елімізде Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұл құрылым Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуына жауап береді. Сондай-ақ ол елімізде қабылданған заң-ережелердің Конституцияға қайшы келетін-келмейтінін саралап отырады. Сонымен қатар судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепілдік береді.

Жолдауда президент және облыс әкімдері міндетін атқару кезінде саяси партиялардан бейтарып тұру ұсынылған. Бұл елімізде әр деңгейдегі сайлауларда әділдіктің салтанат құруына мүмкіндік жасайтын амал.

Кезінде белгілі тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлы «Елбасқарған азаматтардың тірлігіне отбасы мүшелерінің араласуы – үлкен қатар» («Жас Алаш» 2005 ж. 31 науырыз) деп айтқаны үшін биліктен қағажу көріп өткен еді. Енді міне Жолдауда «Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады» деп көрсетіліп отыр. Бұл да саясаттың ғылымилыққа негізделе бастағанын көрсетеді. Кез келген саясат ғылыми негізде қабылданса нәтижелі болатыны сөзсіз.

Саяси жаңғыру экономикалық және мәдени жаңғырудың негізі. Саяси бағытың дұрыс болмай әр қандай ісің өрге баспайды. «Бірінші қадамды қате бассаң, әр басқан қадамың қате бола береді» деген нақыл сөз бар. Осы тұрғыдан қарағанда Жолдауда  айтылған жаңа Қазақстанның саяси жаңғыру бағыты дұрыс деп санаймын. Әрине, дұрыс бағытта түзу жүріп кету де оңай емес. Бұл жалпы азаматтардың сапасына байланысты дүние.

Ал жаңғырудың мақсаты жөнінде «біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі» дейді мемлекет басшысы. Ендеше Жаңа Қазақстанның бейнесін қалыптастыруда біздің ұстанар «ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысу» деп атап көрсетілген. Ол үшін «Біз надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұрамыз» делінген Жолауда. Сонда ғана әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына барынша қолайлы жағдай жасалады, нағыз талантты білімпаздардың жол бастауына мүмкіндік ашылады, халқымыздың жасампаздық әлеуеті арта түседі. Ол үшін «өзгерісті  әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам  жаңғыруы қажет» дейді мемлекет басшысы. Өйткені қоғамдық жүйенің жаңғыруы мен адамдар санасының, ескі тағдының өзгеруі бірдей болмайды. Сондықтан мемлекет құқықтық және моральдық тұрғыдан Жаңа Қазақстан құндылықтары бойынша жалпы халықты тәрбиелеуді уақыт күттірмейтін маңызды міндет ретінде қолға алуы керек деп санаймыз.

Жолдауда Президенттің ұлттық – мемлекеттік құндылықты және өзінің құндылық ұстанымын баса дәріптеуінің мәні зор. Ол «Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі  бәрінен қымбат. Сондықтан, маған  елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан  ешбір құндылық жоқ» деп атап көрсеткен. Мұны мемлекет басшысының Қазақстан халықына әрі әлем елдеріне жасаған мәлімдемесі деп түсінген жөн. Мемлекет басшысының «осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде  Қазақстанымыз бізден басқа  ешкімге керек емес» дей келіп, «қызметіме  түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін  аса маңызды міндет» дегені – әлем алдындағы серті іспеттес. Міне бұлардан мелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өскелең құндылық көзқарасын аңғарамыз және қолдаймыз.

Қазақстан қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі қазақтар үшін де ауадай қажет. Мына алмағайып заманда ұлт тұтастанбай мемлекетіміз ныгаймайды, әлеуметтік экономикамыз өркендемейді. Сондықтан Жаңа Қазақстанның дамуында алыс-жақын шетелдерде тарыдай шашырап жүрген этникалық қазақтардың Отанға оралту қызметі жаңа деңгейде жүргізіледі деп сенеміз.

Нәбижан Мұқаметханұлы,

тарих ғылымдарының окторы, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-дың профессоры


Пікір жазу
  • ТАЛАНТЫ МЕН ТАЛҒАМЫ БИІК АЗАМАТ
    Жыл бойы несиені өтесеңіз де банктегі қарызыңыз неге азаймайды?

    Ұқсас тақырыптар