Ұлттық тағамдарымызды ұлттық брендке айналдыратын кез келді

Уақыты: 2022-11-08 Көрлімі: 479 Сипаттама

Қостанайда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеумен қатар өз кәсібін дөңгелетіп жүрген Г...

Снимок.JPG

Қостанайда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеумен қатар өз кәсібін дөңгелетіп жүрген Гүлнұр Какимбек іскерлік жолы мен пандемия кезеңіндегі бизнестің ахуалы туралы сұхбатын BAQ.KZ порталына сілтеме жасап ұсынамыз. 

-Гүлнұр Өміржанқызы, классикалық сұрақтан бастасақ, кәсібіңізді бастауға не түрткі болды? Қандай себептермен мұндай шешімге бел будыңыз? Кім және не әсер етті? 

-Кәсіп бастау, әрине жоспарда мүлдем болмады. Бірақ Алла бір себепті береді ғой. Ұлттық тағамды күнделікті болмаса да, қолымнан келгенше отбасыма дайындайтынмын. Әлеуметтік желінің бизнес жарнамасының басты құралдарының бірі болып тұрған шақта мен үшін де дәл осы құрал себепші болды. Балаларыма әзірлеген жентке тапсырыс түсе бастады, осылайша саудаға ұласып кетті. Кішкентайымнан анамның жанында жүріп, бидай қуырып, оны қол диірменінен өткізіп, жент жасауды үйрендім. Сүт тартып, қаймақ былғап, бауырсақ пісіріп, ерте жастан үй шаруасына араласқан соң, ұлттық тәттілерді әзірлеу еш қиындық тудырмады. Сондықтан көптеп тапсырыс түсе бастағанда, күн-түн демей бірден жең сыбана кірісіп кеттім. Бұл істе отбасым мен жақындарымның қолдауы зор болды. 



-Кәсіпті бастауыңыз пандемияға уақытына тұспа-тұс келеді. Жалпы, бизнестің басы ауыр болатыны сөзсіз. Пандемия кезінде кәсібіңіз қалай жүрді? Көп бизнес өкілдерінің ашқан дүкені жабылып, банкрот болып жатыр деген ақпараттар жиі жазған едік. Бұл тұста сіздің жағдайыңыз қалай болды? Қандай қиындықтар кезікті? 

-Шынымен де пандемия көптеген шағын және орта бизнеске біраз кедергі келтірді. Менің бастаған кәсібім қаламызға таңсық дүние болды. Себебі қала тұрғындары әбден орыстанып, қазақи дәстүр тек арнайы мерекелерде ғана еске алынады. Ет асу мен бауырсақ пісіруден әрі аспадық. Сондықтан ұлттық тәттіні іздейтін тұрақты тұтынушыларым пайда болды. Ауылдың иісі мен балалық шақтың дәмін сағынған жандар аз болмады. Жаңа идея болды десем қателеспеймін. Кез келген бизнестің бастамасы қиындықсыз болмайды.  Менің әзірлейтін өнімім тек қолмен дайындалады, жентті қалыпқа салып, мұздатып, қайта алып оны әрлеу қажет. Тіпті Қостанайдан қарапайым форманы табудың өзі қиын болды. Құралдың аздығынан түнімен отырып дайындайтынмын. Қазір шүкір, біраз құрал-жабдық сатып алынып, уақыт үнемдеудеп отыр. 

 - Ұлттық тәттілер сатасыз. Жалпы, оның ішіне қандай тағамдарымыз кіреді. Қостанай халқына несімен ұнамды. Қандай маркетинг түрін қолдандыңыз? Жұмыстағы шығармашылығыңыз көмектесті ме? Осы жайында кеңінен тоқталсаңыз...

-Қазақтың ұлттық тәттілеріне құрт, талқан, жент, ірімшік, тағы басқалары жатады. Соның ішінде негізінен женттің түрлерін дайындаймын. Біз бала кезімізде тек ыдысқа салып тұтас қатыратын жентті ғана көріп өстік. Ал қазір мен оны түрлі формаға келтіріп,  тіпті шаңырақ, ою түрінде де жасаймын. Оны жаңғақтың әр түрімен, шоколадпен заманауи стильде әрлеймін. Сыйлық ретінде рәсімделген түрлері қонаққа апаратын қораптағы шоколадтың да орнын басып жатыр.  Қостанай - астықтың мекені. Бізде дәнді-дақылдың көптеген түрі өседі. Алайда оны тек ұн өнімі ретінде ғана пайдаланып, талқан ретінде тұтынбаймыз. Біз осы тұсын жүзеге асыруды шештік. Осылайша, талқаннан женттің түр-түрін дайындап жатырмыз. Шығармашыл адам қай істі болсын фантазиямен, қиялмен алып кете алады екен. Мен өзімді бұрын бизнес саласында елестетіп көрмеппін. Қоғаммен байланыс жасау, жарнама мен дизайн сынды журналистік қабілеттерім бизнесте көп көмегін тигізіп жатыр.  



 - Сіз бұған дейін жоғары білім ордасында оқытушы болыппыз. Қазір ше? Мемлекеттік жұмыс пен жеке кәсіпті қатар алып жүр екенсіз... Осы аралықта қандай ой түйдіңіз? 

-Оқытушылық қызметтен мүлдем кетіп қалған жоқпын. Бұған дейін екі бірдей жұмыс істеу қиын болды. Күндіз студенттерге сабақ беремін, кешкісін отбасыма көңіл бөлемін, түнде жент әзірлейтінмін. Қазіргі таңда бала күтімі бойынша демалысқа шыққан соң, толығымен бизнеспен айналысып отырмын. Қандай қызмет болса да, бастысы жүректің қалауы болса болды. Ұстаздық жолға да қойған көптеген жоспарым бар. 

 -Елімізде ұлттық брендтегі заттар көп бірақ бағасы қымбат деп сатып алмай жатады. Мұндай жайт сізде кездесті ме? Пікіріңіз қалай? 

-Өте орынды сұрақ. Елімізде ұлттық брендтің бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Содан барып арзанырақ затқа жүгіреді де, отандық өнім артта қалып қоя береді. Бизнестегі басты ұстанымым да қолжетімді баға орнату болды. Қостанайда ұлттық тәттілерді кейбір супермаркеттерден болмаса, іздеп табу қиын. Оның өзінде оңтүстіктен, батыстан тасимыз, содан оның құны қымбатқа түседі. Соны өз қаламызда неге дайындамасқа?. Дәнді-дақыл да, сүт те өзімізде бар. Анам бала күнімізде бізге ірімшіктің әр түрін жент, құрт бәрін өзі әзірлеп беретін. Қазір соны насихаттап отыратын әжелеріміз де азайып барады. Дүкенге келген үлкен кісілер «мынау қалай жасалады, мынау не?» деп сұрағанда, келер ұрпаққа не береміз деп ойланамын. Өзгенің тағамын жеп, киімін киіп, туындысын көріп өскен баладан ұлтжанды ұрпақты қалай күтеміз? «Qazaq brend» деген атауды таңдағанда жауапкершілігі көп екендігін түсіндім. Қазақтың киімі де, тағамы да, бұйымы да - бренд болуға лайықты. Тек оны қалай ұсынамыз, дұрыс бағалай аламыз ба, маңыздысы сол. Елімізде өз брендімізді тұтына алмасақ, басқаға оның не қажеті бар?!... 



-Көпшілік ерлер мен әйелдер отбасын құрғаннан кейін өзін жоғалтып жатады. Бастаған ісі соңына дейін аяқталмай қалады. Оларға айтар кеңесіңіз қандай? Немесе кәсіпкерге қандай мінез керек? 

-Әйел - отанасы болуға жаралған. Дегенмен де бұл пікірмен біздің шығармашылығымызды ешкім шектеп қойған жоқ. Балаға да көзі ашық, көкірек ояу, саналы тәрбие беретін ана керек. Сондықтан әйел жан-жақты болғаны дұрыс деп санаймын. Әр кәсіптің қиындығы мен несібесі қатар жүреді. Тек бастаған ісіңді жаныңмен сүйіп, аянбай еңбек ету керек. Алғашқы кедергіден қол сілтей салу, бизнес жоспардың дұрыс құрылмауынан. Әрбір жетістікті елестетіп, қолыңнан келетініне сену керек. Бизнеске деген сенім мен махаббат, құлшыныс пен қайсарлық қажет. Бұндай мінезді анасын көріп өскен бала да Абай атамыз айтқандай, дүниеден өзінің кетігін тауып, дұрыс қаланады. 

-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Фото: дереккөз

Пікір жазу
  • СОНДА ҒАНА ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН БОЛАДЫ
    Омарәлі Әділбекұлы: Арманға бірге жетейік!

    Ұқсас тақырыптар