Ата заң бойынша Қазақстан халқы біртұтас, бір халық

Уақыты: 2020-03-01 Көрлімі: 767 Сипаттама

Бүгін 1 наурыз Қазақстан халықтарының Алғыс айту күні. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан ре...

200229174224100a3620124i.jpg

Бүгін 1 наурыз Қазақстан халықтарының Алғыс айту күні. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан республикасының бұрынғы Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялаған  болатын. Бұл күн қиын-қыстау жылдары қазақ халқының қамқорлығы мен мейірімділігін көрген халықтардың қазақ халықына, қазақ еліне ризашылығын білдіретін күн ретінде белгіленген.

Алғыс айту күні осымен бесінші жыл атап өтудеміз. Бүгінгі күннің құрметіне әр облыстағы Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдері түрлі шағын шаралар өткізгендей болады. Бірақ одан басқа қазақ халқына өзге ұлттар мен ұлыстардың шын пейлі түсіп, алғысын жаудырып жатқаны байқалмайды. Олардың алғыс айтуынан дәметіп, арнайы күн бекітсек те қазақ халқына алғыс айтар түрлері байқалмайды. Керісінше әлеуметтік желіде өзімізге өзіміз алғыс айтып көңіл жұбатамыз.

Бір, тіпті бір жарым ғасырдан бері қазақ халқының рақымына бөленіп келе жатқан диаспоралардың қалай «алғыс» айтып жүргенін бәріңіз де білесіз. Солтүстіктегі көршімізге арқа сүйеп, шовинистік пиғылын танытып жүргендер де, өткенін аңсаған казактар да бар. Олардың мемлекетті, ұлтты, мемекеттік тілді қай деңгейде сыйлайтыны туралы сөз қозғаудың өзі артық. Осы сияқты қазақ халқы мен қазақ еліне айтқан олардың «алғыстарының» бірі биылғы Қордай оқиғасы еді.

Оның бірден-бір себебі де біздегі ұлттық саясаттың өз деңгейінде жүрмеуі. Бұл туралы оқиға кезінде көптеген сарапшылар жазды. Биліктің осы жылдар бойы мемлекетті құраушы қазақ халқының қақын ұмытуы, мемлекеттік тілді өз мінберіне шығара алмау, елдегі азсанды ұлттардың көңіліне жалтақтағанды қоя алмағанның нәтижесінде Қордайдағы сияқты жағдайлар уақ-уақ орын алып тұрды.

Бұндай «алғыс айтулар» туралы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев та осы аптада Елордада өткен  «Қазақстандағы этносаясаттың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде айтып өтті.

«Жабық этникалық аудандарда көрші мемлекеттердің ықпалы өте жоғары екені қатты сезіледі. Жалпы алғанда, Қордай қақтығысы жинақы орналасқан және жабық этностардың мәселесін өзектілендірді. Ол әсіресе, Қазақстанның оңтүстігінде кең таралған. Түркістан облысында – өзбектер мен тәжіктер, Жамбыл облысында – дүнгендер мен күрдтер, Алматы облысында – ұйғырлар, күрдтер, месхетин түріктері, Алматы қаласы аумағында – ұйғырлар, дүнгендер, Шымкентте – өзбектер, Тараз қаласында – дүнгендер, күрдтер және өзбектер. 1990 жылдардан бері елді дүрліктірген резонансты қақтығыстардың негізгі бөлігі де дәл осындай аймақтарда болды. Бұған бір этностың экономикалық ресурстарды монополияландырып алуы, мәдениет және тіл жағынан қазақтан бөлектенуі және өркен жайған коррупция себепкер», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Энтостар белгілі бір аумақта топтасып жабық күйде қалуымен бірге сол ұлттардың атында өңірлерді атайды. Ата заң бойынша Қазақстан халқы біртұтас, бір халық. Сондықтан заң бойынша Ұйғыр ауданы деген сияқты этностардың атыдағы өңірлер атауын өзгертетін кез келді. Сондай-ақ елдегі кейбір этонстар өздері қазақ елінде жасаса да иделогиялық жақтан өзге елдердің тұтынушысы екені жасырын емес. Бұның дәлелі ҚХА төрағасының орынбасарының аталмыш жиналыста еліміздегі дүнгендердің әлеуметтік және мәдени оқшауланып, тұйық, жеке өмір сүретінін, дүнген жастары жалпықазақстандық әлеуметтендіру бағдарламаларынан қол үзгенін айтқаны.

«Контрабанда, құқық қорғау органдарын сыбайлас жемқорлық жайлауы секілді проблемалар да бар. Қазақстандық дүнгендердің елеулі бөлігі Қытай мен Қырғызстан жоғарғы оқу орындарында оқуды жөн көреді. Олар қырғыздың ұялы байланыс операторларының қызметін пайдаланады. Сондай-ақ отандық емес, Қытай, Ресей, Қырғызстан телеарналарын қабылдау үшін солардың спутниктік құралдарын кең қолданады. Қырғызстаннан дүнген тіліндегі газет-журналдарды алғызады», – деді ол.

Ұлтаралық қарым-қатынас мәселесін қайта қарастыру, қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы керегін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтады.

«Ертең, 1 наурызда Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барамын. Қордай ауданының қазақтар мен дүнгендер тұратын ауылдарының тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отырмын.  Біз ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынас мәселесіндегі амалдарымызды қайта ой елегінен өткізуге тиісті екендігіміз сөзсіз. Қазақстан достық пен келісім аумағы болды және болып та қала береді. Біздің ұранымыз: сан алуандықтағы бірлік. Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелді бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр. Әрине, Қазақстанда тұрақты тұратын әрбір этностың өзіндік ерекшелігіне нұқсан келтіру жайында сөз де болмауы тиіс. Олардың барлығы өздерінің тілдерін оқып, қолдануға, мәдениеттерін дамытып, әдет-ғұрыптарын сақтауға құқылары бар және болып та қала береді. Бұған қоса, қазақ тілі де жедел дамуы қажет. Оған болашақта шын мәніндегі ұлтаралық байланыс тіліне айналу бұйырған»,- деді мемлекет басшысы кешегі informburo.kz ақпараттық-сараптамалық порталына берген сұхбатында.

Ұлтаралық саясатта бұған дейін мемлекетті құраушы қазақ халқының саны тұсау болғаны, соны негізге алып көп жағдайда билік жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып, немесе өзгенің көңіліне көптеп жалтақтағаны рас. Қазіргі кезде қазақ халқының саны 80 пайызға жетті. Сондықтан да өзгелердің бізге алғыс айтуы туралы сөз болғанына да 5-ақ жыл болды. Бірақ әлі ешкім оншалық алғысын айтып жүрген жоқ. Есесіне бүгін  президентіміздің өзі бізге алғыс айтуы керектердің алдына өзі барып отыр. Сонда бұл алғысты сұрап алғары барғандық па? Әлде Қордайдағы жағдайға байланысты дүңген ұлтынан кешірім сұрағалы барғаны ма? Ондағы жағдай туралы көзімен көріп зерттегісі келсе басқа уақтты да баруына болар еді. Біз осы сияқты жалпақшешейліктен арылғанда өзгелер бізге шынайы алғыстарын айтатын болады. Ұлтаралық қатынасты қайта қарауымыз керек деп қойып, этностар алдындп көңілшек бола бергеннен еш нәтиже шыға қоймас.

Тұрдыбек Құрметқан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Ақпараттық жүйелер кафедрасының оқытушысы

Jebeu.kz

 

 

 



 


Пікір жазу
  • Үш елдің мектеп бағдарламасына «Ортақ түркі тарихы» оқулығы енгізілді
    Қытайдағы қазақтар және көші-қонның келесі кезеңі