Кемелді тұлға, сұңғыла саясаткер

Уақыты: 2022-11-16 Көрлімі: 573 Сипаттама

Профессор, түрколог, қытайтанушы, Түркия Радио Теледидар Мекемесі Шетел тілдері басқармасы Қазақ тілі редакциясының редакторы, аудармашы. Қазақстан Ғылымдар Академиясының Құрметті академигі....

Зейнеш Смайылұлы(Түркия-Анкара)

Профессор, түрколог, қытайтанушы, Түркия Радио Теледидар Мекемесі Шетел тілдері басқармасы Қазақ тілі редакциясының редакторы, аудармашы. Қазақстан Ғылымдар Академиясының Құрметті академигі.

 220921171435903e.jpg

Қазақстан Президенті кезектен тыс сайлауы 2022 жылы 20 қарашада өтеді. Сайлау-саяси науқан. Президент сайлауы-тек мемлекет басшысын  таңдау ғана  емес, бұл-ел болашағының жарқын болуы үшін де басылатын маңызды қадам. Сол себепті оған қатысу, жауапкершілік таныту әрбір қазақстандықтың азаматтық құқығы.

         Президент сайлауы туралы сөз болғанда мұның саяси бейнесі, елдік мұраты, халықтық қасиеті барынша кең ауқымға айналып шыға келеді. Өйткені халық қашанда әділ сайлау мен әділетті сенімге иек артқан. Сол арқылы өзінің де болашақ баянына сенімділік тұғырын орнықтырған.

         Президенттік сайлау саяси реформаларды соңына дейін жеткізудің тетігі, әрі қоғамда теңдік және әділеттілік принциптерін орнықтырудың жолы. Шыны керек, демократиялық қоғамда азаматтардың саяси белсенділігі сайлауға қатысу деңгейімен өлшенеді. Өйткені сайлаудың тиімділігі экономикалық, әлеуметтік және рухани фактоларға тікелей әсер етеді.

         Президенттік сайлау-жаңарудың жаңа белгісі.

         Қазақстан сынды мықты бір елдің президенті болу да оңай емес. Қазақстанның президенті болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жаңа президент тектілікті, білімділікті, жұмыс тәжірибесі мен халықаралық деңгейді, саяси сұңғылалық пен саяси лидерлікті, әлеуметтік-экономикалық сауаттылықты  және әділдікті қажет етеді. Сонымен қатар «қайрат», «ақыл» және «жүрек» керек.  Жоғарыда айтылған шарттар мен талаптарға ең лайықты тұлға менің көзқарасым бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлы. Енді мақаламда оның не үшін Қазақстан президенті болуға лайықты екенін түсіндірейін. Қ.Тоқаев төмендегі қасиеттерге ие ұлы тұлға.

 

 

 

         Тектілігі:

        Қазақ біреуден жақсылық көрсе, «текті елдің ұрпағы ғой, текті екен» деп жатады. Себебі, қазақ баласы үшін «асылдың сынығы», «тектінің тұяғы» деген сөзді есту-үлкен мәртебе. Жомарттық, кеңпейілдік, бауырмалдық, үлкен алдында иіліп, кіші алдында сызылып тұратын адамгершілік-осының барлығы тектіліктің белгісі. Демек, тектілік-адам бойындағы барлық көркем мінездің жиынтығы.

         Сыпыра жырау: «Бай баласы байға ұқсар, байлаулы тұрған тайға ұқсар. Би баласы биге ұқсар, алты қанат үйге ұқсар, Хан баласы ханға ұқсар, биік-биік шыңға ұқсар. Құл баласы құлға ұқсар, мал таптаған гүлге ұқсар» деп тектіліктің не екенін түйіндепті. Тектілердің ата-бабалары да құрметке ие болғандар. Тектілік кездейсоқ қалыптаспайды. Текті адамға ата-бабасының жақсы қасиеттері, парасаттылық үлгісі, ділі, дүниетанымы рухани сабақтастықпен беріледі. Бұл қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа ділде сақталып жалғаса береді.

         Тектілер-ұлттық мұрат жолында қызмет ететіндер, ел жүгін арқалағандар. Өз халқының асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға мән беретіндер. Ұлт тағдырына бейжай қарамай, ұлт мүддесін көздеп, ұлты үшін бар қиындыққа төзе білетіндер.

         Қ.Тоқаев текті жерден шыққан тұлға.  Қ.Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі-Кемел Тоқайұлы Тоқаев (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің детективті-шытырман оқиғалы жанрының негізін қалаушы. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттері редакцияларында жауапты қызметтер атқарған. Шешесі-Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдері педагогикалық институтында қызмет еткен. Руы-Жалайыр. Қ.Тоқаев-тегімен де, тәрбиесімен де, таным-түсінігімен де қазақ зиялыларына етене жақын тұлға. Өйткені ол-қазақ руханиятына үлкен үлес қосқан қарымды қаламгер шаңырағының перзенті, тағдыр тауқыметін тартқан текті тұлғаның тұяғы, елдің тыныс-тіршілігін, мұңы мен мәселесін бала кезінен көріп өскен, іштен білетін азамат. Қ.Тоқаев мырза шын мәнісінде, кешегі ата-бабаларынан бастап бүгінге дейін халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан отбасының ұрпағы. Өзі-жақсы дәстүр жалғасы, сойы-ұлт құндылықтарын қастерлеген қасиетті шаңырақ. Қасым-Жомарт Тоқеев қазақтың азапты жылдарын өз басынан өткерсе де мойымаған, мойынұсынбаған, керісінше, қайта түлеп, ілгері ұмтылған, жалпы ұлт мүддесімен қатар, өзінің жеке бақыты үшін жанқиярлықпен күрескен жүздеген, мыңдаған қазақ шаңырағының, отбасының бір бел баласы болды.

         Білімділігі:

         Қ.Тоқаев 1975 жылы Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Кеңестер Одағының Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өткен. 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің тілдер институтында білім алды. 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тамамдады.

         Қасым-Жомарт Кемелұлының тектілігі тереңнен екенін аңғару қиын емес: анасы-шет тілдерін меңгерген педагог, әкесі-жоғарыда жазылғандай, төл әдебиетіміздің тың жанрының көшбасында жүрген қабырғалы қаламгер. Осындай зиялы шаңырақтан шыққан Қасым-Жомарттың жасынан кітапты сүйіп, білімге құштар болып ержетуі-заңды құбылыс. Бес-алты шет тілін еркін меңгеріп, жауапкершілігі мол лауазымды қызметтерде жүрсе де, жазудан да, ізденуден де қол үзбеген азаматтың дара жолы баршаға өнеге. Саясаттану ғылымдарының докторы Тоқаев бүгін де бірнеше танымдық кітаптың авторы. Саяси, ғылыми мақалалары үнемі көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып жүр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы салауатты өмір салтын ұстанды. Көркем шығармаларды, саяси және мемуарлық бағыттағы әдебиеттерді оқығанды ұнатады. Қазақстан Республикасының және шет елдердің көптеген мемлекеттік наградаларымен, сондай-ақ медальдармен марапатталған.

         Қасым-Жомарт Тоқаев ана тілінен бөлек, орыс, ағылшын және қытай тілдерін жетік меңгерген. Сондай-ақ, француз тілінде сөйлей алады. Қ.Тоқаев алдымен өз ана тілі қазақ тілін жақсы меңгерген. «Қазақтың тілі-қазақтың жаны. Халқымыздың  тарихы да, тағдыры да тілінде. Мәдениет пен әдебиеті де, ділі мен діні де тілінде» (Қ.Тоқаев) екенін жан-дүниесімен сезіне білгендіктің нәтижесі еді. Орыс тіліне келетін болсақ, Қ.Тоқаев орыс балабақшасында тәрбиеленген. Орыс мектебін бітірген. Жоғарғы білімді Мәскеуде алған.  Ресей Қазақстанның ең маңызды көршісі, стратегиялық жақтан өте маңызды  Қ.Тоқаев қытай тілін өте жақсы біледі. Пекин тілдер институтының бір жылдай тілдік тағылымыдамасынан өткен. Қытай тілін білумен қатар Қытайдың бес мың жылдық тарихын, мәдениетін, ел басқару филлосиясын, Қыатйдың артықшылығы мен олқылықтарын жеріне жете зерттеген.  Қытай Қазақстанның көршісі, алып ел. Қазақстанның стратегиялық әріптесі және ол жақта 2 миллионнан астам қандасымыз бар. Ағылшын тілі- халықаралық тіл. Әлемде ең көп тараған, әрі қытай тілінен кейінгі халық саны бойынша ең көп пайдаланатын тіл. Ағылшын тілі Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Жаңа Зеландия, Австралия және басқа елдерде ана тілі болып есептеледі. Одан басқа көптеген мемлекеттерде ресми тіл болып саналады. Ағылшын тілі-дүние жүзіне ең кең таралған тіл.   Ағылшын тілі- ғылым тілі, барлық ғылымға байланысты мақалалар, кітаптар ең көп ағылшын тілінде басылып шығады. Қ.Тоқаев болса дүниежүзінің ең кең таралған тілінде сөйлейді. Бұл  әлемдегі елмен аудармасыз тікелей байланыс жасай алады деген сөз. Қ.Тоқаев француз тілінде де емін-еркін сөйлейді. Француз тілінің орны бөлек. Ол әуезді, көркем және тарихы тереңде жатқан тіл.

Себебі, тіл білу тұлғалық деңгейге көтереді деп санаймын. Көп ұлттың тілін біліп, психологиясына ену кемелденген адамның қолынан келеді.

         Жұмыс тәжірибесі мен халықаралық деңгейі:

         Қ.Тоқаев еңбек жолын 1975 жылы Кеңестер Одағының Сыртқы істер министрлігінде бастап, Кеңестер Одағының Сингапур Республикасындағы елшілігіне жұмысқа жолданған. 1979 жылы Кеңестер Одағы Сыртқы істер министрлігінің аппаратына оралады. 1984-1985 жылдар арасында КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарып, кейіннен Кеңестер Одағының Қытай Халық Республикасындағы елшілігіне жіберілді. Онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында қызмет істейді. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалады. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болды. 1994 жылы еліміздің Сыртқы істер министрі болып тағайындалады. 1999 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары болды. 1999 жылғы қазанда Парламенттің келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Премьер-министр болып тағайындалды. 2002 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі болды. 2003-2007 жылдары- Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі міндетін атқарды. Бұл қызметте жаһандық ядролық қару-жарақты таратпау үдерісіне белсенді атсалысты. 2007 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды. 2008 жылы Қазақстан Парламентінің жоғары палатасының төрағасы ретінде ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-президенті болып сайланды. 2011 жылғы наурызда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, сондай-ақ Қарусыздану жөніндегі конференцияда БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі болып тағайындалды. Сонымен қатар Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы лауазымын атқарды. ТМД-ның және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болып сайланды. 2013 жылы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы болып қайта сайланды. 2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант ішті.

         2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 70.96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. 2019 жылы 12 маусымда ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті.

         2021 жылы сәуір айынан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы. 2022 жылы қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы. Төтенше және өкілетті елші. Саяси ғылымдарының докторы. Дүниежүзілік Гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі. Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы «Ғұламалар кеңесінің» мүшесі. Шэньчжэнь университетінің (ҚХР) және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры. Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің құрметті төрағасы. Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы. Ресей биографиялық қоғамының тұжырымы бойынша 2018 жылдың «Жыл адамы» лауреаттарының тізіміне енген. 13 жыл бойы Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды.

         Қорыта айтқанда, Қ.Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері. Ол мемлекеттік қызметтің барлық түрін атқарды: Қытайда елшілікте істеді, Сыртқы істер министрі міндетін алды, Премьер-министр  болды, БҰҰ-да жұмыс атқарды, Сенатты да басқарды, президент ретінде елді басқарды,  енді міне, Мемлекет басшысы болуға үміткер.

         Саяси сұңғылалығы мен саяси лидерлігі:

         Қасым-Жомарт Тоқаевтың тегеурінді тұлға, сұңғыла саясаткер екені жайлы әйгілі жазушы, мемлекет қайраткері Әлібек Асқаровтың сөздері маған қатты ұнады: «Ата-бабамыз арман еткен тәуелсіздігімізге қол жеткізген сол тоқсаныншы жылдардың басынан бастап Қасым-Жомарт Тоқаев саяси аренада өзін орнықты тұлға, салмақты саясаткер ретінде таныта білді. Әсіресе жас мемлекетіміздің сыртқы саясатын қалыптастыруда табанды қызмет жасады, өнімді еңбек етті. Ақпанның құбылмалы ауа райындай аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдар бәріміздің жадымызда. Ол кез-елдіктің алтын арқауы саналатын ішкі саясатымыз да, сыртқы саясатымыз да ұстараның жүзінде шатқаяқтап тұрған шақ еді. Осынау үркін ел өткел таппай қиналған қиын жылдар, қыстау кезеңдерде еліміздің еркіндігін, егемендігін, тәуелсіздігін сақтап қалуда сыртқы саясатты сауатты жүргізе білудің маңызы аса зор болатын. Мінеки, дәл осы кезде Тоқаев білікті маман, тәжірибелі дипломат ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қасынан табыла білді, Президенттің сенімді серігіне айналды. Елбасымен бірге мемлекетіміздің керегесін керісіп, шаңырағын көтерісті. Шетелдермен арадағы алыс-берісті, дипломатиялық байланысы шебер қиюластырып отырды. Өзге мемлекеттермен арадағы қарым-қатынасымыз нығайып, абырой-беделіміз артып жатса, осы бағытта нәтижелі жұмыстарды ұйымдастырған министрдің еңбегі зор екені даусыз. Шетелдегі қандастарымыздың мүддесін қорғауда Сыртқы істер министрі ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының атқарған шаруалары өз алдына бір төбе. Министрліктің араласуымен шетелдерде тұратын қандастарымыздың атамекеніне оралуына, атажұртымен қауышып, ағайынмен араласуына бағытталған көптеген жеңілдік жасалды. Бүгінде қазақтың саны бірсыдырғы көбейіп жатса-бұл игілікті шаруада Тоқаев басқарған министрліктің шешуші рөлі болғанына біз куәміз».

         Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев   тәуелсіздік пен  бен ұлттық мүдделерді тек дипломатиямен ғана емес, қатал ұстаныммен қорғауға дайын екендерін айтты.

         Қазақстан сынды алып елді басқару үшін мықты дипломатиялық саяси қырағылықты талап етеді. Жауапты да салмақты дипломатиялық қызметті алып жүру кез келген адамның қолынан келе бермейтіні белгілі. Ол үшін тек бірнеше тіл біліп қоймай, мемлекеттік және халықаралық саясат, құқық, заңды терең түсініп, елдің мүддесін жақсы сезіне білу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев саяси мәселелерде дипломатиялық икемділік пен шеберлік қасеиттерге ие.

         Қ.Тоқаев қазақ тілі, тарихы, мәдениеті, білім мен ғылым, ұлттық идеология, ел тәуелсіздігі, медицина, қауіпсіздік, болашақ ұрпақ, ел ауқаты т.б жан-жақты салада сандарды саясатты жүрзеге алады.

Лидерлік-ел тізгінін ұстаушы тек қана әдемі сөйлей білетін, үлкен уәделер беретін, күрделі мәселелерге қатысты моментальді шешімдер шығаратын тұлға емес, ол-өзіндік білімі мен кәсіби тәжірибелері арқылы қоғамдық мәселелерді терең түсінетін, әрі мәселелерді шешуге бағытталған тиімді стратегия құра алатын, өзгелерді тыңдай білетін, көпшілікті ортақ мақсатқа жұмылдыра отырып, халық үшін тиімді нәтижелерге қол жеткізе алатын қайраткер. Қ.Тоқаев міне, дәл осы ерекшеліктерге ие. Қазақстанның тұтастығына және егемендігіне зор қауіп төндірген «Қаңтар» оқиғасын өте шеберлікпен шешті. Қ.Тоқаевтың лидерлігінде және қазақ халқының мызғымас бірлігінің арқасында қазақ мелекеті ыдырап кетуден аман қалды.

         «Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақыты және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. Мен қашанда бәрін ашық айтып жүрмін. Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

         Әлеуметтік-экономикалық сауаттылығы:

                    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз.  Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ.

Әрине, мұның барлығы-күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл-макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және  цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан, тың тәсілдер қажет екені сөзсіз. Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» дейді.

         Қасым-Жомарт Кемелұлының үкімет басына келуі ел экономикасының екінші тынысын ашты. Сыртқы саясат саласында шыңдалған Тоқаев үкімет елорда Есілдің бойына көшкен кезеңде елдің болашақ 10 жылын қамтитын әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын жасады. Бәсекеге қабілетті ұлттық экономика қалыптастыру, ішкі жалпы өнімді кемінде екі есеге ұлғайту, тұрақты экономикалық өсімге жол ашатын мемлекеттік шараларды жүйелеу, ең маңызды салаларға ұлттық капиталдың ықпалын күшейту, аграрлық секторға серпін беру, қаржы-несиелік саясатты жетілдіру сынды негізгі міндеттерді жүзеге асыру осы жылдары басталды. Сол бір қиын кезеңде экономикалық өсім тәуелсіздік жылдардағы ең жоғары нәтижені көрсетіп, 13.7 пайызға көтерілді. Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 18 пайыздан жоғарылады. Мұның барлығы Қ.Тоқаевтың мемлекетшіл тұлғасы мен жетекшілік қасиетін көрсетеді. «Әділетті Қазақстанда Заң талаптарын сақтайтын кез келген шағын, орта және ірі бизнескелайықты жағдай жасалады» (Қ.Тоқаев).

         Филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы Қ.Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық бағыты жайлы «Қысқасы  1999 жылдың қараша айынан 2002 жылдың қантар айына дейін қызмет істеген Қ.Тоқаев үкіметі өзінің алдына қойған іс-қимыл бағдарламасын орындауда бірқатар әлеуметтік-экономикалық бағыттағы реформалар енгізіп, оны белгілі  деңгейде жүзеге асыра алған үкімет ретінде тарихта қалды. Әрине, ол реформалардың жемісін одан кейінгі үкімет қана емес,  тұтас ел тұрғындары бүгінге дейін  игіліктеніп жатқанын да атап айтуға тиіспіз» деген тұрыжым жасайды.

         Әділдігі:

         Әділеттілік-aдамдық қатынастардың заңға, моральдық-этикалық тәртіптерге, құқықтарға және т.б. нормаларға, талаптарға сәйкес келуі; құқықтар мен міндеттемелер арасындағы, еңбек пен марапаттау арасындағы, қылмыс пен жаза және басқалар арасындағы сәйкес келу. Әділдік-ізгіліктің ірге тасы. “Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ” (Абай).

         Әділетті мемлекет жайлы қазіргі заманда демократияның үлгісі болып отырған Америка Құрама Штаттарын құрушы саяси қайраткерлердің бірі, ойшыл философ Бенжамин Франклин «Қоғам өмірінің барлық саласы заңмен, құқықтық нормалармен реттелетін мемлекет-әділетті мемлекет. Мұндай қоғамда әділеттілік дегеніміз-ең алдымен адалдық» депті.

         Қазақ топырағында дүниеге келген ұлы ойшыл әл-Фарабидің «Озық әрі өркениетті елдердің негізгі тірегі-әділетті қоғам мен парасатты адамдар» деген сөзі-Жаңа Қазақстанды қалыптастырудың негізіне алынуы тиіс тұжырым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан әділетті Қазақстан болады» деп кесіп айтуы халықтың және ел болашағына алаңдайтын мемлекетшіл азаматтардың көптен күткен сөзі еді. Қ.Тоқаев «Елдің дамуы үшін әділдік түбегейлі орнығуға тиіс. Онсыз халықтың мемлекетке деген сенімі де болмайды. Сондықтан әділдік идеясы-менің саяси бағдарымның ең басты өзегі. Бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен, заңдарымыз әділ болуы керек. Өйткені, мемлекеттік саясат заң арқылы жүзеге асырылады. Реформалардың басты мақсаты-халықтың тұрмыс сапасын жақсарту» дейді.

         Реформаны реформалаудың орнына әділдік пен әділеттілікті нақты іспен оң нәтижелер арқылы өмір шындығына айналдырған кезде ғана халықтың әлеуметтік әл-ауқаты түзеліп, қоғамда әлеуметтік әділеттіліктің орнығары анық.

         Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауы мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында ашық, әділ, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің ұғымында әділетті мемлекет орнату халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтың мүддесін бірдей қорғауды аңғартады.

         Қазақтың кең байтақ даласы- бойында қасық қаны қалғанша жан алып, жан беріп арпалысып өткен бабаларымыздың батырлығымен осы таңға жеткен ұлы дала. Қазақ халқының «Мың өліп, мың тірелген» деген сөзі шындықты паш етуде. Қазақтың ата-бабалары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты, «Желтоқсан оқиғасын», «Қаңтар оқиғасын» көрді. Қазақтың даласы қанмаша кең болса, қазақ халқының пейілі де соншама дарқан. Осы ақ-көңіл, ашық-жарқын қазақ халқын Алла-Талаға әрқашан үлкен пәлекеттен сақтап отырды. Ең соңғы «Қаңтар» оқиғасы осының айқын дәлелі. Міне, алдымыздағы күндерде   Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы өтпекші. Аллаға мың шүкір, қазақтың маңдайына жазған Қасым-Жомарт Тоқаев сынды текті азамат, тегеурінді тұлға, сұңғыла саясаткер бар. Егер елдің тізгінін оның қолына берсек еліміз аман, жұртымыз тыныш болатынына және Қазақстан халқының бай-баяшатты өмір сүретініне кәміл сенемін.

 


Пікір жазу
  • Түгел түркінің басы қосылды
    Түркістанда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған түркітанушылар конгресі өтті

    Ұқсас тақырыптар