Әлібек Ыдырысұлы: Генетика қызықты ғылым

turdybek 2017-12-27 47 ℃ Қысқаша

Ұлттық код деген тіркесті жиі айтамыз, естиміз. Бір қарағанда санамызға сіңісті түсіні...

Алибек.jpg

Ұлттық код деген тіркесті жиі айтамыз, естиміз. Бір қарағанда санамызға сіңісті түсінік сияқты. Бірақ код деген сөзде асқан бір жауапкершілік бар емес пе? Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біздің алдағы ұлттық стратегиямызды анықтап берді. Мақалада сөз болған  бағыттардың ішінде «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтындығын» баса айтты. Ұлттық код тақырыбына әр саладан келуге болады. Ал біз нақтылықты ұран етіп ұстайтын ғылыми бағыт арқылы талдап көрсек деп едік. Сонымен «ұлттық код- ұлттық мәдениеттің» біздің бойымызда сақталуы қалай жүзеге асады? Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биофизика және биомедицина кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, PhD докторы Әлібек Ыдырысұлымен сұхбат құрдық.

– Тек, тектілік дегенді жиі айтамыз. Яғни атадан ұрпаққа тұқым қуалап берілетін жақсылы-жаманды қасиеттерді меңзейміз ғой. Осының ғылыми тұжырымдамасы қалай аталады?

– Тұқым қуалаушылық деген ұғымды жаңалық және ғылыми термин ретінде  Г.Мендель 1866 жылдары өз тәжірбиелеріне сүйене отырып енгізіді. Соның нәтижесінде бұл күнде тұқым қуалаушылықтың үш заңы осы австриялық биологтың атына берілген. Анығында  Мендельге дейін адамзат баласы тұқым қуалаушылық жайында хабарсыз емес еді. Қазақтың жеті ата заңын алып қараңызшы. Қалай болғанда да бұл заң біздің ұлттық мәдениетке әбден сіңіп кеткен. «Жеті атаға толып, жеті өзен өтіп құда болатын» салтымыз негізінде адамзат мәдеиеті мен ерте ғасырлардағы білімінің жауһары, биік шыңы деп айтуға әбден лайық. Бірақ тұқым қуалау туралы заңдылықты бірінші болып әлемге біз әйгілей алмадық. Оған түрлі себептерді келтіре беруге болады. «Жеті ата заңы» ұлтымызда қай кезден бастап қолданысқа енген деген сұраққа нақтылы, тарихи жауап табу қиын. Бір ғалымдарымыз ертеден келе жатыр десе, екінші бір ғалымдарымыз (әсіресе Қытайда қазақ медицинасын зерттеп жүрген қазақ ғалымдары) бұны қазақ хандығы құрылу тұсында өмір сүрген шипагеріміз «Шипагерілік баян» кітабінің авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлымен байланыстырса, тағы біреулер бертінгі Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» жасалған уақыттарға шамалайды.

– Ал осы «Жеті ата» заңдылығының шынымен қан тазалығына әсері бар ма? 

– Әрине! Сол заңдылықтың, қазігі тілмен айтқанда сол ғұрыптың нәтижесінде қазақ даласында тұқым қуалайтын аурумен ауырған, кемтар адамдар жоқтың қасы болған. Ал бүгінде біз тұқым қуалайтын ауруға шалдыққан адамдарды (ұлттық кодтың бұзылуы) жиі көретін болып жүрміз.

– Соңғы уақытта ұл балалар шешеге, қыздар әкеге тартады деген тұжырымдарды оқып қаламыз, осы жайында не айтасыз?

– Генетика расында қызықты ғылым, оның жаңалықтары адамзат ой-санасына сілкінестер тудыруда. Мысалға, адамда 46 хромосома (23 жұп) болады. Оның бір жұбы жыныс хромасомасы ретінде болашақ ұрпақтың жынысын анықтайды. Әйелдерде ол ХХ әрпімен белгіленген бірдей пішіндегі хромосомлар болса, ерлерде ХY әрпімен белгіленді, осындағы болашақ баланың ұл болуына жауапты У хромосомасы әкеден балаға беріледі және өзі жұптасатын Х хромосомасынан қысқа болады. Х хромосомасы өзімен 1400- ден астам генді алып жүрсе, Y хромосомасы 200- ден астам генді алып жүреді. Гендердің өзара жұптасып бір белгіге жауап беретінін ескерсек, онда Х хромосомасында орналасқан 1200- дей геннің Y хромосомасында жұбы жоқ деп айтуға болады. Сондықтан ғалымдар ұл баланың мінез-құлқы мен дарындылығы шешесіне қыз баланікі әкесіне таратады дегенді алға тартады. Алайда, бұған келісе беруге болмайды. Әуелі мінез-құлық пен дарындылық ген арқылы берілсе, екіншіден сыртқы  орта факторларын да ескеру керек. Ген арқылы келгенде әке жағынан ұл балаға берілген У хромосомада біраз гендердің жетіспеуінен ұл бала шешесіне, не нағашы жағына 100 пайыз тартып кетпейді. Себебі, ұл балада еркетік мінез-құлық болады, ол оның бойындағы гормондардың бөлінуі, денесінің физиологиясы, жүйке жүйесінің құрылысы мен қызыметіне де байланысты.  Ал ұл бала еркетік гормонды жыныс хромосомасы арқылы әкесінен алады.

Баланың денесіндегі психофизиологиялық, анатомиялық-морфологиялық белгілер ата-анасының екеуінен де беріледі. Бұл көрсеткіштердің адам мінез-құлқына, дарындылығына әсер ететінін ескеру керек. Сондықтан, ұл бала анасына, қыз бала әкесіне толықтай тартады деген қисынға келмейді. Кімге тартуды кімнің гені доминатты (басым, көрнекі), халықтық тілмен айтқанда «қанның күштілігі» шешеді. Бір ақиқаты – баланың ұл немес қыз болуы негізінен әкеге байланысты.

– Ұлттық код деп отырмыз ғой. Оның сақталуына геннен де күшті факторлар бола ма?

– Міндетті түрде өзге факторлар болады. Осыдан жүз жыл алдындағы қазақ пен бүгінгі қазақты салыстырыңыз. Оңтүстік пен солтүстіктің қазағын, сырттағы қандастар мен іштегі қазақтарда айырмашылық бар ма? Бар ғой! Қазіргі ақпараттық-техникалық қоғамның дамуы осы сыртқы орта факторлар әсерін геннен де күшті, адамның мінез-құлық, қарым-қабілетінің қалыптастыратын жетекші факторға айналдырып барады (жақсы ген жақсы сыртқы орта факторына жолықса, тіпті де күшейе түседі). Бұл факторлардың өзі бірнешеге бөлінеді. Бірінші – географиялық-экологиялық факторлар, туған жердің климаттық ортасы, топырағы, суы. Екінші –  мемлекеттің, отбасының әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайы. Үшіншіден – отбасы және мектеп тәрбиесі (осы факторлар ішінде ең маңыздысы). Төртіншіден, азық-түліктік  жағдайы.

– Соңғысына нақтырақ тоқталып өте аласыз ба?

– Әдетте  ерлерге ұл тудыру  үшін «ерлік генді белсендендіру» керек деп жатамыз. Былайша қарасаңыз, бұл күлкілі секілді. Алайда, ген – ол да тірі зат, органикалық қосылыстардан құралған химиялық элементтер жинтығы. Тірі ағза өседі, жетіледі,  бөлінеді. Осы процесстердің бәрінде біз сыртқы ортадан қоректік заттар мен энергия аламыз. Адам бойында «күшті ген» болуы  үшін сол ген жасалған химиялық элементтер де таза, күшті болу тиіс.

– Демек, біз нәрлі һәм құнарлы, табиғи тағамдармен азықтансақ, күшті ген түземіз, солай ма?

– Бұл жерде ГМО (гендік модификациялық организмдер) туралы да айтуға болады. Кешегі қымыз ішіп, жылқы етін жеп, адал тамақтанып жүрген ата-бабамыз бен бүгінгі біздің мінезді салыстырып көріңіз, үлкен айырмашылық байқайсыз.

– Еркектік генді қалай күшейтуге болады?

– Ал ер азаматтар спортпен шұғылданып, ет жеп, «салауатты өмір салтын» ұстанса, дархандық, батылдық, кеңдік секілді еркектік қасиеттері болса «еркектік гені күшейеді».

– Еттен бас тарту туралы не дейсіз?

-Қазіргі дәрігерлердің еттен бас тарту жайлы кеңесін құптамаймын. Себебі, біз – қазақтар сан ғасыр бойы ет жеп келдік. Біздің ағзамыз оны қажетсініп тұрады, ас қорыту жолымыз соған бейімделген. Тек біз оны қалай жеу мәдениетін ұмытқанбыз. Бұрын еттің алды-артында «ағарған» (айран, қатық, қымыз) ішкен. Бүгінгі сөзбен айтқанда лактобактериялары бар астың жылдам қортылуына көмеші заттар етті бірден қортып денеге тез сіңірген. Бұл біздің тамақтану мәдениетіміздің бір бөлігі ғана.

– Бәсекеге қабілетті ұлт дегенді қалай түсінесіз?

-Ең дұрысы – үйленер алдында міндетті түрде гендік тестіден өту. Жүкті келіншектерді генетиктің бақылауына жолдайтын арнайы бағдарламаға үркіп қарайтындар бар. Оның барлығы сау, мықты, бәсекеге қабілетті ұрпақты дүниеге алып келу мақсатында жасалады. Бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін елдегі тәрбие, әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайларды да қадағалауымыз керек.

Айнұр Төлеу

Дереккөз:

el.kz


Әр азамат өз құқығының қорғалатынын білуі тиіс
Несие алғанда неге көңіл бөлу керек?