Біләл Қуаныш. «Қамшыға» - 6 жыл! Алты таспа қалай өрілді?

admin2 2018-04-18 94 ℃ Қысқаша

Редакциядан: 2108 жылы 18 мамыр күні "Қамшы" ақпарат порталының құрылғанына 6 жыл толды. Қыс...

20180518234821027_big.jpg

Редакциядан: 2108 жылы 18 мамыр күні "Қамшы" ақпарат порталының құрылғанына 6 жыл толды. Қысқа мерзімде еліміздің ақпарат кеңістігінен ойып орын алған ұжымды төл мерекесімен құттықтаймыз әрі дендеріне саулық, шығармашылық табыс тілейміз. 

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық - әурешілікті көре-көре келдік» дейтіндей Абайдың жасы да, басы да жоқ бізде. Сондықтан да «қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік» деп «ақ қағаз» бен «қара сияны» ермек қылып отырар жайымыз жоқ. Одан гөрі «Албыртқан, көңілі басылмаған» жастың қарекетін істеу бізге парыз болды.  

2003-2010 жылдар арасында Жаңғара Дәдебаев, Темірғали Есембеков, Жұмат Тілепов, Фазыл Бейсенбаев, Самал Дәрібаев, Марат Болысбекұлы бастаған ұстаздардың уысында, ҚазҰУ-дың қарашаңырағында тәрбиелендік. Бауыржан Омаров, Мақсат Тәж-Мұрат сынды марғасқалардың «қабағының» астында, Қуанышбек Қари, Ержан Байтілес, Дархан Бейсенбек, Қанат Әбілқайыр, Арман Әубәкір, Әділбек Жапақ сияқты кілең «сен тұр, мен атайындардың» қатарында «Ана тілінің» алақанында жүрдік. «Қамшыны» бастап, қалай жүргізуді білсек те, қалай «асырауды» білмей, орта жолда Айдос Сарымның ықыласымен «Abai.kz»-те Дәурен Қуаттың мектебінен өттік.

Зиялы қауым өкілдері

Міне, өз алдымызға «Қамшының» өрімін өріп, бүлдіргесін ұстағанымызға 6 жыл болыпты. 2012 жылы Алма Арасандағы «Жайлау» кафесінде Нәбижан Мұхаметқан, Рақым Айып, Қайрат Құл-Мұхаммет, Мұрат Шаймаран, кейінірек Сабыржан Мұхаметқан, Дәурен Халмет, Жеңіс Әмірбек, Базарәлі Әріп ағаларымыздың алғашқы қолдуын көрдік. Мейіржан Әуелхан бастаған 3 қызметкердің бірінші жалақысын содан шешкенбіз. Кейінірек  үйден жұмысқа, жұмыстан жиналыстарға жететін 200 теңге таппай жүрген күндерді артқа тастап, бүгінде 20 «Қамшыгері» бар үлкен ұжымға айналдық. «Ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды» дейтін ұранды осыған дейін біраз қалам иесі қанжығасына байлады. Жания Әбдібек, Айнұр Төлеу, Дархан Мұқан, Тұрдыбек Құрметхан, Әлібек Ыдырыс, Нұргелді Әбдіғани, Аян Мейраш, Замира Пулат, Назгүл Назар, Айжан Қалиева т.б. «Қамшыгерлер» қатарымызда болмасада, бұл күнде әр салада, әр мекемеде сайдың тасындай салмақпен қызмет етуде. Ал Құмар Жұмахан, Қайрат Жүкел, Ерлан Төлеубай, Нұрғали Нұртай бастаған ерлер әлі де «Сегіз өрімнің» серкелері...  

Гүлнар апайым берген құтты қоныста 3 жыл алаңсыз қызмет еттік. Одан бері талай кеңсеге «керегемізді» көтеріп, көшіп жүрдік. Жақында ғана өзімізден бұрын «Қамшы» ұжымы «баспаналы» болды. Аллаға шүкір! Ұлтшыл азаматтардың көмегін, Мемлекеттің «тендерін», жарнаманың кірісін қалтаға басып, ғаламтор әлемінде «клавиатураның батыры» болып отырмадық. Шама-шарқымызша елдің «бір кем дүниесін» толтыруға тырысып көрдік.


Гүлнар апай

Ⓒqamshy.kz


Әлқисса...

«Қамшының» алғашқы қоғамдық жұмысы «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік шарасы болды. 2014 жылы орман орыстың тікенек тілді Путины «Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған» деп ішіндегі «іріңін» сыртқа шығарды. Бүкіл Алаш аттандаса да селк етпеген қазақ билігі жай ғана 2015 жылы «Қазақ хандығы» құрылғандығының 550 жылдығын тойлайтындығын мәлімдеді. Елбасының емеурінін ел болып іліп әкету, әсіресе, жастардың «бұйырылмаған» міндеті екенін сезіндік. Сөйттік те, «иә, тойлаймыз» деп ұран салдық. «Құлдікі құрғақ сөз». Осы жаман атты арқаламайық! Бар ойымыз сол болды. Елбасы сөзінің ертеңінде жан-жаққа хабарласып бастадық. Жеңіс Түркия, Ғылымхан Қали, Алмас Ахметбек, Қанат Зейнолла Мақсат Әбдіқадыр т.б. ағаларымыз «қолдаймыз» деді. Әсіресе, «ер сынағынан» енді ғана есін жиған Алхан Сатбылды «жалғыз көлігім бар, еш алаңдама бауырым, сол көлікті сатсақ та, осы шараны ел болып өткіземіз» деп кесіп айтты. Ұрыста тұрыс жоқ. «Қазаққа қазанмен болса да көмектесейік» деп әзілдейтін Тынысбектің Талапбегі, Төлеубайдың Ерланы, Нұрсапаның Нәжәті, Жұмаханның Құмары, Ыдырыстың Әлібегі, Құрметханның Тұрдыбекгі бар «қауырт» жұмысымызды бастап кеттік. Қалтамыздағы 3500 теңгеге бір дастарханда бас қоссақ қуанып жүрген кезеңде, жүлде қоры 3,5 миллион теңге болатын «Қазақ хандығына 550 жыл» шығармашылық бәйгесін жарияладық.

083A4651

2015 жылы 30 наурызда Алматыдағы Әуезов театрында өткен мерекелік кеш біраз қазақтың рухын серпілтті. Билік тарапы қырын қарайтын Дос Көшім, Айдос Сарым, Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы, Абзал Құспан, Қасым Аманжол, Мұхтар Тайжан, Жарылқап Қалыбай, ал қарапайым халық жылы қабылдап жүрген Бауыржан Оспанов, Нұртай Сәбилиянов, Ерлан Қарин, Дархан Қыдырәлі, Берік Уәли, Болат Мүрсәлім бастаған ел азаматтарын мерекелік медальмен марапаттадық.

083A4764

Сол кешке Алаштың туын АҚШ-та желбіретіп жүрген Қанат Ислам досым мұхит асып келіп, арнайы қатысты. Есте қалған ең қызық сәт  - демеушілерден жиналған ақшаны сахнаның сыртында санап, конвертке салып, жүлдегерлердің қолына табыстағанымыз болды. «Қамшының» әнұраны, бұл күнде Қанат Исламның рингтегі атойына айналған «Дүр қамшы» әнінің тұсауы сол кезде кесілді. Есқат сияқты жас болса да, елдің қамын өз қамынан артық ойлайтын замандастарымның көмегі де ерекше қолдау болды.

083A4815

Сонымен, арқамыздағы бір жүктен арылғандай болдық. Мемлекеттің «міндетін» қарапайым халық та бөлісіп көтере алатынына көзіміз жетті. Сол жылы әлем қазақтарының әуенін ғаламторда қоссақ деген ниетпен «Қазақ дауысы» халықаралық конкурсын өткіздік. Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкімән, Ұшқын Жамалбек, Мөлдір Әуелбекова сынды саз әлемінің сардарлары бір кісідей атсалысты. Жанды дауыстағы қорытынды концерт ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қолдауымен Студенттер сарайында өтті. Жүлде қоры 2 миллион теңге, барлық шығыны 5 миллион теңгені «сырап еткен» концерт те Бижан Сарқыт бастаған азаматтардың кірісуімен  қаржысы бар қазақ жігіттеріне билет сатудан құралды.

 

2015 жылы «Қамшы» порталы үшін ауыр да абыройлы жыл болды. Ешқандай қаржылық мүмкіндігі жоқ болса да, аға-бауырдың көмегімен мыңдаған адамның басын құраған елдік шараны өткізу жеңіл тиген жоқ. Абыройлы болатыны – ел ішінде, ақпараттық алаңда бір серпіліс туды. Анау-мынауға мойын бұрмайтын «Ақорданың» беті бері қарады. Сол кездегі Президенттің баспасөз хатшысы, кеңесшісі Дәурен Абаев арнайы қабылдап, ризашылығын білдірді. Соның нәтижесі шығар, Елбасының Ұлыбритания мен Францияға сапарында тәуелсіз БАҚ ішінде «Қамшымызды» ұстап, біз де Президенттік пул қатарында жүрдік.


Біләл Қуаныш

Ⓒqamshy.kz


2016 жыл - Ел тәуелсіздігі мен «Қазақ көшіне» 25 жыл толған мерейлі жыл болды. Ашылғаннан бастап шетелдегі қазақтың жайын бір сәт назардан тыс қалдырмаған «Қамшы» порталы үшін мұндай тарихи сәтті атаусыз өткізу арымызға сын еді. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарында Атажұртқа жиналған миллион қазақтың осындағы елге, көш тізгінін ұстаған Елбасына «рахметін» жеткізуді өзімізге міндет санадық. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл шараны «Қазақстан» телеарнасымен бірлесе өткізуді ұсынды. Ең бастысы - Мемлекет тарапынан бір тиын қаржылық қолдау күтпедік. Тағы да сол егемендіктің қиын кезеңінде елге оралып, еңсесін тіктеген мемлекетшіл азаматтарға арқа сүйедік. Алмас Ахметбек, Ербосын Нұрмұхан, Қанат Зейнолла, Мерей Сіләм, Дәурен Халмет, Ерман Ыбырайым, Шаймұрат Шаймерден, Мақсат Әбдіқадыр, Айса, Алхан Сатыбалды, Дәулет, Шалқар, Омарәлі Әділбек, «Даму» бизнес тобы т.б. азаматтардың көмегімен бұл көпірден де аман өттік. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев алғысөзін арнап, Ақорда әкімшілігі мен облыс әкімдері, министрлер құттықтау хатын жолдаған дабыралы той болды. Әміржан Қосанов, Серік Абас-Шах, Серік Жанболат, Арман Сқабыл, Серік Әбікен, Мұхаметжан Тазабек, Қазыбек Исадай Алашшыл азаматтар осы кештің сәнін келтіріп, салтанатын асырды.

Атажұртқа миллион қазақты қосқан 25 жыл: «КӨШ ЖӘНЕ КӨШБАСШЫ» КОНЦЕРТІ(толық нұсқа)

2017 жыл - қазақ тарихында алтын әріппен жазылған «Алашорда» республикасына ғасыр толған мерейлі мерекесіне тура келді. Алаштың асына шаппағанда атамыздың басына шабамыз ба? Бұдан да жаман күнде талай сынды өткергенбіз. «Қамшының» да қатары көбейіп, қарымы нығайған. Ойға алған бар ісімізге Мәмбет Қойгелидев ағамыздың батасын алдық. «Өлі разы болмай, тірі байымайды». Алаштың тойы Ас беруден басталды. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлының өзі тұрған үйде 500-ге жуық адамға 7 киіз үй тігіп, қал-қадерімізше дайындалдық. Астың уақытын Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні 5 наурызға белгіледік. Астың жылқысын Айбын Оразғали досым  атап сойды. Қастер Әсенбай, Біржан Дәулетқазы, Думан Жақсыбек, Берік Орынтаев т.б. замандас достарымыздың, Дәулетжан Шаймаран, Жұматай сынды талдықорғандық азаматтардың қолдауымен дастарханымыз орта болған жоқ. Бас мүфти Ержан қажы аруақтарға құран бағыштады. Астың тізгінін алашшыл журналист Болат Мүрсәлім ұстады. Ұлт үшін шейіт болған бабаларымыздың рухына арналған асқа Алматыдағы зиялы қауым түгелге жуық қатысты. Қаланың қақ ортасында ақшаңқан үйлер тігіп, микрофонмен «Алаш» деп жар салуымызға рұқсат берген Алматы қаласының әкімдігіне, Байтұрсынұлы мұражай-үйінің нағыз «мұрагері» Райхан апайымызға ризалығымыз шексіз. Әсіресе, Бауыржан Байбек ағамыздың мәртебесін көтеріп жүрген Арман Қырықбаев, Нұрлан Сыдықов сынды азаматтарға Алаш арыстарының рухы риза болсын дейміз.  Бізді ерекше әсерлендіргені Мәмбет Қойгелдиев ағамыздың сөзі болды. «Алаштың жүз жылдығына бүкіл Алаш арыстарының рухына арналған үлкен деңгейдегі тұңғыш ас осы болды» деп бағалады Мәмбет ағамыз. 


Астанадан арнайы келген Сабыр Қасымов, Сұлтанхан Аққұлұлы ағаларымыз Алашорданың мән-маңызына айрықша тоқталды. Бекболат Тілеуханның арнайы сәлемін жеткізген Мұхаметжан Тазабек ағамыз қолға алған істерімізге сәттілік тіледі.

Сәуір айында Байтұрсынұлы саябағына «Алашорданың» 100 жылдығына арнап 100 ағаш отырғыздық. Егер жолыңыз түсіп, сол саябаққа барғанда жайқалып өскен жас талдар көрсеңіз, «Алаштың рухына» арнап егілген ағаштар деп біліңіз.

ҚАМШЫ АГЕНТТІГІ АЛАШ-ОРДАНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ 100 АҒАШ ЕГУ ІСШАРАСЫН ӨТКІЗДІ (ФОТО)


100 ағаш


«Қазақ дегенде, Алаш дегенде маған бірдеңе бере ме екен?». Ендігі қадамымыз осы сұраққа тікелей жауап беруге бағытталды. «Иә, береміз. Бірақ жетім-жесірлер мен мүгедектерге». Солай ниеттендік те, «100 жетім бала» мен «100 қиыншылығы бар студентке» 4 миллион теңге нақты қаражат үлестірдік. Әр адамға 20 мың теңгеден. Алғандарға «бұл қаражатты бізден алсаңыздар да, «Алаштың аманаты» деп біліңіздер, ұлтын сүйер ұрпақ болыңыздар» деп тілегімізді айттық. Аз санды жекелеген азаматтар Алатау дәстүрлі өнер театрында өткен қайырымдылық концерте билет алу арқылы «жүгімізді» көтерісті. Олардың қатарында Бекболат Тілеухан, Мұхаметжан Тазабек, Нұртай Сәбилиянов, Азат Перуашев т.б. ел азаматтары бар. 

Жалғызбасты әке «Қамшыға» не үшін алғыс айтты?

«Алаш арыстарының 100 ізбасары». 2017 жылы Алаш рухына арналған жұмыстарымыздың қорытындысы осы болды. Шартты түрде 100 деп алғанымыз болмаса, осы елдің бүгінгі жетістігіне еңбек сіңірген азаматтар қаншама?! Біз тек солардың бірқатарын ғана дауыс беру тәртібімен саралап шықтық. Ақордада отырған ел билеушілерінен бастап, абақтыда отырған Саят Ыбырай, Макс Боқаев, халық сөзін айтудан қаймықпаған Ермұрат Бапи, Расул Жұмалы сынды азаматтарға дейін осы тізімнен орын алды. «Аллажар» фильмін түсірген Қалдыбай Әбенов, «мың баланың анасы» атанған Салтанат Байқошқарова, миллиард қытайды қазақ әуеніне таңдай қақтырған Димаш Құдайбергенов т.б. Қазақ елінің «брендіне» айналған азаматтарға «Алаш арыстарының ізбасары» дейтін жауапкершілікті «артып» жібердік.

Алаш арыстарының ізбасарлары медалы

Алаш арыстарының ізбасарлары медалы

Міне, 2018 жыл келді. Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесе атқаратын жобалардан басқа ең үлкен ойға алғанымыз «Түркі жастарының үлкен құрылтайы». Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған бұл шараны қыркүйек айына жоспарлап отырмыз. Ортақ әліпби, ортақ тарих, ортақ әлеуметтік желі, ортақ ақпараттық агенттік, ортақ экономикалық кеңістік, ортақ қорғаныс мәселелерін талқылауға арналған үлкен жиынға 9 Түркі елінен 45 қонақ шақырып отырмыз. Білім саласының білгірі, саясаткер, журналист, кәсіпкер, IT мамандығындағы жастарды жинап, пікір алмасу – басты мақсатымыз. Жағдайымыз жарасып тұрмаса да, тізгін ұстаушы ел ретінде құрылтайдың барлық шығынын өз мойынымызға алуды азаматтық парызымыз деп білдік. Дайындық жұмыстары да басталып кетті. Бұған дейін ел игілігі мен мемлекеттің ертеңі үшін шын ниетпен қолға алған жобаларымыз сәтті жүзеге асты. Ендеше биылғы міндетті абыроймен атқарамыз деген сенім мол.

«Қамшы» порталы «Түркі елдері жастарының үлкен құрылтайын» өткізеді

Мыңдаған Қазақстан азаматының басын қосқан, миллиондаған қаржы жұмсалған әрбір жобамыз жекелеген азаматтармен қоса «Қамшы» порталының жеке қаржысына да сүйеніп келеді. «Мына елдік жобаға мынша ақша қажет» деп алақан жаймасақ та, ақпараттық қызметіміз үшін билік тарапынан алған әрбір тиынымыз журналистердің жалақыснан сырт қалың қазақтың қажетіне жұмсалып келеді. Осы орайда Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне, Инвестициялар және даму министрлігіне, Алматы қаласының, Алматы облысының, Оңтүстік Қазақстан облысының, Батыс Қазақстан облысының, Шығыс Қазақстан облысының әкімшілігіне және сонда қызмет атқаратын мемлекетшіл азаматтарға Алланың нұры жауып, Алаш рухының ризашылығы болсын дейміз.

«Қамшының» атауы да, «Ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды» дейтін ұраны да Алланың аянымен келіп еді. Қазақтың намысына, елдің дамуына, қазақ көшіне қамшы бассақ деген әу бастағы мақсатымыз әлі де жүрегіміздің түкпірінде, көзіміздің алдында!!!

Айтпаса болмайтын бір жайт - «Қамшы» порталы соңғы кездері Қытайдағы қазақ мәселесін қатты айтпай жатыр деген уәж. Бұл мәселеде көзіқарақты жұрт 7 мәселені назарға алуы керек. Біріншіден, қуғын мен сүргінге ұшырап жатқан қандастарымыздың басым көпшілігі, тіпті, түгелге жуық Қытай азаматтары. Бұл Қытай билігі үшін «біздің ішкі ісіміз» деуге негіз болады. Екіншіден, Елбасының әу бастағы «Көші-қон» саясатын жүзеге асырып келе жатқан Қазақ билігі «бұл Қытайдың ішкі мәселесі» деп қарап отыруға тиіс емес. Сол үшін Ақордадағы азаматтарға, Сыртқы істер министрлігіне, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне, «Нұр Отан» партиясына, қолында құзіреті бар билік өкілдеріне, тиісті мекемелерге айтуындай айтып, жеткізуіндей жеткізіп жүрміз. Оған сонда қызмет ететін азаматтар мен бір Алла куә. Үшіншіден, қазақ иесі жоқ ұйғыр мен тибет емес. Түптеп келгенде шетелдегі қазақ мәселесін Халықаралық ұйымдар да, Қытайға қарсы шетелдегі бірлестіктер де, қаны жақын Түркия да шешпейді. Оны тек қана әлемдегі бар қазақтың жалғы Отаны – Қазақстанның тізгінін ұстап отырған азаматтар шешеді. Төртіншіден, Қытай мен Қазақстан арасында миллиардтаған экономикалық келісім, мыңдаған дипломатиялық құжат, стратегиялық мүдделер бар. Яғни бұл мәселенің шешілмей ушығып кетуі көршілес екі мемлекетке де тиімсіз. Бесіншіден, тәуелсіздіктен кейін басталған «Қазақ көшіндегі» кемшін тұстарымызды саралап, түзейтін уақыттың тым кешігіп бара жатқанын білгеніміз жөн. Бұл мәселеде көші-қон ісімен айналысып отырған біздің мекемелердің қателігі және шетелдегі қазақтардың Атажұртқа көшуге салғырттығы басты назарда болған жөн. Алтыншыдан, «Қамшының» ең негізгі тақырыптарының бірі – көші-қон болып келсе, сол міндет әлі де ең басты ұстанымымыз болып қалады. Дегенмен қазақтілді тәуелсіз ақпарат құралдарының ішіндегі ықпалымыз бізге көп дүниені, әсіресе, елдің ертеңіне қатысты ақпарттарды жеті өлшеп, бір кесуге, талғам таразысына салуға міндеттейді. Жетіншіден, Қытайдағы қазақтар мәселесін елдегі қоғамдық ұйымдардың, салмақты саясаткерлердің көтергені қателік емес. Бірақ кеше сол елден оралып, бүгін сол елге қарсы аттандап, айғайға басу ендігі келетін көштің қарқынын баяулатпаса тездетпейді. Бір анығы – егер Қытай мемлекеті әлемдік саясаттағы беделін жоғалтқысы, аймақтық әлеуетін әлсіреткісі, Қазақстан сынды стартегиялық көршісімен ынтымақтастығын бұзғысы келмесе, шекараның арғы бетіндегі ағайындардың мәселесі тез арада шешімін табуы тиіс. Атажұртқа елеңдеген 2 миллион қазақтың зарына осы жолғы Елбасының Қытайға сапары нүкте қояды деп сенеміз.  

Біздің түйгеніміз - Қазақстан «Мәңгілік ел» болу үшін түгел түркінің басын қосатын, Қытай мен Ресей сынды алпауыт көршілермен «мәңгілік татулықты» сақтайтын бейбітшіліктің бесігі болуы керек. Бұл бүгінгі «коррупциямен, бюрократиямен» аты «былғанған» Қазақ билігіне үлкен сын. Бірақ барлығын Ақорда мен Астананың арқасына артып тастап, қол қусырып отыруға болмайды. Алаштың әр азаматы қолынан келгенше өз елінің кемшілігін толықтап, артықшылығын қолдауы тиіс. Әсіресе, қазақ жігіттері дәл осы кезеңде өз иығындағы жүкті, елдік жауапкершілікті сезінуі міндет.

Бұл жазбамызды «Күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп алатын» есті кісінің қатарында «Қамшының» 6 жылдығына арналған ел алдындағы аз ғана «есебіміз» деп біліңіздер. «Ер ел үшін туады...». Бағындырған төбемізден алатын асуымыз, атқарған ісімізден атқаруға тиіс ісіміз көп.  Қолдарыңыздан қамшы түспесін!

 

Біләл Қуаныш, «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі

Дереккөз: «Қамшы» 


Тоқтарәлі Таңжарық: Әдебиетке меценат тарту жағын Одақ басшылары ойлауы керек
Бақуатты қоғамдағы бақуатты студенттер

Ұқсас тақырыптар