Қытайдың Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммиті қарсаңында ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов былтыр өткен Астана саммитін жоғары бағалады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.
«Астана - ШЫҰ толыққаннан (ұйымға Үндістан мен Пәкістан қосылды - ред.) кейін оның отбасының бесігіне айналды. Әрине, Астанадағы ШЫҰ саммитіне дайындық біз үшін аса маңызды еді. Біз ол кезде барлық бағытта, соның ішінде ШЫҰ-ға жаңадан мүше болған мемлекеттердің міндеттемелері туралы меморандумды әзірлеу бойынша да жұмыс істедік. Ерекше айта кеткен жөн, 2005 жылы Астанада Үндістан мен Пәкістан бақылаушылар ретінде қабылданып, араға 12 жыл салып, дәл осы Астанада олар ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі мәртебесін алды. Екінші сөзбен айтқанда, Астана ШЫҰ-ның жаңарған локомотивінің даңғыл жолын бастап берді. Ұйым содан бері сегіз жайлы «вагонымен» сенімді болашаққа бет түзеп келеді», - деді ол Қытай және Қазақстан журналистері үшін ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында «ҚазАқпарат» ХАА сұрағына жауап бере отырып.
Дипломат ШЫҰ-ға Қазақстан төрағалық еткен тұста, 2017 жылы тарихта алғаш рет Ұйымның штаб-пәтерінде ШЫҰ астанасының таныстырылымы өткенін тілге тиек етті. Айта кетейік, 2017 жылы Астана ШЫҰ астанасы деп жарияланған болатын.
«Бұның, бір жағынан, эмоционалдық, екінші жағынан, іс жүзіндік маңызы бар еді. Өйткені сол кезде көптеген адам енді ғана 20 жасқа қадам басқан әлемдегі ең жас астананың зәулім де әсем сәулет ансамбльдерінің бар сұлулығына куә болды», - деді Р. Алимов.
Оның сөзіне қарағанда, осынау қысқа мерзім ішінде Астана барлық бағыттардағы аса ауқымды халықаралық оқиғалардың орталығына айналды.
Дереккөз: "ҚазАқпарат"