Қазақ халқы – ежелгі заманнан бері ұлан-байтақ Орта Азия мен Қазақ даласын қоныстанған Үйсін, Қаңлы, Алшын, Дулат, Түркеш, Қарлық, Қыпшақ, Оғыз, Қоңырат, Жалайыр, Арғын, Найман, Керей, Уақ, т.б. тайпалардан құралған. Ислам дініне енуден бұрын олардың діни сенімдері де сан алуан болған.
Ерте заманда шетсіз-шексіз кең далада аң аулап, табиғи жайылымға сүйеніп мал баққан көшпелі қауым табиғатқа тәуелді болды. Сондықтан олар өздерін қоршаған табиғатты, оның сан алуан құбылыстарын құрметтеп кие тұтты: көк аспанға (көк тәңірге), айға, күнге, кейбір жұлдыздарға, отқа табынды, ата-бабаларының аруақтарына сиынды. Белгілі бір аң-құсты төтем тұтып қадырлейтін болды. «Қазақтар жер (жер ана) және су (су ана) рухына сиынды. Олардың құрметіне тауларды, керемет көріністі құздарды, үңгірлерді, тоғайларды, жалғыз ағаштарды, бұлақтарды атады. Бұл (қасиетті) орындарға құрбандыққа мал әкеліп сойды. Олардың құрметіне мейрамдар өткізді. Оларға мынәжат етіп отырды. Қойдың (Шопан ата), сиырдың (Зеңгі баба), жылқының (Қамбар ата), түйенің (Ойсыл қара)иесіне табынуы да сақталды» [1].
Қазақтардың ислам дініне енуден бұрынғы таным-нанымдарына байланысты салт-саналары «ырым» деп аталған. Бұл салт-саналарға жөн сілтеп отыратын қазақ шамандары «бақсы» мен «абыз» еді. Бұрынғы қазақ қауымы «көкте деген ұлы тәңір иелерімен» және жердегі әр түрлі заттарды билейді деген «көп тәңір иелерімен» адам баласы тілдеседі деп таныған. «Тәңір иелерімен» тілдесуші, кей «иелерге» тілін алғызушы – бақсылар деп сенген [2]. Қазақстан ғалымы Әлікей Марғұланның айтуынша, ежелгі қазақтың осы бақсы – абыздары өз кезінде, теріге, ағашқа, тасқа түрлі жазулар жазып қалдырып отырған [3].
Қазақ қауымы исламнан бұрынғы мифология түсініктер мен шамандық салт-сана, ырым-жырымдарды «киіз кітап» деп білді. «Бұл сөз сенің киіз кітабыңнан шықты ма?» дейді. Осы ел аңыздарында айтылатын «Киіз кітап» өз заманында қазақтың бақсы – абыздары тұтынған діни қолданба болуы да мүмкін. Әйгілі қазақ ғалымы Шоқан Уалиханов бұл жөнінде былай дейді: «Қазақтарда өзінше бір «апокриф» - немесе ала қойдың терісіне жазылған діни кітап («Киіз кітап») болғанын дәлелдейтін халық аңызы болды. Халық аңыздарына қарағанда, онда ата-бабалар құрметіне істетілетін ислам дінінен бұрынғы ғұрып-әдеттері суреттелген. Аңыз шамандардың (бақсылардың) ежелгі мифология элементтері бар сандарында ішнара бейнеленген» [4]. Қазақ халқы мұсылман болғаннан кейін де бұрынғы «киіз кітаптың көне салтын түсініп намаз оқымай жүрген адамдар киіз кітаптан басқаны білмеген, маңдайы сәждеге тимеген» деп жазғырылатын болған. Бірақ, бұл «Киіз кітап» біздің заманымызға жеткен жоқ. Ислам дінінің қазақ қауымына жайылуына байланысты жойылған сияқты.
Кең далада көшіп-қонып өмір өткізген көшпелі қазақ қауымына ислам дінінің таралуы талай ғасырға созылған күрделі тарихи барысты басынан кешірген. Көп жағдайларда, көшпелі қауымның салтына сіңген байырғы ғұрыптар мен мамлес болып, белгілі өзгешеліктерді бейнелеген. Атап айтқанда, ислам дінінің көшпелі қазақ қауымына таралуы отырықшы қала-қыстақтарға таралуынан әлде қайда өзгеше болған. Бұл өзгешеліктер кейінгі кездерге дейін келген. Алайда, ислам дінінің қазақ халқына таралу тарихи, оның қазақ қауымына жасаған тарихи, әлеуметтік әсер ықпалдары және көшпенді тұрмысқа тән өзгешеліктері, әлі жан-жақты зерттелмеген тың мәселе. Біз бұл зерттемеде осы мәселелерге аялдап өтпекпіз.
Қазақтың ұлы ақыны Абай өзінің «Қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген әйгілі шығармасында: арабтар Орта Азияға әскери жорық жасап келгенде көшіп жүрген қазақтарға кездескен екен дегенді айтады [5]. Тарихи деректердің дәлелдеуінше, арабтардың Орта Азиядағы көшпелі халықтар арасында исламды таратуға тырысқан алғашқы әрекеттері XVIII ғасырда Һашым Халифа тұсында (724-743) болған [6]. Таң патшалығы дәуіріндегі деректердің айтуынша, Орта Азия оңіріне жорық жасап келген араб әскерлері 751 жылы Таразы (Талас) маңында Таң патшалығының қолбасшысы Гао Шаньчжмен соғысып, оны жеңіліске ұшыратқан. Мұның өзі қазақ даласына енудің қақпасын ашқан еді.
ІХ-Х ғасырларда Мауреннахырды билеген саманилер әулеті, ислам мемлекеті еді. Олар ислам дінін таратуға күш жұмсады. Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу өңіріне жорықтар жасап отырды. Саманилер әулеті тұсында Испинжап (Сайрам) қаласы «дін жолындағы күрестің» орталығына айналды [7].
Алайда ислам дінінің қазақ даласына таралуы бірте-бірте жайылу жолымен жүрді. Бұл барыс әлденеше ғасырға созылды. Бұл барыста жаулап алу жорықтарынан гөрі экономикалық, мәдениеттік ықпалдың – сауда қарым-қатынасы мен үгіт-насихатының ойнаған рөлі басым болды. Ислам діні әу баста Мауреннахырмен іргелес оңтүстік Қазақстан өңіріне, Сырдария алабындағы және Жетісу өңіріндегі отырықшы қала-қыстақтарға таралды. Бұл қалалар сауда мен қолөнер едәуір дамыған шаруашылық және мәдениет орталықтары еді. Бұл жағдай осы қалаларға таяу жерлерде қыстау-жаулаулары бар көшпенді тайпаларға да ықпал жасады. Осы тайпалардың қаламен сауда-саттық қарым-қатынасы тығыз болған басшылары ең алдымен ислам дініне енді, одан соң біртіндеп көшпелі шаруалар арасына таралды.
Алғашқы кезде Сырдария мен Жетісу өңіріндегі қалаларда мұсылмандар мен мажусилер аралас тұрған. ІХ ғасырдағы Ибн Хордабехтың айтуынша: «Сырдария алабындағы «Фараб қаласында (бір мезгілде) мұсылмандар мен түрік қаралықтар отряды тұрған» [8]. Мұндай дерек парсы тілінде жазылған (авторы белгісіз) «Ходуд әл ғалам» атты шығармада да айтылады: «Талас қаласында мұсылмандар да, түріктерде тұрады. (бұл жер) саудагерлер мекені, қарлықтардың қапқасы» [9]. Демек ІХ ғасырда бұл қалада мұсылмандар да, мажусилерде болған. Әл-Мақдисидың айтуына қарағанда, Х ғасырда Фараб өңіріндегі Кедер қаласында бір жаңа минбардың салынуына байланысты өзара соғыстар туылған [10].
Ислам діні Х ғасырда оңтүстік Қазақстан өңірінде өріс алған. Сырдария алабындағы және Жетісу өңіріндегі қалаларда көптеген мешіт-медреселер салынған, тіпті кейбір қалаларда бұрынғы шіркеулер мешітке айналдырылған. «Сүткент – деп жазады Ибн Хавкел Х ғасырда, Шаш өзенінен батысқа қарай (жатыр) онда мешіт бар. Оған оғұздар мен қарлықтардың (түрлі) тайпаларынан түріктер жиналған. Олар ислам дінін қабылдаған» [11].
Ал, Х ғасырдың аяғында ислам діні Жетісу өңіріндегі қалаларға тараған, ол кезде бұл қалаларда ислам дінінің мешіттері болған. Бұл жөнінде Әл-Мақдисидың жазба деректерінде мынадай мағұлыматтар берілген: «Чигыл кішкене қала . . . базарда үлкен мешіт бар», «Барсағанда үлкен мешіт базардың ортасында». Атылахта: «үлкен мешіт Мединеде», ал, Меркедегі «үлкен мешіт ежелде шіркеу болатын» [12].
Кейінгі кездерде Сырдария алабы мен Жетісу өңірінде жүргізілген археологиялық зерттеудің нәтижелері жоғарыда айтылған авторлардың ІХ-Х ғасырларға тән жазба деректерінің дұрыстығын дәлелдейді: Сырдария бойындағы Отырар қаласының маңындағы мазарларды зерттегенде, бұл жерден шикі керпіштен қаланған, мұсылманша қойған қабырлар ашылған. Олардың ең ежелгілері ХІ ғасырға қатысты, Жетісуда көшпелі халықтардың өлген адамдары мажусилік әдет-ғұрыппен жерленген. Ал қалаларда барлық жерлерде бірдей жерлеудің мұсылмандық әдет-ғұрыптары таралған [13].
Ислам діні жоғарыда аталған өңірлердің саяси, шаруашылық және мәдени орталығы болған қалаларға орныққан соң, осы қалалар маңында өріс-қоныстары бар көшпелі тайпаларға тарай бастаған. Бұл жөнінде Ибн Хавкел былай деп жазады: «Фараб, Кеңжиде мен Шаш арасында жақсы жайылымдар бар. Онда исламға кірген мыңға жуық (көшпелі) түрік семьясы тұрады» [14]. Араб авторы Ибн Әл-Асырдың айтуына қарағанда, «Шу өзені алабындағы Баласағұн қаласының маңында қысқы жайылымы бар көшпелі тайпалар 1043 жылы Ислам дініне кірген. Бұлардың саны 10 мың шатыр есептелген. Бұлардың ақиқат нанымға «ислам дініне» кқшу құрметіне құрбандыққа 20 мың қой шалған жылы болған [15].
ІХ-Х ғасырларда Жетісу өңіріне үстемдік еткен Қарлық билеушілерінің ислам дініне енуі, бұл өңірде ислам дінінің өріс алуына үлкен ықпал жасады. Бұл жөнінде В.Бартолд былай дейді: «түрки тектес халықтардың ішінде Қарлықтар ислам мәдениетін белсене қабылдады... Х ғасырда Таластың шығысындағы қалаларда мешіт салу жұмысы кең көлемде жүргізілді. Ислам мағрипаты Қарлықтардың жалпы тұрмыс тәсіліне ықпал жасап отырды» [16]. Қарлықтардан кейін бұл өңірге үстемдік еткен Қараханилар дәуірінде (ХІ ғасырда) ислам діні ресми мемлекеттік дінге айналды. Міне бұлар, ислам дінінің қазақ даласына таралуының алғашқы кезеңі еді.
Ислам дінінің қазақ даласына таралуының 2-ші кезеңі, ХІІ ғасырда Сырдария өңіріндегі Яса (Түркістан) қаласында өмір өткізген әйгілі ақын, «Диуани хикіметтің» авторы Хожа Ахмет Яссауидің (1103-1166) ислам дінін қазақ даласындағы көшпенділерге уағыздауымен байланысты болды. Яссауи сопылық жолын таратушылардың бірі еді, оның тұтынған жолы Хожа Ахметтің ныспымен «Ясауия» деп аталды. Қожа Ахмет Яссауи және оның жолын қуған марагері (Сүлеймен Бақырғани, Софы Аллаяр, Ахсани, т.б.) жекелеген шайыхтар «дінсіздерді» исламға қарату және Қазақстан көшпенділерінің арасында исламды тарату мақсатымен өз шәкірттерін «мұсылман дүниесінің шекарасына» арнайы жіберіп отырғаны туралы деректер бар [17].
Софизм жолын ұстаған «Яссауия» ағымы «нәпсіні тиып» бейнетке төзімді болуды, «тағдырға бойсұнуды» уағыздады. «Байлық пен нәпсіқұмарлық пендені күнаға кіріптар етеді, бай адам ұшпаққа шыға алмайды» деп напсіқұмар хандар мен бектерді, қазылар мен байларды сындады. Мұның өзі бейнетқор бұқараның көңіл күйіне үйлесіп, оларды өзіне тартты.
Яссауия ағымының уағыз-насихаты сол кезеңге дейін мажусилік дінді – шаманизмды тұтынып келген қазақ даласының көшпенділеріне үлкен ықпал жасады. Оның өзгеше ұтымдылығы ислам дінінің мазмұнын жергілікті халықтың, әсіресе көшпенді халықтың жағдайына, олардың ғұрып-әдет, салт-санасына бейімдеп дамытқандығында болды. «Яссауи ілімі мұсылман догматикасының, тіпті кейбір әдет-ғұрыптарының жергілікті мажусилік сенімдерге бейімделуінің мысалы болып табылады. Ахмет Яссауидың «хикіметінде» алланың есімі түріктердің мажусилік құдайының есімі – тәңірмен жиі ауыстырылды. Яссауия ағымының сопылары намазға қатынасқандарға үлестірлетін дәстүрлі тағамды (халим) әзірлеу кезінде де ежелгі түрік ғұрыптарын пайдаланыпотырды» [18].
Яссауи ағымын жарыққа шығарған Қожа Ахмет Яссауи және оның мұрагерлері Сүлеймен Бақырғани, софы Аллаяр қатарлы қайраткерлер әйгілі ақындар еді. Ахымет Яссауидің «Диуани хикыметі» өлеңдерінің тілі . . . ХІІ ғасырдағы қыпшақ тіліне сай лекциясының бір тектілігімен ерекшеленді» [19]. Халыққа түсінікті қыпшақ әдеби тілімен (көне қазақ тілімен) жазылған исламдік мазмұндағы өлеңдер, өз кезіндегі өлең-жырға әуес көшпелі қазақ қауымына, әсіресе олардың ақын-жырауларына тез тарап, терең әсер етті. Бұл жөнінде В.Бартолд былай дейді: «Орта Азиядағы ұлттардың ақындары тіпті осы кезге дейін оны (Яссауиді) еліктеп келді» [20].
Байырғы қазақ шежірелерінің баяндауынша, айтылмыс заманда қазақтар арасына ислам дінін тарату үшін Түркістан (Ясса) қаласынан жеті қожа келіпті. Осы қожалардың басшысы Сымағұл қожа деген адам ХІІ ғасырдағы қазақтың әйгілі көсемі Майқы бидің қолында тұрыпты. Ол Майқыдан қазақтың ғұрып-әдеттік заңдарын, қазақ билерінің билік айтудағы бітім ережелерін таптештеп ұғынып: «қазақ ережелері ислам шариғатына үйлеседі, қазақ билері ислам қазыларынан қалыспайды» деген пәтуә шығарады да, қазақтарды «Аллаға», «иман» айтқызды [21]. Ғұрыптық заңдар мен билеу құқығының сақталуы, көшпелі тайпа көсемдерінің бұл дінді қабылдауына қолайлы болады, дағдылы салттардың қаз-қалпында қалуы, шаруалардың «жаңа» дінді жатырқамауына жағдайлы болады. Сөйтіп, ислам діні кең байтақ қазақ даласына жайылады. Осы дін таратушы қожалар қазақ қауымы арасында жоғары атаққа ие болып, зор құрметке бөленеді. Қазақ арасында «қожалар пайғамбардың әулеті» деген лақап тарайды. Қожалардың кейінгі ұрпақтары қазақ ауылдарында бала сүндеттеуді арнаулы кәсіп еткен. Бұл қожалық кәсіп қазақ арасында кейінгі кезге дейін келді.
Яссауия ағымының негізін салушы Қожа Ахымет Яссауи қайтыс болғаннан кейін, жолын қуушылар оны «әулие» деп жариялап, бұл жөнінде көптеген аңыздар таратты. «Бұл аңыздарда түріктердің мажусилік мифологиясымен байланыс аңғарылады» [22]. Қазақ қауымы Қожа Ахымет Яссауиді «Бабай түкті шашты әзиз» (Бабатүклас) деп атады, оның мазарына келіп құрбандық шалып, тәуеп ететін болды [23]. XV- XVIII ғасырлардағы Қазақ хандарының сүйегі осы Қожа Ахымед Яссауидың мазарына жерленді. Яссауи ағымындағылардың қазақ тайпалары арасына ислам дінін таратуы зор табысқа жетті. Батыс Ляу патшалығының соңғы кезінде Іле алқабындағы Қиялық, Алмалық қалаларын орталық еткен Қарлықтар мен Қаңлылар ислам дінінде еді. «Батысқа саяхат естелігінің» авторы Чаң Жүн Жинрынның айтуынша, ХІІІ ғасырдың басында ислам діні мен будда дінінің шекарасы Жамбалық (Санжы) болған. Демек, ислам діні шығысқа қарай өрістеп қазіргі Еренқабырғадағы санжы өңіріне дейін жеткен. Бұл кезде Тұрпан ойпатындағы ұйғырлар будда дінінде, ал, Алтай атырабындағы Найман, Керейлер нисториян дінінде болатын.
Яссауия ағымындағылардың қазақ арасында исламды уағыздауының табысты болуы ислам дінінің мазмұнын қазақ халқының тарихи әлеуметтік жағдайымен ұштастырып, оған үйлестіргендігінен еді. Сөйтіп ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басында қазақтардың көбі ислам дініне енді [24].
Ислам дінінің қазақ халқына таралуының ең соңғы кезеңі XIV ғасырдағы Алтын Орда хандығы және Жетісу өңіріндегі Моғылыстан хандығы дәуірінде болды. ХІІІ ғасырдағы Шыңғысханның жаулап алу жорығынан соң, ұлан-байтақ Қазақ даласы Ертістен Еділге созылған Алтын Орда хандығына, Жетісу өңірі Шағатай хандығына қарап, бұл өңірлерді қоныстанған қазақ халқы осы екі хандыққа бағынған еді. XIV ғасырда Шағатай хандығы екіге бөлініп, батыс бөлігін Әміртемір, шығыс бөлігін Моғылыстан хандығы билеген. Осы Моғолыстанның Жетісу өңірінде Дулат, Қаңлы, Үйсін, Керей, Арғын қатарлы қазақ тайпалары бар еді. Алтын Орда мен Моғолыстан хандығын билеген Шыңғысхан ұрпақтары қол астындағы мұсылман халықтардың мәдени ықпалын қабылдап, олардың қолдауына ие болу үшін ислам дініне енді. 1255-1266 жылдардағы Алтын Орда ханы Берке алдымен исламды қабылдап,, билік басындағы Моңғол ақсүйектері арасына ислам діні таралды. 1321-1342 жылдарда Алтын Орданы билеген Өзбек хан ислам дінін мемлекеттік дін етіп, жарлық арқылы жалпыластырды. Қазақтардың «Өзбектен дін қалды» деген мақалы мұның дәлелі еді [25].
1348 жылы Моғылыстан тағына отырған Тоғылық Темірхан 1352 жылы ислам дініне еніп, ислам дінін жалпыластыруға күш жұмсаған. Тарихшылардың айтуына қарағанда, бір күн ішінде 160 мың адам мұсылман болған екен [26].
Бұл кезеңге келгенде, ислам дінінің қазақ халқына таралу барысы бір жолата аяқталды. Шыңғысхан жорығынан соң қазақтарды билеген моңғол ақсүйектері ислам дініне енгеннен кейін қазақтарға мүлде сіңіп олардың кейінгі ұрпақтары (төрелер) өздерін қазақ деп атайтын болды [27].
Ұлан-байтақ Орта Азия өңірі мен қазақ даласында ХІІІ ғасырдан басталған. Шыңғысхан әулетінің үстемдігі осы өңірлерде ислам дінінің кең өріс алуына көмектесті. Кейін келе Жошы, Шағатай, Хұлагу әулеті ислам дінін қабылдап, олардың ұрпақтары өзі билеген мұсылман халықтарға сіңіп кетті.
Нығмет Мыңжани
Jebeu.kz