Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Депутаты Кәрібай Мұсырман мырзаға Ұсыныс xат
Құрметті Кәрібай Иманжанұлы !
"Жебеу" Республикалық Қоғамдық Бірлестігі өз жарғысына сәйкес Қазақ көші құқықтық базасының дамуы мен кемелденуі жолында үзбей тер төгіп келеді. Бірлестіктің көші-қон мәселелері жөніндегі заңнамаларға қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстары бұдан бұрынғы парламенттің жұмыс топтарында депутаттар тарапынан қолдауға ие болып, көші-қон мәселелері бойынша заңнамаларға енгізілген болатын.
Бүгінде мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне xалықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңының жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналған өзіңіз жетекшілік ететін жұмыс тобының сіздің ұсынысыңызға сәйкес "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңның "Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары деген 16-1 бабындағы " тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын оралмандар" деген нормадағы "Оралмандар" деген атауды "Этникалық қазақтар" деген сөзбен ауыстыру туралы бастамаңызға ерекше қолдау білдіреміз. Себебі: "Оралман" мәртебесі онсыз да тек Қазақстан Республикасына қоныс аударған қазақтарға ғана беріледі. Ал, осы "Оралман" мәртебесінің қолданыстағы заңнамаға сәйкес тек бір-ақ жылға берілуі елге оралған қандастарымыздың азаматтық алуына үлкен тосқауыл болып отыр. Атап айтқанда, бүгінде елге оралған қандастарымыздың басым көпшілігі "Оралмандарға" бағытталған атаулы әлеуметтік көмектер мен игіліктерді пайдаланып отырған жоқ. Керісінше түрлі себептермен "Оралман" мәртебесінің уақытын өткізіп алған қандастарымыз азаматтық алуда тағы да бес жыл бойы күтуге мәжбүр. Бұл айналып келгенде елге оралған бауырларымыздың өз отанының азаматы атануын іс жүзінде қолдан қиындату болып табылады. Ал, сіздің ұсынысыңыз қандастарымыздың басындағы осы қиындықты бір жолата еңсеруге мүмкіндік береді. Бұл елге оралған және болашақта оралатын жүз мыңдаған этникалық қазақ бауырларымыздың болашақ тағдырына байланысты өзекті мәселе. Бұл жерде "Халықтың көші-қоны туралы " заңының 1-бабы, 28-тармағындағы этникалық қазақ- шетелде тұрақты тұратын ҰЛТЫ ҚАЗАҚ ШЕТЕЛДІК немесе азаматтығы жоқ адам деген анықтаманы да қайта қараудың қажеттілігі туындайды. Себебі, этникалық қазақ тек шетелдерде ғана тұрақты тұрмауы мүмкін. Ол әлдеқашан өзінің тариxи отанына оралып, қолданыстағы заңнамалардың келеңсіз шектеулерінің кесірінен азаматтықты сарыла күтіп жүрген де болуы мүмкін. Бүгінде түрліше себептермен "Оралман" мәртебесінің бір жылдық мерзімін өткізіп алып, азаматтыққа қолы жетпей жүрген этникалық қазақ бауырларымыздың саны он мыңдап саналады.
"Жебеу" Республикалық Қоғамдық бірлестігі "Оралман" деген әбден жауыр болып, сүйкімі кеткен, ебедейсіз, жасанды атаудың да өзгеретін уақыты жетті деп есептейді. Құнарлы, әуезді, бай қазақ тілімізде "бауырлас, қандас, ағайын, алаш" деген сияқты сөзге жеңіл, жүрекке жылы тиетін кез- келген атауды елге оралған қандастарымызға арнайы мәртебе ретінде сыйлауға әбден болады.
"Жебеу" Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің төрағасы :
Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ