Президент ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫН құру туралы Жарлыққа қол қойды (видео)

admin2 2018-06-19 0 ℃ Қысқаша

Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбі...

2018061913352544.jpg

Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» жарлыққа жария түрде қол қойды деп хабарлайды  Jebeu.kz   Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жарлық бойынша Оңтүстік Қазақстанның орталығын Түркістанға ауыстырып, облыс атауын Түркістан облысы деп өзгертті.

Мемлекет басшысы жарлыққа жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде Шымкент миллионнан астам тұрғыны бар Астана мен Алматы қалаларының қатарына қосылғанын айтты.

– «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі, – деді Қазақстан Президенті.


2018060519161317-568x480.jpg

Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан құрылған Түркістан облысында жаңа әкімшілік функцияларды сапалы іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін айтып, қабылданған шешімнің тарихи мәніне тоқталды.

– Шымкент біздің елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің инвестициялар, технологиялар және интеллектуалды ресурстар тартатын жаңа орталығына айналады. Бұл үшін барлық жағдай мен қажетті әлеует бар, – деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті Шымкенттің республикалық мәртебе алуы оның одан әрі ілгерілеуіне септігін тигізетініне және қаланың алдында жаңа перспективалар ашылатынына сенім білдірді.

000-1.jpg

– Бұл қадам шаһардың теңгермелі әлеуметтік-экономикалық дамуына және  бүкіл өңір тұрғындарының тұрмыс сапасының дәйекті түрде артуына тың серпін береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қол қою рәсімінің соңында Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне, Үкіметке және облыс әкімдігіне жарлықты сапалы әрі шұғыл іске асыру, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік органдар мен мекемелердің үздіксіз әрі тиімді қызметін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді. 

Осы орайда киелі Түркістан жұртының қуанышымен ортақтасып, түркі әлемінің рухани астанасы болған Түркістан қаласы мен оңтүстік өңірдің өндірісінің өркендеп, ұлылар жатқан құт мекендегі елдің ырысы мен берекесі артып, халқы бақуатты ғұмыр кешсін деп тілейміз.

Jebeu.kz



Қос қария мен қос бүлдіршіннің тағдыры не болмақ?
Кері қайту

Ұқсас тақырыптар