Латын әрпі дүниежүзіндегі қазақ ұлтын тұтастыратын мүмкіндікке ие

admin 2017-11-27 25 ℃ Қысқаша

Латын әрпі дүниежүзіндегі қазақ ұлтын тұтастыратын мүмкіндікке ие
...

«Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігі латын алфавитіне көшуді қолдайды

Елбасы жыл басындағы  халыққа жолдауында  Қазақстанның үшінші жаңғыруы  басталғанын жариялады. Содан кейін 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында  «қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керкек» – деп атап өтті.  Елбасының бұл ұсынысы тәуелсіздіктен кейін саяси, экономикалық реформалар сәтті жүргізіліп, ырыс пен ынтымақтың ұясына айналған Қазақстан халқының жүрегіне жол тауып, қолдау тапты.

«Бір тіл, бір мораль, бір мемлекет» деген ұғымдарды мәңгілік елдің ұстанымдары деп қарасақ, тәуелсіздіктен кейін  Атамекенге табаны тиіп, мамыражай өмір сүріп жатқан  миллионға таяу қандастарымыз үшін бұл хабар нағыз ақ түйенің қарны жарылып, құт орнаған мерекенің өзі болды. Ұлттық мемлекеттің маңызды құндылықтары тіл мен жазу болса, Алтай мен Атыраудың, Жетісай мен Баянауылдың арасында еш мүдірмей диалектсіз сөйлесетін халқымыз соңғы 80 жылда жазудың тауқыметің тәуір-ақ тартты.

Әлемдік  өркениетке қарап бой түзеу, Бірікен Ұлттар Ұйымына бір тұтас ұлттық мемлекет боп кірген  еліміздің кем- кетігін толықтап, стратегиялық бағытын айқындау – Тәуелсіз еліміздің, оның кемеңгер көшбасшының маңдайына жазылған екен. Ел болып Елбасымызды қолдайық. Бұл – үш ғасырдан асқан бодандық ажырғының алынуы, кеткен есеміздің, төгілген қанның төленуі. Жүзден асқан ұлт пен ұлысты айрандай ұйытып отырған кең пейіл, кесек мінезімізге тәңірдің тартқан сыйы деп білеміз.

«Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігі 2014 жылы ақпанның 24 күні Алматы қалалық ұлтық баспасөз клубында ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуін қолдап, әрі сол сайлауға Елбасының қатысуын өтініп баспасөз маслихатын өткізген еді. Сонымен бірге елге оралған қандастарымызды ұлт көшбасшысына дауыс беруге шақырған-ды. 2017 жылы 26 қаңтарда баспасөз бен қоғамдық желілерде  “Универсияданы ел болып қолдайық” деп жар салғанбыз.

Еліміздің ертеңі үшін ойланып, толғанып барып шешім қабылдайтын тағы бір сәт туды. Ділі бір, діні бір түркі мемлекеттерінің басым бөлігі латын қаріпіне бет қойып жатыр. Жастарымыздың бәрі латын әріпінен хабардар. Аға буынның латыннан қол үзгені күні кеше ғана. Рухани дүниелеріміздің дені осы латын қаріпінде жазылған. Демек, латынның біздің ұлттық санамыздағы символдық мәні мен мазмұны мүлде жойылып кеткен жоқ. Тек оны санамызда қайта жаңғыртып, түлетуге тиіспіз. Оның үстіне латын қаріпі дүниежүзіндегі қазақ ұлтын тұтастыратын мүмкіндікке ие. Түркия мен Батыс мемлекеттеріндегі қандастарымыз осы латын қаріпін тұтынады.  Қандастарымыз көп орналасқан Өзбекстан да латын қаріпін қолданысқа енгізіп алды. Қытай қазақтары үшін де латынның тарихи танымдық маңызы зор, әрі оның бүгінгі шынайы шарт-жағдайы пісіп жетілуде. Қысқасы, Қазақстанның үшінші жаңғыру кезеңі басталды. Сіз бен біз осы тарихи күндердің куәсіміз әрі осы бір тарихи кезеңде өмір сүріп, ортақ игілікке үлес қосушы азаматтар болып табыламыз. Үлкен тарихтың, ұлт тарихының бір күні – осы, ардақты, ағайын!


Омарәлі Әділбекұлы,

«Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы

abai.kz

«Жебеу» бірлестігі: «Универсиаданы ел болып қолдайық!»
«Дағдарыстар циклінен» қалай шығамыз?

Ұқсас тақырыптар