Шаттық Батан: Картиналарымда қанымызға тән қанық түстерге басымдық берем

admin2 2018-01-20 110 ℃ Қысқаша

Ол бүкіл дүниенің болмысын буырқанған бояулардан көреді. Өнер дейтін шексіз әлемнің т...

1516337794_article_b_1500_.jpeg

Ол бүкіл дүниенің болмысын буырқанған бояулардан көреді. Өнер дейтін шексіз әлемнің тұңғиығына терең бойлап, тұтас тіршілікке татитын ұлы картина жазуға ұмтылады. Айналасындағыларға бейнелеу өнерінің құдіретін әйгілі етіп, бұл ешқандай өлшемге сыймайтын уақыттың тамырымен бірге соғатын ғаламат күш екенін ұғындырғысы келеді.

IMG-20180116-WA0017.jpg Бұл Шаттық Батанның шағын шеберханасында өрбіген ойлардың бір үзігі ғана. Шаттық шығармаларының негізгі өзегі табиғаттың сан алуан мінездері, қарапайым ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі, қаз-қалпындағы өмірдің өз суреттері. Оның кенебінде немересін арқалаған әже сенің әжеңдей, тал-теректер мен үйлер кәдімгі өзіңнің туып-өскен ауылыңдай көрінетіні шығарманың шынайылығы мен өмірдің өзінен алынған еш қоспасыз, боямасыз бояуларында болар. Мың бояудың сиқыры кейде жаныңа шұғыла құйса, бірде көңіліңді құлазытады. Бәрімізге байқала бермейтін әр сәттің әдемі көрінісін Құдай Тағала суретшінің қылқаламына үйіп-төгіп қойғандай әсер қалдырады. Мұндай сезімдер жүректен шыққан туындының жаны болады дегенді дәлелдейтіндей. 

IMG-20180116-WA0004-1.jpg


– Біз сурет өнерін ұлттық деңгейде бағалауға ұмтылуымыз керек. Алысқа бармай-ақ өзіміздің суретшілеріміздің бояуларынан, олардың композицияларынан нәр алып, нағыз өнерді тануға талпынайық. Біз оларды қаншалықты көкке көтере алсақ, біздің мәдениетіміз де соншалықты биік болады. Бір картинаны салдың да, ұқсаттың. Ол жай ғана орындаушылық. Бірақ туындыға жан бітіру үшін онда сенің шығармашылық шешімің, бояуың, түсің болуы шарт. Өзіңнің көңіл күйіңді сол картинаға бере алсаң ғана ол жанданып, нағыз өнер туын­дысына айналады. Картиналарымда ұлттық бояуларға, қанымызға тән қанық түстерге басымдық берем. Әр шығармам жанымның бір бөлшегі сияқты. Нағыз өнерді саудаға салуға болмайды. Ол сол дәуірдің тынысын болашаққа жеткізуші. Суретпен тыныстаймын, суретпен өмір сүрем. Ең негізгі мақсатым өнер алдын­дағы тазалықты сақтау. Киелі өнердің қадірін кетірмеу, тұнығын лайламау, – дейді Қазақстан Суретшілері одағының мүшесі Шаттық Батан.

IMG-20180116-WA0018.jpg

Шеберханадан шығарда Шаттық айтқан тағы бір сөз ойыма еріксіз орала берді: «Әлемге әйгілі Микеланджело шәкірт қабылдайтын кезінде оларға кім болуды армандайсың деп сұрақ қояды екен. Бірде осы сұрақты алдына келген бір шәкіртке қойғанда балаң жігіт сіздей болғым келеді депті. Сонда даңқты суретші сенен суретші шықпайды деп қайтарып жіберіпті. Мұның себебін сұрағанда, мен кезінде Құдай болуды армандадым, бірақ бола алмадым. Ал сен мен болуды армандасаң сенен ештеңе шықпайды деген екен». Бұдан түйгеніміз, адамның асқар биігі талантымен ғана емес, арманының асқақтығымен өлшенеді. 

IMG-20180116-WA0002.jpg

Асқақ арманын жанына жалау етіп өнер өлкесінде өзіндік өрнегін салған Шаттық шығармалары жанымызға шуақ шашқандай әсермен қайттық.  ...Шаттық шығармалары шашқан шуақ...

Арман ОКТЯБРЬ,

Дереккөз: «Егемен Қазақстан»




Forbes: Назарбаев Қазақстанды әлемге танытты
БАЛАНЫҢ ӘРБІР АРМАНЫН ҚОЛДАП ОТЫРЫҢЫЗ

Ұқсас тақырыптар