Қажыгелдин елге оралуы мүмкін

admin2 2018-04-11 55 ℃ Қысқаша

Брюссельдегі басқосу туралы сайтымызда бұған дейін жазғанбыз: бұл – биліктің ойыны дед...

ak24 300.jpg

Брюссельдегі басқосу туралы сайтымызда бұған дейін жазғанбыз: бұл – биліктің ойыны дедік. Айтқан біз емес, көпшіліктің пікірі солай. Билікке қазір басты бас ауру күн санап күш алып бара жатқан – Әблязов күшін әлсірету. «Телеграмм» желісін бұғаттауға тырысып отырған билік Әблязовтың мұнымен тыншымайтынын, оның билікке тыныш ұйқы беруді ешқашан көздемейтінін жақсы түсінеді.  

Енді қайтпек керек. Оппозицияға «оппозицияны» қарсы қою ең қолайлы тәсіл. Бір қарасаң олар да оппозиция, ішіне үңілсең антиоппозиция. Осы тәсілдің шешімі – Брюссель. Негізі, ел үшін мұндай әдістің де зияны жоқ. Кемі саяси белсенділік артады.

Қажыгелдинге бұндай «қуыршаққа айналу» шынымен керек болды ма? Бізге өз есімін жасырын ұстауды өтінген жоғары жақпен жақсы қарым-қатынастағы, кезінде белді қызмет атқарған танымал тұлғаның бірі Қажыгелдин шарасыз осы қадамға барып отыр деп санайды.

Ол билік пен Әкежан Қажыгелдин арасындағы келіссөздің жүргеніне бірнеше жыл болғанын, бірақ түбегейлі шешімге әлі келмегенін айтады.

– Әкежан елге қайтқысы келеді. Ол әбден жалықты. Ол басында Назарбаев жүйесі ұзаққа бармайды деп ойлаған. Олай болмай шықты. Авторитарлық режим жыл санап қатаңдана түсті. Оппозиция дейтін ешқандай топ қалмады. Ал өзінің жасы болса өтіп барады. Шынын айтқанда, қазір Әкежанның қасында сенім артар бірде бір серігі жоқ. Еуропа оның кім екенін ұмыта бастады. Экономикалық сауаттылығы да жыл санап ескірді. Оның ақылына мұқтаж ешкім жоқ. Жалғызсырады. Сондықтан, билікпен ымыраға келу үшін бұдан бірнеше жыл бұрын өзінің таныстары арқылы Ақордаға өзі шықты, – дейді сенімді дереккөзі барын айтып.

30440945_1765603706821191_3757333395944767488_n.jpg

Сондай-ақ, Әкежан билікке өзінің елге келуі үшін талаптарын қойған. Билік онымен келіспеген. «Қандай талап екенін білмеймін, әйтеуір биліктің қолайына жақпаса керек» дейді ол. Сол себепті келіссөз ұзаққа созылған. Президенттің өзінен бас амандығы және белгілі шектеме аясындағы саяси жұмыспен араласуға кепіл болуын сұраған болуы ықтимал. Елге бірден оралуға Әкежанның өзі билікке сенбейді.

– Билік Рахат Әлиев дауы кезінде Қажыгелдинді пайдаланды. Ол Әлиевке қарсы куәгер болудан бас тартпайтынын жеткізді. Одан кейін оның онша керегі болмады. Енді Әблязов тегеуіріні қатайып келеді. Бұл жолы биліктің өзі Қжыгелдинге шыққан болуы мүмкін. Оның әуел бастағы қойған талаптарына келіскен яки соған тұрарлық өзгеше келісім ұсынған. Қажыгелдин соншалықты бай адам емес. Оған да ақша керек, – дейді ол.

Қажыгелдин елге оралғанмен, қандай қызмет атқаруы мүмкін. Біздіңше, оған жоғары биліктен орын тимейді. Биліктегі кландық жүйе Қажыгелдин дәуірімен салыстырғанда әлденеше топқа өзгерген және қаржылық әлеуеті мығым, бірін бірі жоқ етуден аямайтын жастармен толыққан. Ол егер кешірер болса, тек Президенттің көмегімен ғана бір оңтайлы лауазымға жайғасуы ықтимал. Ал бүгінгі билік, яки Назарбаев дәуірі біткен күні оны біздегі қалыптасқан кландар сыртқа ығыстырып тастайды. Қажыгелдин де мұны жақсы түсінеді. Президент Назарбаевтың өзінен уәде алуды көздегені сол үшін болса керек.

  Еркін Азатбек 

Дереккөз: "Мезгіл"


Шетелде Қазақстанның жаңа оппозициясы құрыла ма?
Ерлан Карин: Қырғызстанда жаңа саяси мәдениет қалыптасып келеді