«Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасы аясында елімізде
республикалық деңгейдегі Бозоқ, Ботай және Сарайшық — үш музей-қорығы
ашылды. Бұл туралы кеше Үкіметтің баспасөз орталығында өткен
брифингте «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының директоры,
саяси ғылымдар кандидаты Берік Әбдіғалиұлы айтты.
Ескерткіштерді қорғау үшін мемлекеттік мекеме болуы қажет екенін айтқан орталық басшысы бұл оларды қаржыландыруды жеңілдететінін де жеткізді.
«Осы орайда, республикалық деңгейде үш қорық ашылды. Бұл үлкен жетістік. Оның ішінде, алғашқысы – Сарайшық, екіншісі – жылқы малы алғаш қолға үйретілген жер екенін бүкіл әлем мойындаған Солтүстік Қазақстандағы Ботай. Үшіншісі – Бозоқ», — деді ол.
Сондай-ақ спикер жобаның тұңғыш рет жалпыұлттық деңгейде іске асырылып жатқанын айтты. Еліміздегі әрбір ауылда, елде мыңжылдық тарихы бар қасиетті жерлер бұрыннан бар. Бұл жоба соның бәрін бір жүйеге келтіру мақсатында қолға алынған.
«Киелі жерлер арқылы ел өз-өзін тану, тарихын, дәстүрін танудың маңызын түсінеді. Туристік сапармен сол жерлерді аралап шыққанда батыстағы ағайындар шығыстағы қасиетті жерлерді білсе, шығыстағы ағайындар оңтүстіктегі жерлерді білсе, сөйтіп, бүкіл Қазақстандағы қасиетті жерлер бәріне бірдей белгілі болса, бұл елдің басын қосады. Жобаның негізгі мақсаты да осы», — деді Б. Әбдіғалиұлы.
Сарайшықта отыз орындық жұмыс орны ашылады. Солтүстіктегі Ботай музей-қорығында да отыз адамдық жұмыс орны құрылмақ. Сол өңірлердегі азаматтар бұл киелі жерлерді қысы-жазы күтіп-баптап ұстайтын болады.
«Сонымен қатар бүгінде үш жерде сапар орталықтары салынып жатыр. Мәселен, Алматыдағы Тамғалы тасқа барсаңыздар, не күтіп алатын адам жоқ, не күтуші жоқ. Осы олқылықты жою мақсатында сапар орталығы сол жерде ашылады. Қалған екеуі Отырар және Ұлытауда ашылатын болады. Ендігі жылы Сарайшық қосылады, сөйтіп жыл сайын инфрақұрылым арта береді», — деп мәлімдеді спикер.
Өңірлерде киелі жерлер үшін қаражат бөлініп жатыр. Мысалы, Шығыс Қазақстанда Берелге, қорық ретінде ашу көзделген Шіліктіге қаражат бөлінуде.
«Сөйтіп, әр облыс өз өңіріндегі туризмді дамытуға өз үлестерін қосуда», — деп нақтылады ол.
Б. Әбдіғалиұлы өңірлерде тағы қандай қасиетті жерлерді қосуға қатысты талқылаулар жүріп жатқанын айтты. Мақсаты — ескерілмей қалған киелі жерлерді есепке алу. Яғни, киелі жерлер тізімі әлі өзгеруі мүмкін, бұл жұмыстар жалғасын таба бермек.
«Киелі жерлерді анықтағанда біз ескеретін негізгі критерийлердің бірі ол – аңыз. Өйткені бізде тек қана мазарлар мен үңгірлер ғана емес, сонымен қатар тас бар, су бар, тау бар. Олардың көнелігі емес, халықтың соған сеніп тағзым етуімен, аңызымен мықты», — деді ол.
Ескерткіштерді қорғау туралы заңға «қасиетті нысандар» бабы енгізілсе, заң қабылданғаннан кейін заңды түрде киелі жерлер қорғауға алынады.
«Арнайы паспорт жасалып, бекітілген мемлекеттік тізілімі болады. Ондай ескерткіштеріміз мемлекеттік қорғауға алынады. Бүгін көптеген ескерткіштеріміз мемлекеттің қорғауында. Мемлекеттік тізімге кірмеген, бірақ ел қасиетті деп таныған ескерткіштер де бар, соларды ескеретін боламыз», — деп нақтылады Берік Әбдіғалиұлы.
Дереккөз: primeminister.kz
Jebeu.kz