Танымал саясаттанушы, мемлекеттік және қоғам қайраткері Айдос Сарым ҚР Қоғамдық даму министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды деп хабарлайды Jebeu.kz минсистрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айдос Сарым 1975 жылы 10 қыркүйекте туған. 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «тарих» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ол әр жылдары ҚР Мұрағаттар мен құжаттамалар бас басқармасының бас инспекторы, кеңесшісі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері, Атырау облысы Ішкі саясат департаментінің директоры, ҚР Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, «Ақ жол» партиясының баспасөз-хатшысы, кеңесшісі, «Нағыз Ақ жол» партиясы тең төрағасының кеңесшісі, «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары, ҚР Ұлттық кітапханасы директорының кеңесшісі қызметтерін атқарды.
Бұл жаңалықты әлеуметтік желіде Айдос Сарым мырзаның өзі де бөлісіп, пікірін білдірді: Бүгінгінің бір жаңалығы.
Өткенде қазақ көші туралы үлкен жиын болып еді. Сол жиынды өткізген кезде қазақ көшін жандандыру тұрғысында жол картасын дайындау, қабылдау туралы ортақ шешім қабылданған болатын.
Соны жүргізу мақсатында, еліміздегі мемлекеттік емес ұйымдар мен министрлік арасындағы қарым-қатынастарды дамыту, қолдан келгенше дәнекер болуға келіскен едік. Бүгін соның шешімі шықты.
Бүгіннен бастап Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың штаттан тыс кеңесшісі деген қоғамдық жұмысқа кіріспекшімін.
Жақсы ой-ұсыныстар болса жұртпен кезігіп, соларды министрлік құзырына жеткізуге әзірмін.
Бұл жұмыс ешбір осыған дейінгі тірлік пен міндеттемелерге қайшы болмайды деп санаймын. "Жаңа Қазақстан" ұйымындағы жұмысым да жалғаса береді.
Jebeu.kz