28 желтоқсан күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамблі Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Үрімжі қаласында концерт өткізді. Өнер кеші Астананың 20 жылдығы мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының бес жылдығына арналды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Іс-шараны Қазақстанның Қытай халық республикасындағы елшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрі ұйымдастырды. Қолдау көрсеткен - ҚХР ШҰАӨ сыртқы істер, мәдениет және туризм басқармасы. Оған Шыңжаңның мемлекеттік орган өкілдері мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қазақстандық студенттер қатысты.
Концертте Кеңес Дүйсекеевтің «Айнакөл» әні, халық әні «Ахау керім» шырқалып, Дәулеткерейдің «Көроғлы», Ықыластың «Жезкиік», Құрманғазының «Балбырауын» күйлері орындалды. «Гәкку» ансамблінің мың бұралған бишілері «Сыйлық», «Кербез қыз» билерін биледі.
Садық Әкежанов
Дереккөз: "ҚазАқпарат"