Бүгінгі өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер министрінің орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қытайдағы коронавирус инфекциясының ықпалы Қазақстан экономикасына қалай әсер еткенін айтты.
«Мемлекеттік бюджеттің кірістері есеп беріліп отырған кезеңнің жоспарына қарағанда 97,3 пайызға, олардың ішінде республикалық кірістер 83 пайызға, жергілікті бюджеттер – 145,3 пайызға орындалды. Республикалық бюджеттің кірістерінің толығымен орындалмауы – келесі сыртқы факторлардың әсерінен болып отыр. Біріншіден, Қытайда өткен жылдың соңында пайда болған коронавирус эпидемиясының таралуы импортқа салынатын қосылған құн салығының көлеміне теріс әсерін тигізуде. Атап айтқанда, биыл ақпан айында қытайлық импорттың көлемі 2019 жылдың ақпанымен салыстырғанда 11 пайызға, ал физикалық көлемі 27 пайызға төмендеді. Қытайдан келетін импорттық тауарлардан түсетін кедендік баждар мен салықтардың көлемі 12 пайызға, яғни 2,1 млрд теңгеге азайған. Жалпы есептік кезеңде Қытайдан келетін автокөлік құралдарының саны 24 пайызға және темір жол көліктері 14 пайызға азайды. Одан басқа, ақпан айында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт тасымалдайтын автокөліктің саны 20 пайызға төмендеді», - деді ол.