ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ТЖ кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлемдерді тағайындау жөніндегі негізгі шарттарды түсіндірді, деп министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаймыз.
Біржан Нұрымбетов төтенше жағдайлар кезінде табысынан айырылу жағдайына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем мөлшері бір адамға айына 42,5 мың теңгені (ең төменгі жалақы) құрайтынын, ол келесі санаттағы азаматтарға тағайындалатынын хабарлады:
- орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
- жеке кәсіпкерлер (бұдан әрі – ЖК);
- жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) (бұдан әрі – ЖП);
- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (бұдан әрі – БЖТ);
- нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (бұдан әрі – АҚС) бойынша табыс табатын адамдар, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған жеке тұлғалар кіреді.
- карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.
Әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау үшін жұмыс берушілер өтінішпен қызметкерлердің тізімін ғана ұсынады; ЖК, ЖП, АҚС және БЖТ төлеушілер жеке деректерді көрсете отырып, тек өтініш береді.
Сондай-ақ, қызметкер жұмыс берушінің өтініш беруін күтпей-ақ өтінішті өзі бере алады.
Бұл ретте барлық өтініш берушілер ТЖ режимін енгізуге байланысты табыстарды жоғалту фактісінің шынайылығы үшін өзіне жауапкершілік алады.
Өтініш «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы электрондық форматта беріледі.
Әлеуметтік төлем тағайындау үшін қызметкердің (ЖК және ЖП дербес) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (АҚС үшін – БЖЗҚ-ға жарналар) соңғы 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударымдар жасауы жеткілікті болады.
МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемді тағайындауға үміткер азаматтарға әлеуметтік аударымдар немесе зейнетақы жарналарының бар-жоғын дәлелдеудің қажеті жоқ, бұны автоматты түрде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ тексереді.
Өтінімдерді қарау және әлеуметтік төлемді тағайындау мерзімі қысқартылды, 3 жұмыс күнін құрайды.
«Біз тағайындау тәртібін өзгерттік, бүгінде ешқандай құжат тапсыру қажет емес, тек өтініш беріледі. Онда жеке деректер – аты-жөні, ЖСН және карточкалық шот көрсетіледі. Жұмыс беруші өз қызметкерлерінің тізімін ұсынады. Сонымен қатар, біреуге төтенше жағдай салдарынан сіздің табысыңыз жоғалғанын дәлелдеудің қажеті жоқ, оны ешкім қайта тексермейді. Сіздің өтінішіңізде бұл көрсетілген, бұл негізге алынатын болады», – деп атап өтті министр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өз сөзінде соңғы 12 ай ішінде қызметкер үшін МӘСҚ-ға ең болмағанда бір әлеуметтік аударымының (ЖК және жеке практикамен айналысатын тұлғалар дербес аударым жасайды), азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс жасайтын адамдар үшін БЖЗҚ-ға бір зейнетақы аударымының немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың бірыңғай жиынтық төлемінің бір төлемінің болуы туралы талапты түсіндірді.
«Бұндай жағдайда бұл өте қажет, өйткені ақша тек жай кассадан төленбейді, ол мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді - бұл әлеуметтік сақтандыру жүйесі, сондықтан төлемді жүзеге асыру үшін бір рет тіркелу өте маңызды», – деді Біржан. Нұрымбетов.
Министр сондай-ақ мұндай әлеуметтік жарналары жоқ және бұрын болмаған азаматтар қалай жасау керектігін түсіндірді.
«Бұл бейресми жұмыс істеген, еңбек шарттары жоқ, салық төлемеген және ешқандай ақша аудармаған адамдар. Олар үшін де 42 500 теңге алу мүмкіндігі болады. Ол үшін өз мәртебесін қалыптастыру жеткілікті болады. Бұл не? Ол үшін Сізге БЖТ төлеу жеткілікті. БЖТ – бұл қала тұрғындары үшін 2651 теңге және ауыл тұрғындары үшін 1325 теңге. Бір рет төлеп, келесі күні сіз ТЖ кезеңіне ай сайын 42 500 теңге алу құқығын аласыз. Бұл бейресми, тіркеусіз жұмыс істегендерге қатысты», – деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.
Еңбекминінің басшысы төтенше жағдайлар кезінде азаматтардың БЖТ төлемін қалай төлей алатындығын егжей-тегжейлі айтып берді.
«Екі жол бар. Біріншісі, екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшаларында және «Қазпошта» бөлімшелерінде БЖТ төлеуге болатын мобильді қосымшалар бар. Екінші нұсқа – SMS арқылы жасауға болады. Ол үшін сізге өз телефоныңыздан қала тұрғындары үшін GORODESP ЖСН, ауыл тұрғындары үшін – SELOESP ЖСН көрсетіп, 5505 нөміріне SMS-хабарлама жолдау жеткілікті. Бұл жағдайда қажетті сома алынып және бұл сіздің әлеуметтік аударымдарды төлеп, өз міндеттемелеріңізді орындағаныңызды, сіздің мәртебеңіз рәсімделгенін және сіз 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алуға өтініш бере алатындығыз болып саналады», – деп түйіндеді министр.
Естеріңізге сала кетейік, 31 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде қандай да бір ресми аударым жасамай, өз-өзіне жұмыс істеген азаматтарды ТЖ кезінде табысын жоғалтуға байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлеммен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Бұл 42 500 теңге ақшаны тек бұрын ресми жұмысы мен табысы болған азаматтар ғана алуы керек деп санамаймын. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және бейресми жұмыс жасаған және қазір де сондай болып табылатын азаматтарымызға да көмектесуіміз керек. Бұл үшін олардың мәртебесін рәсімдеу жеткілікті, содан соң олар төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттен ай сайын әлеуметтік төлем алатын болады», – деді ҚР Президенті.